Accessibility links

Атамбаев «Путин мен Назарбаевтың өтінішінен бас тартқанын» айтты


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. баспасөз мәслихатында отыр. Бішкек, 1 желтоқсан 2016 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. баспасөз мәслихатында отыр. Бішкек, 1 желтоқсан 2016 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Ресей мен Қазақстандағы әріптестері Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың "екінші мерзімге сайлану" туралы өтініштерінен бас тартқанын айтты.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев желтоқсанның 1-і күні Бішкектегі "Ала-Арча" мемлекеттік резиденциясында жыл сайынғы дәстүрлі баспасөз мәслихатын өткізді. Ол журналистердің келесі жылғы президенттік сайлау, импичмент, кезектен тыс парламент сайлауы, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы сұрақтарына жауап берді.

– Мен басқарған бес жылда Қырғызстан мүлдем бөлек мемлекетке айналды. Құдайдың, ел азаматтарының арқасында көптеген шаралар атқарылды. Әрине, бұдан да көп жұмысты істеп тастағым-ақ келген, бірақ алғашқы жылдарым ел тұрақтылығын сақтауға кетті. Ең бастысы қазір бес жыл бұрынғыдан бөлек мемлекетпіз, – деді Алмазбек Атамбаев.

Ол басқарып отырған мемлекетінің "қиын жолда ұлт ретінде өзін сақтап қалғанын" сөз етті. Атамбаев "ел рухының оянуына Қырғызстанда биыл күзде өткен дүниежүзілік көшпенділер ойыны әсер еткенін" де айтты.

ИМПИЧМЕНТКЕ МӘН БЕРМЕУ

Алмазбек Атамбаев қырғыз оппозициясы жетекшісі Өмүрбек Текебаевтың президентке импичмент жариялау бастамасына қатысты сұраққа "Бұған мән берген емеспін" деді. Оның сөзінше, "бұл жағдай аянышты болмағанда, күлкілі болар еді".

– Бұл сұраққа қалай жауап бере аламын? Бізде әр түрлі ойлайтын өзгеше саясаткерлер көп. Нұрлан Мотуев (терроризмді үгіттеу айыбымен 7 жылға сотталған адам – ред.) түрмеде отырып алып әйел таңдауға кастинг жариялап жатыр. Адамдарға бұл күлкілі болуы мүмкін. Біздегі дәрігер Апас секілді бір түрлі белсенділердің орындарын біреулер басуы керек-ті. Жас саясаткерлер осындан сабақ алуы керек, – деді қырғыз басшысы.

Қырғыз президентінің баспасөз мәслихатындағы журналистер. Бішкек. 1 желтоқсан 2016 жыл
Қырғыз президентінің баспасөз мәслихатындағы журналистер. Бішкек. 1 желтоқсан 2016 жыл

Қазір Қырғызстанға "ағалық саясат жүрмейтінін айтқан" Алмазбек Атамбаев "барлық мемлекеттермен қарым-қатынас сенім мен құрмет, ел мүддесіне сай құрылғанын" мәлімдеді.

– Стратегиялық әріптестеріміз – Ресей мен ұлы Қытай бар. Біріншісімен тарихи тамырымыз бір, оны ұмыта алмаймыз. Ал Қытай Орталық Азияның өсіп-өнгеніне мүдделі. Егер бізде бір нәрсе болып кетсе, оның дүмпуі Шыңжаңнан шығады. Ондайдың Қытайға қажеті жоқ. Әлбетте, түрік тілді мемлекеттермен бірге туғанбыз. Бірақ біз өзімізге біреудің аға болуына, қандай да бір шарттар қоюына жол бермейміз, – деді қырғыз президенті.

Қырғызстанның стратегиялық тұрғыда Еуропа Одағы саясатына жақындығын айтқан Алмазбек Атамбаев "парламенттік басқару жүйесін одан әрі дамыта бермек".

ЕКІНШІ МЕРЗІМГЕ ҚАЛУДАН БАС ТАРТУ

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев кезектен тыс парламент сайлауына қарсы екенін айтты. Оның сөзінше, әр мемлекеттік орган конституциялық мерзімін толық атқарып шығуы тиіс.

– Егер біз қазір кезектен тыс парламент сайлауын өткізсек, тура осындай парламентті қайта сайлаймыз. Қазір қажетті заңдарды қабылдау маңызды. Соның бірі – партиялық тізім. Әйтпесе партия сайлаушыларына көрсеткен тізімде жоқ бөтен адамдар депутат болып жүр. Бұл – сайлаушыны алдау. Жогорку Кенеш имиджін ойлау керек. Парламент қызметіне кір келтіріп жүрген кейбір депутаттар да бар, – деді ол.

Қырғыз басшысы сондай-ақ өзіне Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "екінші мерзімге қалуға өтініш жасағандарын" да айтты.

– Алайда мен олай жасай алмайтынымды, біздің ел қазір басқа екенін түсіндірдім. Ел кімді лайықты санаса, соны сайлап алатыны айттым, –деді Алмазбек Атамбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 22 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 22 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Оның сөзінше, Қырғызстанда келер жылғы президент сайлауы ашық және әділ өтеді, Жогорку Кенеш сайлауынан кейін елде "бірде бір шеру болмаған", "кейбір азаматтардың дауыс сатқаны" сияқты жекелеген оқиғаларды есептемегенде жалпы сайлау жағдайы бұрынғыдан жақсарған.

Саясаткерлер жазған кітаптарды "тарих жоққа шығаратындықтан" оқымайтынын айтқан Алмазбек Атамбаев демалысқа шыққан соң Қырғызстанның 2040 жылға дейінгі даму стратегиясын жазбақ ойымен де бөлісті.

"БІРЕУДІҢ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН ЖУРНАЛИСТ"

Қырғызстан президентінің Бішкектегі "Ала-Арча" резеденциясында өткен жыл сайынғы дәстүрлі баспасөз жиынына биыл жергілікті және шетелдік 165 бұқаралық ақпарат құралы аккредитация алған. Алайда "Сентябрь" телеканалы, "Республика" газеті, Ферғана ақпарат агенттігінің журналистері баспасөз мәслихатына кіре алмады. Президент баспасөз қызметі "аталған ақпарат құралдары құжаттарын тіркеуге уақытында тапсырмаған" деді. Алайда президент Алмазбек Атамбаев бұл ақпарат құралдарының журналистерін баспасөз мәслихатына әдейі кіргізбегендерін мойындады.

– Сіздердің қызметтеріңіз – көргеніңізді солай жеткізу. Бізде біреулердің мүддесіне қызмет ететін журналистер бар. Оларды журналист деп атауға болмайды. "Сентябрь" каналын кіргізген жоқпыз, бұл біз Текебаевты мемлекеттің даму стратегиясын талқылауға шақырып алып, ақылдасудың орнына айғай-шуын естіп отырғанмен бірдей. Бізге мұның қажет жоқ, – деді қырғыз президенті.

Қырғызстан басшысы Алмазбек Атамбаевтың президенттік қызметте отырғанына желтоқсанның 1-і күні бес жыл толды. Қырғызстанда президент алты жылға бір мерзімге ғана сайланады.

Мақала Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалдары негізінде жазылды.

XS
SM
MD
LG