Accessibility links

Ұлыбритания мен Қазақстандағы терактілердің несі ұқсас?


Теракт құрбандарын еске алып тұрған адам. Лондон, 4 маусым 2017 жыл.

Биыл үш рет теракт болған Ұлыбритания террорлық қауіп деңгейін жылдам түсірсе, Қазақстанда ондай күй ұзаққа созылады. Сарапшылардың сөзінше, екі елдегі терактілердің де айырмашылықтары бар.

Ұлыбританияда үш айға жетер-жетпес уақытта үш рет ірі террорлық акт жасалды. Маусымның 4-інде Лондонда жүк көлігімен жаяу жүргіншілерді басып, ізінше адамдарға пышақ алып ұмтылған үш адамның әрекетінен жеті адам қаза тауып, 50-ге жуық адам жарақаттанды. Одан бұрын, мамырдың 22-сінде америкалық әнші Ариана Гранденің Манчестердегі концертінен кейінгі террорлық актіден 22 адам мерт болып, 60-тан астам адам жарақаттанған. Ал наурыздың 22-сінде Лондонда жүк көлігі адамдарды таптап өтіп, парламент ғимараты маңында полицияға шабуыл жасап, төрт адамды өлтірген. Шабуылдарды «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы мойнына алған.

Теракт болған маңға келген арнайы жасақ. Лондон, 4 маусым 2017 жыл.
Теракт болған маңға келген арнайы жасақ. Лондон, 4 маусым 2017 жыл.

Бұл терактілерден кейін «Ұлыбританиядағы террор қаупі деңгейін жариялау арқылы қауіпсіздік қаншалықты қамтамасыз етіледі?» деген сауал туындаған. Тұрғындарды сабыр сақтауға шақырған Лондон мэрі Садик Хан Манчестердегі террорлық актіден кейін көп ұзамай-ақ «террор қаупі өте күшті деңгей» «террор қаупі бар деңгейге» ауыстырылғанын қателік деп санамайтынын айтқан.

«ТЕРРОРҒА ИТЕРМЕЛЕЙТІН БІР СЕБЕП – ӘЛЕУМЕТТІК ФАКТОР»

Террористік актілер болып тұратын Қазақстанда да террор қаупі деңгейін түрлі шартты белгілермен атайды. Бірақ қауіп деңгейі Қазақстанда ұзақ сақталатыны байқалады. Мысалы, 2016 жылы шілде айында Ақтөбеде бірнеше адамның әскери бөлім мен қару-жарақ дүкеніне жасаған шабуылынан кейін террор қаупінің «қызыл деңгейі» белгіленген. Жеті айдан кейін, 2017 жылы қаңтарда ғана ол қауіптің «сары деңгейі» тоқтатылған.

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар Еуропадағы терактілер мен Қазақстандағы терактілердің ұқсастықтары мен айырмасы жайлы, Қазақстанда қазір терроризм қаупі бар-жоғы туралы пікірлерін айтты.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев Лондондағы терактілерді «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы мойнына алғанына ескере келе, «Еуропада әсіре исламшылдарды анықтау аса қиын болмауы да мүмкін» деп жориды.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев.
Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев.

– Қазақстанда халықтың басым көпшілігі – мұсылмандар. Оның ішінде билік теріс ағым ретінде сипаттайтын ағым өкілдері де бар. Бірақ олардың бәрі террор қаупін төндіруі мүмкін деп айту қиын. Сондықтан террор жасауы мүмкін дейтін топты анықтау Қазақстанда қиындау болады, – дейді ол.

Қазбек Бейсебаев Алматыда былтыр жазда полицияның сегіз қызметкері мен екі тұрғынды өлтірген Руслан Күлекбаевтың оқиғасы қазақстандық полицияның жұртты террорлық актілерден қорғауға дайын емес екенін аңғартқанын айтады. Ол «жастарды террорға итермелеуші себептердің бірі – әлеуметтік факторлар» деп біледі.

КӨРІҢІЗ: Күлекбаев өлім жазасына кесілді

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТЕРРОРШЫЛАР – ӨЗ АЗАМАТТАРЫМЫЗ»

Терроризм мен экстремизм қатері мәселесін зерттеуші Сәулет Сахиев те әлеуметтік факторды жоққа шығармайды. Оның сөзінше, Қазақстандағы террор қаупі экономикалық жағдай дұрысталып, халықтың әлеуметтік жағдайы оңалғанда бәсеңдеуі мүмкін.

– Еуропадағы террорлық актілерді көбіне сырттан келгендер жасайтыны байқалады. Ал Қазақстандағы террорлық актілерді өз азаматтарымыз жасап жүр. Яғни бұл – өз проблемамыздың ықпалы аз емес деген сөз, – дейді ол.

Қазақстандағы террорлық актілерді өз азаматтарымыз жасап жүр. Яғни бұл – өз проблемамыздың ықпалы аз емес деген сөз.

Сәулет Сахиев «Еуропадағы террорлық актілер Қазақстандағы ықтимал террорлық топтарға тәжірибе секілді көрінерін» айтады.

– Олар сол әдісті қолдануға тырысады. Сондықтан құқық қорғау органдары әлемдегі террорлық актілерді талдауы тиіс, – дейді маман.

Оның сөзінше, Қазақстанда терроризмнің алдын-алу әдіс-тәсілдері енді қалыптасып жатыр.

– Қазір діни-радикалды әрекеті үшін сотталушылар да көп. Олардың түрмеден кейінгі реабилитациясы қандай болады? Бұрынғы көзқарасын өзгерте ме, әлде өшіге түсе ме? Бұл да алда үлкен мәселе болады, – дейді ол.

Сәулет Сахиев «қазақстандық құқық қорғау органдары террорлық шабуыл қаупі білінген кезде «вакуум әдісін» (сырттан келетін ақпараттарға тосқауыл қою, теміржол вокзалдары мен әуежайларда тексерісті күшейту, әлеуметттік желілерді бақылауды күшейту амалын) қолданатынын айтады.

Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылар «террордың алдын алу үшін ұзақ жылдар бойы жүйелі жасалған шаралардан кейін террор қаупі төмендейді» деп есептейді.

КӨРІҢІЗ: Қазақстандағы 2016 жылғы қарулы шабуылдар

1991 жылдан бері терроризмге қарсы күресуді көздейтін халықаралық түрлі конвенцияларға қосылған Қазақстан 1999 жылы «Терроризммен күрес туралы» заң қабылдап, террорлық актілерге қатысы бар деп саналған діни ұйымдардың жұмысына тыйым салған. Соған қарамастан Қазақстанда 2011 жылдан бері қарай террорлық актілер жиілеген.

Елдегі соңғы жылдардағы терактілердің ірісі 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбеде болған. Ол кезде Ақтөбеде 30 шақты адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның 6655 әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде «діни радикал», «қарулы шабуылшы» деп сипатталған 18 адамның көзі жойылып, тірідей ұсталған 29 адам сотталған.

КӨРІҢІЗ: Ақтөбедегі қарулы шабуылға бір жыл толды

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG