Accessibility links

Қырғызстан сайлауына көлеңке түсірген кек алу


Омурбек Текебаев (сол жақта), оппозициялық "Ата Мекен" партиясының жетекшісі және Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан президенті
Омурбек Текебаев (сол жақта), оппозициялық "Ата Мекен" партиясының жетекшісі және Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан президенті

Қырғызстандағы оппозициялық "Ата Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаевтың елде өтетін президент сайлауы қарсаңында сотталуы Орталық Азиядағы "демократия аралының" беделіне нұқсан келтіргендей.

Тамыздың 16-сы күні "жемқорлық" айыбымен сегіз жылға сотталған Омурбек Текебаев биыл күзде Қырғызстанда өткелі жатқан президент сайлауына қатыспақ болған. Текебаевтың сайлауға қатысса, жеңіп шығуы да екіталай еді. Сол себепті оның "пара алу" айыбымен түрме жазасына кесілуін түсіну де қиын. Әсіресе бұл қылмыстық істі "саяси қудалау" деп сипаттап жатқан шақта.

Президент Алмазбек Атамбаев конституцияға сәйкес соңғы мерзімін аяқтап, биыл биліктен кетуі тиіс. Сондықтан Қырғызстанда өтетін президент сайлауы тек осы ел үшін емес, тұтас Орталық Азия үшін маңызды оқиғаға айналғалы тұр. Аймақтың тәуелсіз тарихында бірінші рет заңды түрде сайланған президент өкілетін дүние салмай тұрып, төңкеріске ұшырамай тұрып, өз еркімен тапсырып бермекші.

Атамбаев 2011 жылы президент сайлауында жеңіп шығып, уақытша президент өкілетін атқарған Роза Отунбаевадан билікті қабылдап алған еді. Бірақ ол жолғы сайлау мерзімінен бұрын өткен. 2010 жылы бұрынғы президент Құрманбек Бакиевті биліктен тайдырған революцияның салдары болатын. Атамбаев та, Текебаев та Отунбаева басқарған өтпелі үкіметке кірген. Екеуі тым жақын болмаса да, 2016 жылға дейін қатты жауласып та көрмеген. Былтыр Атамбаев 2010 жылы бекітілген конституцияға өзгеріс енгізу туралы айта бастағанда бұл құжатты жасаушылардың бірі болған Текебаев 2020 жылға дейін толықтыру енгізілмесін деп қарсы шыққан.

ВИДЕО: Атамбаевтың мәлімдемелері

Атамбаевтың мәлімдемелері
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:12 0:00

Атамбаев конституцияны өзгерту бойынша 2016 жылғы желтоқсанның 11-інде референдум өткізуге күш салған. Солайша Текебаев екеуінің арасы бұзылған. Текебаев Атамбаевтың конституцияны өзгертудегі мүддесі туралы сан-саққа жүгірген пікір айтып, жеке дәулеті туралы сөз қозғаған.

Атамбаев саясатқа араласқанға дейін кәсіпкер болған. Текебаев президенттің бизнес байланыстарын тексеру туралы айта бастаған. Ақпан айында оппозициялық саясаткер президенттің Түркиядағы капиталы туралы ақпарат жинау үшін шетке аттанған. Ақпанның 26-сында Бішкекке қайтып оралған бетте саясаткерді қауіпсіздік қызметі қамауға алып, абақтысына жапқан. Текебаев Атамбаевтың заңсыз қаржылық іс-әрекеттері туралы айғақ тапқанын мәлімдеген.

Бішкектегі Түркия елшілігі Текебаевтың алып келген құжаттарын "жалған" деп шықты. Кейін билік керісінше Текебаевтың өз үстінен "қаржылық алаяқтық жасау" айыбы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Леонид Маевский атты ресейлік бизнесмен 2017 жылдың басында интернетте видео жариялап, Текебаевты өзінен "1 миллион АҚШ долларын алаяқтық жасап алдап әкетті" деп айыптады. Маевскийдің сөзінше, Текебаев Қырғызстандағы ең ірі мобильдік байланыс операторы MegaCom компаниясының үлесін әпермек болған.

Маевскийдің алты жыл бұрынғы дауды дәл биылғы сайлау алдында қозғап, прокурорлардың Омурбек Текебаев пен "Ата Мекен" партиясының және бір мүшесі Қырғызстанның Оңтүстік Кореядағы бұрынғы елшісі, бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Дуйшенкул Чотоновты тексере жөнелуі күдік туғызды.

Бірнеше айға созылған сот процесі тамыздың 16-сында біткен.

Тергеу амалдары кезінде айғақтың аз болғаны көрінді. Бір отырыста Маевский айыптауларына дәлел болатын құжаттардың кеңсесінде өрт шыққан кезде қосылған су шашқыштан бүлініп қалғанын айтты.

ВИДЕО: Омурбек Текебаев: "Жаңа саяси мәдениет қалыптастырмақ болдық"

Омурбек Текебаев: Жаңа саяси мәдениет қалыптастырмақ болдық
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

Кейбір сарапшылар Текебаевтың қамалуын қызуқанды саясаткердің тілеп алған жазасы деп санайды. Ол 1980 жылдары советтік Қырғызстанда саяси белсенді ретінде көзге түскен.Физика пәнінің мұғалімі оңтүстік аймақтағы Базар-Коргон ауданында балаларды мақта теруге жіберуге қарсы шығып, әлеуметтік белсенді ретінде танылған.

1990 жылдардың басында ҚырғызССР-і Жоғарғы кеңесінің жетекшілігіне дейін өсіп, 1992 жылы "Ата Мекен" партиясын құрған.

Текебаев 1995 және 2000 жылдары президент сайлауына қатысып жеңіліп қалған. 2005 жылы парламент спикері болып сайланып, президент Бакиевтің басты сыншыларының бірі ретінде көзге түскен. Текебаев Атамбаевқа қатысты да "компромат" іздеуін тоқтатпас еді, көпшіліктің оны "саяси қудалауға ұшырады" деп сипаттауы да содан.

Текебаевтың үкімі де ерекше. Бішкектегі Бірінші май аудандық соты оны сегіз жылға соттап, түрмеден шыққасын үш жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салды. Демек ол 2023 жылғы сайлауға қатыса алмайды. Ал 2029 жылғы сайлау кезінде жасы 70-тен асып кетеді.

"Ата Мекеннің" де басына бұлт үйірілгендей. Маусым айында бекітілген сайлау туралы заңға жасалған өзгеріс бойынша парламентке сайлаушылардың бұрынғыдай жеті емес, тоғыз пайыз дауысын алған партиялар ғана кіреді. Ал 2015 жылғы парламент сайлауында "Ата Мекен" 7.72 пайыз қолдауға ие болған. Текебаев пен Чотонов сотталып, тағы бірнеше мүшесінің үстінен іс қозғалып жатқан "Ата Мекен" партиясының 2020 жылғы парламент сайлауында көрсеткіші жақсара қоймас.

Текебаевтың қамалуы президент Атамбаевтың күпті көңілін жайландыратын шығар. Енді биліктен кеткен соң әлдекім жеке дәулеті туралы ыңғайсыз сауал қоя бермес. Бірақ Текебаевтың түрмеге жабылуы 2017 жылғы президент сайлауына қатысы бар оқиға сияқты сипаттала береді. Сол себепті бұл жайт Бішкектің әділ де ашық сайлау өткізу туралы, демократия жолымен алға басу туралы мәлімдемелеріне көлеңке түсіріп тұр.

XS
SM
MD
LG