Accessibility links

Назарбаев қаржыны шетелде сақтауды сөккенде нені айтпады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Батыс баспасөзі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық компаниялардың офшордағы ақшасын елге қайтаруды талап еткен мәлімдемесіне, Қазақстанның жаңа әскери стратегиясы мен уран өндіруді азайту жоспарына қатысты комментарийлер жариялаған.

ОФШОРДАҒЫ АҚША

Жапонияда шығатын Diplomat газеті "Назарбаев офшорлық холдингтерге шүйлікті" деген мақаласында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық компаниялардың офшордағы есеп-шоттарына қатысты жуырда айтқан қатқыл сөзі туралы комментарий жазған.

Назарбаевтың сөзінше, "Отандық 18 компания 12,5 миллиард доллар қаржысын шетелде ұстап отыр. "Теңізшевройл" - 4,5 миллиард доллар. "ҚазМұнайГаз" - үш миллиард доллар. "ҚазМұнайГаз" БӨ - екі миллиард доллар. "Азия газ құбыры" - бір миллиард доллардан көп. "Бейнеу - Шымкент" газ құбыры - 100 миллион". Президент бұл ақпараттың қайдан алынғаны жайлы ештеңе айтқан жоқ деп жазған Diplomat.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қазақстанның Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек "жалпыұлттық телекөпір" кезінде. Астана, 6 желтоқсан 2017 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қазақстанның Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек "жалпыұлттық телекөпір" кезінде. Астана, 6 желтоқсан 2017 жыл.

2016 жылы баспасөзде жарияланып кеткен әрі арасында Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевтің есімі де аталған "Панама құжаттарына" сілтеме жасаған Diplomat "Ақшасын офшорда ұстап отырған холдингтерге шүйліккен Назарбаевтың сөзінде бірнеше жайт оғаш көрінді. Біріншіден, ол әлгі 18 компанияның бәрін атамағанымен, тізбелеп шыққан компаниялардың көбі - мемлекет бақылауындағы кәсіпорындар. Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып отырған Назарбаев ақшаны шетелге аударған әлгі бизнесмендерге қатысты саясатта әрдайым өзі үлкен рөл атқарған. […] Екіншіден, бұл жерде "...дәл сенің айтатын жөнің жоқ" деген [мәтелдің] кері келіп тұр, яғни екіжүзділік нышаны бар" деп жазған.

"Назарбаевтың офшорлық холдингтерге неліктен дәл қазір шүйлігіп отырғаны түсініксіздеу. Бәлкім, ол биылғы жылдың басында Париждегі аумағы 13 мың шаршы фут болатын әрі қауіпсіздік деңгейі жоғары пәтерді ресейлік инвестордан 75,8 миллион долларға үкіметтегі қай шенеуніктің сатып алғанын білгісі келетін шығар" деп топшылайды Diplomat.

"Қазақстан басшысы үкіметке мемлекеттік кәсіпорындардың ақшаны елге аударуын қамтамасыз етіңдер, әйтпесе жұмыстан кетесіңдер деп айтты" деген мақаласында Назарбаевтың әлгі сөзіне ұлыбританиялық Reuters жаңалықтар агенттігі де комментарий жазып, қазақ президентінің отандық компаниялардың офшордағы есеп-шоттарына қатысты мәлімдемелерін келтірген. Бұған қоса, сайттың жазуынша, Назарбаев "Теңізшевройл" тәрізді жеке меншік компаниялар да қолма-қол ақшасын Қазақстанға қайтарады деп үміттенеді.

"Теңізшевройл" өкілдері президенттің мәлімдемесіне қатысты комментариді осы аптада беретінін айтты, ал "ҚазМұнайГаз" компаниясымен хабарласу мүмкін болмады деп жазған Reuters.

ЖАҢА СТРАТЕГИЯ

Ағылшын тіліндегі Eurasianet.org сайты International Crisis Group ұйымының Орталық Азия бойынша директоры Дейрдре Тынанның "Қазақстанның жаңа әскери доктринасында Ресеймен қарым-қатынас жайлы не айтылған?" деген комментариін жариялаған. Бірақ сайтта бұл мақала – автордың жеке пікірі, сондықтан редакция пікірін білдірмеуі мүмкін деп ескерткен.

2011 жылғы нұсқаның орнына биыл қыркүйекте қабылданған жаңа әскери доктрина "Мәскеудің кибер-шабуылы мен үгіт-насихат сияқты гибрид соғыс тактикасына айқын реакцияға" айналды деп жазған Дейрдре Тынан. Бірақ ол Қазақстанның жаңа стратегиясы 2016 жылы шілдеде жарияланған әрі Украинадағы жағдайға ашық жауап болған беларусьтік стратегияға қатты ұқсайды деп санайды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Челябинск, Ресей, 9 қараша 2017 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Челябинск, Ресей, 9 қараша 2017 жыл.

Жаңа стратегияға сәйкес, Қазақстан "Ресей, Қытай және Еуропа Одағымен көп векторлы саясатын" жалғастырады, бірақ ЕАЭО аясындағы тығыз экономикалық байланыстары мен ШЫҰ аясындағы әскери ынтымақтастығының арқасында Ресей Қазақстанның "жақын одақтасы" болып қала береді.

"2014 жылы Ресей килігердің алдында Украинада болған тәрізді жайттар қазіргі Қазақстанда байқалмайды. Ресейдің 2014 жылғы іс-әрекеттеріне Украинаның ЕО-ға қосылуға бет бұруы түрткі болған. Қазір Астана ЕО-на жақындауға ыңғай тантытады деп Мәскеудің алаңдауына себеп жоқ. Бұған қоса, Қазақстанда тұратын орыстар онша кемсіту көріп жатқан жоқ немесе ондайға мүлде ұшырамаған. […] Қазақстанның жаңа әскери доктринасында шекараға төнуі ықтимал қатерлер мен Қазақстанның ішіндегі этникалық топтарды сыртқы күштердің алдап-арбау ықтималдығы айқын көрсетілген" деп жазған Дейрдре Тынан.

УРАН ӨНДІРУДІ АЗАЙТУ

Ұлыбританиялық Financial Times газеті "Қазатомөнеркәсібі" уран өндіруді 20 пайызға азайтпақ" деген мақаласында аталған қазақстандық ұлттық компанияның алдағы үш жыл ішінде уран өндіру көлемін 20 пайызға азайтатыны туралы жуырда жасаған мәлімдемесіне қатысты комментарий жазған. Жер бетіндегі ең ірі уран өндіруші компанияның бұл мәлімдемесі әлемде уран сату көлемі жылына 7,5 пайызға немесе 11 мың тоннаға азаяды дегенді білдіреді деп жазады басылым.

2011 жылғы наурызда Фукусима атом электр станциясында апат болғаннан бері әлемде уран бағасының құлдырау көрсеткіші 70 пайыздан асқан. Нарықтағы артық уран көлемін азайту мақсатымен шахталарының бірінде уран өндіруді уақытша тоқтататынын өткен айда тағы бір ірі уран өндіруші – канадалық Cameco компаниясы да мәлімдеген. Financial Times газетінің жазуынша, "Қазатомөнеркәсібі" компаниясының мәлімдемесінен кейін Cameco компаниясының акциялары 13 пайызға қымбаттаған.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Америкалық Wall Street Journal басылымы "Қазақстан уран экспортын азайтатынын мәлімдегеннен кейін Cameco және өзге шахталардың акциялары қымбаттап кетті, бірақ нарық қалпына келуі үшін талай жыл керек болуы мүмкін" деген мақаласында қазақстандық компанияның мәлімдемесінен соң Cameco компаниясының акциялары 18 пайызға қымбаттағаны туралы жазған. Бірақ олардың акцияларының бағасы тіпті бұдан кейін де Фукусимадағы апаттың алдындағы деңгейінің үштен біріне де жеткен жоқ.

Ux компаниясының халықаралық стандарттар жөніндегі атқарушы вице-президенті Джонатан Хинзенің айтуынша, "Қазатомөнеркәсібі", Cameco және өзге компаниялардың өндіру көлемін қысқартудың жылдық көрсеткіші 20 миллион фунттан сәл асады, ал уран өндірудің жиынтық көлем жылына 196 миллион фунтты құрайды. Сұраныс 190 миллион фунтқа жуық сомада теңесуі тиіс. Бірақ шахталарда өндірілмейтін, яғни ескі оқтұмсықтар, байыту компаниялары қоймаларындағы қалдық уран мен Фукусима апатынан кейін артық өндіріліп, жиналып қалған қорды есепке алғанда, нарықтағы ұсыныс жылдар бойы жетіп артылатын болады деп жазған Wall Street Journal.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG