Accessibility links

Қазақстандағы экстремизмді "тұрпайы" деп сипаттайды


Билік "экстремистер" деп атаған адамдар түсіп қалған көшедегі бейнебақылау камерасының видеосынан скриншот. Ақтөбе, 5 маусым 2016 жыл.

Америкалық Foreign policy басылымы Қазақстандағы экстремизмге қатысты ахуалға талдау жасап, ұлғайып келе жатқан қатерлерді экстремизмнің "тұрпайы түріне" жатқызған.

АҚТӨБЕ МЕН АЛМАТЫДАҒЫ ШАБУЫЛДАР

Америкалық Foreign policy журналы "Зорлық-зомбылық экстермизмі - болашағымыз" деген мақаласында былтыр маусымда Ақтөбеде және былтыр 18 шілдеде Алматыда жасалған қарулы шабуылдарды талдап, "Орталық Азиядағы ең тұрақты ел Қазақстан тамырланып алған ислам экстремизмі мұнда енді түпкілікті орнығып қалуды көздейтінін сезіп отыр" деп жазады.

"Елдің зайырлы әрі авторитарлы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды проблемасы көп аймақтағы тұрақтылық тірегі деп атайды, бұл беделін ол инвестиция тарту және әлемдік аренадағы сенімді ұлғайту үшін пайдаланады. Бірақ Ақтөбедегі шабуыл […] бұл фасадта жарықтар барын көрсетті" деп жазады Foreign policy.

Мақала авторы, Foreign policy тілшісі Рейд Стэндиш Ақтөбедегі шабуыл басшысы деп аталған Дмитрий Таңатаровтың сөзін келтіріп, "биліктің [шабуыл себептері жайлы] ресми болжамына қатысты кей сұрақтар жауапсыз қалғанымен, өзге шабуылдаушылардың көбінің сипаттамасы Таңатаровқа ұқсайды: жоқшылықта өмір сүрген, сұрқай экономикадағы күйкі жұмысы болған, кейбірі тіпті түрмеде отырып шыққан" деп жазады.

Шабуылға күдіктілерге қарсы арнайы операция жүріп жатқан маңда тұрған полиция қызметкері. Ақтөбе, 10 маусым 2016 жыл.
Шабуылға күдіктілерге қарсы арнайы операция жүріп жатқан маңда тұрған полиция қызметкері. Ақтөбе, 10 маусым 2016 жыл.

Астана болжамы бойынша, былтырғы шабуылдар шетелдік күштердің ықпалымен жасалған. Рейд Стэндиш Астанадағы дүниежүзілік экономика және саяси институт сарапшысы Серік Бейсембаевтың пікіріне сілтеме жасап, "бұл шындық тәрізді көрінгенімен, жауапкершілікті шетелге арту - ішкі факторлардың рөлін жете бағаламау" деп жазады. Сарапшы Қазақстанда адамдардың радикалдану себептері ішкі проблемалардан - "жоқшылық, болашақтың бұлынғырлығы мен коррупцияға қатысты ашу-ызадан" туып отыр деп санайды.

Жуырда Қазақстанда терроризммен күрес стратегиясын реформалауды талдаған Рейд Стэндиштің жазуынша, "сарапшылардың көбінің пікірінше, енді билік талай жыл бұрын енгізілуі тиіс болған шаралармен қатар, радикалдану проблемасын мүлде өршітіп алуы мүмкін өзге шараларды қабылдауы тиіс". Мысалы, кейінгі енгізілген шаралар ретінде сақал қою және қара түсті киім кию сынды консервативті исламның сыртқы белгілеріне тыйым салуды атайды. Мақалада осындай шектеулер енгізген Бельгия мен Францияны мысалға келтірген.

Шілденің 5-і күні қарулы шабуыл жасалған "Пантера" қару дүкені алдындағы қаралы жиынға қатысушылар. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.
Шілденің 5-і күні қарулы шабуыл жасалған "Пантера" қару дүкені алдындағы қаралы жиынға қатысушылар. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

"Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобы Сирия мен Ирактағы позициясынан айырылып қалуына байланысты "Орталық Азияға көз тігуі мүмкін" деген қауіптер айтылып жүр. "Ұзақ жылдар бойы Қазақстан әлгі тенденциядан аулақ болды. Бірақ, Ақтөбе мен Алматыдағы шабуылдар көрсеткендей, бұл ел жахандық экстремистік ұйымнан гөрі, тұрпайы экстремистерден төнетін қатерге көбірек душар болып отыр" деп жазады Foreign policy.

"СҰРМЕРГЕН ПРЕЗИДЕНТ"

Халықаралық қауіпсіздік саласында болған кей оқиғалардың Қазақстанға да қатысы бар болып шықты. Ирландиялық Belfast Telegraph газеті "Америкалық ер адамды Ұлыбританияда жасатқан жалған төлқұжатты 20 жыл бойы пайдаланған деп айыптайды" деген мақаласында Батыс елдерінің баспасөз құралдары жаппай хабарлаған тосын оқиға жайлы жазған. АҚШ-тың Тимоти Маттьюс есімді азаматы Ұлыбританияның жалған төлқұжатын 20 жылға жуық пайдаланып, мысалы, Қазақстан, Ресей, Мексика, Таиланд, Қытай және Гватемала елдеріне барған.

Ал Түркіменстандағы қауіпсіздік проблемасы елдің авторитарлы басшысының өзін мачо бейнесінде көрсетуіне түрткі болды. Ұлыбританияның Guardian газеті "Мемлекеттік телеарнада көрсетілген роликте Түркіменстан президенті коммандосқа айналды" деген мақаласында әскери киім киіп, қара көзілдірік таққан президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің әскери мылтық пен тапаншадан көздеп атып, қанжарды дәлдеп қадағаны жайлы жуырда мемлекеттік ақпарат құралдарында көрсетеліген видеороликке қатысты комментарий жариялаған. Әлгі ролик Ашғабаттың оңтүстігіне қарай орналасқан шекара маңындағы базада әскерді тексеру кезінде түсірілген деп хабарланған. Бұған қоса, президент көрсеткен әлгі шоуды қол шапалақтап, қошеметтеген қарапайым әскерилер сияқты киінген адамдар шын мәнінде Түркіменстанның жоғары лауазымды шенеуніктері деп айтылған.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің әскери жаттығуда нысана көздеп тұрған сәті. (Мемлекеттік телеарна видеосынан скриншот.)
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің әскери жаттығуда нысана көздеп тұрған сәті. (Мемлекеттік телеарна видеосынан скриншот.)

"Түркіменстан президентін атыс-шабыс фильмі кейіпкері ретінде келемеждеген пародиялық видео" деген мақаласында америкалық New York Times газеті де әлгі шоуға комментарий жазған. "Түркіменстан президентін қолындағы қаруын ептілікпен пайдалана алатын мықты басшы ретінде көрсету ниетімен түсірілген насихат сипатындағы ролик мұның орнына бүкіл әлемде әжуаға арқау болды" деп жазады газет. Қуғындағы оппозициялық белсенділер әлгі роликті Арнольд Шварценеггер басты рөлде ойнаған 1985 жылғы "Коммандос" атыс-шабыс фильміндегі көрініске айналдырған.

"Әлгі әсерлі эпизод қыркүйекте өтетін бесінші Азия ойындарына дайындық тұсында "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының Ауғанстанмен шекарадағы әрекеттеріне мазасы қашып отырған Орталық Азияның оқшауланып алған елі үшін тынышсыз мезгілде пайда болды. Ресми мәлімдемелерге сәйкес, ел бұл шараны өткізу дайындығына миллиардтаған доллар жұмсаған. Қытайға газ сатуға тәуелді ел экономикасы "төленбеген жалақы, азық-түлік тапшылығы […], коррупция мен өзінің оқшаулану саясатының зардабын тартып отыр" деп жазады басылым.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің ақалтеке атына мініп шауып бара жатқан сәті. Ресми сайттағы сурет.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің ақалтеке атына мініп шауып бара жатқан сәті. Ресми сайттағы сурет.

Гурбангулы Бердімұхамедов өзін сан қырынан танытуға тырысады - ол сәйгүлікпен жүйіткитін шабандоз, шайдың білгірі және музыкасы мен сөзін өзі жазған әндерін өзі орындайтын музыкант бейнесінде көрініп жүр. Бірақ, Түркіменстан президентінің ақ раушангүл туралы әндері плагиат деген деректер де бар.

Америкалық Newsweek журналында "Каптагон" – "жихадшылар таблеткасы" туралы ДАИШ-та көп тараған мифті жоққа шығару" мақаласында террорлық акт жасар алдында "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының содырлары әлгі есірткіні қабылдайды екен деген қауесетті жоққа шығаратын Еуропалық есірткілер мен есірткіге тәуелділік мониторингі орталығының зерттеуін талдаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG