Accessibility links

Жерлестері Жалиловтың «тәрбиелі, ұяң бала» болғанын айтады


Санкт-Петербург метросында теракт ұйымдастырған деп айыпталған Акбаржон Жалиловтің монитордағы суретіне қарап отырған адам. Мәскеу, 4 сәуір 2017 жыл.

Ресей мен Қырғызстанның арнайы қызметі Петербург метросында болған жарылысты Қырғызстанның Ош облысының 22 жастағы тумасы Акбаржон Жалилов жасаған деп санайды. Жалилов туып-өскен махалла тұрғындары оны «кішіпейіл жігіт» деп атайды. Ол оқыған мектеп мұғалімдері де оны «сезімтал әрі жаны нәзік бала болатын» деп сипаттайды.

«ЕШҚАШАН ЖАМАНДЫҒЫН КӨРСЕТПЕГЕН БАЛА ЕДІ»

Санкт-Петербург метросында терактіні ұйымдастырған деп айыпталған жігіт Қырғызстанның Ош қаласындағы мектепте 8- сыныпқа дейін оқыған. Сабақ берген мұғалімдер мен оны білетін жандардың ешқайсысы бұрынғы жерлестерін ауыр қылмысқа не нәрсе итермелегенін түсінбейді. Жалиловтың бұрынғы сынып жетекшісі Фатима Қадырахунова:

- Ол баланы жақсы білемін. Акбаржон Жалиловқа 5- және 6-сыныптарда сабақ бердім. Өте инабатты, зерек әрі мінезі салмақты бала болатын. 5- және 6-сыныптарда оқып жүргенде ешқашан жаман жағын көрсеткен жоқ. Өте дарынды бала болатын. Сыныптастарымен де тату болған. Қыздар да оның үстінен ешқашан шағымданған емес. Мұғалімдердің қитығына тигенін, ата-анасын мектепке шақырғанын көрмеппіз. Үй шаруасын сылтауратып, сабақтан да қашқан емес, - деп еске алады.

Мұғалімнің сөзінше, Жалиловтың әке-шешесі қарапайым адамдар болған. Акбаржон біреу ұрысса, жылап қалатын жасқаншақ бала болып өскен. Сынып жетекшісі «мұғалімдер ұрысса да жылап қалатын» дейді.

Жалиловтың бұрынғы сынып жетекшісі Фатима Қадырахунова. Қырғызстан, Ош облысы, 3 сәуір 2017 жыл.
Жалиловтың бұрынғы сынып жетекшісі Фатима Қадырахунова. Қырғызстан, Ош облысы, 3 сәуір 2017 жыл.

- Теракт жайлы естігенде қатты таңғалдым, өйткені мектепте оқып жүргенде оның дінге әуестігі болған жоқ, ондайға бейімін ешқашан байқамаппыз. Намаз да оқымайтын, - дейді Қадырахунова.

Өзге мұғалімдердің айтуынша, Жалилов бастауыш сыныптарда да бұзақы болмаған, өте ұяң әрі биязы бала болған. Оның бұрынғы сынып жетекшісі Адинахан Азимова:

- Оған 3-сыныптан бастап сабақ бердім. Партада тыныш, түзу отыратыны есіме бірден түсті. Сурет сала беретін, математиканы онша жақсы көрмейтін, әдебиеттен де үлгерімі нашар болатын. Бірақ тәртібі үлгілі болған. Ата-анасы жиналысқа қалмай қатысатын. Сабағы болмаса, тәртібі жағынан ескерту алып көрмеген бала болды. Жыл мезгілдерін, әсіресе көктемнің суретін көп салатын. Ешқашан төбелеспейтін. Сыныпта да тәртіпті бала болды, - деп еске алады.

Сәуірдің 5-і күні Жалиловтың әке-шешесі Санкт-Петербургке ұшып келді. Олармен сөйлесудің сәті түспеді.

Акбаржон Жалиловтің ата-анасы. Петербург, Пулково әйежайы, 5 сәуір 2017 жыл.
Акбаржон Жалиловтің ата-анасы. Петербург, Пулково әйежайы, 5 сәуір 2017 жыл.

Азаттық тілшілері барған кезде үйінде болған туыстары мен отбасы мүшелері Петербург метросындағы жарылыс жасаған терроршы Акбаржон екеніне сенбейді. Олардың сөзінше, ол ешқашан дінмен әуестенбеген, Ресейде асханада жұмыс істеген, «дені түзу жігіт» болған.

«СЕНЕ АЛМАЙМЫЗ»

Сәуірдің 4-і күні Ош облысына барған Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшілері Акбаржон Жалиловтың тікелей туыстарын жолықтыра алмады. Акбаржонның әке-шешесі тұратын үйдің қақпасы құлыптаулы болып шықты. Бұл кезде оның әкесі Акрамжон, анасы Одинахан, әпкесі, 17 жастағы інісі мен Асан мен Үсен деген немере ағалары - барлығы алты адам Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінде болған.

Үйде Акбаржонның немере ағаларының күйеулерін күтіп отырған әйелдері ғана болды.

- Ол Ресей паспортын алып, Ресей армиясында қызмет етті деп естігенбіз. Соңғы рет оны үш жыл бұрын туыстарымыздың үйлену тойында көргенбіз. Сол кезден бері көргеніміз жоқ. Ол бізбен екі жыл ғана тұрды. Сол кезден бері сегіз жыл өтті. Олар Он-Адырға көшіп кетті. Ол жақта әке-шешесі тұрады. Өзі Ресейде тұрған. Оны бәріміз жақсы көретінбіз. Айтқаныңды қалт етпей орындайтын өте елгезек бала болатын. Қазіргі заманға сай талғаммен киінетін. Ол терроршы болып шықты дегенге сене алмай отырмыз, - дейді олар.

ВИДЕО: "Акбаржон Жалилов асханада істеген" (видео - қырғыз тілінде)

Өзін Жалиловтің ағасының жұбайы Дилабзо деп таныстырған әйел Акбаржон Ресей армиясында қызмет еткен деп естігенін айтады.

- Акбаржон әлі үйленген жоқ болатын. Ресей армиясында қызмет етті деп естігем. Әскерде болған жігіт мұндайға барады деп ойламаймын. Қайран қалдым. Егер бірдеңе болса, біз естір едік қой. Есі бар, мектепте оқыған жігіт. Ресейге 5-6 жыл бұрын кеткен, - дейді Дилабзо.

Он-Адыр ауылдық округіне қарасты махалла басшысы Анваржон Дадажановтың журналистерге айтуынша, Жалиловтердің отбасы «ел қатарлы» өмір сүрген.

Он-Адыр ауылдық округіне қарасты махалла басшысы Анваржон Дадажанов. Ош облысы, 3 сәуір 2017 жыл.
Он-Адыр ауылдық округіне қарасты махалла басшысы Анваржон Дадажанов. Ош облысы, 3 сәуір 2017 жыл.

- Ол үйде Жалилова Одинахон деген әйел тұрады. Екі ұлы, бір қызы бар. Қызы тұрмысқа шыққан. Үлкен баласы – Акбаржон Жалилов. Ол Ресейде тұрып, сол жақта азаматтық алған. Әкесі Акрамжон Жалилов та Ресей азаматы. Ол да көбінесе Ресейде тұрады. Кейде Ошқа келіп кетеді. Соңғы рет осыдан бір жарым, екі жыл бұрын келген. Әлгі үйде шешесі екінші ұлымен тұрады. Акбаржон мұндай қылмысқа барды дегенге сенбеймін. Олар ел қатарлы өмір сүрген, - дейді махалла басшысы.

Туыстары ізетті, кішіпейіл әрі дінмен көп әуестігі жоқ деп сипаттайтын Акбаржон Жалилов әлеуметтік желілерге де көп кірмеген. Оның әлеуметтік желіде жарияланған жалғыз фотосуреті бүкіл әлемге тарады. Оның радикалды ислам ағымын ұстанғанын немесе экстремистермен араласқанын жанама түрде болсын білдіретін әлдебір посттар аккаунтында да жоқ.

Акбаржон Жалиловтің ата-анасының үйі. Қырғызстан, Ош облысы, 3 сәуір 2017 жыл.
Акбаржон Жалиловтің ата-анасының үйі. Қырғызстан, Ош облысы, 3 сәуір 2017 жыл.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі дерегінше, Жалиловте ешқашан Қырғызстан паспорты болмаған, 16 жасқа толған кезінде ол Ресей азаматтығын алған.

Сәуірдің 4-і күні Ресей тергеу комитеті Петербург метросында жарылыс жасады деген күдіктінің аты-жөні Акбаржон Жалилов екенін жариялаған. Тергеушілердің мәлімдеуінше, теракт жасады деген күдіктінің денесі 14 адамның өмірін қиған жарылыс орнынан табылған. Тергеу болжамынша, «Площадь восстания» станциясында қалдырып кеткен сөмкедегі іске қосылмай қалған жарылғыш құрылғыдан Жалиловтың генетикалық іздері табылған.

Бейсенбі күнгі есеп бойынша, Санкт-Петербург метросындағы терактіден 14 адам қаза тапқан. Оның ішінде Қазақстан азаматы, Петербург жоғарғы оқу орнының 3-курс студенті Максим Арышев бар. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, қазақстандықтың мәйітін Алматыға жұма күні әкеліп, жерлейді.

Мақала «Настоящая время» бағдарламасы мен Азаттықтың Қырғыз қызметі материалдары негізінде әзірленді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG