Accessibility links

Қырғызстанда президент сайлауы өтті


Қырғызстан президент сайлауында дауыс беріп жатқан азаматтар. Бішкек, 15 қазан 2017 жыл.

Қырғызстандағы 3 миллионнан астам дауыс берушінің басым бөлігі сайлауда таңдауларын жасады. Алдын-ала нәтиже бойынша Сооронбай Жээнбеков алда келеді.

1991 жылы Совет Одағы ыдырағаннан кейін пайда болған бұл тәуелсіз республикада 2017 жылғы қазанның 15-і күні өтіп жатқан сайлау тыныш аяқталса, жоғарғы биліктің бейбіт түрде ауысуы іске аспақ.

Алайда сайлау науқаны кезінде бәсекелестер бірін-бірі "әкімшілік ресурстарды" пайдаланды, лас тәсілдерге жүгінді деп айыптаған. Постсоветтік аймақта "демократия аралы" атанып кеткен бұл елде сайлаулар қатты бәсекемен өтіп, кейде тіпті толқуларға ұласып жатады.

Сайлау науқаны кезінде биліктен кетіп бара жатқан президент Алмазбек Атамбаев «Еркіндікті сүйетін адамдармен мақтанамын. Өткен 12 жылда ол адамдар диктаторлық режимдерге қарсы екі ұлттық революция жасап, Қырғызстанда билік халық қолында екенін көрсетті" деген.

Қазанның 15-індегі президент сайлауына жиыны 11 кандидат қатысты. Олар конституциялық мерзімі біткен Алмазбек Атамбаевтың орнын басуға ұмтылды.

Әуелде президент сайлауына қатысу ниетін білдірген 59 адамнан арыз түскен. Бірақ Қырғызстан орталық сайлау комиссиясы 13 кандидатты ресми тіркеп, есімдерін сайлау бюллетеніне енгізді. Сайлау бюллетініндегі ерекшелік - сайлаушы "бәріне қарсымын" деген пунктті де белгілей алады. Бұл жолы дауыс бергендердің 0,67 пайызы ғана барлық кандидатқа қарсы шыққан.

Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы жариялаған алдын-ала нәтижелер бойынша, 1 482 891 сайлаушының дауысы есептеліп болды. Ресми ақпаратқа сәйкес кандидаттардың ішінде ең көп дауыс жинаған төрттікті 54,04 пайыз қолдауға ие болған Сооронбай Жээнбеков бастап тұр. Екінші орында - сайлаушылардың 33,65 пайыз дауысын алған Өмірбек Бабанов. Оппозициялық саясаткер Адахан Мадумаров - 6,54 пайыз көрсеткішпен үшінші орында. Төртінші нәтиже иеленген Темир Сариевтің еншісінде 2,5 пайыз дауыс бар. Мадумаровтан басқа қалған үш кандидат кезінде премьер-министр қызметін атқарған.

Қырғызстанның заңы бойынша президент сайлауының алғашқы турында сайлаушылардың жартысынан астамының дауысын алған кандидат бірден жеңімпаз деп жарияланады.

Жээнбеков Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош облысында 72,3 пайыз дауыс жинаса, оның басты қарсыласы Бабанов солтүстіктегі Талас облысында 85 пайыз қолдауға ие болған.

13 КАНДИДАТ ҚАЛАЙ 11-ГЕ АЗАЙДЫ

Қырғызстандағы президент сайлауына іс жүзінде 11 кандидат түсіп жатыр. Ресми тіркелген 13 кандидаттың үшеуі бюллетеньдер басылып, елдегі сайлау учаскелеріне таратылғаннан кейін кандидатураларын алып тастады. Олар: «Ата-Журт» партиясының тең төрағасы Камчыбек Ташиев (ол Сооронбай Жээнбековті қолдайтынын айтып, сайлаушыларын дауыстарын соған беруге шақырды). Мұнан соң «Онугуу-Прогресс» партиясының лидері Бакыт Торобаев сайлаушыларын Омурбек Бабановқа дауыс беруге шақырып, өз кандидатурасын алып тастайтынын мәлімдеді.

Сайлау бюллетенін алып жатқан сайлаушы. Қырғызстан, Бішкек, 15 қазан 2017 жыл.
Сайлау бюллетенін алып жатқан сайлаушы. Қырғызстан, Бішкек, 15 қазан 2017 жыл.

Қоғам қайраткері Азимбек Бекназаров та сайлауға үш күн қалғанда өзінің кандидатурасын қайтарып алған. Сарапшылар негізгі бәсеке үш кандидат - Омурбек Бабанов, Темир Сариев және Сооронбай Жээнбековтің арасында болады деп болжайды. Үшеуі де Атамбаев тұсында премьер-министр қызметін атқарған.

САЙЛАУ ҚАЛАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН?

Қырғызстанда өтіп жатқан президент сайлауында 3 миллион 25 мың 768 сайлаушы дауыс береді. Олардың дауыс беруіне жағдай жасау мақсатында елде 2375 сайлау учаскелері құрылған. Одан бөлек, шетелдерде жүрген 18 мыңнан астам қырғыз азаматы үшін Ресейдің алты қаласында, Германияның үш қаласында, Қазақстанда, Түркияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде (бұл елдердің екі қалаларында) сайлау учаскелері ашылды.

Қырғызстандағы президент сайлауын 58 елден келген 700-ден астам өкіл бақылады. Ал сайлау барысы жайында жергілікті ақпарат құралдарынан өзге, 35 елден келген БАҚ өкілдері хабар таратты.

Қырғызстандағы президент сайлауындағы бақылаушылар. Бішкек, 15 қазан 2017 жыл.
Қырғызстандағы президент сайлауындағы бақылаушылар. Бішкек, 15 қазан 2017 жыл.

Қазақстан Қырғызстан сайлауын жеке мемлекет ретінде бақылаудан бас тартты. Қазанның 13-і күні Қазақстан орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәлімдемесі жарияланды. Онда "Қазақстан ОСК-сі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың таяуда жасаған мәлімдемесін ескеріп, 2017 жылы қазанның 15-і өтетін Қырғызстан президенті сайлауына бақылау жасаудан бас тартты" деп жазылған.

Алайда Қырғызстандағы президент сайлауына ТМД миссиясының, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқығы бюросының, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің, ТМД және түркі тілдес мемлекеттер парламенттік ассамблеяларының құрамында бақылау жасауға қазақстандық 46 бақылаушы жіберілгені айтылады.

ҚАЗАҚ ПЕН ҚЫРҒЫЗ БИЛІКТЕРІНІҢ ДАУЫ

Сайлау алдында Қырғызстанның кетіп бара жатқан президенті Алмазбек Атамбаев "Қазақстан билігі елдегі сайлауға ықпал етуге тырысып жатыр" деп мәлімдеп, Қазақстан билігін сынаған еді.

ВИДЕО: Атамбаевтың Қазақстан билігін сынаған сөзі (8 қазан 2017 жыл):

​Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан билігіне қарсы Атамбаевтың мәлімдемелерін «жауапсыздық» деп атап, қырғыз президентінің «сайлау қарсаңында жасаған» мәлімдемелері «екі елдің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достығына сызат түсірмеуі керек» деп мәлімдеген. Сағынтаев Қырғызстанның авто және теміржолдары Қазақстан арқылы өтетінін айтып, осы уақытқа дейін Қазақстан оларды жаппағанын ескерткен.

Атамбаевтың Қазақстан билігіне қарсы мәлімдемелерінен кейін, яғни осы аптаның басында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өткізу пункттерінде ұзын сонар кезек пайда болып, екі елдің азаматтарына шекарадан Қазақстанға өту қиындады. Шекарадағы тексеру амалдарын Қазақстан күшейткен.

Оқи отырыңыз: Қазақ-қырғыз шекарасына барған тілшінің көргені

Қырғызстан шекара қызметі Қазақстан шекарасынан өтудің жеңілдей бастағанын қазанның 13-і мәлімдегенімен, ертеңінде қырғыз-қазақ шекарасында жағдай өзгермегені туралы қайта хабарлады.

ВИДЕО: Қазақ-қырғыз шекарасындағы шырғалаң (12 қазан)

Осы күндері қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал жайында Атамбаев та қайыра мәлімдеме жасап, Қазақстанның "негізгі кандидаттардың бірі, Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Омурбек Бабановты қолдап отырғанын" айтып, "бізді ақшамен сатып ала алмағаннан кейін, қорқыта" бастады" деп шекарадағы ахуалды меңзеген. Атамбаев "Үш мың жылдық тарихы бар қырғыз халқы үшкүндік блокададан қорықпайды, оған [себеп болған адамға] дауыс бермейді" деп мәлімдеген. Атамбаев президент сайлауындағы кандидат Сооронбай Жээнбековті қолдайтынын білдіріп келеді. Ал Бабановтың сайлау штабы Атамбаевтың бұл сөздерін «шабуыл» деп атап, оны қандай да бір кандидатты қолдайтынын ашық білдірмеуге шақырды.

Оқи отырыңыз: Қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал үкіметтердің салғыласуына ұласты

Қазанның 12-сі күні Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Қырғызстанмен шекарадағы жағдайға қатысты түсінік беріп, "мемлекеттік шекара бойында, оның ішінде Қырғызстанмен шекарада жоспарлы шекара операциясы жүргізіліп жатқанын" хабарлаған болатын. Қазанның 13-і күні ҰҚК қазақ-қырғыз шекарасының "жабылғаны" туралы ақпаратты терістеп, екі ел шекарасынан өткен адам саны "азаймағанын" мәлімдеді.

Қырғызстандағы президент сайлауы жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат сегізде аяқталды. Түпкілікті нәтиже Азаттық сайтында бірден жарияланады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG