Accessibility links

ҰҚК "Қырғызстанмен шекара жабылғанын" жоққа шығарды


Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы өткізу бекетінде кезекте тұрған адамдар. 12 қазан 2017 жыл.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Қазақстан мен Қырғызстан шекарасының "жабылғаны" туралы ақпаратты терістеп, екі ел шекарасынан өткен адам саны "азаймағанын" мәлімдеді. 12 қазан күні кешке жарияланған хабарламасында ҰҚК сонымен қатар елге "қылмыстық элементтерді өткізбеудің "қосымша шаралары" қабылданғаны туралы да ескертеді.

"Қырғыз билігінің сайлау күні қылмыстық элементтердің тартылатын жаппай тәртіпсіздік дайындалып жатқаны туралы мәлімдемесін ескере отырып, ҰҚК шекара қызметі Қазақстан территориясына қылмыстық элементтердің еніп кетуін болдырмаудың қосымша шараларын қабылдайды" делінген комитет мәлімдемесінде. ҰҚК нақты қандай шаралар қабылдап жатқаны жайлы айтпаған.

ҰҚК Қырғызстанмен шекарадан өтетін азаматтарды, көліктерді, жүк пен тауарды тексерудің күшейтілгенін 11 қазанда хабарлаған. 10 қазанда БАҚ-та екі ел шекарасының тексеру және өткізу бекетінде үлкен кезек пайда болғаны туралы хабарланған. ҰҚК тексеріс мемлекеттік шекарада жоспарлы шекара операциясы басталғандықтан күшейтілгенін мәлімдеген.

Комитеттің 12 қазан күні кешке жариялаған ақпаратында 10-11 қазан күндері Қырғызстанға қарай 18680 адам, Қазақстанға 14867 адам өткені, мұның "осы уақыттағы орташа статистикалық мәліметтерге сай келетіні" айтылады. Ресми ақпаратта сонымен қатар ондаған адамның "шекара режимін бұзғаны", олардың арасында Қырғызстан азаматтары да бары, "оқ-дәрі алып өту" әрекетінің жолы кесілгені де айтылады.

ВИДЕО: Қазақ-қырғыз шекарасындағы шырғалаң (12.10.2017)

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG