Accessibility links

Қырғыз президенті сайлауына олигархтардың ықпалы


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қырғызстандағы президент сайлауына трансұлттық корпорациялар ықпал етіп отыр ма? Сайлауға жақын қалған тұста жастар қозғалысының өкілдері сыртқы күштердің ықпалын шектеуді талап етті.

ЖАСТАР ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҮНДЕУІ

"Эл Барс" жастар қозғалысы қырғыз сайлаушыларын ел болашағы үшін дауыстарын сатпауға шақырды. Осы тақырыпта баспасөз жиынын өткізген жас лидерлер Қырғызстандағы сайлауға шетелдік саясаткерлер мен кейбір трансұлттық корпорациялардың ықпал етуіне тойтарыс беру мәселесін көтерді.

Қоғам белсендісі Марат Мамралиев кандидаттарды сыртқы қолдауға сүйенуден бас тартуға шақырды.

- Қырғызстанның тағдыры қырғыз халқының қолында болуы тиіс. Шетелдік саясаткерлер немесе өзге сыртқы күштердің біздің жұмысымызға баға беріп, кандидаттардың біріне қолдау танытуы дұрыс емес. Мұндай әрекеттер кей азаматтарымызға теріс ықпалын тигізуі мүмкін. Сайлауды тыныш өткізу үшін біз президенттікке кандидаттарды шетелден, сыртқы күштерден қолдау іздемеуге, олардан көмек күтуді доғарып, халыққа ғана арқа сүйеуге шақырамыз. Біз ішкі саясатымызға бөтен біреулердің араласуына қарсымыз. Біз кей шенеуніктеріміздің мінберден "тәуелсіз елміз" деп алып, ал өздері сырттан қалай қолдау іздеп, ақыл-кеңес сұрайтынын түсінбейміз, - дейді ол.

Оқыңыз: Қазақстан мен Қырғызстан нота жазысып жатыр

ОЛИГАРХТАР ЫҚПАЛЫ

Бұған дейін кей интернет-сайттар мен әлеуметтік желілерде Ыстықкөл жағалауындағы демалыс үйлерінің бірінде халықаралық деңгейдегі бизнесмендер Алижан Ибрагимов, Александр Машкевич, Патох Шодиев, Мұса Бажаев және өзге де қаржылы адамдар жиналыпты деген ақпарат тараған. Олар кандидаттардың бірін қолдау мәселесін талқылап, ортақ шешім қабылдапты деп хабарланған.

Сарапшылардың пікірінше, Қырғызстанда әлгі миллиардерлердің бәрінің бизнесі бар. Олардың кейбірі қазірдің өзінде Талас облысында, Чаткал және Ала Бұқа аудандарындағы алтын кеніштеріне барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр, ал өзгелері Қырғызстандағы сирек металл қоры бар кеніштердегі барлау жұмыстарын енді ғана бастаған.

Саясаткер Равшан Жээнбеков олигархтардың алдағы сайлауға ықпалы жайлы пікірімен бөлісті.

- Олигархтар үшін Қырғызстандағы бизнесін сақтап қалу өте маңызды. Сондықтан олар өздеріне көбірек кепілдік беретін кандидатты қолдайды. Қазір мықты деген екі кандидат бар, біреуі – билік ұсынған кандидат, екіншісі онымен бәсекелесуге қауқары жететін кандидат. Негізі, Қырғызстанда жұмыс істейтін олигархтардың мүддесін қорғауға екеуі де әзір. Өйткені екеуі де қазіргі жағдай өзгермейді деген белгі беріп жатыр. Сондықтан бұл бағытта әлдебір түбегейлі өзгерістер болуы мүмкін емес. Сайлау ережесі мықтап орнамаған, мемлекеттік басқару институттары әлсіз Қырғызстанда олигархтардың сайлау нәтижесі мен билікке ықпалы күшті болып қала береді, - дейді ол.

Оқыңыз: Президент сайлауында қыза түскен айтыс-тартыс

ЫҚПАЛ ЕТУ ТЕТІКТЕРІ

Арасында Қырғызстан да бар Орталық Азия елдеріне жоғарыда аталған бизнесмендер тобынан бөлек, ресейлік бизнесмен Әлішер Усмановтың тобының да ықпалы бар. Олигархтарды әдетте ірі табыс алуды көздейтін әрі осы мақсатта билік пен ел саясатына ықпал ете білетін бизнесмендер тобы ретінде қарастырады.

Сарапшылардың айтуынша, олигархтар инвестиция салған мемлекеттердің ішінде байып кеткен елдер әлем тарихында сирек кездеседі. Әдетте олар кірісі көп салаларды бақылауына алып, монополия орнатып алады да, бәсекелестерін нарыққа жолатпайды.

Трансұлттық синдикаттар жайлы пікірімен бөліскен журналист-сарапшы Турат Акимов келесі жайттарға тоқталды:

- Бүтін бір елдің ұлттық байлығы шетелдік немесе жергілікті олигархтардың қолына көшкен кезде олигархизм қалыптасады. Бір олигарх бола ма, он әлде жиырма бола ма – ол маңызды емес. Олардың жеке-дара бақылау орнатып, оны өз қалауынша пайдалануы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Африка мен Азияның кей елдері халықаралық масштабтағы олигархтардың уысынан шыға алмай әрі өз күшімен дами алмай келе жатқанына көп жыл болды. Бізде де халықаралық синдикаттар мен олигарх топтар елді әбден жайлап алған кезде мемлекет өз проблемаларын өздігінен шешуге дәрменсіз күйге түсіп, ұлттық байлықты бақылауынан шығарып алуы мүмкін. Мұндай кіріптарлыққа түскен мемлекет олигархтық және мафиялық құрылымдарға тойтарыс бере алмай қалады. Қазір халықаралық олигархтар қорғасын, алтын, күміс және электроникада пайдаланылатын сирек металдарға бай кеніштерімізге көз тігіп отыр. Кейбір алтын кеніштеріне барлау жұмыстарын жүргізу құқығын олар баяғыда алып алған. Енді олар барлау жүргізіліп жатқан жерлердің бәрінде ашылған жаңа кеніштерді бақылауға алуды жоспарлап әрі соған дайындалып жатыр. Сондықтан олар сайлау нәтижелеріне ықпал етіп, өздеріне қолайлы кандидатты әкелуге мүдделі, - дейді ол.

ЕСКІ БАЙЛАНЫСТАР

Орталық Азия олигархтары саналатын Алижан Ибрагимов пен Александр Машкевич – Қырғызстанда туған. Екеуі 1990 жылдары Қазақстанға кетіп қалып, бизнеспен айналысқан әрі "Еуразия қаржы-өнеркәсіптік корпорациясын" құрған.

Олардың бизнес-серігі Патох Шодиев – Өзбекстан тумасы. Ал ресейлік бизнесмен Мұса Бажаев Талас облысындағы Жерүй кенішін игеріп жатқан "Альянс-Алтын" компаниясының иесі.

Қоғам қайраткері Эдил Байсаловтың айтуынша, бұл бизнесмендердің Қырғызстанмен байланысы баяғыдан бар.

- Билікке бәсекелес кандидатпен байланысы бар делінетін бизнесмендер тобы былтыр көшпенділер ойынына келген. Сосын олар президент Алмазбек Атамбаевтың 60 жылдық мерейтойына қатысқан. Ал Машкевич болса, Алмазбек Атамбаевты президенттікке сайлануымен құттықтап, тіпті оған қымбат сағат сыйлаған. Оны көрген куәлер бар. Бірақ Алмазбек Атамбаев сағатты алмай, оны қазір Түркиядағы Қырғызстан елшісі болып жұмыс істейтін Ибрагим Жунусовке берген. Ал Жерүй кеніші Мұса Бажаев пен Алижан Ибрагимовтің қолына Атамбаевтың тұсында өткен. Алижан Ибрагимов Бішкек жылу электр станциясына жыл сайын 20-30 миллион доллардың көмірін жеткізіп тұру келісімін ұтып алған. Енді халықты шетелден келген олигархтар кандидаттардың бірін қолдауды ұйғарды деп қорқыту дұрыс емес. Олар Қырғызстанда баяғыдан бизнес жүргізеді әрі әркезде билікпен тығыз байланыста болған. Атамбаев Қырғызстанды Машкевичке сатып жіберген жоқ қой. Сондықтан қазір неге мұндай мәселе көтеріп жатқандарын түсінбеймін, - дейді ол.

Бұған дейін интернетте президенттікке үміткерлердің бірін қаржылай қолдау үшін Қырғызстанға барған бір топ олигарх егер демеу көрсеткен кандидат сайлауда жеңіске жетсе, Қырғызстанның ұлттық байлықтарын бөлісіп алады деген қауіптер айтылған.

(Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісіКубанычбек Жолдошевтің мақаласы орысшадан аударылды.)

XS
SM
MD
LG