Accessibility links

Қазақ-қырғыз шекарасына барған тілшінің көргені


Қордай кеден бекетіндегі блокпостта тұрған қарулы жауынгерлер. Жамбыл облысы, 11 қазан 2017 жыл. (Азаттық видеосынан алынған скриншот)
Қордай кеден бекетіндегі блокпостта тұрған қарулы жауынгерлер. Жамбыл облысы, 11 қазан 2017 жыл. (Азаттық видеосынан алынған скриншот)

Кейінгі екі күнде Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өткізу пункттерінде ұзын сонар кезек пайда болып, шекарадан өтудің қиындағаны туралы ақпараттар көбейді. Осыған байланысты Азаттық тілшісі Жамбыл облысындағы Қордай шекара бекетіне барып, жағдайды көріп қайтты.

Әлеуметтік желіде қазанның 10-ынан бастап қазақ-қырғыз шекарасындағы ұзын сонар кезек, шекарадан көп сағаттар бойы өте алмай тұрған жұрттың шағымы түсірілген бірнеше видеолар жарияланды. Олардың кейбірінде наразы жұрт «Қырғызстан президенті Алмасбек Атамбаевтың Қазақстан билігін сынаған сөздері осындай орынсыз тартысқа себеп болды» деген болжамдар жасаған.

Оқи отырыңыз: Қазақ-қырғыз шекарасындағы түнгі кезекті сан-саққа жүгіртті

«ҚОРДАЙДАҒЫ БЛОКПОСТ»

Азаттық түсіру тобы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Қордай шекара бекетіне 2017 жылы қазанның 11-і күні түс қайта, сағат үш жарым кезінде жетті. Қордай бекеті орналасқан Жамбыл облысындағы Қордай кентіне кіреберіс күре жол бойында ары-бері өткен көліктерді тоқтатып, тексеріп тұрған, автоматты қару асынған жауынгерлер көзге түсті. Олар көбіне Қордай кентінен шығып келе жатқан көліктерді тоқтататыны байқалды. Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында әрі-бері өту аяқ астынан қиындап кеткені туралы ақпараттармен таныс біз дереу тоқтап, мән-жайды әскерилерден сұрап білгіміз келген.

Алайда әскерилердің журналистермен сөйлескісі келмейтіні, тіпті қолымыздағы құрал-жабдықтарды тексереміз деп әбігерге салуы мүмкін екені аңғарылған соң ол жерге бөгелмедік.

Қордай шекара бекетіндегі блокпостта тұрған жауынгер. Жамбыл облысы, 11 қазан 2017 жыл.
Қордай шекара бекетіндегі блокпостта тұрған жауынгер. Жамбыл облысы, 11 қазан 2017 жыл.

Қордай кентінің орталық көшесінің соңғы жағында Қордай бекетіне 200 метр жетпей әскери блокпост тұрғанын көрдік. Кеденге қарай өткен көліктерді тексеріп тұрған, бастан аяқ қаруланған арнайы жасақ жауынгерлері сұсты көрінеді. Шекара бекетіне жетпей блокпост қойылғаннан оның алдындағы бұрынғы көрініс өзгерген. Бұрын өткізу пунктінің алдына дейін келетін көліктер блокпосттан қайтып жатты. Ол көліктердің көпшілігі Қордай бекетіне дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен жолаушы таситын таксилер екені байқалды.

Көліктен түсісімен төңіректе жүргендерден блокпост не үшін қойылғанын сұрай бастадық. Әдетте сөзшең такси жүргізушілерінің көбі ештеңе білмеймін деп қашқақтаса, біз кетісімен сыртымыздан «соны да білмейсіңдер ме?» деп күле дауыстап жатты. Дегенмен бірнеше адам камера, микрофонсыз сөйлеуге зорға келісті. Олардың сөзінше Қордай бекетінің алдындағы күнделікті жүріс-тұрыс қазанның 10-ы күні кешке өзгере бастаған. Блокпост қойылғаннан кейін өткізу пункті айналасындағы қимыл-қозғалыс та өзгеріп, келген көліктер Қордай кентінің көшелерін жағалап тұра бастаған.

Аты-жөнін атағысы келмеген жолаушының бірі «Өткенде Қырғызстан президенті Атамбаев Қазақстан президенті Назарбаевты сынапты, содан кейін Қырғызстаннан келетіндерді шекарадан өткізбей жатыр екен» деген болжамын айтты.

Бізбен сөйлескен жергілікті тұрғындар «кеденнің ішіне барсаңдар қым-қуыт оқиғаны көресіңдер» деп жөн сілтеді. Бірақ бізді ол жаққа блокпостта тұрған жауынгерлер өткізбеді. Сұсты жасаөқ өкілдері өткізбеулерінің себебін де түсіндірмеді, түсіндіре алатын басшыларын да шақырмады.

ВИДЕО: Азаттық тілшісінің Қордайдан берген видеосюжеті (11 қазан):

Азаттық тілшісінің Қордайдан жасаған репортажы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:36 0:00

«АБЫРЖУ»

Блокпост алдында бір сағаттай тұрғанымызда Қырғызстаннан Қазақстанға өткен жеңіл көлік те, автобус та байқалмады. Оның есесіне шекараның арғы бетінде көліктен түсіп жаяу өтіп жатқан бірнеше жолаушыны кездестірдік. Өткізу пунктінен ауыр сөмке көтеріп келе жатқандың көбінің қабақтары қатулы. Ашулы кейіпте бізге айғайлап кеткендері де болды.

- Шекараның арғы бетінде Қазақстанға өте алмай тұрған адамдар өте көп. Үш-төрт сағат тұрып Қазақстанның паспорт тексеру пунктіне жетсек, еш кезек жоқ. Қазақстан шекарашылары жұртты әуре-сарсаңға әдейі салып тұр, - деді қазақ тілінде сөйлеген бір жолаушы.

Кедендегі ұзын сонар кезектен талас-тартыспен өтіп, етек-жеңін жинап, киімін ретке келтіріп жатқан бір топ жолаушы Түркістан қаласынан коммерциялық автобуспен келгендер болып шықты. Яғни Қырғызстанның Дордой базарынан тауар алып, Түркістан қаласына апарып сатады. Таңертең шекарадан Қырғызстанға әдеттегідей шамамен жарты сағатта өткен олар қайтар кезде «әбден әбіржігендерін» баяндады. Олардың сөзінше, «Қазақстанға өте алмай тұрғандардың көпшілігі - Дордой базарына сауда-саттықпен барған Қазақстан азаматтары».

Қордайдағы шекаралық өткізу пунктінде үш сағаттай тұрғанымызда кеденнен шаршап-шалдығып өтіп келе жатқан ондаған адамды көрдік. Көбі микрофонға сөйлеуден қорқатындарын мәлімдеді. Бірақ кімнен, неден қорқатынын ашып айтпайды. Көптің арасында ерекше ашулы көрінген әйел өзін «Астана қаласының кәсіпкері Сайран Берлібековамын» деп таныстырды. Ол да өзгелер секілді Дордой базарынан «тауар әкелуге барған».

Қордай шекара бекетінде өзін «Астана қаласының кәсіпкері Сайран Берлібековамын» деп таныстырған әйел адам. Жамбыл облысы, 11 қазан 2017 жыл.
Қордай шекара бекетінде өзін «Астана қаласының кәсіпкері Сайран Берлібековамын» деп таныстырған әйел адам. Жамбыл облысы, 11 қазан 2017 жыл.

- Шекарадан өте алмай үш сағаттан аса тұрдым. Қырғызстан жағында кедергі жоқ, Қазақстанның тексеру пунктінде қаншама әйел, бала жығылып жатыр. Біз қырғын шығарып, төбелес ашып шықтық. Себебін ешкім айтпайды. Жоғарыдан тапсырма дейді. Жоғары деген не сөз ол? Қырғыз бауырларымыз «Атамбаев шындықты айтып еді, Назарбаев шекараны жауып тастады» деп күліп жатыр. Өте алмай тұрғандардың ішінде шетелдіктер де бар, бірақ көбі Қазақстан азаматтары, - дейді ол.

Кеденнен жаяу өтіп, автобус күтіп отырған, қолдарында кішкентай балалары бар тағы бір топ адам Тәжікстан азаматтары болып шықты. Ашуланбай үнсіз ғана отырған бұл топ Қазақстан арқылы Ресейдің Красноярк қаласына кетпек болғандарын айтты. Бірақ шекараның арғы бетінде қалған автобустары бергі бетке қашан өтері белгісіз. Шекара тәртібі бойынша көліктегі жолаушылар жаяу өтеді.

Азаттықтың түсіру тобы Қордай кеденінің алдында күн батқанша жүрді. Блокпостта тұрған жауынгерлер бізді ақыры шекаралық пунктке қарай өткізді. Бірақ 200 метр жүргеннен кейін алдымыздан шыққан қақпада тұрған жауынгер бізді ары қарай жібермеді.

Қордай шекара бекетіндегі жабық қақпа. Жамбыл облысы, 11 қазан 2017 жыл.
Қордай шекара бекетіндегі жабық қақпа. Жамбыл облысы, 11 қазан 2017 жыл.

Әлгі жауынгер біздің өтінішіміз бойынша командирімен рациямен сөйлескен еді - «журналистерге ешкім бармайды, оларды да кіргізбеңдер» деген дауыс естіліп тұрды.

«КӘСІПКЕР ӘЙЕЛДЕР»

Шекарадағы жағдай туралы ресми жауап ала алмай әскери блокпостқа қайтқанымызда бізді бір топ әйел қоршап алды. Олар біз үш сағат бұрын кеден маңына келген бетте сөйлескен адамдар болып шықты. Тілшілерді қоршап алған олар:

- Сіздер блокпосттан ары қарай өттіңіздер. Кеден бастықтарына біздің мұңымызды жеткіздіңіздер ме, - деп жан-жақтан қаумалай сұрақ қойды.

Біздің «кеденге кіргізбеді» деген жауабымызға көбінің сенбегені байқалды. «Журналистерді кіргізбеуі мүмкін емес, бастықтармен ғана сөйлесіп, бәрі тамаша деген сөзін жазып алып қайтып бара жатқан шығарсыңдар» деп ашу білдіргендер де болды.

- Бүкіл ақшамызға Дордойдан тауар сатып алдық, мына жерден су, тамақ сатып алатын да ақшамыз қалмады. Автобус келмесе Дордойдың алдында аштан-аш осылай жүре береміз бе?! - деді олардың ішіндегі белсенді әйелдің бірі.

Қордай бекетінде отырған адамдар. Жамбыл облысы, 11 қазан 2017 жыл.
Қордай бекетінде отырған адамдар. Жамбыл облысы, 11 қазан 2017 жыл.

Біз Қордайда төрт сағатқа жуық болғанда шекара шырғалаңынан шаршап жүргендердің көбі әйелдер екенін байқадық. Себебін сұрағанымызда жауап берген кейбір адамдар «олар ерігіп, ала қап арқалап жүрген әйелдер емес, олардың көбі - әр қалада сауда жасайтын, мемлекетке салық төлейтін кәсіпкерлер» деп жауап берді.

Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі баспасөз бөлімінің Азаттыққа хабарлауынша «шекарадағы бақылау, тексеруді Қазақстан жағы күшейткен, Қырғызстан жағынан шекарадан өту процесінде өзгеріс болмаған».

Азаттық тілшісі Қазақстанның шекара қызметіне қазанның 11-і таңертең хабарласқан. Бірақ шекара қызметінің баспасөз қызметі телефон арқылы жауап беруден бас тартып, арнайы хат жолдауды сұрады. Дегенмен түстен кейін ҰҚК таратқан хабарға қарағанда «қазақ-қырғыз учаскісінде жоспарлы шекаралық операция жүргізілген».

"Аталған операцияның мақсаты - шекара бойында заңға қайшы әрекеттердің, террористік, контрабандалық және өзге де қылмыстық іс-қимылдың жолын кесу, шекаралық режимнің және көші-қон заңнамасының сақталуын қадағалау. Осыған орай шекарадан өтетін тұлғаларды, көлік құралдарын, жүк пен тауарларды тексеру күшейтілді. Сонымен бірге, шекараны өтуге қандай да бір шектеулер мен тыйымдар салынған жоқ" деп жазылған ҰҚК мәлімдемесінде.

ВИДЕО: Қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал жайлы депутаттар пікірі

Қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал жайлы депутаттар пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қазанның 7-сі Бішкек маңындағы Ала-Арча мемлекеттік резиденциясында ел азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде Қырғызстан президенті сайлауына қатысып жатқан жекелеген кандидаттармен бірге Қазақстан билігін сынаған.

ВИДЕО: Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қазақ билігін сынады

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қазақ билігін сынады
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:23 0:00

Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан экономикасының дамуына қатысты айтқандарын «жауапсыздық» деп атаған. Ол қырғыз президентінің «сайлау қарсаңында жасаған» мәлімдемелері «екі елдің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достығына сызат түсірмеуі керек» деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG