Accessibility links

«Терроризм» айыбымен сотталған азаматтың әйелі де түрмеге кетті


Жанна Өмірова сотта отыр,. Алматы, 14 маусым 2017 жыл.
Жанна Өмірова сотта отыр,. Алматы, 14 маусым 2017 жыл.

Екі кішкентай баласы бар қапшағайлық Жанна Өмірова «діни өшпенділікті қоздыру» және «терроризмді насихаттау» айыбымен бес жылға сотталды. Оның терроршы деп танылған ері түрмеде отыр, сондықтан балалары әжесінің қолында қалды.

Алматы облысы Қапшағай қаласының 34 жастағы тұрғыны Жанна Өмірова терроризм айыбымен 25 жылға сотталып, түрмеде отырған күйеуіне жиі барып тұрған. Күйеуі Жақшыбек Бимұрзаевтың түрмеде отырғанына он жылдан асқан.

Жанна Өмірова сотқа Кавказдағы қарулы исламшыл астыртын топқа қарсы Ресей арнайы операциясы кезінде өлтірілген атышулы мұсылман уағызшысы Саид Бурятскийдің аудиодәрістері әлеуметтік желідегі парақшасынан табылғаннан кейін тартылған. Өмірованың сотында сарапшы екеуінің арасында Қазақстанда ықпалы бар радикалды ағым – салафизм идеологиясына қатысты бірнеше рет дау туған.

Ақыры Жанна Өмірова «діни өшпенділікті қоздырды» және «терроризмді насихаттады» деп айыпталып, бес жыл түрмеге кесілді. Алматының Алмалы аудандық соты судьясы Қайрат Иманқұлов кеше кешкісін үкімнің бүкіл мәтінін емес, қорытынды бөлімін ғана жариялады. Өмірованың түрмеде өтейтін жаза мерзімі оны қамауға алған 2017 жылғы қаңтардың 24-інен бастап есептеледі, сотталған азамат үкімнің көшірмесін алғаннан кейін 15 күн ішінде үкімге қатысты шағымдануға болады.

Алмалы аудандық сотының судьясы Қайрат Иманқұлов үкім оқып тұр. Алматы, 14 маусым 2017 жыл.
Алмалы аудандық сотының судьясы Қайрат Иманқұлов үкім оқып тұр. Алматы, 14 маусым 2017 жыл.

Үкім жариялауға прокурор ғана қатысты, ал Өмірованы қорғаған мемлекеттік адвокат болған жоқ. Адвокат клиенті соңғы сөзін айтқан сот отырысында да болмаған.

Жанна Өмірова үкімге қатысты апелляциялық сотқа шағымданатынын Азаттық тілшісіне айтты. Бірақ апелляцияық шағымды әзірлеу проблема тудыратын сол сәтте анықталды, өйткені алғашқы сот тағайындаған адвокаттың өкілеттігі аяқталған, ал жеке адвокат жалдауға сотталған Жанна Омарова мен зейнеткер шешесі екеуі «ақшамыз жоқ» дейді. Сондықтан үкімге қатысты шағым түсіруге кешігіп қалмас үшін енді олар дереу ақша тауып, адвокат іздеуі тиіс.

ЕСКІ КОДЕКСКЕ СҮЙЕНУ

Прокурор Айдын Әкімханов ертеректе Жанна Өмірованы жиыны алты жыл сегіз айға түрмеге кесуді сұраған. Прокурордың сөзінше, Өмірованың кінәсі толық дәлелденген. Айыптаушы тараптың болжамынша, Өмірова «Мой мир» әлеуметтік желісінде тыйым салынған аудиожазбаларды таратқан.

Неге екені белгісіз, прокурор қылмыстық кодекстің ескі редакциясына, мысалы, Өмірованың еркіндігін екі жылға шектеуді сұраған 164-бабына сілтеме жасады. 2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап күшіне енген қылмыстық кодекстің жаңа редакциясында 164-бап «Соғыс заңдары мен дәстүрлерін бұзу» деп аталады, ал діни өшпенділікті қоздыру жайлы 174-бапта айтылады.

Бұған қоса, соттан терроризмді насихаттағаны үшін Өмірованы алты жыл сегіз айға соттауды сұраған прокурор Әкімханов қылмыстық кодекстің ескі редакциясының 233-1-бабына сілтеме жасады.

Жанна Өмірова сот залында тұр. Алматы, 29 мамыр 2017 жыл
Жанна Өмірова сот залында тұр. Алматы, 29 мамыр 2017 жыл

Үкім жариялаған кезде судья Қайрат Иманқұлов та қылмыстық кодекстің ескі редакциясының әлгі баптарын атады. Бірақ ол 164-бап бойынша Жанна Өмірованы прокурор сұрағандай емес, екі жыл түрмеге, ал 233-1-бап бойынша бес жылға кесті. Судья оны жиыны бес жыл түрмеге кесіп, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде (жаңа қылмыстық заңға сәйкес, бұрынғы жалпы режимдегі колониялар қазір осылай аталады) өтеуге үкім етті.

Азаттық тілшісі «Прокурор мен судья неліктен қылмыстық кодекстің ескі редакциясын пайдаланды?» деген сұрағына жауап ала алмады, өйткені Азаттық тілшісі прокурор Айдын Әкімханов пен судья тағайындаған адвокат Құрманғали Мұқановпен алғаш жолыққан кезде екеуі ешқандай комментарий бермейтіндерін мәлімдеген. Оның үстіне, жоғарыда айтылғандай, адвокат үкім жариялауда болған жоқ.

ӨЗДІГІНЕН ҚОРҒАНУҒА ТЫРЫСТЫ

Сот процесі кезінде Жанна Өмірова діни өшпенділікті қоздырумен және терроризмді насихаттаумен айналыспағанын әрі оның ісін ҰҚК қызметкерлері қолдан жасағанын дәлелдеуге тырысқан. Ол «Мой мир» әлеуметтік желісіндегі парақшасында Саид Бурятскийдің аудио уағыздарын «өзім пайдалану үшін жарияладым, оларды ешкіммен бөліскен де, насихаттаған да жоқпын» деп мәлімдеген. Бұған қоса, Жанна Өмірованың айтуынша, өзін «жетіммін» деген әлдебір бойжеткен бірнеше ай оның үйінде тұрып, телефон жөндеуді үйренген, әрі Өмірованың парақшасына кіріп жүрген, кейін ұшты-күйлі жоғалып кеткен, бірақ ол кеткеннен кейін ҰҚК тарапынан айып тағылған.

Жанна Өмірова тараптар жарыссөзінде және соңғы сөзінде соттан түрмеге қамауды қарастыратын үкім кеспеуді сұраған.

– Мені қатал жазаламауыңызды, яғни бостандығымнан айырмауыңызды сұраймын, өйткені балаларымды асырап, тәрбиелейтін ешкім жоқ. Шешем науқас. Терроризмді насихаттаған жоқпын, ондай іс тіпті ойымда да болған жоқ, – деп мәлімдеген Жанна Өмірова соңғы сөзінде.

Жанна Өмірованың сотына қатысқан теолог Серік Тәжібаев. Алматы, 7 маусым 2017 жыл.
Жанна Өмірованың сотына қатысқан теолог Серік Тәжібаев. Алматы, 7 маусым 2017 жыл.

Айып діни аудиожазбаларды сараптау қорытындысы негізінде тағылғандықтан сот процесі кезінде олардың мазмұны сөз болды. Жанна Өмірова оларда терроризмге шақыратын үндеулер жоқ деп дәлелдеуге тырысты. Сот кезінде айыпталушы Жанна Өмірова мен сотқа шақырылған теолог маман Серік Тәжібаевтың арасында дін тану тақырыбында стихиялы сипаттағы пікірталастар туған.

Кейде әлгі пікірталастарға судья Қайрат Иманқұловтың өзі де қосылып отырды. Бұдан бөлек ол Жанна Өміроваға исламды интернетте оқып- зерттемей, мешітке баруға кеңес берді. Бірде судья Иманқұлов Өміроваға «Егер Қазақстанды жақтырмасаңыз, тыйым салынбаған мұсылман мемлекеттері бар» деп мәлімдеген.

Жанна Өмірова Қапшағайда 65 жастағы жесір анасымен бірге тұрған, кішкентай екі баласын жалғыз асырап отырған. Енді екі бала 45 мың теңге (шамамен 142 доллар) зейнетақы алатын әжесінің қолында қалды.

Жанна Өмірованың ұлы Ахмат пен анасы Күләш Өмірова сотта отыр. Алматы, 7 маусым 2017 жыл.
Жанна Өмірованың ұлы Ахмат пен анасы Күләш Өмірова сотта отыр. Алматы, 7 маусым 2017 жыл.

Мұндай сипаттағы өзге қылмыстық істердің көбі сияқты Жанна Өмірованың ісін де ҰҚК органдары тергеген. Кейінгі бірнеше жыл ішінде терроризм немесе терроризмді насихаттау айыбымен мұсылман азшылық өкілдерін құрайтын ондаған қазақстандық сотталды. Мұндай сот процестерінің көбі жабық режимде өтеді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG