Accessibility links

Манчестердегі қазақтар жарылыс жайлы не дейді?


Манчестерде оқитын қазақстандық студент Азамат Жансейітов (Сурет Facebook парақшасынан алынды).
Манчестерде оқитын қазақстандық студент Азамат Жансейітов (Сурет Facebook парақшасынан алынды).

Ресми мәлімет бойынша Ұлыбританиядағы Manchester Arena стадионындағы америкалық әнші Ариана Гранденің концертіне алты қазақстандық барғанымен, олар терактіден зардап шекпеген. Манчестерде оқитын қазақстандық студенттер оқиғадан кейінгі ахуал туралы Азаттыққа айтып берді.

Манчестердегі қазақ студенттер қауымдастығының жетекшісі Азамат Жансейітов онда оқитын студенттердің барлығы аман екенін, студенттердің көбі емтихан тапсырып жатқанын айтты.

- Түнде жарылыстың дауысы естілген жоқ. Бірақ түнімен дұрыс ұйықтаған жоқпыз. Интернеттен, теледидардан жаңалықтарды қарап отырдық. Теракт болғанын ести сала студенттердің аман-саулығын біліп, ақпаратты елшілікке жеткіздік. «Сыртқа шықпаңыздар» деген сияқты ескертулер болған жоқ. Концерттің билеті бірден сатылып кетті. Манчестерде оқитын қазақ студенттердің көбі емтихан тапсырып жатқандықтан бұл концертке баруға мүмкіндіктері болған жоқ деп ойлаймын. Яғни мен білетін студенттердің көбі бармады. Барған алты қазақстандық басқа қаладан келген болар. Сабақ тоқтаған жоқ, бүгін көбіміз емтихан тапсырамыз, - дейді Манчестерде оқитын қазақ студенті.

Манчестердегі қазақ студентері
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:38 0:00

Азамат Жансейітовтың айтуынша, Манчестерде 90-ға жуық қазақстандық студент бар, оның жартысы «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатыр.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Әнуар Жайнақов Facebook желісінде «дипломаттарымыз концертке барған алты қазақстандыққа ешнәрсе болмағанын, дәрігер көмегі қажет емес екенін және басқа да серіктерімен бірге тұратын жерлеріне аман-есен жетіп алғанын растады» деп жазды.

Манчестерде оқитын тағы бір қазақстандық студент Ернар Елеукенов Азаттық тілшісіне: «Манчестердегі жағдай қалыпты. Қоғамдық көліктер өз уақытымен жүріп жатыр» деді.

«БАЛАЛАР МЕН СТУДЕНТТЕР КӨП ЗАРДАП ШЕКТІ»

Азаттық Манчестер университетінің профессоры, Орталық Азия тақырыбын зерттеуші Мадлин Рейзпен де тілдесті. Оның сөзінше, бұл шабуыл «жасөспірімдер мен студенттерге қарсы» бағытталған.

- Шабуылдан негізінен балалар, жасөспірімдер мен студенттер зардап шекті. Олардың көбі оқу жылының аяқталуын атап өту үшін концертке барған. Сондықтан шабуылдың балалар мен жастарға бағытталғаны үлкен соққы болды. Манчестер - өте ашық әрі жастардың қаласы, университет, мектеп көп. Мұнда көп қазақ студенттері оқиды. Олардың ата-аналары алаңдап жатқан болар. Бұл шабуылдан кейін Манчестер тұрғындарының қонақжайлығы арта түседі деп ойлаймын. Исламофобия, шетелдіктерге қарсы көзқарас болмас. Манчестер жұрты ондай әрекет жасамайды. Сондықтан алаңдаудың реті жоқ, - дейді Мадлин Рейз.

"Ислам мемлекет" экстремистік құйымы шабуылды мойнына алатынын хабарлады. Бірақ ол мәлімдеменің анық-қанығы әлі белгісіз.

Reuters ақпарат агенттігі АҚШ үкіметінің екі қызметкерінің "оқиғаның бастапқы айғақтары жанкештінің жарылыс жасағанын білдіретінін айтқанын" хабарлады. Алайда жанкешті туралы бұл ақпаратты Ұлыбритания билігі әзірге нақтыламаған. АҚШ қауіпсіздік қызметкерлері жағдайды жіті бақылап отырғандарын айтады.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй мамырдың 23-і таңертең "биліктің жарылыстың жай-жапсарын анықтауға кіріскенін" хабарлады. Премьер-министрге жақын шенеуніктің хабарлауынша, сайлау науқаны уақытша тоқтатылмақ. Бірақ оның қанша мерзімге тоқтатылатыны хабарланбады.

Мамырдың 22-сі күні Манчестер қаласында Manchester Arena ғимаратында жергілікті сағат 22 шамасында америкалық поп әнші Ариана Гранденің концерті кезінде жарылыс болған. Соңғы мәлімет бойынша, жарылыстан 22 адам қаза тауып, 50-ден астам адам жараланды. Grande дыбыс жазу компаниясы әншінің аман екенін хабарлады. Ал Ариана Гранде Twitter желісі арқылы қайғысын білдірді.

​1996 жылы Манчестердің орталығында ірі жарылыс болған. Бұл шабуылды Солтүстік Ирландияның Ұлыбритания корольдігінен бөлініп шығуын қалайтын «Уақытша Ирландия ұлттық армиясы» мойнына алған. Шабуылдан 200 астам адам жарақат алған. Ұлыбритания билігі бұл шабуылды теракт деп таныған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG