Accessibility links

Қырғызстанда президентке импичмент жариялауды ұсынды


Қырғыз оппозициясы жетекшісі Омурбек Текебаев (сол жақта) және Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Фотоколлаж.
Қырғыз оппозициясы жетекшісі Омурбек Текебаев (сол жақта) және Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Фотоколлаж.

Қырғыз оппозициясының жетекшісі Омурбек Текебаев ел президенті Алмазбек Атамбаевқа «конституциялық құзыретін асырғаны» үшін импичмент жариялау процесін бастауды ұсынды. Президент әкімшілігі оны «саяси шоуға» теңеді.

Қырғызстан парламенті депутаты, оппозициялық «Ата Мекен» партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев сейсенбі күні президент Алмазбек Атамбаевқа импичмент жариялау процесін бастайтындарын мәлімдеді. Текебаев Атамбаевты «қызмет өкілетін асыра пайдаланып, маңайындағылармен бірге билікті заңсыз басып алған, елдегі оппозициялық партиялардың құқығын шектеп жатыр» деп айыптады. Билікшіл социал-демократиялық партия (СДП) жетекшілері президентке импичмент жариялауға негіз жоқ дейді. Ал парламентте өкілдері жоқ оппозициялық партиялар президентке Жогорку Кенеш тартынбай импичмент жариялауы үшін депутаттарға қоғамдық қысым көрсетуге шақырып жатыр.

ИМПИЧМЕНТ ТУРАЛЫ БАСТАМА

Парламент депутаты Омурбек Текебаевтың мәлімдеуінше, президент Алмазбек Атамбаев Конституцияның 63-бабын (президентке саяси партиялар ісіне араласуға тыйым салатын) бұзған. Текебаев сөзіне дәлел ретінде билік партиясының (СДП) саяси кеңесіне мемлекеттік лауазымды қызметте жүрген немесе сондай қызмет атқарған Фарид Ниязов, Сапар Исаков, Әлбек Ибраимов пен Кубанычбек Кулматовтардың кіргенін айтады.

«Ата Мекен» партия жетекшісінің сөзінше, президенттің Конституцияда көрсетілген тыйымға қарамай қызметін асыра пайдалануы оған импичмент жариялауға негіз болады.

- Президент ортақ арбитр қызметін атқармай, бір ғана саяси күшті қолдап жүргені белгілі. Алайда мен бұған дейін де айтқан басты мәселе - президент Конституцияда көрсетілген қызмет өкілетін асыра пайдаланып, биліктің басқа тармақтарының істеріне араласып отыр. Кеңесші досын мемлекет ісіне араластырғаны үшін Оңтүстік Корея президенті үстінен қылмыстық іс қозғағалы жатыр. Ал бізде соттарды кім басқарады? Кеден қызметін кім бақылап, әкімдерді кім тағайындайды? Тендрлерді кім бөліп, қажетті шешім шығаруға кім мәжбүрлейді? Мұның бәрі халыққа белгілі. Біз қажетті құжаттарды [импичмент жариялауға] жинай аламыз. Егер мен импичмент туралы айтса салсам, оны 60 депутат қолдамайды. Ал қажетті саяси ахуал орнықса, 60 емес, тіпті 70 депутат қолдайтындығына сенімдімін, - дейді Текабаев.

«Ата Мекен» партиясы жетекшісі Омурбек Текебаев парламенттің президентке импичмент жариялауға дайындығына 2-3 ай уақыт кететінін, қазіргі саяси және құқықтық жағдайда бұған қол жеткізуге болатынын айтады.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (оң жақта) пен Жоғарғы сот Конституциялқ палатасының төрағасы Эркинбек Мамыров. Бішкек, 23 қараша 2016 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (оң жақта) пен Жоғарғы сот Конституциялқ палатасының төрағасы Эркинбек Мамыров. Бішкек, 23 қараша 2016 жыл.

Билікшіл СДП фракциясының депутаты Ануар Артықов Омурбек Текебаевтың бастамасын қорғаныс амалына жатқызады.

- Соңғы кезде Текебаев пен оның партияластары туралы түрлі ақпарат, даулы деректер шықты. Олардың рас-өтірігін мен айта алмаймын. Тексеруден кейін нәтижесі шығар. Дегенмен, қалыптасқан жағдайда қоғамдық пікірге әсер ету үшін Текебаев қорғанып жатыр. Бәлкім, ол жария болған ақпараттардағы деректер расталса, қылмыстық іс қозғауға жеткізбес үшін қадамдар жасап жатқан шығар. Атамбаев туралы кім не десе де, халық алдында оның абыройы бар. Оған импичмент жариялау үшін бұлтартпас нақты дәлел керек. Ондай бар ма? Атамбаев ауыр қылмыс жасады ма? Жоқ. Жұрттың бәрі оның салып жатқан үйін айтады. Өз ақшасына сатып алған жер телімінде үй салатын құқығы бар ғой. Онда тұрған не бар? - дейді Артықов.

«ХАЛЫҚТЫҢ ӘКЕСІ»

Социал-демократиялық партияның парламенттегі фракция жетекшісі Иса Омуркулов Конституция бойынша, президентке импичмент тек бас прокуратураның қорытындысынан кейін ғана жарияланатынын айтады.

Президентті айыптауға негіз жоқ деп білетін Иса Омуркулов Алмазбек Атамбаевты «халықтың әкесі және Конституция кепілі» деп атайды.

- Президент бәріне әділ қарайды. Себебі, ол - халықтың әкесі. Президент - Конституция кепілі. Ол президенттік мерзімі біткен соң биліктен кетпек. Егер президенттік мерзімін ұзартқысы келсе, әңгіме басқа еді. Президент қандай партияға басымдық беріпті? Ең үлкен мемлекеттік қызмет – премьер-министр. Қазіргі премьер-министр Сооронбай Жээнібековтен бұрынғылары әр партияның өкілдері болды. «Ата Мекеннің» де өкілі болды. Біздің партияның саяси кеңесі құрамына мемлекеттік лауазымдағы шенеуніктердің кіргені рас. Олар партия жұмысымен тек бос уақытында немесе еңбек демалысы кезінде ғана айналысады, - дейді Иса Омуркулов.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев тәуелсіздік күніне орай өткізілген парад кезінде. Бішкек, 31 тамыз 2016 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев тәуелсіздік күніне орай өткізілген парад кезінде. Бішкек, 31 тамыз 2016 жыл.

Қырғызстандағы 2010 жылғы конституциялық реформа кезінде негізгі заңнан «президент – Конституция кепілі» деген бап алынып тасталған. Қазіргі Конституцияда «президент – мемлекет басшысы» деген түсінік қана бар. Тәжікстандағы сияқты «халық әкесі» немесе Қазақстандағы тәрізді «Елбасы» дегендей түсініктер жоқ.

Конституция бойынша, парламент президентті қызметтен кетіру айыбын тағу үшін Жогорку Кенеште арнайы құрылған комиссияның қорытындысына сүйенген депутаттардың үштен бірі бастама көтеріп, оны жалпы депутаттардың басым бөлігі қолдауы қажет. Бұған қоса Конституцияға сай, президентке тағылған айып үш айда дәлелденбесе, ол негізсіз деп танылады.

«ҚАУҚАРСЫЗ ПАРЛАМЕНТ»

«Бүтүн Қырғызстан» партиясының төрағасы Адахан Мадумаров парламенттің президентке импичмент жариялайтынына күдікпен қарайды.

Президентке импичмент жариялауға барлық негіз бар. Бірақ бүгінгі әлжуаз парламент ондай қадамға бара алмайды.

- Президентке импичмент жариялауға барлық негіз бар. Бірақ бүгінгі әлжуаз парламент ондай қадамға бара алмайды. Бұл парламент мемлекет мүддесі үшін шешім шығаруға қауқарсыз. Егер қоғам, халық оянса, бір нәтиже болады. Сол себепті біз өзге саяси күштермен келіссөз жүргізіп жатырмыз, - дейді Адахан Мадумаров.

Қырғызстан президенті әкімшілігі ақпарат бөлімінің жетекшісі Алмаз Үсенов Азаттықтың Қырғыз қызметіне президент Атамбаевқа импичмент жариялау бастамасын «шоу» деп атады.

Қырғызстан Жогорку Кенеші отырысы. Қараша, 2016 жыл.
Қырғызстан Жогорку Кенеші отырысы. Қараша, 2016 жыл.

Желтоқсанның 11-і күні Қырғызстанда билік пен оппозиция дауынаайналған Конституцияға өзгеріс енгізуге қатысты жалпыхалықтық референдум өтпекші. Қырғызстан билігі Конституцияға енгізу көзделіп отырған өзгерістер мемлекет тұрақтылығын сақтауға кепіл болатынын айтады. Ал оппозиция өкілдері ол өзгерістер қазіргі президент Алмазбек Атамбаевқа президенттік қызметінен кеткен соң саяси ықпалын сақтап қалу үшін керек болып отыр деп сынайды. Қырғызстан заңы бойынша, президент тек бір мерзімге, 6 жылға сайланады. Қазіргі президент Алмазбек Атамбаевтың президенттік мерзімі 2017 жылдың желтоқсан айында аяқталады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалдары негізінде әзірленді.

XS
SM
MD
LG