Accessibility links

Атамбаев жаңа президент Жээнбековке батасын берді


Қырғызстан президенті болып сайланған Сооронбай Жээнбеков ант беріп тұр. Бішкек, 24 қараша 2017 жыл.

Бішкекте Қырғызстанның жаңа президенті Сооронбай Жээнбековтің ант беру рәсімі өтті. Ұлықтау шарасына қатысқан экс-президент Алмазбек Атамбаев жаңа басшыға батасын берді.

ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТТІҢ АНТЫ

Қарашаның 24-і күні Бішкектегі "Ала-Арча" резиденциясында Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті Сооронбай Жээнбековтің ант беру рәсімі өтті.

Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, салтанатты шараға экс-президент Алмазбек Атамбаев, депутаттар, министрлер, шетелдік дипломаттар, халықаралық ұйымдардың өкілдері - барлығы 450 адам қатысқан. Ұлықтау салтанатына шет мемлекеттер басшылары шақырылмаған.

Салтанатты шарада Сооронбай Жээнбеков ел Конституциясына қолын қойып, ант берді.

"Құдайдың және елімнің алдында мемлекет басшысы өкілеттігін әділетті түрде іске асыруға, адам және азамат құқықтары мен Қырғыз Республикасының Конституциясын қорғауға және мемлекетіміздің тұтастығы мен қауіпсіздігін сақтауға ант беремін", - деді Жээнбеков.

Сооронбай Жээнбековтің ант беру рәсімінен видео:

Бұдан соң Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық сайлау комиссиясының жетекшісі Нұржан Шайлдабекова Жээнбековке президент куәлігі мен төсбелгісін тапсырды.

Ант беру рәсімінен кейін сөйлеген сөзінде Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков ел экономикасына құрылымдық реформа жүргізу қажеттігі туралы айтты.

"Мемлекет тұрғындардың кірісінің өсімін қамтамасыз етуі керек. Үкімет ел дамуының қозғалтқышы, ал президент – кепілі болуы тиіс", - деп мәлімдеді ол.

Сооронбай Жээнбеков мемлекеттік ең жоғарғы билікте болған кезде ел мен жер үшін қызмет атқарып, мемлекетті нығайту ісінде ешкімді бөліп-жармауға уәде етті.

"Қырғызстан халқы жүзден аса этнос өкілдерінен құралған, елімізде ұлттық немесе діни сипатына байланысты алалау болмауы керек", - деп мәлімдеді жаңа басшы.

Ол сонымен бірге "трайбализм, жершілдік немесе кланға бөлінудің кез-келген түріне" қарсы екені туралы мәлімдеді. "Билікте де ондайға жол бермеймін", - деп уәде берді Сооронбай Жээнбеков.

СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ БАҒЫТ

Қырғызстанның жаңа президенті "ұлттық мүдделерді қорғау - бұрынғысынша сыртқы саясаттағы негізгі бағыттар" болып қалатыны туралы мәлімдеді.

Ол Қырғызстан Ресеймен қарым-қатынасты дамытып, онымен одақтастықты күшейтетінін, Қытаймен қарым-қатынас өзара тиімді ынтымақтастық бағытында дамитыны туралы айтты.

Жээнбеков Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимыл көп ғасырлық бауырластыққа негізделгенін және қарым-қатынас "өзара құрмет пен бір-бірінің ісіне килікпеу ұстанымында" дамуы тиіс екенін мәлімдеді.

АТАМБАЕВТЫҢ БЕРГЕН БАТАСЫ

Жұма күні сөйлеген сөзінде Сооронбай Жээнбеков "соңғы жылдары болған ірі саяси оқиғалар әлемге Қырғызстанның демократиялық ел екенін танытқаны" туралы айтып, осы уақытқа дейін алты жыл бойы президент қызметін атқарған Алмазбек Атамбаевтың еңбегіне баға берді.

"Бүгін мемлекет басшысы билікті әділ сайлау негізінде өткізіп береді. Алмазбек Атамбаев өз ерік-жігерімен елде жаңа саяси мәдениет қалыптастырып, болашақ ұрпаққа үлгі болатын қадамдар жасады. Ол әлемге ұлы адам екенін көрсетті. Адал еңбегі үшін Алмазбек Шаршенұлына халық атынан алғыс білдіремін", - деді Жээнбеков.

Жээнбеков президент ретінде алғашқы жарлығымен Алмазбек Атамбаевты ең жоғары награда – "Қырғыз Республикасының Батыры" атағы және "Ақ-Шумкар" орденімен марапаттайтыны туралы мәлімдеді. Ол елде парламент билігін күшейтуді көздейтін Атамбаев бастаған жолды қолдайтынын айтты.

Жээнбеков өзіне сенім артқан сайлаушылар мен биліктегі Қырғызстан социал-демократиялық партиясындағы әріптестеріне де алғысын білдірді.

"Ел тағдыры – әрқайсымыздың тағдырымыз. Мен үшін өмірдің мәні - сенімдеріңізді ақтап, мемлекетімізді нығайту болмақ", - деді президент.

Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті Сооронбай Жээнбеков (сол жақта) және бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев ұлықтау рәсімінде. Бішкек, 24 қараша 2017 жыл.
Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті Сооронбай Жээнбеков (сол жақта) және бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев ұлықтау рәсімінде. Бішкек, 24 қараша 2017 жыл.

Экс-президент Алмазбек Атамбаев өзінен кейін Қырғызстан мемлекеті басшысы қызметіне кірісіп жатқан Сооронбай Жээнбековті құттықтап, жұмысына табыс тілеп, "досына арнап өзі жазған батаны" оқып берді.

- О, Жаратқан! Қырғыздың жаңа басшысын қырсықтың бәлесінен, дұшпанның жаласынан, дос көрініп, қас болғаннан, жаныңда жүріп, өш болғаннан сақта! Соке, досым, береке жаныңнан, бақ-дәулет басыңнан кетпесін! Аман бол, бақытты бол! Елімізге ақжолтай басшы бол, Соке досым! – деп бата берді Алмазбек Атамбаев.

Ресми мәлімет бойынша, Сооронбай Жээнбеков қазанның 15-і күні Қырғызстан президенті сайлауына дауыс берген азаматтардың 54 пайызынан астамының қолдауына ие болып, сайлаудың алғашқы турында жеңіске жеткен. 59 жастағы Сооронбай Жээнбеков биылғы сайлауда Социал-демократиялық партия атынан Қырғызстан президенттігіне кандидаттыққа ұсынылғанға дейін бір жыл премьер-министр болып істеген.

Биылғы сайлауда Жээнбековтің басты бәсекелесі болған Қырғызстан парламентіндегі "Республика – Ата Жұрт" фракциясының жетекшісі Өмүрбек Бабанов сайлауалды науқан кезінде көршілес Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескені үшін дауға қалып, саяси жанжал көрші елмен арадағы қарым-қатынасқа әсер еткен.

Қырғызстан – 1991 жылдан бері аймақта билік тізгінін екіден көп президент ұстаған жалғыз мемлекет. Қырғыз Конституциясына сәйкес, президент алты жыл мерзімге сайланады. Бұған дейін Қырғызстан президенті қызметін атқарған екі басшы халық наразылығымен биліктен қуылған. Тұңғыш президент Асқар Ақаев 2005 жылғы наурызда "қызғалдақ төңкерісі" нәтижесінде Ресейге кетуге мәжбүр болды. Одан кейін президент болған Құрманбек Бакиев 2010 жылғы сәуірде халық толқуынан кейін Беларусь еліне қашып кетті. Бакиев биліктен кеткен соң референдум арқылы өтпелі кезеңнің уақытша президенті болып сайланған Роза Отунбаева жалпыхалықтық сайлауда жеңіске жеткен Алмазбек Атамбаевқа 2011 жылғы желтоқсанның 1-і күні билікті өткізген болатын. Роза Отунбаева жаңа президент Сооронбай Жээнбековті ұлықтау рәсіміне қатысқан жоқ.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG