Accessibility links

Орталық Азия елдерінің одақ құруға шамасы бар ма еді?


Өзбекстан президенті Ислам Каримов (ортада), Қырғызстан президенті Асқар Ақаев (сол жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев егістік алқабында тұр. Қазақстан, Ақмола облысы, 27 тамыз 1993 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (ортада), Қырғызстан президенті Асқар Ақаев (сол жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев егістік алқабында тұр. Қазақстан, Ақмола облысы, 27 тамыз 1993 жыл.

Ардагер оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин сұхбатында 25 жыл бұрын Орталық Азия елдері қатар-қатар тәуелсіздік жариялап жатқанда олардың арасында интеграция мүмкіндігі қандай болғанын айтты.

Азаттық: - Осыдан 25 жыл бұрын одақ тарап, одақтастар дербестік алған қарсаңда осы аймақтағы саяси ахуал қандай болды?

Серікболсын Әбділдин: - Бұл – совет билігінің ұйымдастыру жағынан қабілеті нашарлаған тұс еді. Одақтас республикалар өз бетімен көп мәселені шеше алмады. Сондықтан билік жүйесінде ыдырау пайда бола бастады. [СССР президенті Михаил] Горбачев бүгін бір саясат жүргізсе, ертеңінде тағы толқып, басқа саясат жүргізіп, жұрттың өзіне деген сенімін жойып алды. Одақты ұстап қалу үшін «Тәуелсіз мемлекеттер одағын құру» шартын жасаймыз деп дүбірлетіп, оны да уақытында бекіте алмады. Ең бірінші Балтық елдерінен бастау алған тәуелсіздік жариялау дүмпуі сөйтіп кейін бізге де жетті. Орталық Азияда бірінші тәуелсіздік жариялап жібергендердің бірі Өзбекстан болды. Сол кездегі елдің басшысы Ислам Каримов кейін парламент арқылы сайланып, өзін президент ретінде бекітіп алды.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Ресей президенті Борис Ельцин (ортада) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ташкент, 1992 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Ресей президенті Борис Ельцин (ортада) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ташкент, 1992 жыл.

Азаттық: - Орталық Азия елдері басшылары арасында Ислам Каримов пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев одақты сақтап қалуды жақтаушылар ретінде белгілі еді ғой?

Серікболсын Әбділдин: - Иә, бір кезде екеуі де одақты сақтап қаламыз деп ұрандап жүрген. Жалпы, оған дейін де Орталық Азия елдері басшыларының ешқайсысы да одақтан шығамыз деп айтқан емес. «Жаңа одақ құрамында боламыз, сол одақ мәселелерді шешуге көбірек мүмкіндік берсе» деген ғана сөздер айтылатын.

Азаттық: - 1991 жылы Қырғызстан, Өзбекстан бір уақытта, одан кейін Тәжікстан, кейінірек Түркіменстан өзінің тәуелсіздігін жариялап жатты. Осы аралықта аймақ елдері басшылары арасында әлдеқандай кеңесу, мәміле болды ма?

Серікболсын Әбділдин: - Жоқ, Орталық Азия елдерінің басшылары арасында тәуелсіздік жарияларда ондай ақылдасу, мәміле болған емес. Тек тәуелсіздігін жариялап алған соң барып, бұл елдердің басшылары Ташкентте, Алматыда бас қосып ынтымақтастық жайын талқылай бастады.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру туралы Алматы декларациясына қол қоюға қатысқан елдердің басшылары. Алматы, 21 желтоқсан 1991 жыл. Сол жақ шетте тұрған – Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Серікболсын Әбділдин.
Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру туралы Алматы декларациясына қол қоюға қатысқан елдердің басшылары. Алматы, 21 желтоқсан 1991 жыл. Сол жақ шетте тұрған – Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Серікболсын Әбділдин.

Азаттық: - Өзіңіз сол кезде Қазақстанның Жоғарғы кеңесін басқардыңыз. Сонда көрші елдердегі әріптестеріңізбен байланыстар болмады ма?

Серікболсын Әбділдин: - Сол кезде аймақтағы әрқандай бір ел тәуелсіздігін жариялағалы жатырмыз деп бір-бірін құлағдар етіп, кеңескен емес. Бірақ елдер тәуелсіздігін жариялап болғаннан кейін Орталық Азия елдерінің байланысы жайлы көп айтылды. Тіпті бейтарап саясат жариялаған Түркіменстанның сол кездегі президенті Сапармұрат Ниязов та аймақ деңгейіндегі тығыз қатынасқа мүдделі болды.

Азаттық: - Қазақстанмен іргелес, шекаралас Қырғызстан да, Өзбекстан да тәуелсіздігін Орталықа Азияда бірінші жариялаған елдердің қатарында болды. Көрші елдерінің осылай бірінен соң бірінің тәуелсіздігін жариялауы Қазақстан басшылығына қалай әсер етті?

Серікболсын Әбділдин: - Жасыратын ештеңесі жоқ, бұрын да айтқанымдай Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде одақ басшысы Михаил Горбачевтің жаңа одақ жасаймын деген ұсынысын қолдап жүрді. Көрші елдердің тәуелсіздігін жариялауы сол кезде «тәуелсіздік шеруі» («парад суверенитетов» - ред.) деп те аталатын. Бірге жұмыс істеп жүрген соң Назарбаевтың көрші елдердің тәуелсіздігін жариялауына риза болмағанын көріп жүрдік. Қазақстан басшысы бұлардың қайсысы жеңер екен, Мәскеу қайтадан уысына жинап алар ма екен деп аңысын аңдумен болды. Бір ғана Назарбаев емес, сол кезде көптеген адамдар бұл елдер тәуелсіздігін жарияласа да, жаңарған одақтың («Тәуелсіз мемлекеттер одағы» - ред.) құрамында болады деген сенімде болды.

ТМД елдері басшыларының Мәскеудегі жиынына қатысушылар. 1999 жыл.
ТМД елдері басшыларының Мәскеудегі жиынына қатысушылар. 1999 жыл.

Азаттық: - 1991 жылы тамыз-қыркүйекте Орталық Азияның үш елі (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан) тәуелсіздігін жариялаған соң, қазанның 26-сы күні Түркіменстанда тәуелсіздік туралы референдум өтіп, келесі күні ел тәуелсіздігін жариялайды. Қазақстан сонда да тыныш жата берді ме?

Серікболсын Әбділдин: - Сол кезде Жоғарғы кеңес жылына екі-ақ рет жиналып сессия өткізетін еді ғой. Тәуелсіздік жариялау да осыған қарайлас болды. Кейбір елдер күзгі сессияда тәуелсіздігін жариялап, қайсыбір елдер келесі сессияны күтті. Ал Түркіменстан сессияны күтпестен, референдум арқылы тәуелсіздігін жариялады. Бұл елдер тәуелсіздігін жариялап жібергенімен бәрібір Мәскеуге қарап үрейлену басым болды.

Азаттық: - 1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан неге тәуелсіздігін кеш жариялады дегенге жауап беріп кеткен сияқтысыз. Енді тәуелсіздікке ие болғаннан кейін аймақ елдері қандай да бір ұтымды қадамдарға барды ма?

Серікболсын Әбділдин: - Өз салам бойынша айтатын болсам, заң шығару орындары модельді заң шығару бағытында, экология, азаматтық туралы, әлеуметтік мәселелер бойынша заңдарды жақындастыруға тырыстық. Президенттер ТМД деңгейінде форумдар өткізіп жатты. Сондай жиындарда айналдырған екі жылдың ішінде қабылданған шешімдер саны бір мыңды шамалапты. Бірақ сол шешімдердің көбі жүзеге аспай қалды. Сөз көп, қол қойылған шарттар, қаулы-қарарлар көп болды. Бірақ соны жүзеге асыруда мемлекет басшылары жеткілікті жұмыс жасаған жоқ.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы маңындағы «Шымбұлақ» курортында. 2001 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы маңындағы «Шымбұлақ» курортында. 2001 жыл.

Азаттық: - Орталық Азияға не жетпеді?

Серікболсын Әбділдин: - Орталық Азия елдері біріксе, жөн болатын еді. Жұтқан ауамыз, ішкен суымыз, тіл-дініміз бір, бірігуге алғышарт көп бола тұра, аймақ елдері біріге алмады. Бірігу үшін бұл елдердің басшылары ішінен біреуі лидер болуы керек еді. Ондайда Нұрсұлтан Назарбаев пен марқұм Ислам Каримовтің арасында бәсекелестік болды. Соның кесірінен Орталық Азия елдері ынтымақтастық пен мәңгілік достық туралы келісімге қол қоюдан әріге бармады.

Азаттық: - Әңгімеңізге рақмет.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG