Accessibility links

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында жергілікті үш тұрғын «терроризмді насихаттау» ісіне қатысты түрлі мерзімге сотталды. Бірақ әлгі істерге қатысты көп жайттар баспасөзге беймәлім, үшеуінің үкімдері жайлы хабар да біраз кешігіп жария болды.

«КЕДЕРГІ» ҮШІН – АМНИСТИЯ, «ҮГІТТЕГЕНІ» ҮШІН – ТҮРМЕ

Нұрсұлтан Боранбай – ертеректе кей тұрғындары соғыс жүріп жатқан Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымына қосылғаны анықталған Жезқазған аймағында «терроризмді насихаттағаны» үшін «жаңадан» сотталған үш жігіттің бірі. Елдің өзге көптеген аймақтары сияқты Орталық Қазақстанда да исламның дәстүрлі емес ағымдарының ықпалы байқалады, бірақ оларды ұстанушылардың әлеуметтік портреті әрқилы. Азаттық тілшісіне Нұрсұлтан Боранбайдың жасы 23-те, Қарағанды облысының тумасы екенін және 70 мыңға жуық халқы бар шағын өнеркәсіптік қала - Сәтбаевта тұрғанын анықтаудың сәті түсті. Боранбайдың орта білімі бар, үйленген, бұрын сотталмаған. Қамауға алынғанға дейін жеке меншік компанияда күзетші болып жұмыс істеген.

Жезқазған шетіндегі Кеңгір ауылы. 29 қазан 2013 жыл.
Жезқазған шетіндегі Кеңгір ауылы. 29 қазан 2013 жыл.

2016 жылғы желтоқсанда Нұрсұлтан Боранбай «терроризмді насихаттағаны», «ұлттық және діни алауыздықты қоздырғаны» үшін бес жылға сотталған. Ол мұны «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы іске асырған деп болжанады. Прокуратура болжамынша, әлгі желіде Боранбай діни-экстремистік сипаттағы видеороликтер мен аудиолар жариялап, таратқан. Тергеушілер оны «үгіттеуші» деп атаған. Азаттық тілшісіне Нұрсұлтан Боранбайды қорғаған адвокаттардың бірін іздеп табудың сәті түскенімен, ол аты-жөні «есімде жоқ» өзге адвокатты алмастырған болатынмын деген уәжбен әлдебір комментарий беруден бас тартты.

«Терроризм» ісіне қатысты тергеу амалдары кезінде Нұрсұлтан Боранбай «тінту кезінде тергеу амалдарын жүргізуге кедергі келтіргені» үшін сотқа тартылған. Сот материалдарында сотқа дейінгі қылмыстық істі тергеу аясында 2016 жылғы мамырдың 14-і күні Боранбай мен Арман Ж. деген әлдебір ер адам бірге тұрған пәтерде тінту жүргізілгені айтылады.

Іс материалдарына сәйкес, тінту кезінде екеуі агрессиялы әрекет жасап, тінту барысы түсіріліп жатқан видеокамераны сындыруға бірнеше мәрте тырысқан. Сот материалдарында Нұрсұлтан Боранбай сот отырысында «кінәсін толық мойындады, іске қатысты жиналған айғақтармен келісті, жасаған қылмысы үшін өкінді» деп жазылған. Ақыры сот оған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық туралы» заңды қолданып, қылмыстық әрекетке жатқызылған «тінтуге кедергі келтіру» ісін тоқтатқан. Бірақ жас жігітті «терроризмді насихаттағаны» үшін бәрібір соттаған.

«ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ НАСИХАТТАУ»

Дүйсенбек Түкібаев - «терроризмді насихаттау» ісі бойынша сотталған екінші жігіт. Жасы 32-дегі ол да Сәтбаев қаласында тұрған, орта білімі бар, сотқа тартылған сәтте үйленбеген, жұмыс істемеген, бұрын сотталған. Азаттық тілшісі үкімге қатысты пікірін білу үшін сотталушының туыстарымен хабарласуға тырысты, бірақ оның отбасымен араласатын адамдар «туыстары бұл тақырыпқа сөйлесуден қорқады» деді.

Іс материалдарында ертеректе оның Сәтбаевта тұрғаны, бірақ кейін «Сириядағы» ИМ террорлық ұйымы қатарына қосылған» әлдебір Байділдаевқа «Түкібаев телефон арқылы ақпараттық қызмет көрсеткені» жазылған. Қазақстанда «Ислам мемлекеті» (ИМ) немесе ДАИШ деп те аталатын халықаралық экстремистік ұйым қызметіне тыйым салынған.

ИМ террорлық ұйымына қарсы тыңшылық жасады деген екі адамды атып жатқан содыр бала Абдулла. ИМ террорлық ұйымының бұл насихат видеосына түскен бала Қазақстаннан деп болжанады. (Видеодан алынған скриншот)
ИМ террорлық ұйымына қарсы тыңшылық жасады деген екі адамды атып жатқан содыр бала Абдулла. ИМ террорлық ұйымының бұл насихат видеосына түскен бала Қазақстаннан деп болжанады. (Видеодан алынған скриншот)

Сәтбаев қаласы прокуратурасы «Түкібаевтың содырға берген ақпараты оған кейін ДАИШ террорлық ұйымы қажеті үшін пайдаланылуы тиіс болған ақшаны заңсыз жымқыруға бағытталған әрекеттерді ұйымдастыруға қажет болған» деп мәлімдейді.

Сәтбаев қалалық сотының 2016 жылғы қарашаның 23-індегі үкімімен Дүйсенбек Түкібаев «терроризмге астыртын көмектескені» үшін үш жыл үш айға сотталған.

Азаттыққа Дүйсенбек Түкібаевтың адвокатын іздеп табудың сәті түсті. Түкібаевтың мүддесін қорғау үшін сот тағайындаған адвокат Гаухар Қалағанова телефон арқылы әңгімесінде клиентінің кінәсін толық мойындағанын айтты.

— Ол кінәсін толық мойындағанын білдіретін процессуалдық келісімге қол қоюға келісті. Ал кінәсін мойындаған адамның жазасы әрдайым жеңілдетіледі. Мұндай жағдайда адвокат клиентінің мүддесін қолдайды.Жастар жасаған ісіне жауапқа тартылатынын білу үшін, оларға «сабақ» болу үшін мұндай істерді баспасөзде жариялап тұру керек, - дейді адвокат Гаухар Қалағанова.

«ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ҮГІТ»

2016 жылы «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде терроризмді насихаттау, «қарулы жиһад» идеяларын тарату айыбымен Сәтбаев қаласының тағы бір тұрғыны Азамат Жадрин алты жыл алты айға сотталған. Азаттық тілшісі әлгі адам туралы бұдан өзге ешқандай ақпаратты анықтай алмады. Ол жабық ақпарат болып шықты. Сотта Азамат Жадриннің қорғаушысы болған адвокат Қанат Сыздықов комментарий беруден мүлде бас тартты.

«Әлеуметтік желілерде терроризмді насихаттады және терроризмге астыртын көмектесті» деп айыпталған әлгі үш жігіттің істері 2016 жылы қаралып, судья үкімді сол жылы шығарған. Үшеуінің соты да жабық режимде өткен. Жергілікті БАҚ әлгі үкімдер жайлы ақпаратты прокуратурадан жуырда естіген.

Сотталған үшеуі қазір түрмеде жазаларын өтеп жатыр. Бірақ БАҚ өкілдеріне көп ақпарат әлі белгісіз күйінде қалып отыр. Іске қатысты және сотталған адамдардың деректерін нақтылайтын ақпаратты Қарағанды облысы прокуратурасы да, Қарағанды облыстық соты да берген жоқ. Мысалы, соттың баспасөз қызметі «жабық» ақпарат және терроризм үшін сотталған адамдарға қатысты айтуға мүлде тыйым салынған деген уәж айтады.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

AzattyqTV

Әлеуметтік сақтандыру қоры

ӘСМҚ ақшасын астыққа жұмсамақ

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG