Accessibility links

Қырғызстандағы қымбат сайлау


«Бір Бол» партиясы белсенділері Қырғызстанның Нарын облысында сайлаушылармен кездесіп жүр.
«Бір Бол» партиясы белсенділері Қырғызстанның Нарын облысында сайлаушылармен кездесіп жүр.

Қырғызстанда қазанның 4-і өтетін парламент сайлауы қарсаңында насихат науқаны қызып тұр. Бірақ партиялардың үгіт тәсілдеріне қатысты қоғамда әртүрлі пікір бар. Қандай саяси технологиялар қолданылып жатқанын тілші шолып шықты.

14 саяси партия қатысып жатқан бұл шара – 2010 жылғы революциядан бері өтіп отырған екінші парламент сайлауы.

Партиялар штабында кімдер жұмыс істеп жатыр? Мамандарды шетелден жалдаған ба? Олар қандай саяси технологияларды қолданды? Ел ішінде партиялардың үгіт-насихат тәсілдеріне қатысты әңгіме көп.

Саяси партиялардың насихат бөлімдерінде көбінде жергілікті мамандар жұмыс істеп жатыр, бірақ Ресейден саяси технологтарды арнайы алдыртқандар да бар.

«БІРТҰТАС РЕСЕЙГЕ» ЖЕҢІС ӘПЕРГЕНДЕР

ҚДСП

ҚСДП

Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы 1993 жылдан бері елдегі саяси оқиғаларға белсене араласып келеді. Партия Ақаев (2005) және Бакиев (2010) режимін құлатуға қатысты. 2010 жылы президент қызметін уақытша атқарған Роза Отынбаева - осы партия өкілі. Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев та ҚСДП қатарынан шыққан.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің ақпарат көзі «Қырғызстан социал-демократиялық партиясына (ҚСДП) кезінде Ресейдегі «Біртұтас Ресей» (Единая Россия) партиясын жарнамалауға атсалысқан саяси технологтар көмектесіп жатыр» деді. Осы партияның кандидаттар тізімін бастап тұрған Чыныбай Тұрсынбеков бұл ақпараттың рас-өтірік екенін ашып айтпады.

- Ондай адам келді дегенді сізден естіп тұрмын. Қырғызстанды аралап жүргеніме 13 күн болды. Штабта емеспін, халықпен кездесіп жүрмін. Штабта Аалы Қарашев пен Болот Отунбаев бар. Олармен хабарласып тұрамын. Жеке өз басым ешкіммен жұмыс істеген жоқпын. Орталықта не болып жатқанынан бейхабармын. Жалған сөйлемеу үшін өзім білмейтін нәрсе туралы ештеңе айтпаймын, - дейді ол.

Алдыңғы сайлауда «Ата Мекен» партиясы жоспарлағаннан әлдеқайда аз дауыс алған. Сондықтан, биыл олар үгіт-насихатқа ерекше көңіл бөліп жатыр. Партия насихатын жүргізуге Ресейден келген саяси технолог көмектесіп жатқаны аян болды.

«Ата Мекен»

«Ата Мекен»

Қырғызстанда «Ата Мекен» социалистік партиясы 20 жылдан артық жұмыс істеп келеді. Жетекшісі - Омурбек Текебаев. Ұйым 2010 жылғы революцияға белсене араласты. Мүшелері ел конституциясын жасауға атсалысты. Лидері Омурбек Текебаев «Сәуір елдік революциясы батыры» белгісімен марапатталған. Қазір парламентте 16 депутаты отыр.

Нақтыланбаған ақпаратқа қарағанда, ол – Ресейдің бір аймағында «Единая Россия» партиясының жеңіске жетуіне ықпал еткен үгітшілер тобында жұмыс істеген маман.

Бұл екі партияның штабтарында отырған өкілдері «шетелден маман алудың қажеті жоқ» дейді, айтуларынша «олар өз саяси технологтарына арқа сүйеп отыр».

«ШЕТЕЛДІК МАМАННЫҢ ҚАЖЕТІ НЕ»

«Бүтін Қырғызстан – Еңбек» партиясының тең төрағасы Асқар Салымбековтың айтуынша, «олардың командасы шетелде білім алып келген қырғызстандық мамандардан құралған».

- Қырғызстанда сайлау өткізіп келе жатқанымызға 25 жыл болды. Осы аралықта өз саяси технологтарымыз, осы саланы білетін мамандарымыз қалыптасты. Шетелдік маманның қажеті не, біз өз саяси технологтарымызбен жұмыс істеп жатырмыз. Олардың арасында Ресейге, Қазақстанға, Батыс елдеріне барып жұмыс істеп келгендері де бар. Өз мамандарың болғаны жақсы ғой. Олар халықтың менталитетін, елдің ерекшеліктерін жақсы біледі, - дейді ол.

«Бир Бол»

«Бир Бол»

Партияны Қырғызстан Жогорку Кенеші (парламент) депутаты Алтынбек Сулайманов 2010 жылы құрған. Парламентте партияның бес депутаты отыр. Партия құрамында бұрынғы министрлер, күштік құрылымда істеген ірі шенеуніктер бар. Бұл партия да Қырғызстанның адам құқықтары сақталатын, демократиялық ел ретінде дамығанын қалайды.

«Бир бол» партиясында да тек жергілікті азаматтар жұмыс істеп жатқанға ұқсайды. Партияның баспасөз қызметін Досалы Есенәлиев басқарады. Соңғы сайлауда ол «Республика» партиясының баспасөзбен жұмыс саласын басқарған, оның сайлау науқаны кезінде жұмысты ұйымдастыру тәжірибесі мол.

- Сырттан ешкімді шақырған жоқпыз. Жергілікті халықтың менталитетін, мінез-құлқын жақсы білетін адамдармен жұмыс істеп жатырмыз. Команда құрамында қоғамның түрлі саласының өкілдері – журналистер, сарапшылар бар, - деді ол.

БАКИЕВ КОМАНДАСЫНДА БОЛҒАНДАР ДА БАР

Кей ақпарат құралдары бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің хатшылығы басшысы орынбасары болған «Максим Каганер «Онугуу-Прогресс» партиясы насихат бөлімінде істейді» деген ақпарат таратты. Олар Каганердің алдыңғы сайлауда «Республика» партиясын жарнамалауға қатысқанын да жазды. Бірақ партия өкілдері бұл жөнінде комментарий беруден бас тартты.

«Республика – Ата Журт» партиясының насихат бөлімі жергілікті мамандардан құралған, олардың арасында кәсіпкерлер, саясаттанушылар және азаматтық белсенділер бар. Солардың бірі Сергей Макаров:

«Республика - Ата-Жұрт»

«Республика - Ата Журт»

Ұйым 2014 жылы «Республика» және «Ата Журт» партиялары біріккеннен кейін құрылды. «Республика» партиясы лидері Омурбек Бабанов 2010 жылғы төңкеріске белсене қатысқан. 2011-2012 жылдары премьер-министр болды. «Ата Журт» партиясы лидері Камчыбек Ташиев парламент депутаты, 2011 жылы президент сайлауына кандидат болған.

- Саяси технология дегеніміз – ойдан шығарылатын аңыз, сайлауда жеңіске жетудің тәсілі. Саяси технология 60 шағын жобадан немесе тармақтан тұруы мүмкін. Онда сайлау науқаны коцепциясынан бастап, кездесулер өткізудің тактикасы, науқанды қай аймақтан бастайтындығы, не себепті ол аймақты таңдағаны тәптіштеп жазылады. Технологияда көптеген детальдар болады. Айталық, «жарнамада қай мәселеге көбірек назар аудару керек?», «қалай сөйлеп, не айту керек?», «кімді сынауға болады, ал кімді болмайды?», «жарнаманы қалай орналастыру керек?» деген сұрақтарға жауап беріледі, - дейді.

Бұл сайлау үгіт-насихат науқанына қыруар қаржы жұмсауымен есте қалатын сайлау болды. Кейбір деректерге қарағанда, шақырылған саяси технологтарға 50 мың, ал жергілікті мамандарға 10 мың АҚШ долларынан төленеді екен.

ОА-дағы АЛҒАШҚЫ ЕРКІН САЙЛАУ

2010 жылғы сәуір төңкерісінен кейінгі алғашқы парламент сайлауында сайланған депутаттардың да өкілеттік мерзімі аяқталуға жақын. Сарапшылар сол сайлауды Орталық Азиядағы ең әділ, ашық әрі бәсекелі сайлау деп бағалаған. Бұл автократиялық режимдер басқарған аймақтағы демократияға қадам жасаған ерекше оқиға болды. Уақытша үкімет сайлау процесінің ашық, әділ өтуіне барлық жағдайды жасауға тырысты. Сол додаға 29 саяси партия қатысқан, бұл – тек Қырғызстан үшін емес, бүкіл Орталық Азия аймағы үшін рекордтық көрсеткіш. Сайлаудың күтпеген нәтижеге жетуі де науқанның әділ өткенінен хабар береді. Оппозициядағы «Ата-Жұрт» партиясы ең көп дауыс жинады, парламентке барлығы бес партия өткен еді.

Үкімет қазанның 4-і күнгі сайлауды әділ өткізуге уәде беріп отыр. Оның үстіне бұл додада технологияның соңғы жетістіктері алғаш рет қолданылмақшы. «Кабар» ақпарат агенттігі «сайлаушылар саусақ ізі, цифрлық фотосы және электрондық қолтаңбасы арқылы дауыс беретін болды» деп хабарлады. Бұл «бір адам – бір дауыс» принципінің қатаң сақталуына мүмкіндік береді. Ал бюллетень салатын жәшіктерге автоматты санағыш қондырғылар орнатылады, олар бір адамның бірнеше бюллетень салуына жол бермейді, дауыс беру орындарында камералар, мониторлар және басқа да бақылау құралдары орнатылады.

Элеонора Бейшенбеккызының мақаласын орыс тілінен Мұхтар Екей аударды.

XS
SM
MD
LG