Accessibility links

"Атамбаевтың саясаты ендігі сайлауға да әсер етпекші"


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (оң жақта) конституциялық өзгертулерге қатысты референдум мен жергілікті кеңеш сайлауына дауыс беріп тұр. Бішкек, 11 желтоқсан 2016 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (оң жақта) конституциялық өзгертулерге қатысты референдум мен жергілікті кеңеш сайлауына дауыс беріп тұр. Бішкек, 11 желтоқсан 2016 жыл.

Қырғызстанда қазан айында өтетін президент сайлауына кандидат ұсыну аяқталуына санаулы күн қалды. Осы жолғы сайлау үрдісінің ерекшелігі қандай, кандидаттыққа ұсынылғандардың құрамы нені білдіреді?

Шілденің 30-ындағы мәлімет бойынша, Қырғызстан президенті сайлауына кандидат ретінде қатысуға өтініш берген азаматтардың саны 51 адамға жеткен. Олардың арасында саясаткерлер, бизнесмендер, зейнеткерлер, сонымен бірге ресми түрде жұмыссыз болып тіркелгендер бар.

Қырғызстандағы сайлау қалай өтпек?
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:14 0:00

Қырғызстанда президент сайлауы биыл 15 қазанда өтеді. Қазіргі президент Алмазбек Атамбаевтың қызмет өкілетінің мерзімі 1 желтоқсанда аяқталады. Президенті алты жылдық жалғыз мерзімге сайланатын Қырғызстанда заң бойынша президент сайлауы қарашаның үшінші жексенбісінде өтуі керек болған. Бірақ ел парламенті сайлаудың екінші турға созылуы ықтималдығын ескеріп, оны ертерек өткізуге себепші болып отыр. Қазір президенттікке кандидаттарды тіркеу жалғасып жатыр. Тамыздың 1-і күні кандидаттарды ұсыну аяқталып, 10 қыркүйекте нақты кандидаттар айқындалады. 2011 жылғы сайлауда президенттікке кандидат болуға ниет білдіргендер саны 80 адамға жеткен. Кандидаттыққа ұсынылғандардың құрамында соты жүріп жатқан, қазіргі президент Алмазбек Атамбаевтың саяси қарсыласы, бұрынғы президент Асқар Ақаевпен бірге екі рет президенттік сайлауға түскен оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаев және Садыр Жапаров тәрізді тұлғалар да бар. Олардың сайлауға түсуі күмәнді. Сотты болып, айыппұл төлеу мерзімі сайлаудан кейін аяқталатын бұрынғы депутат Ахматбек Келдібековтің де жағдайы осындай.

Орталық Азиядағы қауіпсіздік және саясат бойынша сарапшы Әлкей Марғұлан. Жеке мұрағаттағы сурет.
Орталық Азиядағы қауіпсіздік және саясат бойынша сарапшы Әлкей Марғұлан. Жеке мұрағаттағы сурет.

Орталық Азиядағы қауіпсіздік және саясат бойынша сарапшы Әлкей Марғұлан биылғы Қырғызстан президенті сайлауы туралы Азаттыққа сұхбат берді.

Азаттық: - Қырғызстан президенті сайлауына кандидаттыққа кандидаттардың көп болуы нені байқатады?

Әлкей Марғұлан: - Бұл – Қырғызстанда саяси демократиялық үрдістердің озық түрде дамығанын көрсетеді. Көпке мәлім, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Еуропа Одағы Қырғызстанды Орталық Азиядағы «демократия аралы» деп бағалаған. Тәуелсіздік алғанына 25 жылдан асқанда Орталық Азия елдерінің ішінде Қырғызстан - демократиялық ашықтық және сайлау процесіндегі әралуандықпен ерекшеленетін елге айналып отыр. Аймақтағы көрші елдерімен салыстырғанда Қырғызстанның соңғы 15 жыл ішіндегі жағдайы айрықша болып қалыптасты.

Мемлекеттік құрылысына қарайтын болсақ, Қырғызстан 2010 жылы қабылданған конституция бойынша парламенттік-президенттік ел. 2010 жылғы революциядан кейін билікке қазіргі президент Алмазбек Атамбаев келді. Оған дейін ел басқарған Құрманбек Бәкиевтің тұсында супер-президенттік басқару өзінің шарықтау деңгейіне жеткен еді. Халық наразылығынан кейін президенттік билікті әлсіретіп, парламенттік-президенттік билік орнықты. Бұл парламентке көбірек өкілеттік беру мүмкіндігін қалыптастырды.

Қырғызстан премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков (солдан оңға), ел президенті Алмазбек Атамбаев және президент кеңсесінің басшысы Сапар Исаков.
Қырғызстан премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков (солдан оңға), ел президенті Алмазбек Атамбаев және президент кеңсесінің басшысы Сапар Исаков.

Алайда Атамбаев билік құрған соңғы алты жыл ішінде елде президенттік басқарудың күшейгенін байқап отырмыз. Қазір Қырғызстанда биліктегі социал-демократиялық партияның атынан сайлауға премьер-министр Сооронбай Жээнбековтің ұсынылуы – Атамбаевтың белгілі бір дәрежеде өзінің ізбасарын әзірлегенін көрсетеді.

Азаттық: - Қырғызстандағы сайлау процесінің аймақтағы немесе аймаққа жақын өзге елдердегі сайлау процесімен ұқсастығы бар ма?

Әлкей Марғұлан: - Бұл жерде мынандай бір мәселе бар. Орталық Азияның басқа да елдерінде Қырғызстандағыдай болмаса да, кандидаттардың номиналды түрде көп болуы кездесіп тұрады. Бұл әдетте саяси институттардың оң бағасын алуды көздеу үшін жасалады. Ал Қырғызстандағы кандидат ретінде ұсынылып жатқан елеулі тұлғалар бизнес ортасынан, немесе бұрынғы-қазіргі премьер-министрлер арасынан шығып отыр.

Азаттық: - Кандидаттыққа кандидаттардың құрамын қалай бағалайсыз? Олардың арасында шынайы кандидаттары қаншалықты?

Президент сайлауына түсіп жатқан Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Омурбек Бабанов.
Президент сайлауына түсіп жатқан Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Омурбек Бабанов.

Әлкей Марғұлан: - Президент сайлауы саяси политтехнологияға негізделген ойын болғандықтан, түбінде негізгі кандидаттардың саны шектеулі болып қалады. Кезінде атқарушы билікте болған Темір Сариев пен Омурбек Бабановты ерекше атап өтуге болады. Олар Қырғызстанның солтүстік аймақтарынан шыққан. Сонымен қатар олар - Ресей және Қытай тәрізді аймақтық державалар элитасымен байланыс қалыптастырып үлгерген ойыншылар.

Социал-демократиялық партияның өкілі, елдің қазіргі премьер-министрі Сооронбай Жээнбековті де атауға болады. Түбінде 3-4 кандидат қана президент сайлауына жолдама алатын шығар. Қалғандары белгілі бір деңгейде атын таныту үшін тіркелген болуы мүмкін. Мәселен, елде миноритарлық парламенттік жүйе болғаннан кейін кейбір кандидаттар болашақ парламенттік сайлауға партияларын өткізуді көздейді. Сол үшін де олар негізгі платформа қалыптастыру жұмыстарымен айналысатын секілді.

Азаттық: - Президент сайлауы кандидаттығына ұсынылып жатқандар құрамының осылай қалыптасуына әсер еткен фактор ретінде нені атай аласыз?

Әлкей Марғұлан: - Оны президент Алмазбек Атамбаев әкімшілігінің жүргізген саясатымен байланыстыра аламыз. Себебі, соңғы жылдары сыртқы экономикалық саясатта Қырғызстан Еуропадан алыстап, Ресеймен жақындасу процесін өткерді. Бұл – тиісінше ұлттық мүддеге сай саясат жүргізуіміз керек деген топтарды да оятты.

Президент сайлауына «Ақ Шумкар» партиясының атынан түсіп жатқан Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Темир Сариев.
Президент сайлауына «Ақ Шумкар» партиясының атынан түсіп жатқан Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Темир Сариев.

Кезінде Темір Сариев премьер болып тұрған тұста, 2015 жылы Қырғызстан Еуразия экономикалық одағына мүшелікке өтті. Қырғызстан сол кезде бұл одақтан көп преференция күткен болатын.

Бірақ шындық басқаша болып шықты. Қырғызстанның одақтан күткен үміті ақталған жоқ деуге болады. Қазір Қырғызстанның сыртқы сауда-экономикалық қатынасында Қытайдың рөлі күшейе бастады. Бұл өзін кандидат ретінде ұсынған Омурбек Бабановтың позициясын нығайта түседі.

Азаттық: - Яғни, уақыт осындай кандидаттардың пайдасына жұмыс істеп жатыр ма?

Әлкей Марғұлан: - Ия, осылай деп пайымдауға болады. Қырғызстан өзіне саяси, экономикалық қолайлы жағдай қалыптасса, бүгін берген сөзінен ертең бас тартуы мүмкін. Орталық Азиядағы елдердің ішінде Қырғызстанның осындай ерекше сипаты қалыптасқан.

Азаттық: - Қырғызстанды Орталық Азиядан ерекшелеп тұрған тағы бір жайт – уақытша үкімет болса да бұл елді әйел президент Роза Отунбаева тәрізді саясаткер басқарған кезі болды. Осы жолғы сайлауға да бірнеше әйел кандидаттыққа ұсынылып отыр. Ал сайлауда әйел кандидаттардың мүмкіндігі қаншалықты деп ойлайсыз?

Қырғызстан экс-президенті Роза Отунбаева (сол жақта) қамауда отырған оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаевпен сот залында сөйлесіп тұр. Бішкек, 22 маусым 2017 жыл.
Қырғызстан экс-президенті Роза Отунбаева (сол жақта) қамауда отырған оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаевпен сот залында сөйлесіп тұр. Бішкек, 22 маусым 2017 жыл.

Әлкей Марғұлан: - Қырғызстанның бұрынғы президенті, 2010-2011 жылдары транзиттік билікті басқарған Роза Отунбаева - ұзақ мерзімге билікте отыруды көздемеген саясаткер. Ол өзінің саяси, дипломатиялық тәжірибесін елде бейбітшілік қалыптастыру, жаңа конституцияны қабылдау және билікті өзінен кейінгі ізбасарына тапсыруға бағыттай білді.

Ал Орталық Азияда әйел президент мәселесіне шынайы тұрғыдан қарайтын болсақ, аймақта белгілі бір стереотиптік көзқарас бар. Әйел адам президент бола алады дегенге дейін Орталық Азия елдері белгілі бір кезеңдерден өтуі керек болады.

Азаттық: - Қырғызстанда 10 қыркүйекте ғана президенттікке кандидаттардың соңғы тізімі бекітілмек. Одан кейінгі сайлау науқаны қалай өтуі мүмкін?

Әлкей Марғұлан: - Иә, соңғы тізімде нақты кандидаттар саны іріктеліп, бірнеше адамнан аспайтын сияқты. Оның ішінде негізгі екі кандидаттың арасында үлкен тартыс болады деп ойлаймын.

Азаттық: - Негізгі кандидаттар ретінде Жээнбеков пен Бабановты меңзеп отырсыз ба?

Әлкей Марғұлан: - Иә. Оның бірі - қазір қалыптасқан жүйенің мұрагері. Екіншісі – өзін мемлекетті басқару тәжірибесімен қоса экономика мен бизнесті де білетін тұлға ретінде танытып жүр. Қырғызстанда әдетте саяси билік үшін негізгі тартыс солтүстіктен шыққандар мен оңтүстіктен шыққан арасында өрбиді.

Қазір жарияланып жатқан саяси зерттеу орталықтары мен сарапшылардың пікіріне қарайтын болсақ, кандидаттар оңтүстіктегі сайлаушыларға қатты ықпал етуге тырысатын сияқты. Осы жолғы Қырғызстандағы президент сайлауында интернет пен әлеуметтік желінің ықпалын жоққа шығара алмаймыз. Елдегі бұрынғы сайлау тұрақтылықты қалыптастыру үшін өткізілсе, қазірі сайлау ашық және үлкен бәсекелестік шеңберінде өткелі жатыр. Барлық кандидаттар саяси-коммуникативтік технологияны пайдаланады.

Азаттық: - Әкімшілік ресурс Орталық Азиядағы сайлаулардың негізгі құралы болып келе жатыр ғой. Оның Қырғызстан президенті сайлауындағы орны қандай болады деп ойлайсыз?

Әлкей Марғұлан: - Өзімнің жеке пікірім ретінде айтар болсам, Қырғызстандағы әкімшілік ресурс бұл жолы қазіргі премьер-министр, президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Сооронбай Жээнбеков үшін жұмыс істейді. Бірақ басқа кандидаттар жаңа саяси технологияны, жаңа саяси медианы пайдалану арқылы да мүмкіндікке ие.

Азаттық: - Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG