Accessibility links

Қырғыз сайлауына қазақстандық көзқарас


Қырғызстан президентін сайлау күні Бішкектегі сайлау учаскесінде тұрған азаматтар. 15 қазан 2017 жыл.
Қырғызстан президентін сайлау күні Бішкектегі сайлау учаскесінде тұрған азаматтар. 15 қазан 2017 жыл.

Қырғызстандағы президент сайлауынан кейін Қазақстан азаматтық қоғамы өкілдері Бішкектің демократия бағытындағы қадамдары көршілеріне өнеге болуы тиіс дейді. Қазақстан ресми тұлғалары арасынан көрші елдегі сайлау жайлы пікірін әзірше парламент сенатының спикері ғана білдірді.

Алдын ала мәліметтерге қарағанда, Қырғызстандағы президент сайлауында Қырғызстан социал-демократиялық партиясынан (СДП) ұсынылған кандидат, бұрынғы премьер-министр Сооронбай Жээнбеков алда келеді. Оның кандидатурасын сайлаушылардың 54 пайызға жуығы қолдап дауыс берген. Оның басты қарсыласы саналатын әрі парламенттегі "Республика - Ата-Журт" фракциясының жетекшісі, президенттікке өзін-өзі ұсынған Омурбек Бабанов алдын ала есеп бойынша, сайлаушылардың 34 пайыздан көп дауысын алып, екінші орында тұр.

Қырғызстандағы президент сайлауы Бішкек пен Астананың арасы шиеленісіп тұрған тұста өтті. Мысалы, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйекте президенттікке кандидат Омурбек Бабановпен кездескеннен кейін Қырғызстанның қазіргі президенті Алмазбек Атамбаев Астананы "сайлауға килігуге тырысып отыр" деп айыптаған. Кейінгі бірнеше мәлімдемесінде Атамбаев Қазақстан басшылығын сынаған, ал Қазақстан үкіметі Атамбаевтың сөздерін "жосықсыз" әрі "арандатушы" мәлімдемелер деп атаған.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Атамбаевтың сөздеріне қатысты жария түрде пікір білдірген жоқ.

Сайлауға екі күн қалғанда Қазақстан орталық сайлау комиссиясы Атамбаевтың "жуырдағы адам айтқысыз мәлімдемелерінің кесірінен" Қырғызстандағы дауыс беруді бақылаудан бас тартатынын мәлімдеген болатын.

Сайлау қарсаңында қырғыз-қазақ шекарасының тексеріп-өткізу пункттерінде ұзын-сонар кезектер пайда болды. Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) шекарада тексеруді күшейтіп, "жоспарлы операция" жүргізіп жатқанын хабарлаған.

ВИДЕО: Қазақ-қырғыз шекарасындағы шырғалаң (қазанның 11-і):

Қазақ-қырғыз шекарасындағы шырғалаң
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

ДЕПУТАТТАР БАҒАСЫ

Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларының ішінен Қырғызстандағы президент сайлауы қорытындысына қатысты бірінші болып ел конституциясына сәйкес мемлекеттегі екінші тұлға (президенттен кейінгі) саналатын Қазақстан парламенті сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді.

"Достас Қырғызстанның президенті болып тәжірибелі саясаткер, Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықтың маңызын түсінетін С.Жээнбеков сайланды" деп жазды Тоқаев 16 қазан күні түнде Twitter-де.

Тоқаев – көрші елдегі сайлауға қатысты комментарий жариялаған Қазақстанның әзірше жалғыз ресми тұлғасы. Үкімет мүшелері мен президент әкімшілігі Қырғызстандағы сайлауға қатысты ешқандай реакция танытқан жоқ.

Қазақстан коммунистік халықтық партиясынан сайланған мәжіліс депутаты Владислав Косарев Азаттыққа Қырғызстандағы президент сайлауы қорытындысын "Қырғызстан халқы сияқты бағалаймын" дейді. Бұған қоса, ол Қырғызстанда президенттік биліктің бейбіт жолмен ауысуын мақтайды.

- Қуаныштымын, бұл – биліктің шынымен бейбіт әрі тыныш ауысуы. Меніңше, бұл кез-келген елдің дәстүріне айналуы тиіс... Бұл өмірдегі дұрыс процесс, - дейді Владислав Косарев.

Азаттық сөйлескен Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған мәжіліс депутаты Ахмет Мурадов Қырғызстандағы президент сайлауы қорытындысын оң бағалайды.

- Мен үшін Қырғызстанда сайлау өтіп, олардың өз президенттерін таңдағаны, президент – саясатта тәжірибесі бар кісі екені маңызды - мұны өмірбаянынан оқыдым, сондықтан ол өз мемлекетінің мүддесі үшін әрекет етеді. Бізге ең жақын көрші ел – Қырғызстанның басшылығына саяси тұрғыдан осындай тәжірибелі әріптес келіп жатыр, - дейді Ахмед Мурадов.

Дүйсенбіге қараған түні алдын-ала қорытындысы жарияланғаннан кейін журналистің көрші ел – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты көзқарасы туралы сұрағына Қырғызстанның қазіргі президенті Алмазбек Атамбаевтың саяси одақтасы Сооронбай Жээнбеков Назарбаевты "бауырлас көрші елдің" президенті деп атап, барлық елдерге, "әсіресе көршілерге" құрметпен қарайтынын мәлімдеді.

Сооронбай Жээнбековтің сайлаудан кейінгі мәлімдемесі:

Сооронбай Жээнбековтің сайлаудан кейінгі мәлімдемесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:11 0:00

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ӨКІЛДЕРІНІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Қазақстанның ардагер саясаткері, сот шешімімен жабылған оппозициялық коммунистік партияның 79 жастағы бұрынғы жетекшісі Серікболсын Әбділдин Азаттыққа қырғыз халқы қиындықпен болса да, "мемлекетті демократиялық жолмен дамытуға қол жеткізіп келеді" деген пікір айтты. Бұған қоса, ол президент Алмазбек Атамбаевтың әрекеттеріне ризашылығын білдірді:

- Қырғыз жігіттерінің сөздерінде тұрғанына қатты қуанамын, қазіргі президент [Алмазбек Атамбаев] конституция бойынша алты жыл, бітті деп нүкте қойды, - дейді ол.

Азаматтық белсенді әрі журналист Әміржан Қосанов Азаттықтың AzattyqLIVE хабарының тікелей эфирінде "бұл сайлау арқылы қырғыздар демократиялық стандарттарға жақындады" деп мәлімдеді.

Қараңыз: Қырғызстанда президент сайлауы қалай өтті?

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Азаттықпен әңгімесінде "халықтың билікті ауыстыру мәдениетіне қол жеткізуі" - Қырғызстандағы президент сайлауының ең басты нәтижесі дейді.

Бұған қоса, ол президенттікке кандидат Омурбек Бабановтың сайлау науқанында шыққан жанжалға баға берді:

- Бабанов мырза әсіресе сайлау алдында онша демократиялық емес деген аты бар көрші елдерге қолдау іздеп баруға болмайтынын көрсеткен мысал ретінде тарихта қалатын шығар, - дейді ол.

Қырғызстан президенттігіне кандидат Омурбек Бабанов сайлау учаскесіне дауыс беруге отбасы мүшелерімен бірге келді. Бішкек, 15 қазан 2017 жыл.
Қырғызстан президенттігіне кандидат Омурбек Бабанов сайлау учаскесіне дауыс беруге отбасы мүшелерімен бірге келді. Бішкек, 15 қазан 2017 жыл.

Оппозицияық жалпыұлттық социал-демократиялық партия басшыларының бірі Зәуреш Батталованың пікірінше, Қырғызстан елдің демократиялық даму бағытын анық көрсетті.

- Бұл елде [Қырғызстанда] бірінші басшының орнына басқа адам бар екені қуантады. Қазақстан дәл осыны үйренуі тиіс, - дейді Зәуреш Батталова Азаттыққа.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Азаттыққа Қырғызстандағы президент сайлауы кезінде Сооронбай Жээнбековке қазіргі президент Алмазбек Атамбаев үлкен қолдау көрсетті деп мәлімдейді. Бірақ, Сәтпаевтың сөзінше, әкімшілік ресурсты бұлай ашық пайдалануға қарамастан, Қырғызстанда билік ауысудың өзіндік әрі оның сабақтастығын сақтауға мүмкіндік беретін тартымды үлгісі құрылды. Тұтастай алғанда, саясаттанушы сайлау процесі мен оның нәтижелерін ашық әрі әділ деп бағалауға болады деп санайды.

- Кешегі сайлау Қырғызстанның саяси тарихының жаңа парағын ашады... Бұған қоса, бұл сайлау бәріміз үшін ұтымды сабақ, бәлкім, келешекте Қырғызстан Орталық Азияның өзге елдері үшін саяси үлгіге айналады, - дейді Досым Сәтпаев.

Сәтпаевтың сөзінше, Қырғызстандағы биылғы президент сайлауы нәтижеден гөрі процестің өзі маңызды екенін көрсеткен сайлау болды. Кімнің жеңгеніне қарамастан Қырғызстанда ең әуелі демократия жеңді, дейді саясаттанушы Сәтпаев.

Қырғызстан президенттігіне кандидат Сооронбай Жээнбеков сайлау учаскесінде дауыс беріп тұр. Бішкек, 15 қазан 2017 жыл.
Қырғызстан президенттігіне кандидат Сооронбай Жээнбеков сайлау учаскесінде дауыс беріп тұр. Бішкек, 15 қазан 2017 жыл.

Бұл сайлау - Қырғызстан тарихында бүкілхалықтық сайлауда жеңген президенттен екінші президентке биліктің алғашқы рет бейбіт жолмен өтуі. Қазіргі президент Алмазбек Атамбаев елді алты жыл басқарды; Қырғызстан конституциясына сәйкес, ол екінші мерзімге сайлауға түсе алмайды. Бұған дейін Атамбаев "билігімді сақтап қалу үшін премьер-министр қызметін атқармаймын" деп уәде еткен.

Орталық Азияның өзге елдерінде ел басшысы шамасы жеткенше әрі қанша қаласа да сайлауға түсуі үшін дүркін-дүркін заңдарды ауыстырады. Қырғызстан – 1991 жылдан бері аймақта билік тізгінін екіден көп президент ұстаған жалғыз мемлекет. Бұған қоса, үкіметке қарсы жаппай наразылық акцияларынан кейін Қырғызстанның екі президенті биліктен қуылған – тұңғыш президент Асқар Ақаев қызметінен 2005 жылғы наурыздағы Қызғалдақ төңкерісінен кейін кеткен, ал Ақаевтан кейін келген Құрманбек Бакиевті халық биліктен 2010 жылы қуған. Бакиев те, Ақаев та елден кетіп қалуға мәжбүр болған, екеуі де қазір шетелде тұрады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG