Accessibility links

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың қазақ билігін сынаған мәлімдемесіне Астана наразылық білдірді. Қазақстан қоғамында Атамбаевты "екі елдің арасына іріткі салды" деп айыптаушылар да, оның сөзін "қазақтардың көкейінде жүрген шындық" деп қабылданғандар да бар.

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев 7 қазанда Бішкек маңындағы Ала-Арча мемлекеттік резиденциясында ел азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде Қырғызстан президенті сайлауына қатысып жатқан жекелеген кандидаттармен бірге Қазақстан билігін де сынады. Атамбаев сөзінде жуырда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы қаласы мен Қырғызстанның жалпы ішкі өнімі көрсеткіштерін салыстырған мәлімдемесін еске алды.

"Құрметті Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс айтады, Алматының жалпы ішкі өнімі тұтас Қырғызстанның жалпы ішкі өнімінен 5 есе көп, ал Қазақстанның ЖІӨ Қырғызстанмен салыстырғанда 20 есе артық. Қазақстанның әр азаматына шаққандағы орташа кіріс көрсеткіші Қырғызстанға қарағанда 20 есе көп. Ал онда неге Қазақстанда зейнетақы мөлшері 10 есе емес, небары бір жарым есе ғана көп, тариф бағасы неліктен бес есе жоғары? Өйткені Қазақстанның байлығын ұрлап жатыр, халқы оның игілігін көріп отырған жоқ. Біз оларға жаман үлгі көрініп отырмыз, Атамбаевтың әділ билікті жақтауын жаман үлгі санайды... [Қырғыз президенттігіне кандидаттар] Бабанов пен Сариев тәрізділер тағзым етіп барып жүрген [қазақстандық миллиардер Болат] Өтемұратов сынды түрлі олигархтар менде олай байымас еді... Назарбаевтың Бабановпен кездескенде жас президент туралы айтқан сөзін қолдаймын. Бірақ, біздегі президенттікке кандидаттардың ең үлкені Назарбаевтан 20 жас кіші, менің өзім одан 16 жас кішімін. Сонда жас президент кімге керек? Бізге ме, әлде Қазақстанға ма?" - деп мәлімдеді Қырғызстан президенті.

Ол Қырғызстанның өз жолын тапқанын, шаруасына басқалардың араласқанын қаламайтынын айтты.

Алмазбек Атамбаевтың 7 қазандағы сөзінен үзінді:

7 қазанда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қырғыз президентінің сөзіне "қатаң наразылық білдіретіні" туралы мәлімдеме таратты. Астана Атамбаевтың сөзін Қырғызстандағы президент сайлауы науқанымен байланыстырған.

"Қырғызстан президентінің сайлау алды мақсатындағы жауапсыз, арандатушылық мәнді және жалған пікірі елдеріміз арасындағы достық пен өзара көмектің көпғасырлы байланыстарына нұқсан келтіре алмайтынына сенім білдіреміз", - делінген Қазақстан СІМ мәлімдемесінде.

Президент Атамбаевтың Қазақстандағы зейнетақы мөлшері туралы айтқанына байланысты Азаттық тілшісінің сұрағына Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова "әлеуметтік төлем мен оның мөлшері - әр мемлекеттің ішкі мәселесі" деп жауап берді.

Министр Тамара Дүйсенованың Азаттықтың сұрағына жауабы:

Азаттыққа пікір білдірген Қазақстан парламенті мәжілісінің кей депутаттары қырғыз президентінің мәлімдемесін "көрші екі елдің арасына жік салатын, жосықсыз айтылған сөз" деп бағалады.

Алмазбек Атамбаевтың сөзіне қазақ депутаттарының пікірі:

"ЕКІ ЕЛДІҢ АРАСЫНА ІРІТКІ САЛАТЫН СӨЗ"

Президент Атамбаевтың Қазақстан билігіне қарата айтқан мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызып, желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді.

Тараптардың бірі қырғыз басшысының сөзін көрші екі елдің арасына іріткі салу деп бағалаған.

Мысалы, Facebook әлеуметтік желісін қолданушы Расул Жұмалы "Атамбаев – жеке бас қамы үшін елін сатуға бар майда саясаткердің айқын бейнесі. Путин айдап салмаса, соншама бауырлық көмек берген қазаққа айтар ма еді осындай ауыр сөзді? Қазақ пен қырғыз арасына от салар ма еді, кешегі отаршылдың арандатуынсыз? Мейлі, саясаткер ретінде Атамбаев біткен тұлға. Мәселе, Ресейдің сесін өзінің елінен жоғары қойған атамбаевтардың Орталық Азияда әлі баршылығында" деген пікір білдірген.

Соңғы күндері айтылған сындар ұйымдастыру сипатына ие болып, оған зиялы қауым өкілдері қосылды.

"Қазақстан" мемлекеттік телеарнасының басшысы Ерлан Қарин "Қырғыз президентінің бүгінгі мәлімдемесі Қазақстан және оның басшылары атына күйе жағу әрекеттерін жалғастырды. Өкінішке орай, атқа кір келтіру әрекеттері күшейіп келеді. Соңғы күндері айтылған сындар ұйымдастыру сипатына ие болып, оған зиялы қауым өкілдері қосылды", - деп жазған.

Талғат Рысқұлбеков есімді Facebook қолданушы "Атамбаев өзінің сөзін сөйлемегендерді пыт-пырақай жамандап жатыр. Бұрын қалай деп еді, қазір былай дегені, еркектік емес. Қырғыз елінің, Қазақстаннан экономикалық қаншама көмек алып жатқаны былай тұрсын, азаматтары "бараxолканың" 3/1 інде нәпақа тауып жүргені, "тайға таңба басқандай" шындық емес пе?!" деп жазыпты.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевты "Достық" орденімен марапаттап жатыр. Астана, 7 қараша 2014 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевты "Достық" орденімен марапаттап жатыр. Астана, 7 қараша 2014 жыл.

Оның сөзін қостаған өзге қолданушылар Алмазбек Атамбаевтың 2014 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан "Достық" орденін алған кезде айтқан: "Менің өзгені мақтайтын кезім өте сирек, бірақ сіз туралы үнемі тек жақсы сөз айтқың келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз шын мәнінде жаны жомарт ұлы адамсыз, бәлкім, Құдайдың сізге мейірімін төккені сондықтан шығар, сол себепті Құдай сізге және Қазақстанға молшылық беріп келе жатқан болар" деген сөзін әлеуметтік желіде жариялап, бөліскен.

"ІШІМІЗДЕ ҚАЙНАҒАН ШЫНДЫҚТЫ АТАМБАЕВ АЙТТЫ"

Сонымен бірге Қазақстан қоғамында Алмазбек Атамбаевтың сөзіне "ащы айтылса да – шындық" деп баға беріп жатқандар да бар.

"Біздің ішіміздегі қайнап жатқан, айта алмай жүрген нәрсені қырғыздың президенті айтып берді. Өз еліңде жүріп өз ұлтыңның мұңын, зарын, қайғысын айта алмағаннан қорлық жоқ. Атамбаевтың айтқанының барлығын өзіміз білеміз. Бәрі – шындық", - дейді Азаттыққа пікір білдірген журналист Мырзан Кенжебай.

Атамбаевтың айтқанының барлығын өзіміз білеміз. Бәрі – шындық.

"Бұл негізі Атамбаевтың емес, Қазақстан оппозициясының айтатын сөзі еді" деген саясаттанушы Дос Көшім де Қырғызстан президентінің сөзінде шындық бар деп санайды. Ол Атамбаевтың мәлімдемесі қырғыз басшысы мен қазақ билігі арасында келіспеушілік болғанын білдіреді деп жориды.

"Шындығында бұл мен күтпеген нәрсе. Өйткені, көрші екі елдің президенттерінің бір біріне осылай айтқаны – ешкімнің ойына келмеген сияқты. Екіншіден, оның айтқан ойының растығын мойындауымыз керек. Өйткені, [Назарбаевтың – ред.] кандидаттардың тек біреуімен ғана кездесуі – саяси қателік. Қатып қалған қағида жоқ, дегенмен не кандидаттардың барлығымен кездесу керек еді, болмаса кездеспей қоя тұруы керек болатын. Бұл олардың [Қырғызстанның – ред.) ішкі ісіне араласқандай болып көрінді. Осындай нәрселер Атамбаевты қатты сөзді айтуға мәжбүр етті", - дейді Дос Көшім.

Алмазбек Атамбаевтың сөзін әлеуметтік желіде талқылау:

Қырғызстан президентінің сөзіне қатысты осы тәрізді пікір білдіріп жатқандар әлеуметтік желіде де аз емес.

"Ау, жарандарым! Қырғыз президентінің сөзіне неменеге шүйліктіңіздер? Ішкі жалпы өніміміздің қырғыздардан 20 есе көптігі де рас, сөйте тұра әлеуметтік төлемдерді кедей қырғыздармен бірдей алатынымыз да өтірік емес қой. Биліктегі олигархтардың халықтың қазынасын жеке отбасылық табыс көзіне айналдырып алғандары өтірік пе? Әлде біздің билік "судан ақ, сүттен таза ма"?" деген Дина Елгезек есімді Facebook қолданушы.

Мұхтар Тайжан есімді қолданушы "Атамбаевтың сөзіне өз басым ренжімеймін. Беттерімізге басып шындықты айтты. Дос жылатып, дұшпан күлдіртіп, жағымпазданып айтады" деп жазған.

"ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ЭТИКАҒА ЖАТ ҚЫЛЫҚ"

Қазақстандық экс-дипломат Қазбек Бейсебаев Алмазбек Атамбаевтың сөзіне "президенттің айтатын сөзі емес" деген баға береді.

Президент Атамбаевтың сөзі туралы Қазбек Бейсебаевтың пікірі:

"Атамбаевтың айтқан сөзі дұрыс па, бұрыс па, мәселе онда емес. Мәселе - басқа мемлекеттің басшысы біздің проблемамызды көрсетіп жатыр. Ал сыртқы саясатта, дипломатияда олай болмайды. Біз бір-бірімізге жақын, бір-бірімізге тәуелді елдерміз. Әсіресе, қырғыздар бізге тәуелді. Өйткені саудасы бізде жүреді, бізде Қырғызстан азаматтары жұмыс істеп жатыр. Сондықтан ойланып айту керек еді", - дейді Қазбек Бейсебаев.

Қазақстандық тәуелсіз журналист Сергей Дуванов та осыған ұқсас пікір білдірген.

"Ол дипломатиялық шектен шығып кетті – мемлекет басшысы достық қарым-қатынастағы көрші елдің жетекшісіне тіл тигізіп, қорлайтын деңгейге түспеуі керек. Бұл жай ғана көргенсіздік емес, бұл кәдуілгі бұзақылыққа жақын нәрсе, ол үшін әлі зардабын тартуға тура келеді. Меніңше, солай болады да, Астана мұны жай қалдырмайды", - деп жазған Дуванов Facebook парақшасында.

Соңғы екі аптадан астам уақыт ішінде қырғыз президенті сайлауына байланысты Бішкек Қазақстанның атына осымен екінші рет сын айтып, оған Астана жауап беріп отыр. Өткен айда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстанның "Республика - Ата-Жұрт" фракциясының басшысы Өмірбек Бабановпен кездесуін Бішкек "Қазақстанның Қырғызстанның ішкі ісіне араласуға тырысуы" деп бағалап, Астанаға наразылық нотасын жолдаған. Қазақстан жағы да Қырғызстанға жауап нота жіберіп, Бішкектің айыптауын жоққа шығарған.

Оқыңыз: Қазақстан мен Қырғызстан нота жазысып жатыр

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG