Accessibility links

Сарапшы: Бабановтың саяси болашағы бар-жоғын айтуға ерте


Бабановтың көшеде тұрған насихат плакаты. 2017 жылдың қыркүйегі.

Омурбек Бабанов парламенттегі "Республика-Ата-Журт" фракциясының жетекшілігінен кетті. Қазір шетелде жүрген ол партияластарына жолдаған үндеуінде жағдайым жақсы деп мәлімдейді. Елге қашан оралатыны белгісіз. Қырғызстанда бас прокуратура оның үстінен қылмыстық іс қозғаған. Осы оқиғалардан кейін Омурбек Бабановтың саяси болашағы бар ма? Фракция жетешілігінен кету себебі қандай? Азаттықтың Қырғыз қызметінің осы және өзге сұрақтарына саясаттанушы Эдиль Осмонбетов жауап берді.

Азаттық: - Шетелде жүрген Омурбек Бабанов парламенттегі фракция жетекшілігінен кетті. Ресми түрде өз еркімен кетті деп хабарланды. Саясаткердің бұл шешіміне не түрткі болды, сайлауда жеңілгені ме, әлде қылмыстық істің қозғалуы ма?

Эдил Осмонбетов: - Омурбек Бабанов - Қырғызстанның саяси сахнасында өз орны бар ірі саясаткер. Сәл кейінгі тарихқа көз жүгіртелік. Егер Қырғызстандағы парламентаризм тарихын алсақ, бізде фракция жетекшісі оны түрмеде отырып я болмаса елден жырақта жүріп басқарған жағдайлар бұрын да болған. Қазір интернет бар, сондықтан фракцияны да, партияны да әлеуметтік желілер арқылы басқаруға болады. Техникалық тұрғыдан бұл мүмкін нәрсе. Бірақ өзің сайлауда жеңіліп, ал фракцияңда көшбасшылыққа ұмтылатын адамдар шыға бастаған кезде елден жырақта отырып жағдайды бақылауда ұстау өте қиын. Басқарудан бөлек, фракция жетекшісі парламенттегі ахуалды, саяси өзгерістерді тікелей өзі бақылап, серіктерімен, саясаткерлермен қоян-қолтық араласуы керек.

Оқи отырыңыз: Сайлауда жеңілген Бабановтың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Азаттық: - Мұндай әрекеттер Омурбек Бабановтың ендігі саяси карьерасына қалай ықпал ете алады?

Эдиль Осмонбетов: - Әзірше бірдеңе айтуға ертерек. Бір жағынан, Бабанов үшін бұл - оның саясаткер ретінде әбден толысқанын тексеретін сынақ. Өйткені ол өте қиын жағдайға тап болды – оған ауыр айыптар тағылып жатыр. Бұған қатысты қилы көзқарастар бар. Бірақ меніңше, оның саяси болашағы жайлы айтуға әлі ерте. Өйткені серіктеріне, партиясына және оны қолдайтын саясаткерлерге саяси рефлексия жүргізу қажет. Бұл не деген сөз? Болған жайттарды ашық, объективті түрде талқылау қажет. Олар сол кезде ғана жаңа әрі биіктеу деңгейге көтеріле алады. Ал оның болашағы жайлы айтуға әлі ерте. Әуелі ұлықтау рәсімі өтіп, жаңа президент жұмысына кіріссін. Алғашқы 100 күнде немесе алты айда жағдайдың қалай өрбитінін көруіміз керек. Сол кезде ғана әлдебір қорытынды жасай аламыз. Бұл процестің ыстық-суығы әлі басылған жоқ, сондықтан әрі қарай қалай өрбитінін байқау керек.

Азаттық: - Яғни көп дүние жаңа президентке байланысты бола ма?

Оқи отырыңыз: Сооронбай Жээнбеков. Белсенділігі байқалмаған бас кандидат

Эдиль Осмонбетов: - Иә, кей жайттар сол кісіге байланысты болады. Оппозиция жетекшісі сияқты биікке көтерілген немесе елді дамытудың балама жолдарын ұсынған адам Қырғызстанның өзекті проблемалары бойынша өз позициясын анық жеткізе білуі керек. Ал бұл үлкен саяси тартыс. Мысалы, заң бұзушылықтар болды деп санасаң, ойыңды анығырақ айтуға тиіссің. Сол кезде саған дауыс берген сайлаушыға да түсінікті болады. Бірақ Бабановтың саяси тәжірибесі мол адам екенін түсіну керек. Ол қарымды саясаткер, саясатқа жаңадан келген жоқ. Оның саяси болашағы әлі де бар.

Азаттық: - Ішкі интиригалар «Республика – Ата-Журт» фракциясында ғана болып жатқан жоқ. Ертеректе «Онугуу-Прогресс» фракциясынан үш депутатты шығарып жіберді. Осы фракцияның жетекшісі Бақыт Торобаев сайлауалды науқанында Омурбек Бабановпен ынтымақтасқан. Ал қазір парламенттің мына шақырылымының тағдырына қатысты қилы пікірлер айтылып жүр. Кей ақпарат құралдарында тіпті кезектен тыс парламент сайлауы өту мүмкін деген ақпараттар жарияланып жатыр. Бірақ жуырда сайланған президент Сооронбай Жээнбеков ресейлік басылымға берген сұхбатында «бұған әзірше негіз жоқ» деді. Бірақ оппозициялық фракциялар мен партиялардағы шиеленістерді жуырда сайлау өтеді деген болжаммен байланыстыратын пікір бар...

Қырғыз парламентінде отырған үкімет мүшелері. Сурет Қырғызстан президенті сайлауына дейін түсірілген. 27 сәуір 2017 жыл.
Қырғыз парламентінде отырған үкімет мүшелері. Сурет Қырғызстан президенті сайлауына дейін түсірілген. 27 сәуір 2017 жыл.

Эдиль Осмонбетов: - Бұл қауесетті әсіресе қырғыз тіліндегі баспасөз қатты көпіртіп жатыр. Бір жағынан, Қырғызстанда қауесет шынға ұласатын дәстүр бар. Мұны кейінгі айлар дәлелдеп келеді. Бірақ қазіргі саяси жағдай мен саяси қисын тұрғысынан алсақ, меніңше, бұған негіз жоқ. Өйткені саяси билік қалыптасты - жаңа президент, жаңа спикер және премьер-министр бар. Яғни саясаттану тұрғысынан алғанда, билік конфигурациясы бүтін. Парламент аса бір ерекше жағдайларда ғана таратылуы мүмкін. Қазір, яғни президент қызметіне енді ғана кіріскелі жатқанда бірдеңені өзгертудің мәні жоқ.

Негізі, мына парламент өз функцияларын орындап отыр. Мәселе саяси қисында. Кез келген саяси қадам ойға қонымды, орынды болуы тиіс. Ал таяу айларда бұған түрткі боларлық қисын жоқ. Біріншіден, парламентті таратып, сайлау өткізу үшін ақша керек, сайлауалды науқанын жүргізу керек. Бұған қоса, бұл – өте қауіпті саяси тәуекел. Өйткені күткендегідей нәтиже шыға ма, жоқ па - белгісіз. Сондықтан егер саяси жетекшілер мұндай қадамға барса, ол әбден таразылынған қадам болуы тиіс. Қазір меніңше, мұндай қажеттілік жоқ. Парламент, коалиция жасақтауға қыруар уақыт кетеді. Ал қазір Қырғызстанның алдында бұдан гөрі маңызды экономикалық проблемалар тұр. Бізге Қазақстанмен арадағы шекарадағы проблеманы реттеу керек, жылу маусымы келе жатыр. Сондықтан, меніңше, қазір күн тәртібіндегі мәселе бұл емес. Көктемге қарай болмаса...

(Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Болот Колбаев алған сұхбат орыс тілінен аударылды).

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG