Accessibility links

Енді Орталық Азиядан барғандарға көзқарас өзгере ме?


Метродағы жарылыс құрбандарына қайғырып тұрған адам. Санкт-Петербург, 4 сәуір 2017 жыл.

Санкт-Петербургте болған жарылысқа күдікті делінген адамдардың Орталық Азиядан (ОА) шыққаны хабарланып жатыр. Осы қалада тұратын Орталық Азия елдерінің азаматтары енді өздеріне деген көзқарас өзгере ме деп қауіптенеді.

Сәуірдің 3-і күні Санкт-Петербург қаласының метрополитенінде – «Технологиялық институт» және «Сенная площадь» станцияларының арасында жүріп бара жатқан метроның вагонында жарылыс болды.

Ресейлік ақпарат құралдарында жарылысқа күдікті адам ретінде әуелде Қазақстан азаматының аты аталды. Соңынан «жарылысты Қырғызстан азамат жасауы мүмкін» деген ақпарат тарады. Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті күдікті адамның Қырғызстанда туып, кейін Ресей азаматтығын алғанын мәлімдеді.

Санкт-Петербургте болған жарылысқа күдікті делінген Акбаржон Жалилов.
Санкт-Петербургте болған жарылысқа күдікті делінген Акбаржон Жалилов.

«КЕЙ КӨЛІКТЕР ЖОЛАУШЫНЫ ТЕГІН ТАСЫП ЖҮР»

Қазақстандық Сая Жалымбекова Санкт-Петербург қаласындағы мейрамханалардың бірінде әкімші болып жұмыс істейді. Ол «кешегі жағымсыз оқиғадан кейін қаладағы ахуалдың біршама нашарлап кеткенін» айтады.

– Қазір қаланың шет жағындағы болмаса, орталықтағы метро станциялары жабық. Соның кесірінен қалада қозғалыс қатты күрделеніп, көлік кептелісі болып жатыр. Бірақ адамдардың бір-біріне деген сенімі әлі жоғала қоймаған секілді. Өйткені көшеде кей көліктер өздері тоқтап, «қай жаққа барасың, жеткізіп тастайық» деп сұрап жатыр, – дейді ол.

Санкт-Петербург қаласында тұратын қазақ Сая Жалымбекова.
Санкт-Петербург қаласында тұратын қазақ Сая Жалымбекова.

Сая Жалымбекова күдікті деген адамдардың Орталық Азиядан шыққаны туралы мәліметтің тарауы Санкт-Петербургте тұратын өздеріне де әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, қазір интернетте тағы да жарылыс болатыны туралы ақпарат көп тарап жатыр. Ол бұдан кейін жергілікті тұрғындардың Орталық Азиядан келген адамдарға көзқарасы өзгеріп кетуі мүмкін деп қорқады.

– Осыдан бір жыл бұрын Мәскеуде өзбек әйелінің кішкентай баланың басын ұстап көшеде жүрген видеосы тарағанын білесіз ғой. Сол кезде жергілікті тұрғындардың көзқарасының өзгергенін, Орталық Азиядан шыққандарға сенімсіздікпен қарайтынын байқап қалдым. Мына оқиғадан кейін де сенімсіздік пайда болуы әбден мүмкін, – дейді Сая Жалымбекова Азаттыққа.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Санкт-Петербург метросындағы жарылыстан соң

ҚАУІП ПЕН КҮЗЕТ

Ал қырғызстандық Қайыргүл Құшмұратованың айтуынша, ол тоғыз жылдан бері Санкт-Петербургте тұрады. Оның айтқандарына қарағанда қазір қалада адамдарды «балабақшаға дейін тексеріп кіргізіп жатыр».

– Біз тұратын ауданда ОМОН жасақтары мен полицейлер қаптап жүр. Қатты тексеру жүріп жатыр. Елдің көңіл-күйі де бұрынғыдай емес. Өзім таңертең жұмысқа келе жатқанда барлық жерде күзеттің күшейтілгенін көрдім. Мектептер мен балалар бақшасындағы күзет ерекше қатты, – дейді ол.

Қайыргүл Құшмұратова бұрын Санкт-Петербургте жергілікті тұрғындардың қазақтар мен қырғыздарға деген көзқарасы жақсы екенін байқаған. Бірақ ол мына оқиғадан кейін сол көзқарас өзгеріп кете ме деп қауіптенеді.

Метроның жарылыс болған станциясы. Санкт-Петербург, 4 сәуір 2017 жыл.
Метроның жарылыс болған станциясы. Санкт-Петербург, 4 сәуір 2017 жыл.

Алайда Санкт-Петербургтегі «Тұран» өзбек қоғамдық ұйымының жетекшісі Алижон Хайдаров ондайды байқамағанын айтады.

– Петербург тұрғындары – Ресейдегі ең жайлы, толерантты халық. Олардың бізге деген көзқарасы әлі өзгерген жоқ, – дейді Алижон Хайдаров.

Санкт-Петербургте күзеттің күшейтілгенін сонда тұратын қазақ Мейрам Баймұқанов та растайды.

– Бүгін метроға түспедім. Көлікпен жүрмін. Біраз қорқып қалдық. Халық бір-біріне алаңдап жатыр. Яндекс-такси сервисіне кірсеңіз, таксилер қаланың кез келген бұрышына тегін апарып тастап жатыр. Бүгін таңертең Ладога вокзалында болдым. Онда қосымша қорғаныс қойып, барлық сумкаларды тексеріп жатыр екен, – дейді ол Азаттық тілшісіне.

Санкт-Петербургте тұратын қазақ Мейрам Баймұханов.
Санкт-Петербургте тұратын қазақ Мейрам Баймұханов.

Сәуірдің 3-інде Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербургте Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесер алдында метрода жарылыс болған. Ресей денсаулық сақтау министрі Вероника Скворцова Санкт-Петербург метросында болған жарылыстан қаза тапқандар саны бүгін 14 адамға жеткенін айтты. 11 адам оқиға орнында, бір адам жедел жәрдем көлігінде, екі адам ауруханада көз жұмған, жараланған 49 адам ауруханада жатыр.

Жарылыстан қаза тапқандардың арасында қазақстандық Максим Арышев те бар.

ВИДЕО: Санкт-Петербург метросындағы жарылыстан қаза тапқан қазақстандық

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG