Accessibility links

Cанкт-Петербург метросындағы жарылыстан 9 адам қаза тапты


Cанкт-Петербург метросындағы жарылыс.

Ресейдің Cанкт-Петербург қаласындағы метрополитенде жарылыс болды. Қазіргі мәліметке қарағанда, жарылыстан ондаған адам мерт болып, 50-дей адам жапа шеккен.

Әзірге жеткен ақпаратқа қарағанда, жарылыс «Технология институты» станциясында болған. Оқиға орнынан тараған суреттен қираған вагон мен платформада жатқан адамдар көрінеді.

Кейбір дерек көздері метроның "Сенная площадь" станциясында да жарылыс болғанын хабарлады. Оқиға куәгерлерінің бірінің айтуынша, жарылыс "Сенная площадь" станциясында болған, ал пойыз жарылыс болған соң «Технология институты» станциясына қарай жүріп кеткен.

Азаттықтың Орыс қызметінің Санкт-Петербург қалалық ішкі істер басқармасындағы дереккөзі жарылыстан 10 адам қаза тауып, 30-дайы жараланғанын айтады.

Қала губернаторының баспасөз хатшысы Андрей Кибитовтің дерегінше, жарылыстан 50 шақты адам жараланған.

Қазір қаладағы "Парк Победы", "Электросила", "Московские ворота", "Фрунзенская", "Технологический институт", "Сенная площадь" және "Гостиный двор" станциялары жабық.

Метро станцияларында тексеріс күшейіп, жолаушылар кезегі пайда болған.

Метрода жарылыс болған сәтте Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесіп отырған Ресей президенті Владимир Путин «билік бұл жарылысқа себеп боларлық барлық нұсқаларды қарастыратынын, теракт болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайтынын» мәлімдеген.

Ресей бас прокуратурасы өкілі бұл оқиғаны теракт деп атады. Екінші жарылыс туралы хабар расталған жоқ.

Соңғы мәліметке қарағанда, жарылыстан 9 адам қаза тапқан, 20 шақты адам жараланған, жиыны 50 адам жапа шеккен.

«Интерфакс» агенттігінің хабарлауына қарағанда, Санкт-Петербург метросының «Площадь Восстания» станциясынан жарылғаш зат табылып, саперлер оны залалсыздандыруға кіріскен.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG