Accessibility links

Қазақстан мен Қырғызстан нота жазысып жатыр


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қырғыз республикасының президенттігіне кандидат Өмірбек Бабанов. Алматы, 19 қыркүйек 2017 жыл. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қырғыз республикасының президенттігіне кандидат Өмірбек Бабанов. Алматы, 19 қыркүйек 2017 жыл. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қырғызстандық саясаткер, президент сайлауының кандидаты Өмірбек Бабановпен кездескен соң екі елдің дипломатиялық мекемелері арасында жайсыздық туды.

Қыркүйектің 20-сында наразылық нотасын тапсырған Бішкек Нұрсұлтан Назарбаевтың қырғыз президенті сайлауына түсіп жатқан Өмірбек Бабановпен кездесуін "Қырғызстанның ішкі ісіне араласуға тырысу деп бағалайды". Сол күні жауап нота жолдаған Астана Қырғызстанның мәлімдемесін "ойдан шығарылған тұжырым" деп "таңырқайды".

Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Бішкектегі Қазақстанның уақытша сенім жүктелген өкілі Рымтай Кәріпжановты шақыртып, нота тапсырған. Нотада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстан президенті сайлауына түсіп жатқан кандидат Өмірбек Бабановпен кездескеніне наразылық білдірілген.

"ҚЫРҒЫЗ ХАЛҚЫНЫҢ ТАҢДАУЫНА ЫҚПАЛ ЕТУ"

Қырғызстанның нотасында "Достық қатынастағы Қазақстан басшысының Қырғызстанның ішкі ісіне араласпайтыны туралы мәлімдемесіне қарамастан, оның сөзі Қазақстан тарабының болашақ президентке қатысты басымдығын айқын білдіреді. Осылайша, қырғыз тарабы аталған сөзді, сонымен бірге Қазақстан жағының бұл кездесу жайлы кеңінен жариялауын Қырғызстан халқының таңдауына ықпал етуге және Қырғызстанның ішкі ісіне араласуға тырысу деп бағалайды" деп жазылған.

...қырғыз тарабы аталған сөзді, сонымен бірге Қазақстан жағының бұл кездесу жайлы кеңінен жариялауын Қырғызстан халқының таңдауына ықпал етуге және Қырғызстанның ішкі ісіне араласуға тырысу деп бағалайды.
Нотадан үзінді

Назарбаевтың кандидат Бабановпен кездесуіне қатысты Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясының өкілі Абдыжапар Бекматов сейсенбі күні Азаттыққа "комиссия ол кездесудің сайлауалды үгіт-насихатпен байланысы бар-жоғын зерттеген соң бағасын береді" деп хабарлаған. Қыркүйектің 20-сы Азаттық тілшісіне комментарий берген Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының төрайымы Нұржан Шайлдабекова:

- Әлбетте, біздің конституциялық заңымызда нормалар бар. Оның ішінде жаңағы үгіт жүргізу бойынша бірнеше ережелер бар. Оның арасында үгіт істері уақытында осындай шетелдік лидерлермен бір суреттерді тарқатуға тыйым салынған. Бірақ бұл мәселе бойынша біз ресми түрде коллегиялық шешім шығарамыз. Біздің тәртібіміз бойынша жұмыс топтары қарап, орталық сайлау комиссиясының қарауына шешім мен долбарларын ұсынуы керек, - деді.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

Қазақстан президенті әкімшілігі баспасөз қызметінің аты-жөнін жариялауға қарсы болған өкілі "Назарбаевтың бұған дейін қырғыз президенттігіне кандидат Сооронбай Жээнбековпен кездескенін" айтты. Азаттық тілшісі Жээнбеков ол кезде Қырғызстан премьер-министрі болғанын, сайлауға ресми кандидат ретінде тіркелмегенін айтқан соң, баспасөз қызметінің өкілі комментарийді кешірек беретіндерін мәлімдеді. Алайда кейінірек хабарласқан Азаттық тілшісіне: "Әзірге ақпарат жоқ, жауап әзірленіп жатыр" деген мәлімет берілді.

Бішкекке сапармен келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сол кездегі Қырғызстан премьер-министрі Сооронбай Жээнбековтің әуежайда қарсы алған сәті. 14 сәуір 2017 жыл.
Бішкекке сапармен келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сол кездегі Қырғызстан премьер-министрі Сооронбай Жээнбековтің әуежайда қарсы алған сәті. 14 сәуір 2017 жыл.

Кешке қарай Қазақстанның сыртқы істер министрлігі жауап нота жолдағанын мәлімдеді. Министрліктің вебсайтында жарияланған хабарламада былай жазылған:

"…Қазақстандық тарап биылғы 19 қыркүйекте Алматы қаласында Қазақстан республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғыз республикасының президенттігіне үміткер кандидаттардың бірімен болған кездесуіне орай Қырғыз республикасының сыртқы істер министрлігінің әрекетіне қатты таңданыс білдіреді. Мемлекет басшысының әртүрлі елдердің көрнекті саяси қайраткерлерімен және саяси партиялардың басшыларымен олардың өтініші бойынша кездесулері тұрақты түрде өткізіліп тұрады және халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келеді. Бұл ретте, мұндай іс-шаралар ашық, транспарентті сипатта өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланады. Мәселен, ү.ж. 14 тамызда Астанада Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының президенттігіне кандидаттардың бірі, бұрынғы Премьер-Министр С. Жээнбековпен осындай екіжақты кездесу өткізді".

Астана Бішкектің мұндай реакциясын екі ел арасындағы "одақтық қарым-қатынастар туралы шартқа түбегейлі қайшы келеді" деп сипаттайды. Президент Назарбаев көрші елдегі президенттікке кандидат саясаткермен кездесу арқылы сайлау процесіне ықпал етпек болды деген долбарды Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "ойдан шығарылған тұжырымдар" деп атаған.

Қазақстандық интернетте кейбір сарапшылар да бұл дипломатиялық дауға қатысты пікір білдіріп жатты. Саясаттанушы, мемлекеттік "Қазақстан" телерадиокорпорациясын басқаратын Ерлан Қарин Facebook парақшасында Назарбаевтың Бабановпен кездесуін "Нұрсұлтан Назарбаевтың қырғыз сайлауындағы негізгі бәсекелестермен кездесуі қалыптасқан практика" деп бағалаған.

​Қарин кездесуді "сан-саққа жүгіртпеуге" шақырып, оны "елдеріміздің арасындағы қатынастар бағытының өзгермегенін, көрші елдің саяси бағытын қолдайтынымызды көрсететін дұрыс шара" ретінде сипаттаған.

Қыркүйектің 19-ында Қазақстан президентінің ресми сайты Назарбаевтың Алматыда Қырғыз президенттігіне кандидат, Қырғызстан парламентіндегі "Республика – Ата Жұрт" фракциясының жетекшісі Өмірбек Бабановпен кездескені туралы ақпарат жариялаған еді. Ресми хабарламада кездесудің қашан болғаны көрсетілмеген.

"СЕН СИЯҚТЫ ЖАС, ТӘЖІРИБЕЛІ АДАМ БОЛСА"

Кездесудің интернетте жарияланған видеоларында Назарбаев пен Бабанов екі елдің қарым-қатынастарын жақсарту туралы, сауданы ұлғайту және тағы басқа қарым-қатынас мәселелерін талқылаған.

Назарбаев Бабановқа "Өзіңді мен көптен білемін. Бизнеспен шұғылданып көп тәжірибе алдың. Өкіметті басқардың, барлығы есімде. Енді сен сияқты азаматқа қырғыз халқы қолдауын білдіріп жатса, Қазақстанда да қолдайды. Сондықтан, басқалары маған ренжімесін. Бұл (сайлауды айтады - ред.) - біздің шаруа емес, Қырғызстанның ішкі шаруасы. Мен оған кірісейін деп отырғаным жоқ. Кімді сайласа да сонымен жұмыс істейміз, бірақ білетін адам болса, сен сияқты жас, тәжірибелі адам болса, Қырғызстанға да керек деп ойлаймын" деген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі Қырғызстандағы президент сайлауына қатысты бірінші рет аталып тұрған жоқ. Бұған дейін, 2016 жылғы желтоқсан айында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Ресей мен Қазақстандағы әріптестері Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың "екінші мерзімге сайлану" туралы өтініштерінен бас тартқанын мәлімдеп, "алайда мен олай жасай алмайтынымды, біздің ел қазір басқа екенін түсіндірдім. Ел кімді лайықты санаса, соны сайлап алатыны туралы айттым" деген еді.

Оқыңыз: Клинтонға Бішкектен жеткен құпия хат

Қырғызстанда биыл қазанның 15-і күні өтетін президент сайлауына ресми тіркелген 13 кандидат бар. Қырғызстан конституциясы бойынша президент бір ғана мерзімге сайланады. Бұған дейін Алмазбек Атамбаев өзін қолдайтын социал-демократиялық партиядан осы жолғы президент сайлауына кандидат ретінде ұсынылған Сооронбай Жээнбековке қолдау білдіретінін айтқан.

XS
SM
MD
LG