Accessibility links

Трамптың компаниясы және "жоқ іздеген" БТА


Trump SoHo ғимаратындағы "Ақшаны қуала" деген жазу. Нью-Йорк.
Trump SoHo ғимаратындағы "Ақшаны қуала" деген жазу. Нью-Йорк.

Осы аптада Bloomberg БТА Банкінің «жоғалған активтерін» іздеу, Әблязов және Храпуновтың отбасына «Атлант мұхитының екі жағынан» тағылған айыптар жайлы егжей-тегжейлі жазған. Батыстың өзге БАҚ-тары Қазақстан интернетті бақылауды күшейтті және телеаудитория үшін таласта Ресейден ұтылып отыр деп жазған.

ӘБЛЯЗОВ ПЕН ХРАПУНОВТЫҢ ХИКАЯСЫ

Американың Bloomberg жаңалықтар агенттігі БТА банкінен жоғалған ақшаны іздеу шараларына қатысты тексеру мен оның бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовке және Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың отбасына тағылған айыптарды жан-жақты сипаттаған «Қазақстандық банктен жымқырылған миллиардтардың бір бөлігін жасыру үшін Trump SoHo-ны пайдаланған ба?» деген көлемді мақала жариялады.

«Қазақстандық БТА сегіз жылдан бері үш құрлықта бұрынғы төраға Мұхтар Әблязовке қарсы заң тұрғысынан соғыс жүргізіп келеді. Бұл - қастандық қатері, Қазақстан үкіметінің компьютерлерін бұзу және банктің кемі төрт миллиард активі жетпейді деген мәлімдемелер жасалған қақтығысты қамтиды. Қазір Атлантиканың екі жағында [мысалы, Лондон мен Нью-Йоркте] қаралып жатқан сот істері әлгі активтердің кейбірі Дональд Дж.Трамптың бұрынғы қызметкерлері салған жылжымайтын мүлікте жасырылған жоқ па деген сұраққа жауап беруі мүмкін» деп жазған Bloomberg.

Мұхтар Әблязовтің БТА басшысы кезіндегі бір сәті.
Мұхтар Әблязовтің БТА басшысы кезіндегі бір сәті.

Сот құжаттарында тіркелген кей болжам деректерге сәйкес, Мұхтар Әблязов өзінің күйеубаласы әрі Виктор Храпуновтың асыранды баласы Ілияс Храпуновтың көмегімен Trump SoHo ғимаратынан жылжымайтын мүлік сатып алған. Bloomberg назарына іліккен іске қатысты жайттардың бірі - Женевада құрылған Swiss Development Group SA фирмасы британдық соттардың активтерді бұғаттау туралы қаулыларын айналып өту үшін пайдаланылды деген болжам.

«Бұл істер Трамп пен оның серіктері Шығыстан инвестиция іздеген кейінгі 10 жыл ішінде Қазақстан мен АҚШ арасында ақша ағыны қалай жүрді деген сұрақтың бетін ашуы мүмкін. Трамптың сайлау штабы мүшелері АҚШ-та 2016 жылғы президент сайлауына ықпал ету үшін Ресеймен сөз байласқан деген күдікті тексеріп жатқан арнайы прокурор Роберт Мюллер [АҚШ президенті Дональд Трамптың] бұрынғы кей серіктерінің заңсыз ақшаның ізін жасыру және өзге де қаржылық қылмыстарына қатысты айғақтарды зерттеу кезінде осы кезеңді де қарастырып жатыр» деп жазған Bloomberg.

Мұхтар Әблязов пен Виктор Храпуновтың отбасы әлгі айыптардың саяси астары бар, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынағанымыз үшін қудалауға ұшырадық деп есептейді.

Оқи отырыңыз: Дональд Трампты Қазақстаннан жымқырылған ақшаға қатысты айыптайды

Bloombergтің жазуынша, Әблязовтің саяси себеппен қудалау туралы мәлімдемесін БТА директорлар кеңесінің қазіргі төрағасы, бұрынғы премьер әрі Қазақстанның Ресейдегі қазіргі елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің күйеубаласы Кеңес Рақышев «далбаса әрі мен үшін ең үлкен проблема» деп атаған. Bloomberg Рақышевтің «Бірақ менің міндетім – активтерді қайтару. Бұл істің бизнеске қатысты бөлігі түсінікті әрі қарапайым. Егер Әблязов ақшаны заңды жолмен тапқанына сенімді болса, мұны сотқа келіп дәлелдеуі тиіс» деген сөздерін келтірген.

ТЕЛЕАУДИТОРИЯ ҮШІН «САЯСИ ТАРТЫС»

Жапонияда шығатын Diplomat газеті «Ресей кабельді телевидение үшін қазақстандық тартыста позициясын сақтап қалды» деген мақаласында Қазақстандағы кабельді телевизиядағы ахуалға қатысты «Астананың шектеуге тырысқан әрекетіне қарамастан, Қазақстан эфирінде шетелдік мазмұндағы контент әлі басым» деген комментарий жазған. Қазір Қазақстанда 150-ге жуық телеарна бар, оның 70 пайызы - мемлекеттік тілде хабар тарату, жарнаманы шектеу туралы жергілікті талаптарға бағынбайтын шетелдік теларналар.

Мақала авторлары билік ресейлік арналардың қызметін шектеуге тырысқанына қарамастан, Қазақстан ақпарат және байланыс министрлігі мен Ресей байланыс және бұқаралық коммуникация министрлігі өкілдері кездесуінен кейін ресейлік кабельді телевизия операторлары лицензиясын 2018 жылғы наурыздың 1-іне дейін сақтап қалды деп хабарлайды.

"Телеарналар Астананың отандық БАҚ-тарды бақылауды күшейтуі мен ішкі контентке арналған қаржының тапшылығы елді әлдеқайда сапалырақ ресейлік контентпен бәсекелесуде дәрменсіз етіп отыр деп шағымданады. Қазақстан үкіметі "патриоттық мазмұндағы" хабарлар таратып, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың танымалдығын насихаттайтын бағдарламаларға субсидия бөлетінін жуырдағы зерттеу де көрсеткен. […] Түптеп келгенде, бұл - саяси тартыс. Астана кабельді телевизия топтамасынан тым көп арнаны алып тастаса, көрермендер спутниктік антенна орнатуға көшеді деп алаңдайды. Бұл арналардың контенті Қазақстан заңдарына бағынбайды, сондықтан оған цензура орнату мүлде мүмкін емес» деп жазған Diplomat.

Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз мәслихаты трансляциясын көріп отырған адам.
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз мәслихаты трансляциясын көріп отырған адам.

ИНТЕРНЕТТІ БАҚЫЛАУДЫҢ КҮШЕЮІ

Америкалық Atlantic журналы «Қазақстанның [интернетті бақылауды реттеу] туралы жаңа заңы АҚШ саясатына айналуы мүмкін» деген мақаласында Қазақстанда интернетті бақылауды күшейтуге қатысты комментарий жазған. «Құпияландырылған хабарламаларды жасырын тыңдау үшін Қазақстандағы жаңа жүйе интернетке қосылған әр компьютер, әр телефон мен әр планшетке кіретін кілт орнатады» деп жазған Atlantic. Әңгіме келесі айда енгізілетін «ұлттық қауіпсіздік сертификатын» орнатудың жаңа жүйесі туралы болып отыр.

«Пайдаланушылар сертификатты орнатқан бетте оның эмитенті – интернет-қызмет көрсететін мемлекеттік компания HTTPS арқылы құпияландырылған бүкіл интернет-трафикті ашуға мүмкіндік алады. Бұл тұрғыдан алғанда, енді үкімет пайдаланушылардың өтініштерін оқып, оларды тіркеуге, тіпті жолданған һәм түскен деректерді редакциялауға мүмкіндік алады әрі мұның бәрі пайдаланушыларға ескертпей жасалатын болады. Бұл енді интернет пайдаланушылар өзі қарап отырған веб-сайт шын веб-сайт па әлде оның мазмұнын үкімет қолдан құрастырып қойды ма, мұны айта алмайтын болады дегенді білдіреді. Үкімет балама жол ретінде веб-сайтқа жай ғана цензура орнатып, пайдаланушы кіре алмас үшін оны бұғаттай салуына болар еді» деп жазған Atlantic.

Бұған қоса, журнал АҚШ-та интернетті ұлттық қауіпсіздік мақсатында қадағалауға бет алған тенденция технологиялық компаниялар мен Интернет еркіндігін қорғаушыларды «дүрліктіріп қойды» деп жазған. «Дүрлігетін жөні бар. Егер АҚШ дәл Қазақстан сияқты қадамдарға барса, бұл тіпті сорақы болар еді, өйткені [АҚШ-ты] интернеттегі сөз бостандығын қорғап отырған әлемдік лидер санайды. Егер АҚШ осындай қатал саясат енгізсе, бұл репрессивті режимдерді қолдау көрсету болмақ, ал бұл үшін интернет - ең қолайсыз орын» деп жазған Atlantic.

XS
SM
MD
LG