Accessibility links

Қырғызстандағы президент сайлауының хикаялары


Президент сайлауына түсіп жатқан Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Омурбек Бабанов.
Президент сайлауына түсіп жатқан Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Омурбек Бабанов.

Қырғызстанда президент сайлауына кандидаттар ұсыну мерзімі маусымның 15-і күні басталды, бұл Орталық Азиядағы ең бір қызықты әрі тартысты сайлау болмақ.

Қазіргі президент Алмазбек Атамбаев конституция бойынша қайтадан сайлауға түсе алмайды. Оның басқа Орталық Азия басшыларынан ерекшелігі елдің негізгі заңына бағынғалы отыр. Демек, жыл соңына қарай Қырғызстанда жаңа президент болады, бірақ қазір оның кім екенін болжау қиын. Жеңімпазды анықтау үшін қырғыздар екінші айналымда да дауыс беруі мүмкін.

Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстандағы сайлаулар туралы мұндай сипаттаманы естімейсіз. Бұл елдерде кімнің жеңетіні алдын ала белгілі, екінші айналым қажет болмайды. Сондықтан, Қырғызстандағы сайлау ың-шыңсыз өтпейді.

Президент сайлауына «Ақ Шумкар» партиясының атынан түсіп жатқан Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Темир Сариев.
Президент сайлауына «Ақ Шумкар» партиясының атынан түсіп жатқан Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Темир Сариев.

1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басындағы сайлаулар тәрізді бұл жолы да кандидаттарды тіркеу және сайлау науқаны кезінде сот жүйесі маңызды рөл атқаратын сияқты. Қазір кем дегенде 10 адам президент сайлауына түсуге ниет білдіріп отыр.

Саяси партияларға келсек, бұрынғы премьер-министрлер – «Ак Шумкар» партиясының атынан Темир Сариев пен «Республика» партиясы атынан Омурбек Бабанов тіркелді, биліктегі Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) атынан қазіргі премьер Сооронбай Жеенбеков бар, «Онугу Прогресс» партиясының жетекшісі Бақыт Торобаев та кандидат, бұрынғы парламент спикері Ахматбек Келдібеков пен «Ата-Мекен» партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев та тізімде бар, «Ата-Жұрт» партиясы атынан бұрынғы депутат Садыр Жапаров бағын сынамақ.

Қырғызстан премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков.
Қырғызстан премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков.

Тәуелсіз кандидаттар ретінде тіркелген Талатбек Мамасадықов пен Камила Шаршекеева тәрізді бірнеше адам бар. Текебаев пен Жапаров қазір қылмыстық айыптармен қамауға алынған. Текебаевтың коррупция айыптары бойынша соты жүріп жатыр.

Ақпанның 26-сы күні оны Бішкектегі «Манас» әуежайында ұстады. Текебаевтың өзінің айтуынша, ол президент Атамбаевтың елден тысқары жерлерде бизнес жүргізетініне Еуропадан айғақтар жинап келген. Тергеу ісі жалғасып жатыр, сот Текебаевтың қамаудағы мерзімін бірнеше мәрте ұзартты.

«Ата-Мекен» партиясы лидері Омурбек Текебаев өзіне коррупция бойынша айып тағылған сотта отыр. Бішкек, 5 маусым 2017 жыл.
«Ата-Мекен» партиясы лидері Омурбек Текебаев өзіне коррупция бойынша айып тағылған сотта отыр. Бішкек, 5 маусым 2017 жыл.

Ұлтшыл саясаткер Жапаров 2013 жылы елдің солтүстік-шығысындағы Қарақол қаласындағы оқиғаға қатысы бар деген айыппен тұтқындалды. Ол кезде ашулы халық облыс губернаторын ұстап алып, полиция келіп босатқанша жібермей қойған еді.

Ол қамаудан қашып елден кетті, бірақ наурыздың 25-інде елге оралған кезде қолға түсті. Жапаров 2013 жылдың бірінші жартысында «Ата-Жұрттың» екі мүшесімен бірге билікті күшпен алмақ болған деген айыппен тұтқындалды, бірақ үш айдан соң оларды айыпты емес деп таныды.

Маусымның 14-і күні Қырғызстан орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Келдібековтің бұрын сотталғаны үшін президент сайлауына түсе алмайтынын мәлімдеді. 2016 жылдың қазанында Қырғызстан жоғарғы соты Келдібековке парламент спикері болған кезде қызмет өкілетін асыра пайдаланғаны үшін және мемлекеттік салық қызметін басқарған кезде жемқорлық жасағаны үшін 10 миллион сом айыппұл салды. Келдібеков айыппұлды 2016 жылы қарашаның 8-і күні төледі.

Қырғызстан парламентінің бұрынғы спикері Ахматбек Келдібеков.
Қырғызстан парламентінің бұрынғы спикері Ахматбек Келдібеков.

Қырғызстанның қылмыстық кодексі бойынша, үкім орындалған соң бір жылдан кейін сотталушы айыбынан құтылады, демек Келдібеков 2017 жылы қарашаның 8-іне дейін сайлауға түсе алмайды. Бұл кезде президент сайлауы өтіп те кетеді.

Келдібеков Азаттықтың Қырғыз қызметіне мұндай шешімге таңданбайтынын және оған қарсы күресетінін айтты. Біреулер үшін мұның бәрі шытырман оқиға көрінуі мүмкін, бірақ қырғызстандық сайлаушылардың еті үйренген. Бұрынғы сайлауларда да осындай жағдайлар болған еді.

Мысалы, 2000 жылы парламенттік сайлау кезінде бірнеше саяси партия үш ай қалғанда сайлауға қатыса алмай қалды. Сайлауға бірнеше күн қалғанда жекелеген кандидаттар шеттетілді, кей партия жетекшілерін аяқ астынан қылмыс жасаған деп айыптады.

2000 жылғы сайлауда «Ар-намыс» партиясының жетекшісі Феликс Кулов науқан кезінде соттың қысымынан аман шықты, бірінші айналымда жеңіске жетті, бірақ іріктеу кезінде түсініксіз себеппен қарсыласынан жеңіліп қалды, ол Куловтың бірінші айналымдағы дауысының жартысын алып кетті.

Осыдан соң Куловтың туған ауданында бүлік болды. Куловтың өзі сайлаудан бір апта өткен соң тұтқындалды, кейін түрмеге қамалды. Сайлау нәтижесі күмәнді болғандықтан, жергілікті ОСК шенеунігі өзіне қол жұмсады. Сондықтан алдағы президент сайлауында да күтпеген жағдайлар көп болуы мүмкін.

Басқа үміткерлерге келсек — Сариев ардагер саясаткер. Ол 2015-2016 жылдары 11 ай бойы премьер-министр болды, бірақ оның «Ақ-Шумкар» партиясы парламенттен орын алған емес. Торобаевтың «Онугуу-Прогресс» партиясы - Қырғызстанның саяси өміріне енген жаңа ұйым. Партия алғаш рет 2015 жылы парламент сайлауға қатысып, заң шығарушы органның 13 орнын иеленді (орын алған алты партияның арасында төртінші болды).

Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты , «Онугуу-Прогресс» партиясының лидері Бақыт Торобаев.
Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты , «Онугуу-Прогресс» партиясының лидері Бақыт Торобаев.

Қазіргі кезде «Республика» партиясының жетекшісі және кәсіпкер Өмүрбек Бабанов пен ҚСДП мүшесі, қазіргі премьер Жеенбековтің (президент Атамбаев оны қолдап отыр) сайлауда жеңіп шығуға мүмкіндігі басым сияқты. «Вечерний Бишкек» газеті оқырмандар арасында ресми емес сауалмана жүргізіп, Бабановтың өзгелерден сәл басым екенін анықтады.

Осыған қарап біреулер Бабановтың сайлау науқанын белгісіз себеппен тоқтатады деп болжайды. Бұрын да оппозициялық кандидаттарға қарсы айып аяқ астынан пайда болатын. Мысалы, Куловқа жемқорлыққа қатысы бар деп айып тақты (кейін ол 2005-2007 жылдары премьер-министр болды).

Қырғызстанның саяси майданында көптеген кедергілер бар – азаматтық мәселесі, қаржыландыру көзі, салық төлемі мен декларация, үкіметтегі үміткерлерге қарсы әкімшілік ресурстарды қолдану, т.б.

Науқан басталған бетте «әкімшілік ресурстар» деген терминді еститін болармыз. Тамыздың 1-і мен қыркүйектің 10 аралығында тіркеу процесі аяқталады. Ықтимал үміткерлердің біразы платформаларын жариялай бастады.

Кандидат ретінде тіркелу үшін сайлау түсетін азамат тіркелген саяси партияның мүшесі болуы керек. Тәуелсіз кандидат болса, оның да қажетті құжаттарын толтырады, 1 миллион қырғыз сомын төлейді (шамамен 15 мың доллар), қырғыз тілін ортадан жоғары деңгейде білуі тиіс және кем дегенде 30 мың сайлаушының даусын иеленуі керек.

«Ата-Мекен» партиясы тіркелу үшін 30 мың адамның дауысын жинау туралы талапқа наразы. Олардың уәжі бойынша, сайлау регмалентінде бұл дауыстардың қанша болуы керек екені көрсетілмеген дейді.

(Соңғы сайлауларда кейбір кандидаттарды Кремльдің бейресми қолдайтыны байқалды, сондықтан, кейбір кандидаттар Мәскеуге адалдығын көрсетуге тырысады). Демек, Орталық Азиядағы болжау жасауға келмейтін сайлау жақындап қалды.

Брюс Панниердің блогын ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG