Accessibility links

Ядролық екі ел - Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ға мүше болды


ШЫҰ саммитіне қатысуға келген Қытай төрағасы Си Цзиньпин (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин. Астана, 8 маусым 2017 жыл.

Астанада өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үндістан мен Пәкістан мемлекеттерінің мүше-мемлекет мәртебесін алғанын мәлімдеді. Бұрын алты мүшесі болған бұл ұйымның мүше елдерінің саны енді сегізге жетті.

Астанада маусымның 9-ы күні Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер басшылары саммитінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұйымға Үндістан мен Пәкістан мүше болып кіргенін мәлімдеді.

Назарбаев "Үндістан мен Пәкістанға 12 жыл бұрын дәл осы Астанада ШЫҰ-дағы бақылаушы ел мәртебесі берілген еді. Біздің жиынымыздың тарихылығы сонда, бұл екі ел ұйымға кіріп отыр, ұйымымыз кеңейді" деп мәлімдеген.

ШЫҰ саммитінде отырған ұйымның жаңа мүшесі - Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди. Астана, 9 маусым 2017 жыл.
ШЫҰ саммитінде отырған ұйымның жаңа мүшесі - Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди. Астана, 9 маусым 2017 жыл.

Ол "Енді ШЫҰ жауапкершілігі үш миллиардтан астам халық тұратын аумаққа кеңейді. Бұл территорияда әлемнің жиынтық өнімінің үштен бірі өндіріледі. Осылайша, ұйым өзінің институционалдық дамуының жаңа кезеңіне өтті. Енді ол "Шанхай сегіздігі" аталады" деген. Қазақстан президентінің пікірінше, "жаңа мүшелерді қабылдау ұйымның дамуына қуатты серпін береді, халықаралық беделінің артуына ықпал етеді".

ШЫҰ саммитінде отырған Пәкістан премьер-министрі Наваз Шариф. Астана, 9 маусым 2017 жыл.
ШЫҰ саммитінде отырған Пәкістан премьер-министрі Наваз Шариф. Астана, 9 маусым 2017 жыл.

ШЫҰ-ға бүгін мүше болып қосылған Үндістан да, Пәкістан да – ядролық мемлекет. Бұл екі ел 1947 жылдан бері Кашмир мәселесіне байланысты шекара дауын шеше алмай келеді. Екі ел де Кашмирден әскерін әкету жөнінде БҰҰ хаттамаларын осы күнге дейін орындай алмай отыр.

Үндістан мен Пәкістан қосылғаннан кейін ШЫҰ құрамында төрт бірдей ядролық ел (Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан) мүше болып отырған ұйымға айналды. Оның ішінде Қытай мен Ресей - БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері.

Оқи отырыңыз: ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістан қосылса, не өзгереді?

Қазақстандық қытайтанушы ғалым Дүкен Мәсімханұлы Азаттыққа берген сұхбатында ШЫҰ-ны болашақта әлемдік бейбітшілікке ықпал ететін ұйым ретінде есептейтінін айтады. Оның пікірінше, "аумағындағы тұрғындар саны үш жарым миллиардқа жететін ШЫҰ тұтас Азия құрлығын алып жатыр деуге болады".

КӨРІҢІЗ: Қытайтанушы Дүкен Мәсімханұлымен сұхбат

ШЫҰ бұрын көбіне мүше елдеріндегі қауіпсіздік мәселелеріне баса назар аударып келген. Бұл жолы Назарбаевтың ШЫҰ-ның экономикалық ынтымақтастық мәселелерін баса айтқаны байқалды.

"Ұйым шеңберіндегі экономикалық ынтымақтастыққа баса назар аудару керек деп ойлаймыз. Оған жаңа институционалдық мүмкіндіктер жасалып жатыр" деген Қазақстан президенті ШЫҰ аясында көлік-тасымал жүйесінің дамып келе жатқанын ескертті. Назарбаевтың сөзіне қарағанда, ШЫҰ аймақтағы сауда-экономикалық қатынастардың болашағын ойластыра бастаған, келешекте бұл ұйым еркін сауда аймағына айналуы мүмкін.

ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістан ресми қабылданбай тұрған, яғни саммит басталар мезеттегі "Шанхай алтылығы" басшыларының бірге түскен суреті. Астана, 9 маусым 2017 жыл.
ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістан ресми қабылданбай тұрған, яғни саммит басталар мезеттегі "Шанхай алтылығы" басшыларының бірге түскен суреті. Астана, 9 маусым 2017 жыл.

Астанадағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер басшылары саммиті бүгін таңертең басталған еді. Жиынды ашқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев саммитке бірінші рет қатысып отырған Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевке ерекше ілтипат білдіріп, сәттілік тіледі. Қазақстан басшысы ұйым құрылған 16 жылдан бері өзара іс-қимыл үшін тиімді алаң қалыптастырғанын айтып өткен.

КӨРІҢІЗ: ШЫҰ саммитінің ашылу рәсімі.

Саммитке ШЫҰ-ға мүше, бақылаушы және серіктес елдер басшыларымен қоса, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те қатысып отыр. Гутерриш осы жиыннан кейін Орталық Азияның өзге де елдеріне сапарламақ.

Кеше Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ресми сапармен үш күнге келген Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, екі жақты экономикалық байланыстар жайын талқылады. Қытай төрағасы осы сапары аясында ШЫҰ саммитіне қатысып отыр.

Оқи отырыңыз: ШЫҰ-дан көңілі қалған Қытай «Жібек жолын» жаңғыртқысы келеді

ШЫҰ-ның ендігі тұрақты мүшелері: Қазақстан, Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан. Ал Ауғанстан, Беларусь, Иран, Монғолия ұйымға бақылаушы мәртебесіне ие. Бұған қоса, Армения, Әзербайжан, Камбоджа, Непал, Түркия және Шри-Ланка ұйымның серіктестері болып отыр.

ШЫҰ саммитіне қатысушылар бүгін Астанада болатын халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу рәсіміне де қатыспақшы.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG