Accessibility links

Ақтөбе мен Алматыдағы атыс жаңғырығы


Қарулы шабуылға күдіктілерге қарсы арнайы операция жүріп жатқан көшеге ешкімді өткізбей тұрған полиция қызметкері. Ақтөбе, 10 маусым 2016 жыл.

Ақтөбе мен Алматыда биыл жазда қантөгіске ұласқан қарулы шабуылдар «Қазақстанда қарулы астыртын топтар бар ма, әлде бұл - біреулердің «қызбалығы» ма?» деген сұрақты төтесінен қоюға түрткі болды.

Маусымның 5-і күні Ақтөбеде 26 адам қару-жарақ сататын екі дүкен мен ұлттық гвардияға қарасты әскери бөлімге қарулы шабуыл жасады. Ресми дерекке сәйкес, шабуыл мен атыс кезінде жеті адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде билік «дәстүрден тыс радикалды діни ағым ұстанушылар» деп атаған күдіктілердің 20 шақтысы ұсталып, 18-інің көзі жойылды. Қарашаның соңында сот маусымның 5-і күні Ақтөбедегі қарулы шабуылға қатысты айыпталғандарға шығарылған үкімге сәйкес, 29 айыпталушының жетеуі қалған өмірін түрмеде өткізетін болды.

Шілденің 18-і күні Алматыда 26 жастағы Руслан Күлекбаев полиция кеңсесі және ҰҚК департаменті ғимараты жанында қарулы шабуыл жасады. Қаза тапқан 10 адамның сегізі - күш құрылымдарының қызметкерлері, екеуі - бейбіт тұрғын. Тергеушілердің мәлімдеуінше, ол жалғыз шабуылдаған, Күлекбаев түрмеде өткізген жылдары (ертеректе ол заңсыз қару сақтады және кісі тонады деген айыптармен қылмыстық жауапқа тартылған) үшін кек алуды көздеген. ҰҚК-нің сол кездегі төрағасы Владимир Жұмақановтың мәлімдеуінше, Күлекбаев түрмеде «салафиттермен достасқан». Сот кезінде Күлекбаев қылмысына өкініш білдірген жоқ. Сот оған өлім жазасын кесті.

Аяқталып қалған 2016 жылы әлемде терроризм проблемасы ушығып, мұндай қарулы шабуылдар болмаған немесе бұрын-соңды мұндай түрде болмаған жаңа аймақтар мен елдерді шарпыды. Желтоқсанның 19-ы – бір күнде - Анкарада көрменің ашылу рәсімінде Ресей елшісі Андрей Карлов оққа ұшты, ал Берлинде Рождество жәрмеңкесінде жүрген адамдарға жүк көлігі соқтығысып, кемі 12 адам мерт болды.

Қазақстанда ел билігі «теракт» деп атайтын қарулы шабуылдар 2011 жылдың жазында Ақтөбе облысында екі полицейге жасалған шабуылдан басталған болатын. 2016 жылдың жазындағы тәрізді ол кезде де билік әлгі шабуылдарды «діни радикалдардың» ісі деп мәлімдеген. Билік Қазақстанда радикалды салафизм күшейіп барады деп мәлімдеп, Қазақстанда исламның салафизм ағымына тыйым салуға шақырған. Ел аумағында радикалдардың қарулы астыртын топтары бар ма әлде әлгі шабуылдар бір-біріне қатысы жоқ оқиғалар ма? Бұған қатысты қилы пікірлер бар.

Ақтөбе мен Алматыдағы қарулы шабуылдар туралы видео:

АСТЫРТЫН ҰЙЫМДАР МА ӘЛДЕ КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ ПА?

Сот шешімімен жабылған оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы жетекшісі, тамыз айында түрмеден босаған Владимир Козлов Азаттыққа қарулы астыртын топтар бар деген болжам мен кенеттен жасалған терактілердің арасында байланыс бар дейді.

- Меніңше, екеуі бір. Мұны үйлестіргендер екі бағытта бірдей әрекет етеді. Алайда кейінгі кезде интернет-ресурстар арқылы жеке әсер ету технологиясы көбірек қолданыла бастады. Бірақ топтар да бар, оларға өзгеше форматтағы міндеттер жүктелген, - дейді Владимир Козлов.

Діни және оппозициялық астыртын топтар мен ұйымдар Қазақстанда, оның ішінде Ақтөбе және өзге облыстарда, әрине, бар.

Қазақстаннан өз еркімен кеткен, қазір Киевте отбасымен тұрып жатқан ақтөбелік оппозициялық журналист әрі азаматтық белсенді Айдос Садықов елде қарулы астыртын топтар бар деп санайды.

- Діни және оппозициялық астыртын топтар мен ұйымдар Қазақстанда, оның ішінде Ақтөбе және өзге облыстарда, әрине, бар, - дейді ол Азаттыққа.

Бірақ Айдос Садықов Ақтөбедегі қарулы терактіні аяқ асты жасалған шабуылға жатқызады.

- Ақтөбеде маусымда болған оқиғаларға қатысты сотталғандардың ішінде жауынгерлік тәжірибесі бар, шетелде немесе елдің ішінде дайындықтан өткен ешкім жоқ екенін білеміз. Сондықтан бұл шабуыл - әбден қитығына тиген адамдардың аяқ асты әрекеті болуы керек. Кейінгі алты-жеті жылда Ақтөбе облысында дәстүрден тыс ағымдарды ұстанатын мұсылмандарды түрмеге қамап, түрмеде қаза тапқан Азамат Кәрімбаев сияқты өлтіріп тастаған немесе азаптаған, - дейді ол.

ИНФОГРАФИКА: 2016 жылы "терроризм" айыбымен сотталғандар

ҮШІНШІ КҮШ ПЕ?

Оралдық танымал журналист Лұқпан Ахмедияров қарулы астыртын топтар жоқ деп топшылағанымен, әлгі терактілердің жасалуы кездейсоқ емес деп санайды.

- Меніңше, әлгі шабуылдарды президент айналасындағы біреулер басқарған болуы керек. Әлгі оқиғаларды пайдаланып жұрт назарын жер мәселесі мен Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісінен аударып әкетуді көздеген немесе біреу «былай да істей аламыз» деп «шалға» [президент Нұрсұлтан Назарбаевқа] қарумен қыр көрсеткісі келген сияқты, - дейді Лұқпан Ахмедияров Азаттыққа.

Қару дүкеніне шабуыл жасағандар өлтірген сатушы Андрей Максименконы ақтық сапарға шығарып салуға келген адамдар дүкен алдына гүл қойып жатыр. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.
Қару дүкеніне шабуыл жасағандар өлтірген сатушы Андрей Максименконы ақтық сапарға шығарып салуға келген адамдар дүкен алдына гүл қойып жатыр. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.

ҰҚК-нің қуғындағы бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевтың Азаттыққа айтуынша, маусымның 5-і күні Ақтөбеде болған теракт - әлдебіреулердің «қызбалыққа салынған» әрекеті. Бірақ ол президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «айналасындағы адамдарда заңсыз құрып алған әрі қаруланған күштер» бар деп мәлімдейді. Оның сөзінше, мұндай құрылымдардың бірі «президентті қолдау басқармасы» деп аталады. Бұдан бөлек, ол елде «үшінші күш» бар деген қауесетті қисынды санайды.

Оның соңғы мәлімдемесіне байланысты ертеректе алматылық журналист Гүлжан Ерғалиеваның Қазақстанда «ажал эскадрондары» бар деп БАҚ-та талай мәлімдегені еске түседі.

Бұлар қазір «ұйқыда» жатқан, бір-бірімен еш байланысы жоқ ұйымдар болуы мүмкін.

Батыс Қазақстандағы діни ахуалды талай жылдан бері бақылап жүрген атыраулық журналист Азамат Майтановтың Азаттыққа айтуынша, аймақта қарулы діни астыртын топ бар, бірақ әзірше жақсы ұйымдаспаған.

- Бұлар қазір «ұйқыда» жатқан, бір-бірімен еш байланысы жоқ ұйымдар болуы мүмкін, - деп топшылайды Азамат Майтанов.

«ВАРЯГТАР», «АВТОХТОНДАР» ЖӘНЕ «ЖЕЛІЛІКТЕР»

Voxpopuli сайтына берген сұхбатында саясаттанушы Досым Сәтпаев «Қазақстанда терроризм бар, бұған қоса қарулы террорлық актілер билік елде терроризм барын алғаш мойындаған 2011 жылы емес, одан көп ерте басталған» дейді. Сәтпаев 2000 жылы Алматының ортасында қазақстандық күш құрылымдары мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында әрекет ететін сепаратистік топтардың бірінің өкілдері арасында болған қарулы қақтығысты бұл тезисінің дәлелі ретінде келтіреді. Сәтпаевтың сөзінше, Өзбекстан, Қытай және Ресей билігіне қарсы әрекет еткен терроршылар ол кезде Қазақстанды транзиттік территория және тыл ретінде қарастырған.

Алматыда қарулы шабуыл жасап, бірнеше адамды өлтіргені үшін өмір бойы түрме жазасына кесілген 26 жастағы Руслан Күлекбаев сот залында. 17 қазан 2016 жыл.
Алматыда қарулы шабуыл жасап, бірнеше адамды өлтіргені үшін өмір бойы түрме жазасына кесілген 26 жастағы Руслан Күлекбаев сот залында. 17 қазан 2016 жыл.

Досым Сәтпаевтың сөзінше, радикалды астыртын топтарға бірлесіп әрекет етуі мүмкін үш діни құрылымды жатқызуға боалды. Олар - варягтар, автохтондар және желілік радикал топтар. Сәтпаев «варягтар» деп «Хизб ут-Тахрир» және «Таблиғи жамағат» сияқты сырттан қаржыландырылатын шетелдік ұйымдарды атайды. Ал қаржыландыру үшін заңды бизнеспен де, қылмыстық жолмен де табылған ақша жұмсалатын жергілікті экстремистік ұйымдарды «автохтондар» деп атайды. Оның сөзінше, желілік радикал топтар әлдебір экстремистік сайттар негізінде топтасады. Сәтпаевтың пікірінше, Ақтөбедегі терактілер -радикал топтардың осы үшінші түрінің ісі.

ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері, отставкадағы полковник Арат Нарманбетовтің Азаттыққа айтуынша, Қазақстанда астыртын әрекет ететін қарулы топтардың пайда болғанына ондаған жылдан асқан. Оның сөзінше, әлгі топтарды діни, саяси, криминалдық, кландық және ұлттық белгілеріне қарап айыруға болады. Бірақ Нарманбетов қазіргі қарулы астыртын топтардың құрамы күрделі екенін айтады.

Ал осы аптада Ақтөбеде биыл маусым айында қарулы шабуылға ұшыраған ұлттық гвардияның 6655-әскери бөлімінің екі офицеріне қатысты сот басталды. Екеуіне әскери жарғыны бұзды, әскери міндетіне салғырт қарады деген айып тағылған. Прокуратураның айтуынша, офицерлер бөлімге жасалған шабуыл жайлы штабқа хабарламаған әрі әскери жарғы талабын бұзып қорғанысты ұйымдастырмаған. Куәгер қатардағы жауынгер Рамазан Мұсабаев сотта майор Қайнарбек Тастамбековтің жеке құрамға ешқандай бұйрық бермей, әжетханаға барып тығылғанын айтты. Бұған қоса, куәгердің айтуынша, майорға үш жауынгер ерген, бірақ майор Тастанбеков оларды тастап сыртқа қашып шыққан. Айтпақшы, Ақтөбедегі шабуылдан кейін іле-шала сарапшылар терактілер мен экстремизм қатері төнген жағдайда қарулы шабуылдарға кәсіби тойтарыс беруге ел армиясы мен арнайы қызмет орындары қаншалықты дайын деген мәселе көтерген.

XS
SM
MD
LG