Accessibility links

Батыс баспасөзі Қазақстанда кей әлеуметтік желілерге кіру қиындағаны, Ақсу ферроқорытпа зауыты, зорлық құрбандары мен Алматының шетелдік саяхатшыға таңсық орындары туралы жазған.

FACEBOOK ЖЕЛІСІН БҰҒАТТАУ

Ағылшын тіліндегі EurasiaNet сайты "Қазақстан оппозиция басшыларының ақпараттық арналарына тосқауыл қойды" деген мақаласында жуырда Қазақстанда Facebook әлеуметтік желісі мен Telegram мессенджеріне кіру қиындағаны туралы жазған.

"Қазақстан ақпарат және коммуникация министрлігі тыйым салынған оппозициялық қозғалыстың онлайн-материалдарын жоюға бағытталған шаралары кейінгі кезде көпшілік қолданатын әлеуметтік желілер мен хат-хабар алмасуға арналған қосымшалардың ашылмай қалуына ұласқаны туралы мәлімдеді. Наурыздың 21-і күні Tengrinews сайты ақпарат және коммуникация министрлігіне сілтеме жасап, контентті жою науқаны соттың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп тану туралы жуырда сот шығарған шешімге негізделген деп хабарлаған болатын" деп жазған EurasiaNet.

Мұхтар Әблязов
Мұхтар Әблязов

Бұдан әрі мақалада "Бас прокуратура ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым ретінде ресми тіркеуді үкіметтің қуғында жүрген қарсыласы Мұхтар Әблязовті бейтараптандыруға бағытталған көптеген шаралардың бірі ретінде көтерген. [Экстремистік ұйым деп тану] енді қозғалыс хабарламаларын тіпті электронды формада болсын таратқан кез-келген адам экстремизмге қатысты айыпталып, сотың қудалауына ұшырауы мүмкін дегенді білдіреді" деп түсіндірген.

"ҚАМАУДАҒЫ АҚЫН"

Тәуелсіз жазушылар қауымдастығы канадалық бөлімшесінің PEN Canada сайты Қазақстанда түрмеде отырған ақын Арон Атабекті босатуға шақырған мақала жариялаған.

Арон Атабек
Арон Атабек

"Арон Атабек – қазақтың белгілі ақыны, журналист әрі диссидент. Түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан оны талай мәрте қатаң жазалау шараларын (әңгіме оны карцерге қамау туралы болса керек - Азаттық) басынан өткерген. Оның бала-шағасымен кездесуіне, телефон соғуына, бұған қоса, өзге тұтқындармен сөйлесуіне және жазба материалдарына қатаң шектеу салынған" деп жазған PEN Canada.

Қауымдастық ақынды түрмеден мүлде босатуды, немесе кем дегенде отбасы мүшелерімен жолығып тұруға мүмкіндігі болатын өзге түрмеге ауыстыруды талап ететін петицияға қол қоюға шақырған.

"ЕУРАЗИЯЛЫҚ ҮШТІК" "МОНОҚАЛАЛАРЫ"

Ұлыбританиялық Reuters жаңалықтар агенттігі сайты "Әлемдегі ең ірі металл фабрикасы орналасқан қазақстандық қаланың тіршілігі" деген мақаласында Ақсудағы ферроқорытпа зауыты туралы жазған.

"Бір қарағанда, Қазақстанның Ақсу қаласы коммунистік стереотип сияқты көрінеді. Әлемдегі ең үлкен металлургиялық фабрика қала тұрғындарының талай ұрпағын жұмыспен, денсаулық, білім және демалыс орындарымен қамтамасыз етіп келді. Бірақ маңызды ерекшелігі бар. "Еуразиялық ресурстар тобына" тиесілі зауытта Қазақстан үкіметінің де үлесі бар, бірақ ол үш миллиардердің бақылауында, сондықтан пролетариат меншігінің коммунистік моделіне мүлде ұқсамайды" деп жазған Reuters. Сайттың түсіндіруінше, бұл үштікке Александр Машкевич, Алиджан Ибрагимов, Патох Шодиев кіреді әрі қазақстандықтардың көбі үшеуін президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын олигархтар деп біледі.

Ақсы қаласы, 19 ақпан 2018 жыл
Ақсы қаласы, 19 ақпан 2018 жыл

Қазіргі кезде Ақсуда тұратын 50 мың адамның әр бесіншісі зауытта жұмыс істейді, сондықтан бұл "олардың бизнесіне тәуелді "моноқалалардың" әл-ауқатына магнаттар жауапты мемлекеттік капитализм үлгісі саналады" деп жазған Reuters.

"ҮНСІЗ ҚАЛМА"

Ұлыбританиялық BBC News жаңалықтар агенттігі сайты "Консервативті Қазақстандағы зорлық туралы айтқанда" атты мақаласында зорлықты басынан өткерген қазақстандық бойжеткен Саина Райысованың тағдыры туралы жазған. "26 жастағы бойжеткен зорлықшылардан құтылу үшін үшінші қабаттың терезесінен секіріп кетіп, жамбас сүйегі мен өкшесін сындырған. […] Қазақстанда жыныстық зорлыққа ұшырағанын жұртқа жариялау ұят деп саналады, сондықтан Саина [қоғамдық] қысымның кесірінен үндемеуге мәжбүр болған" деп жазады BBC News. Ақыры бойжеткен болған жағдайды жариялауға бел буып, қаңтарда сот зорлықшылардың бірін 10 жылға түрмеге қамауға үкім еткен. Екінші зорлықшы әзірше ұсталған жоқ.

Саина Қазақстанда зорлыққа душар болған жандарға көмектесу үшін құрылған #НемолчиKZ қозғалысына қосылған. "Құқықтық статистика комитеті дерегінше, 2017 жылы Қазақстанда 2250 зорлау оқиғасы тіркелген. Бірақ белсенділердің айтуынша, бұл сандар нақты жағдайды көрсетпейді, өйткені зорлық құрбандарының көбі полицияға жүгінбейді" деп жазған BBC News.

МЕДЕУ МЕН КӘУАП

Ұлыбританиялық Independent басылымында "Алматы қаласы бойынша жол көрсеткіш: Қазақстанның ең үлкен қаласында қай жерде тамақ ішіп, сауда жасауға және аялдауға болады" деген мақала шықты. Мақалада британдық туристерге визалық шектеулерді алып тастау мүмкіндігін пайдаланып "Қазақстанның ең тамаша қаласына" саяхаттауға кеңес берген. Басылым "Зәулім үйлері, жасыл желек бақтары, мұражайлары мен кофеханалары ұштасқан Алматы – талғампаздар үшін тосын сый болады" деп жазған.

Медеу мұз айдыны
Медеу мұз айдыны

Мысалы, британдық туристерге Медеу мұз айдынында сырғанауға, опера театры және "Арасан" моншасына баруға, Алматы тауларын аралауға, "Қағанат" асханасының лағманы мен мәнтісінен, "Кәуап ауласы" кафесі әзірлеген кәуаптан дәм татуға кеңес берген. Бұған қоса, мұражайға бас сұғып, Көк базарды аралауға болады деп жазған басылым.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG