Accessibility links

Қазақстан миллиондаған доллар параға қатысты жанжалға ілікті


Қазақстандағы кеніштен өндірілген мұнайды алақанында ұстап тұрған адам. Қызылорда облысы, 22 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Қазақстандағы кеніштен өндірілген мұнайды алақанында ұстап тұрған адам. Қызылорда облысы, 22 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Батыс баспасөзі Нидерланд компаниясын мұнай өндіру саласындағы ұтымды келісім-шарттар үшін шенеуніктерге пара берген деп айыптайтын әрі Қазақстанға қатысы бар коррупциялық жанжалды жазды. Бұған қоса шетелдік, оның ішінде қазақстандық инвесторларға нарығын аша бастаған Өзбекстанның экономикалық әлеуеті жайлы да жазған. Солтүстік Америкада шығатын басылымдар Қазақстан тумасы Yahoo желісі аккаунттарын бұзғанын мойындағаны жайлы хабарлады.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ШЕНЕУНІКТЕРГЕ ПАРА БЕРГЕН КОМПАНИЯ

Америкалық New York Times газеті "Бұрғылау жабдықтарын шығаратын компания парақорлық ісі бойынша 238 миллион доллар төлейтін болды" деген мақаласында АҚШ-та өтіп жатқан сот процесі туралы жазған. Басылымның хабарлауынша, мұнай-газ саласында қызмет көрсетумен айналысатын Нидерландтың SBM Offshore компаниясының америкалық филиалы "ақшаның бір бөлігі Бразилия, Ангола, Экваторлық Гвинея, Қазақстан мен Ирактың лауазымды тұлғаларын параға сатып алу үшін пайдаланылатынын біле тұра мемлекеттік мұнай компанияларынан ұтымды келісім-шарттар алу үшін 1996-2012 жылдары делдалдарға 180 миллион доллардан көп ақша төлеген" деген айыпты мойындаған. Газет осы іске қатысты өзге жайттар туралы ешқандай ақпарат келтірмегенімен, компания әлгі жобалардан кемі 2,8 миллиард доллар көлемінде кіріс алған деп жазады.

Каспий теңізі қайраңынан мұнай өндіру. Маңғыстау облысы, 24 маусым 2016 жыл.
Каспий теңізі қайраңынан мұнай өндіру. Маңғыстау облысы, 24 маусым 2016 жыл.

Ұлыбританиялық Telegraph газеті "Unaoil іліккен коррупциялық жанжалда SFO бюросы SBM директорларын айыптайды" деген мақаласында SBM Offshore компаниясына қатысты Ұлыбританияда жүріп жатқан тергеудің өзге бөлігі, яғни аса ірі қаржы алаяқтығымен күрес бюросы (SFO) SBM Offshore компаниясында басшылық қызмет атқаратын Поль Бонд пен Стивен Уайтлиді Монакода орналасқан Unaoil компаниясындағы "делдалдар" арқылы "коррупциялық төлем жасау үшін алдын ала сөз байласты" деп айыптайтыны жайлы жазған. Стивен Уайтли бұрын SBM компаниясының вице-президенті мен Unaoil компаниясының Ирак, Қазақстан және Ангола бойынша аймақтық менеджері қызметін атқарған. Әлгі ақшаның Қазақстандағы қандай компаниялар немесе тұлғаларға төленгені жайлы ешқандай ақпарат келтірілмеген.

ӨЗБЕКСТАН ӘЛЕУЕТІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЫҚЫЛАСЫ

Ұлыбританияның Reuters жаңалықтар агенттігі "Өзбекстан мүмкіндік беріп, есігін ашты" деген мақаласында Орталық Азиядағы осы елдің бизнес ортасында Шавкат Мирзияев билікке келгеннен кейін басталған өзгерістер жайлы жазған. Қазір қазақстандық бизнестің кей өкілдері Өзбекстанды инвестиция құюға ықтимал нарық көзі ретінде қарастырып жатыр. Мысалы, қазақстандық "Халық банкі" басқармасы жетекшісі Үміт Шаяхметоваға сілтеме жасаған Reuters-тің хабарлауынша, қазір осы коммерциялық банк Өзбекстан нарығын зерттеп жатыр. Жанама қожайындары ретінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев аталатын банк алдағы бір жарым жыл ішінде Ташкентте филиал ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Reuters агенттігі Шаяхметованың "Жоғары лауазымды шенеуніктермен жолықтым және олардың [реформалар жүргізуге] бейіл екенін байқадым" деген сөзін келтірген.

Қазақстанның Халық банкі басқармасының жетекшісі Үміт Шаяхметова. Алматы, 12 сәуір 2016 жыл.
Қазақстанның Халық банкі басқармасының жетекшісі Үміт Шаяхметова. Алматы, 12 сәуір 2016 жыл.

Мақалада Ислам Каримов билік құрған жылдары Өзбекстан әлемдегі ең оқшауланған мемлекеттердің бірі саналғаны айтылған. Каримов пен Назарбаев елдерінде билік басына СССР ыдырамай тұрып келген. Reuters журналистері Каримов экономика мен саясатты "темір уысында" ұстаған, Ресейге де, Батыс елдеріне де сенбейтін деп жазады. Мақалада тұңғыш президент тұсында ұзақ жылдар премьер-министр болып жұмыс істеген Шавкат Мирзияев экономика саласында өзгерістер бастады, бірақ саяси жүйені сақтап қалды делінген. Шетелдік инвесторлар мұнай-газ, мақта өндіру, машина жасау, тамақ және химия өнеркәсібі салаларына құлық танытып отыр. Биыл Францияның Peugeot машина жасау концерні Ташкентпен бірлескен кәсіпорын құрдық деп жариялаған. Түркиялық Gentes Yapi ve Endustry Tesisleri Ltd Sti компаниясы үлкен логистикалық нысан құрылысы туралы келісімге қол қойды.

Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияевтің (сол жақта) ШЫҰ саммитіне келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты (ортада) әуежайда қарсы алған сәті. Ташкент, маусым, 2016 жыл.
Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияевтің (сол жақта) ШЫҰ саммитіне келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты (ортада) әуежайда қарсы алған сәті. Ташкент, маусым, 2016 жыл.

Тамызда Өзбекстан билігі қарапайым азаматтарға биліктің ресми рұқсатынсыз елден кетуге мүмкіндік беру үшін 2019 жылы сыртқа шығу виза жүйесін жоятынын мәлімдеген. Нәпақа табу үшін көбінесе Ресейге аттанатын еңбек мигранттары аударатын ақша – елге түсетін қаржының маңызды көзі. Ресей орталық банкінің дерегінше, былтыр Ресейден Өзбекстанға аударылған ақша көлемі 2,7 миллиард доллардан асқан.

БАСПАСӨЗІ БҰҒАУДАҒЫ ЕЛДЕР

Ұлыбританиялық Guardian газетінде "Сені өлтіріп тастауы мүмкін: мемлекет қысымы күшейген тұста журналистер үреймен өмір сүріп жатыр" деген сөз бостандығы шектелген елдерде тұратын журналистердің өмірі туралы көлемді мақала шықты. Guardian журналистері мақаланың Қазақстандағы ахуалды сипаттаған тұсында экологиялық белсенді Вадим Нидің "Ең қиыны, не үшін жауапқа тартылуың мүмкін екенін ешқашан білмейсің. Қазір журналистердің көбі аса сақ болып, ресми тұлғалардан комментарий алғанға дейін ақпаратты жарияламауды жөн көреді, ал пікірін білгің келген лауазымды тұлғалармен хабарласу өте қиын" деген пікірін келтірген.

Жуырда жарияланған БАҚ еркіндігінің ғаламдық рейтингінде Қазақстан бірнеше позицияға – былтырғы 160-орыннан 157-орынға көтерілген болатын, бірақ әлі "баспасөзі еркін емес" ел саналады. "Шекарасыз тілшілер" ұйымы бұл "сөз бостандығына қатысты ахуалдың өзге елдердің көбінде нашарлауымен байланысты ілгерілеу" деп түсіндіреді. "Шекарасыз тілшілер" ұйымы Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі өкілі Федерика Могериниді Орталық Азияға жуырдағы сапары кезінде аймақ елдері басшыларына ықпал етуге шақырғаны жайлы Азаттық бұған дейін хабарлаған.

Могериниге жолдаған хатында "Шекарасыз тілшілер" ұйымының бас хатшысы Кристоф Делуар "Баспасөз еркіндігінің дүниежүзілік индексінде Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстан және Тәжікстан жыл өткен сайын төмен құлдырап барады және авторитарлық тенденциялар ұлғайып келеді" деп жазған.

АМЕРИКАДА АЙЫБЫН МОЙЫНДАҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАКЕР

Канадалық National Post газеті "Yahoo сайты аккаунттарын жаппай бұзды деген айып тағылған канадалық Кәрім Баратов АҚШ сотында айыбын мойындады" деген мақаласында АҚШ билігі Ресей арнайы қызметінің тапсырмасы бойынша сансыз көп электронды пошта адрестерін бұзуға қатысы болған деп айыптайтын Қазақстанда туып-өсіп, кейін Канада азаматтығын алған 22 жастағы Кәрім Баратов ісінің жалғасы туралы жазған.

Оқи отырыңыз: АҚШ Канадада тұратын "қазақстандықты" "хакер" деп ұстатты

Қазақстан тумасы Кәрім Баратовтың Онтариода ұсталғаны туралы канадалық сайттағы мақаладан скриншот.
Қазақстан тумасы Кәрім Баратовтың Онтариода ұсталғаны туралы канадалық сайттағы мақаладан скриншот.

Сейсенбі күні АҚШ-тың Калифорния сотында өткен процесс кезінде Кәрім Баратов айыптаудың тоғыз тармағы – "компьютер арқылы алаяқтық жасау үшін сөз байласу деген бір тармақ пен дербес деректерді ұрлауға қатысты сегіз тармақ" бойынша кінәсін мойындаған.

Америкалық Los Angeles Times газеті "Ресей билігіне жұмыс істеген канадалық хакер кінәсін мойындады" деген мақаласында Кәрім Баратовтың сотынан қосымша деректер келтірген. "Сан-Францискодағы федералдық прокурорлардың айтуынша, Ресейдің барлау және құқық органы – федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) – жұмыс істеген бір топ хакер 2014 жылдан бері Yahoo серверіндегі 30 миллионнан көп қолданушының аккаунты мен Gmail серверінің бірнеше аккаунтына заңсыз кірген әрі Yahoo-ның 500 миллионннан көп қолданушысының деректерін ұрлап алған" деп жазады басылым.

Бұл іс бойынша үш ресейлік – ресейлік ФСБ қызметкерлері Дмитрий Докучаев, Игорь Сущин және Алексей Беланға айып тағылған, бірақ үшеуі де АҚШ сотының қолы жетпейтін Ресейде жүр. Прокурорлар хакерлер аккаунтарды бұзу үшін көптеген елдерде серверлерді жалға алу, жеке меншік виртуалды желілерді пайдалану және жалған ақпаратты пайдаланып аккаунт құрастыру тәрізді бірнеше тәсілді қолданған деп мәлімдейді. Болжам бойынша, зардап шеккендерді алдау арқылы хакерлердің компьютерге кіруіне мүмкіндік беретін зиянды бағдарлама орнатылған сілтемелерді басуға немесе файлдарды жүктеуге итермелеген. Бұған қоса, олар сенімді көздерден келгендей көрінген электронды хаттардың көмегімен аккаунт иелерін дербес деректерін беруге мәжбүр еткен.

Айыптау актісінде Баратов Gmail серверінің кемі сегіз паролін Докучаевқа жолдаған және бір жыл ішінде Докучаевтан кемі бір мың доллар алған деп жазылған. Баратов айыптауды мойындап, зардап шеккендерге 2,25 миллион доллар көлемінде айыппұл төлеуге келіскен.

XS
SM
MD
LG