Accessibility links

Ақтөбедегі шабуыл "әсер" еткендер сотталды


Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала кентінің сегіз тұрғыны "террорлық топ құрып, оның қызметіне қатысқан", "терроризмді насихаттаған" және "терактіге дайындалған" деген айыптар бойынша 5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Адвокаттары бұл сегіз азаматтың айыбына дәлел жоқ дейді.

Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты маусымның 21-күні Ғабдешов мен Жантасовты 15 жылға, Қисметовті – 12 жылға, Қайырғалиев, Арыстанов пен Бижановты – 11 жылға, Әбікеновті – алты жарым жылға және Рахматуллинді бес жылға бас еркіндіктерінен айырып, дүние-мүліктерін тәркілеу туралы үкім шығарды. Сегізі де жазаны қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болды.

Жаңақала ауданындағы Жаңақала кентінің сегіз тұрғынын бір жыл бұрын ұстап, олардың үстінен "терроризмді насихаттау" және "терактіге дайындалу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, жауапқа тартқан. Сот материалдарында бұл сегіз азаматтың бірқатар елдерде, соның ішінде Қазақстанда да қызметіне тыйым салынған "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының арабша "Алладан басқа құдай жоқ" деген жазуы бар қара туының алдында кәмелетке жасы толмаған балалармен бірге суретке түскені және жергілікті ішкі істер бөліміне шабуыл жасауды жоспарлағаны туралы айтылған. Соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, олар "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының қара туын "қолдан жасап, ағаш сапқа орнатқан".

Судья Бақыт Ермаханов журналистерге іс материалдарындағы суреттерді көрсетті. Бірақ ол журналистерге суретке және видеоға түсіруге тыйым салды.

Сот таратқан баспасөз баянында "Ақтөбеде 2016 жылғы маусымның 5-і күні жасалған терактілер қатты әсер еткен Ғабдешовтің" Батыс Қазақстанда "теракті жасау туралы жоспар құрып, ол ниетімен мұсылман қауымының өзге мүшелерімен бөліскені" айтылған. Тергеу материалдарына сәйкес, топ мүшелері ауылдың төңірегінде көліктерімен қара түсті ту көтеріп жүріп, соның алдында суретке түскен және "Аллаху акбар!" деп айғайлаған. "Осылайша "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымының идеясы мен ол жүргізіп отырған жихадты қолдайтындарын білдірген", - делінген сот үкімінде.

"Терроризмді насихаттау" және "терактіге дайындалу" айыптары тағылған Батыс Қазақстан облысы Жаңақала кентінің тұрғындары мен олардың адвокаттары (алдыңғы қатарда) сот үкімін тыңдап тұр. Орал, 21 маусым 2017 жыл.
"Терроризмді насихаттау" және "терактіге дайындалу" айыптары тағылған Батыс Қазақстан облысы Жаңақала кентінің тұрғындары мен олардың адвокаттары (алдыңғы қатарда) сот үкімін тыңдап тұр. Орал, 21 маусым 2017 жыл.

Сотталушылар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Оларды қорғаған адвокаттардың бірі Жанарбек Шамғонов сотталушылардың ешбірінің айыбына дәлел жоқ деп санайды.

- Егер олар аудандық ішкі істер бөліміне шабуыл дайындалып жатқаны туралы хабар алса, онда осы фактілерді анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, жазып-тіркеп, толық растауы керек еді. Егер біреу қазір көршісін "полиция бөліміне шабуылға дайындалып жатыр" деп көрсетіп, арыз жазса онда кез келген адамды терроризм айыбымен соттауға болады. Іске қатысты ешқандай айғақ-дәлел жоқ деп білеміз, - деді адвокат Азаттыққа.

Сотталушылардың туыстары үкімді естігенде жылап жіберді. Жаңақала кентінің тұрғыны Гүлдана Фазылова бұларды кінәсі болмаса да жазаға тартып жатыр деген пікір айтады.

- Мемлекетке олардың тағдырын түрмеге тықпай-ақ шешуге болар еді. Оларды істемеген ісі үшін соттап жатыр. Енді олардың мемлекеттен көңілі қалды, - дейді ол.

Сотталушылардың адвокаттары мен туыстары сот үкіміне қарсы шағым бермекші. Сот түрме жазасын алған сегіз тұрғынды "исламның дәстүрлі емес радикалдық ағымын ұстанушылар" деп атады. Өткен жылғы маусымда Ақтөбе қаласында қару сататын бірнеше дүкенді тонап, жергілікті әскери бөлімшеге шабуылдаған бір топ жас азаматты да билік "дәстүрлі емес радикалдық діни ағым өкілдері" деп сипаттаған.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG