Accessibility links

Бабанов жаңа билікті "Қырғызстан халқын біріктіруге" шақырды


Баспасөз мәслихатын өткізіп Омурбек Бабанов. Қырғызстан, Бішкек, 16 қазан 2017 жыл.

Қырғызстанда қазанның 15-і күні өткен президент сайлауында алған даусы жағынан Сооронбай Жээнбековтен кейінгі екінші орында тұрған Омурбек Бабанов бүгін баспасөз мәслихатын өткізді. Ол жақтастарын арандатушы әрекеттерге ермеуге, ал жаңа билікті сайлауда бәсекелес болған басқа кандидаттарды қолдаған азаматтарды қудаламауға шақырды.

Қырғызстан президент сайлауында екінші орын алған (33,74%) кандидат, Жогорку Кенештегі (қырғыз парламенті - ред.) «Республика – Ата-Журт» фракциясының лидері Омурбек Бабанов қазанның 16-сы күні Бішкекте баспасөз мәслихатын өткізді.

Дауыс беру нәтижесіне қатысты пікірін білдірген саясаткер «біз жеңдік» деп мәлімдеді. Алайда ол «жеңдік» деген сөзінің сайлау нәтижесінен басқа астары бар екенін айтты:

- Біз күмәнсіз жеңдік, біздің жеңісіміз мынада - біз адамдардың санасын өзгерттік, оларға сөздерін ашық айтуға, заң арқылы өзіңнің әрекетің дұрыс екенін дәлелдеуге болатынын көрсетіп, сенім сыйладық. Біз Қырғызстанда сайлауға қатысуға, өзіңнің бағдарламаңды айтуға, мемлекетті дамытудың басқа жолын ұсынуға болатынын көрсеттік. Кімдікі дұрыс болғанын, кімдікі бұрыс болғанын уақыт көрсетеді, - деді ол.

Дауыс санап жатқан сайлау комиссиясы мүшелері. Бішкек, 15 қазан 2017 жыл.
Дауыс санап жатқан сайлау комиссиясы мүшелері. Бішкек, 15 қазан 2017 жыл.

Омурбек Бабанов «әкімшілік ресурстан қорықпай өзіне дауыс берген» азаматтарға алғысын білдірді. Сонымен қатар ол өзінің жақтастарын арандатушы оқиғаларға ермеуге шақырды.

- Мен жаңа ғана "16 қазан күні сағат 12-де Бабановты жақтайтындар алаңға жиналсын" деген сарындағы арандатушы материал алдым. Мен тағы ескертем: ешқашан билікті басып алған емеспін! Қазір де, болашақта да билікті басып алмақ емеспін. Біз сайлаушылар мен үгіт-насихат жүргізген адамдарды заң арқылы ғана қорғаймыз. Мен біздің болашақта жеңетінімізге кәміл сенемін. "Өлімге апармайтын әрекеттің бәрі шынықтырады" деген жақсы сөз бар. Бұл сайлау бізді біріктірді, - деді Бабанов.

Журналистердің "Сіздің аз дауыс алуыңызға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескеніңіз, Қазақстанға қатысты дау-дамай әсер еткен жоқ па?" деген сауалына Омурбек Бабанов "Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездескеніме өкінбеймін. Дауыс беру нәтижесіне ол әсер еткен жоқ" деп, "өзіне қарсы әкімшілік ресурстардың пайдаланылғанын" атап өтті.

Бабанов жаңа билікті сайлауда бәсекелес болған кандидаттардың жақтастарын қуғындамауға шақырып, Қырғызстан халқын бұл сайлау жіктелуге емес, бірлікке әкелуі керек деп мәлімдеді.

2017 жылы 16 қазан күнгі мәлімет бойынша, дауыстардың 99 пайызын санағаннан кейінгі нәтиже - Сооронбай Жээнбеков - 54,81% дауыс, Омурбек Бабанов - 33,74% дауыс алып тұр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG