Accessibility links

"Серігі" табылған өзбек "содырдың" ата-анасы да тергеліп жатыр


Нью-Йорк шабуылын жасады деген күдікті көшеде жүр. 31 қазан 2017 жыл. Видеодан алынған скриншот.

АҚШ прокурорлары Нью-Йоркте велосипед теуіп жүрген адамдарды қазанның 31-і күні көлікпен таптаған өзбекстандық иммигрантқа «терроризм» айыбын тақты. Шабуыл кесірінен сегіз адам мерт болған еді. ФБР Саиповтың "серігін" тапқандарын хабарлады. Ал Нью-Йорк билігі қарашаның 5-і күні өтетін марафонның қауіпсіздігіне алаңдайды.

АҚШ прокурорлары Саиповты «Ислам мемлекеті» содырлар ұйымы (ИМ – Қазақстанда тыйым салынған террорлық ұйым – ред.) айдап салған дейді.

Оқи отырыңыз: Өзбекстандық "содыр" ұсталған соң иммигранттарды тексеру күшейді

Нью-Йорктің Манхэттен ауданындағы шабуылды жасаған Сайфулло Саиповты полицейлер ішінен атып, сол жерде-ақ қолға түсірген еді. Прокурорлардың қарашаның 1-і күні таратқан мәлімдемелеріне қарағанда, Саипов ауруханадағы өзі жатқан бөлмеге ИМ террорлық ұйымының қара туын іліп қоюды сұраған әрі «шабуыл жасағаны дұрыс болғанын» айтқан.

Нью-Йорк шабуылын жасады деген күдікті Сайфулло Саиповтың суреті. 31 қазан 2017 жыл.
Нью-Йорк шабуылын жасады деген күдікті Сайфулло Саиповтың суреті. 31 қазан 2017 жыл.

Саиповты АҚШ сотына мүгедектер арбасымен әкелген, оған өлім жазасы тағайындалуы мүмкін болатын айыптар тағылды. Прокурорлар Саиповтың ауруханаға жеткізілген бетте тергелгенін, оның қорғану құқығынан бас тартып, шабуыл жасағанын ашық түрде мойындағанын айтады.

Осы аралықта АҚШ федералдық тергеу бюросы (ФБР) Саиповтың «серігін», яғни тағы бір өзбекстандықты - 32 жастағы Мухаммадзур Қадыровты тергеп жатқандарын хабарлады. Әзірге ол туралы егжей-тегжейлі ақпарат жоқ.

Сотқа әкелінген Саипов өзінің қандай құқықтары бар екенін түсіндірген сотқа басын изеп қана отырған. Ол көбінесе орыс тілді аудармашыны тыңдаған. Оның сот тағайындаған адвокаты Дэвид Паттон Саиповтың ішінен алған «жарақатын ауырсынатынын» айтып, қамау орнында оның оқ тиген жерін емдеуді сұраған. Адвокат «Саиповты емдесек, сот процесін жалғастыруға мүмкіндік аламыз» деген.

Көлікпен шабуыл болған жерде шашылып жатқан велосипедтер. Нью-Йорк, 31 қазан 2017 жыл.
Көлікпен шабуыл болған жерде шашылып жатқан велосипедтер. Нью-Йорк, 31 қазан 2017 жыл.

Саиповқа Нью-Йорк қаласындағы Бүкіләлемдік сауда орталығы жанындағы велосипед жолында жүрген адамдарды көлікпен таптап, сегіз адамды өлтірді, 12 адамды жаралады, террорлық топқа материалдық көмек көрсетті деген айыптар тағылып отыр.

Прокурорлар таратқан мәліметтерге қарағанда, Саиповтан екі телефон алынған. Ол телефондардың ішінде ИМ (ДАИШ деп те аталады - ред.) террорлық ұйымының насихатымен байланысты әрі басы кесілген, атылған, қамалған адамдар туралы 90 видеоролик пен 3800 фото болған.

Сот құжаттарында Саиповтың шабуыл жасайтын күн ретінде Хэллоуинді әдейі таңдап алғаны, көшеде адамдар көп болады деп ойлағаны жазылған.

ФБР агенті Амбер Тайридің сөзіне қарағанда, Саиповтың көлігінен пышақ пен араб және ағылшын тілдерінде жазылған ислам дініне қатысты хат табылған.

Саиповты ауруханада тергегенде ол ИМ террорлық ұйымы жариялаған видеолар шабыт бергенін, шабуылды шамамен бір жыл бұрын жоспарлай бастағанын, ал оны жүк көлігімен іске асыруды екі апта бұрын ойлағанын айтқан.

Агенттің ақпаратынша, Саипов Нью-Йорктегі Хэллоуин туралы ақпараттармен кейінгі бірнеше апта ішінде интернет арқылы танысқан және желіден жүк көлігін жалға алу туралы мәліметтер іздеген.

Нью-Йоркте адамдарды таптаған көлік. 31 қазан 2017 жыл.
Нью-Йоркте адамдарды таптаған көлік. 31 қазан 2017 жыл.

Амбер Тайридің сөзінше, «Саипов жүк көлігін жалға қазанның 22-сі күні алып, террорлық шабуылға жаттыққан. Ол әуел баста Бруклин көпіріндегі адамдарды таптау үшін жүк көлігімен Манхэттен ауданының төменгі жағынан келмекші болған». Тергеу мәліметтеріне қарағанда, Саипов әуелі жүк көлігіне ИМ террорлық ұйымының қара туын іліп шықпақшы болған, бірақ көзге түсіп қалатынын ойлап, бұл ниетінен айныған.

Нью-Йорк полициясының барлау комиссары орынбасары Джон Миллер «Саипов ИМ террорлық ұйымының Батыс елдерінде мұндай шабуылдарды қалай жасау жөніндегі нұсқаулығын пайдаланған» деп болжайды.

Кейінгі жылдары ИМ террорлық ұйымы әртүрлі елдердегі жақтаушыларына интернет арқылы көлік немесе пышақпен шабуылды қалай жасау қажеттігі туралы ақпараттар тарата бастаған. Былтыр ондай шабуылдар Англия, Франция, Швеция, Испания және Германияда болып, ондаған адам қаза тапты.

ИМ террорлық ұйымына қатысты суреттердің бірі.
ИМ террорлық ұйымына қатысты суреттердің бірі.

Нью-Джерси штатындағы Патерсон қаласында Саиповтың көршісі болған Карлос Батиста үш апта бұрын дәл сондай жүк көлігін жалға алған екі адамды байқағанын айтады.

Миллердің сөзіне қарағанда, Саипов бұрын күдік тудырмаған, полицияның көзіне түспеген. Ол Саиповтың «тергеуге ілініп, қамауға алынған адамдармен байланысы болуы мүмкін» деп болжайды.

Билік Саиповтың Нью-Йорктегі шабуыл кезінде жүк көлігімен бір километр шамасындағы велосипед жолын жоғары жылдамдықпен жүріп өткенін, сосын мектеп автобусына соғылғанын айтады.

Көліктен түскен соң ол жасанды қаруға ұқсайтын мылтық ұстап, көшеде «Аллахуакбар» (араб тілінде «Алла ұлық» деген мағына береді – ред.) деп айғайлап жүрген. Оның бұл жүрісі видеоға түсіп қалған. Полицейлер оны ішінен атып, қолға түсірген.

ВИДЕО: Нью-Йорктегі шабуыл

Шабуылдан бес - Аргентина, бір - Бельгия, екі АҚШ азаматы опат болды. 12 адам жараланды, олардың тоғызы ауыр халде ауруханада жатыр.

Шабуылдың соңы АҚШ-тағы иммигранттарға бірден проблема тауып берді. АҚШ президенті Дональд Трамп Саиповтың иммигрант екенін айтып, иммиграциямен күресті күшейтуге шақырды. Трамп Саиповтың 2010 жылы АҚШ-қа виза лотереясын ұтып алып келгенін мәлімдеп, бұл бағдарламаны жапқысы келетінін білдірді.

Азаттықтың Ағылшын қызметі «Сақалды Саипов АҚШ-қа лотерея бағдарламасының арқасында келген еді» деп жазады. Бұл бағдарлама 1990 жылы Джордж Буш президент болып тұрған кезде басталған.

Трамп Конгресті (АҚШ парламенті – ред.) «Әлдеқайда қатаң әрі ақылды болуға, саяси сыпайылықты ысыра тұруға» шақырған.

Трамп Саиповты «мал» деп атап, оның басқа да адамдардың АҚШ-қа келуіне түрткі болғанын, «23 адамды бір-бірімен байланыстырғанын» айтты. Бірақ Трамп бұл сөзінің жай-жапсарын түсіндірмеді. АҚШ президенті Саиповты Кубадағы Гуантанамо түрмесіне жіберу туралы ойланатынын мәлімдеді.

Нью-Йорк басшылары кеше тұрғындар үшін маңызды мәлімдеме таратты. Бұл қалада қарашаның 5-і күні марафон өтеді. Жергілікті билік бұқаралық шара кезінде қауіпсіздікті күшейтетіндерін айтты. Марафонға 50 мың адам қатысып, 2 миллион адам көреді деген болжам бар.

Саиповтың таныстары оның Огайо штатында жүк көлігі жүргізушісі болып жұмыс істегенін, Нью-Джерси штатына әйелі және үш кішкентай баласымен жақында көшіп келгенін айтады. Ол онда Uber таксисі болып жүрген. Саиповты танитын, АҚШ-та тұратын ​діни активист Мирахмат Муминов Саиповтың дінге қатты берілмегенін айтып, «интернеттегі ИМ террорлық ұйымы насихаты кесірінен радикалға айналып кеткен шығар» деп болжайды.

- Бірнеше жыл бұрын бес өзбек азаматы "Ислам мемлекеті" (ИМ - Қазақстанда тыйым салынған) террорлық ұйымына қаржылай көмек көрсеткені үшін қамауға алынды. Бұл сол өзбектермен дос болған, - дейді Мирахмат Муминов. Ол Саиповты "Табиғатынан ұрысқақ еді. Өте агрессивті еді" деп сипаттайды.

ВИДЕО: Мирахмат Муминов​пен сұхбат (орыс тілінде)

Қарашаның 1-і күні Сайфулло Саиповтың Ташкентте тұратын ата-анасы мен қарындасын Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі тергеп жатқаны хабарланды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев қарашаның 1-і күні АҚШ президенті Дональд Трампқа көңіл айтып, қылмысты тергеуге Өзбекстан тарапынан барлық көмек көрсетілетінін мәлімдеген еді.

Азаттықтың Өзбек қызметіне аты-жөнін айтпай мәлімет беруге келіскен полиция қызметкері Ташкентте Саиповтың ата-анасы мен 17 жасар қарындасы тергеліп жатқанын растады. Оның сөзіне қарағанда, Саиповтың ата-анасы Ташкенттің Үштепе ауданында тұрады.

Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісіне Саиповтың ата-анасының көршілері "бұл отбасының діндар емес" екенін, саудамен айналысатынын айтқан. Саипов 2010 жылы АҚШ-қа көшкенге дейін Ташкенттің Шайхантахур ауданындағы «Белтепе» мәхәлласында ата-анасы және үш қарындасымен бірге тұрған. 2011 жылы отбасы «Белтепедегі» үйлерін сатып, Ташкенттің Үштепе ауданына көшкен.

Сайфулла Саиповтың ата-анасы тұратын үй.
Сайфулла Саиповтың ата-анасы тұратын үй.

Көршілерінің сөзінше, Саиповтың 52 жастағы әкесі Хабибулло Саипов пен 50 жастағы анасы Мукаддас Саипова Ташкенттің «Бектепе» базарында сауда жасайды. Көршілерінің бірі:

– Олар аса бір ерекше отбасы емес. Діндар да емес, намаз да оқымайды. Бірақ жағдайлары жақсы, Gentra маркалы автокөліктері бар, көршілермен тату тұрады. Олардың үлкен қыздары тұрмыста, «Хувайдо» мәхәлласында тұрады, кіші қыздары қолдарында, коллежде оқиды, – деді.

Көршісінің сөзіне қарағанда, Сайфулло Саиповтың анасы Мукаддас Саипова 2016 жылдың аяғынан 2017 жылдың ақпанына дейін АҚШ-та болып келген. Көршілері оның АҚШ-қа жаңа туған немересін көруге барғанын айтады. Азаттық тілшісіне Саиповтың ата-анасымен сөйлесудің сәті түспеді.

Былтыр Еуропа елдерінде адамдарды көлікпен таптаған бірнеше террорлық шабуыл болған еді. 2016 жылы шілде айында Францияның Ница қаласында Бастилия күнін тойлап жатқан бұқараны үлкен жүк көлігімен таптаған террорлық шабуыл болды. Жүздеген адам жараланып, 86 адам қаза тапқан. Ол шабуылды ИМ террорлық ұйымы мойнына алған.

ИНФОГРАФИКА: Жүк көлігімен жасалған шабуылдар:

Осы оқиғадан бес ай өткенде Германияның Берлин қаласында осы елден саяси баспана сұрап келген тунистік адамдарды көлікпен таптап, 12 адам қаза тауып, 48 адам жараланған. Тамыз айының 17-сі күні Барселона қаласында да бұқараны көлікпен таптаған шабуыл жасалып, 13 адам өлген. Бұл шабуылды ИМ содырлары мойнына алған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG