Accessibility links

Астаналық заңгер ҚДТ-ға тыйым салумен келіспейді


Қазақстан аумағында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына тыйым салумен келіспей сотқа жүгінген заңгер Антон Фабрый.
Қазақстан аумағында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына тыйым салумен келіспей сотқа жүгінген заңгер Антон Фабрый.

Астанада тұратын заңгер Антон Фабрый экс-банкир әрі билікті сынаушы Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына салынған тыйымның күшін сот арқылы жойдыртуға талпынып жүр. Фабрый "қозғалысқа да, Әблязовке де қатысым жоқ" дейді. Әйткенмен оған ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімін алудың сәті түскен.

Астананың Есіл аудандық сотының "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тану туралы наурыздың 13-індегі шешімі сот актілері жарияланатын базада жоқ. Елдегі белгілі құқық қорғау ұйымдарының бірі – Қазақстандағы адам құқығы бюросы сот шешімін бірнеше рет сұратқанымен, ол әрекеттерінен түк шықпаған. Сот органдары "ҚДТ ісі" бойынша сот процесіне қатысушы емессіңдер" деген уәжбен құқық қорғаушыларға сот шешімін бермей қойған.

Бірақ 68 жастағы астаналық адвокат Антон Фабрыйға жұртқа жарияланбаған сот шешімін (кейінгі кезде елде осы сот шешімін алға тартып, азаматтарды ұстап, қылмыстық істер қозғап жатыр) алудың сәті түскен. Фабрый "ҚДТ-ға да, оның құрылтайшысы Мұхтар Әблязовке де еш қатысым жоқ" деп мәлімдейді.

"ФАБРЫЙДЫҢ ТӘСІЛІ"

Антон Фабрый алғашқы қадамын Есіл аудандық сотының ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, оның қызметіне тыйым салған наурыздың 13-індегі шешіміне қатысты апелляциялық сотқа жүгінуден бастаған. Сәуірдің 13-і күні Фабрый Астана қаласы сотына (Есіл аудандық соты арқылы) берген апелляциялық шағымында: "ҚДТ қозғалысына қосылғым келген, бірақ енді ондай заңды құқығымнан айырылдым, сот шешімі бірігу құқығымды шектейді" деп жазған. Бұған қоса, шағым иесі "ҚДТ - экстремистік ұйым емес" деп санайтынын, сондықтан Астана қаласы апелляциялық сотынан Есіл аудандық соты шешімінің күшін жоюды сұраған.

Фабрыйдың сөзінше, Есіл аудандық соты оның апелляциялық шағымын ол күткендей қабылдамаған әрі сәуірдің 16-сі күні оның шағымын қайтарып беру туралы ұйғарым шығарған. Сот мұның себебін "Фабрый - сот процесіне қатысушы емес әрі қабылданған шешімнің оның құқық, міндеттеріне қатысы жоқ, сондықтан оның апелляциялық шағым беруге қақы жоқ" деп түсіндірген.

Астананың Есіл аудандық сотының ғимараты.
Астананың Есіл аудандық сотының ғимараты.

Антон Фабрый бұл жағдайдан шығудың амалын тапқан – сәуірдің 25-і күні ол апелляциялық шағымын қабылдаудан бас тартқан Есіл аудандық сотының ұйғарымына қатысты жеке сипаттағы шағыммен сотқа жүгінген. Онда Фабрый апелляциялық шағымындағы қисындарды келтірген әрі оған Есіл аудандық соты шығарған ұйғарымның негізсіздігі туралы тармақ қосқан.

Ол жеке сипаттағы шағымын Астана сотының апелляциялық алқасына жолдаған. Сот органы шағымды өндіріске қабылдап алған. Фабрый "танысу және көшірмесін жасау үшін" соттан Есіл аудандық сотының "ҚДТ қозғалысына тыйым салу туралы" шешімін беруді сұраған. Бұған қоса, ол сот бұл талабын орындауға міндетті екенін ескерткен.

Бір апта бұрын Фабрый шешіммен танысқан; оны смартфонына түсіріп алған (көшірме онша сапалы жасалмаған), содан кейін фотокөшірмені Facebook желісіндегі парақшасында жариялаған. Фабрыйдың айтуынша, ҚДТ-ға тыйым салған сот ашық режимде өткен, оның шешімі құпия емес, өйткені әлгі сот шешімінің мазмұнын таратуға тыйым салынады деп (егер ондай тыйым бар болса) заңгерге ешкім ескертпеген.

"ҚДТ ІСІ" СОТЫ ҚАЛАЙ ӨТКЕН?

Астана қаласы Есіл аудандық азаматтық істер жөніндегі сотының ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салу туралы шешімі (№7140-18-002/2217 іс) наурыздың 13-і күні Бас прокуратураның арызын қараған ашық сот отырысында шығарылған. Заңгер жариялаған сот құжаттарына қарағанда, сот процесі судья Руслан Мәжитовтің төрағалығымен өткен, сот отырысына прокурор Болат Мизанбаев, "мүдделі тұлғалар" – Іішкі істер министрлігі (ІІМ) мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) өкілдері және сарапшы Роза Ақбарова қатысқан.

Бұған қоса, шешімде "ҚДТ ісі" сотына қатысушылар ретінде Әділет министрлігі мен Ақпарат және коммуникция министрлігі де көрсетілген. Бірақ бұл екі ведомство өкілдері сотқа бармай, Бас прокуратураның арызын қолдайтыны туралы хат жолдаумен шектелген.

"Тіркелмеген ҚДТ қозғалысы өкілдері сот отырысына қатысқан жоқ, бұл ұйым Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтпеген, оның заңды мекенжайы мен қай жерде екені сотқа белгісіз. Сондықтан сот істі оның қатысуынсыз қарауды мүмкін деп тапты" делінген Есіл аудандық сотының шешімінде.

Сот құжаттарында көрсетілген сарапшы Роза Ақбарованың (сот ҚДТ-ны осы маманның ұйғарымы негізінде "экстремистік ұйым" деп таныған) аты-жөні өзге "саяси" процесте есімі көрсетілген адамның дербес деректерімен сәйкес келеді.

Әблязовтың ісі

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.

2012 жылғы тамызда Ақтау қаласында тіркелмеген "Алға" оппозициялық партиясы жетекшісі Владимир Козловтың ісін қараған сотта сарапшы Роза Ақбарова "билікті басып алу, оның ішінде қарулы жолмен басып алу үшін "Алға" партиясы Мұхтар Әблязов басқаратын экстремистік ұйым болып өзгерген" деген ұйғарымын таныстырған болатын. 2012 жылы қазанда Ақтау қалалық соты Роза Ақбарованың сараптамалық ұйғарымдары негізінде Владимир Козловты ұзақ мерізмге соттаған, ал оның үкімінде "Алға" партиясы қызметіне "экстремистік" деп баға берілген. Кейінірек, 2012 жылы желтоқсанда Алматының Алмалы аудандық соты қызметінде экстремизм белгілері бар-жоғына сараптама жүргізбестен, тіркелмеген "Алға" оппозициялық партиясына тыйым салған. Алмалы аудандық соты оған дейін Ақтау қаласында Владимир Козловтың ісі бойынша өткен сот үкімінде "Алға" партиясының қызметіне берілген "экстремистік" деген бағаны преюдиция, яғни дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома ретінде қабылдаған.

Оқи отырыңыз: Сот "Алға" партиясын жабуға үкім етті

БІРЕСЕ "ҚОЗҒАЛЫС", БІРЕСЕ "ПАРТИЯ" ДЕП ЖАЗЫЛҒАН ШЕШІМ

Есіл аудандық соты шешімінде ҚДТ қозғалысы құрылғаны туралы 2017 жылғы сәуірдің 20-сінде жарияланған және ҚДТ – "жеке азаматтардың қоғамдық бірлестігі ретінде әділет органдарында тіркелмеген тұрақты бірлестік" деп көрсетілген.

Есіл аудандық сотының мәлімдеуінше, ҚДТ Facebook, Instagram әлеуметтік желілері, Telegram, Viber мессенджерлері және YouTube видеохостингін пайдалану арқылы Қазақстан аумағында және одан тысқары жерлерде "Қазақстан Республикасының қазіргі мемлекеттік билігін күшпен құлатуды көздейтін экстремистік сипаттағы мәліметтер мен үндеулер" таратып отыр.

"Сарапшылар ұйғарымына қарағанда, мәтіндердің жалпы сарынынан Қазақстан Республикасындағы қазіргі билікке деген жағымсыз көзқарасты қалыптастыру, адамдарды ҚДТ қозғалысына кіруге, наразылық акцияларына қатысуға, елдегі билікті ауыстыруға итермелеу әрекеттері байқалады. Ұсынылған материалдардың мазмұнына қарағанда, ҚДТ қозғалысы Қазақстан Республикасында билікті ауыстыруды, оның ішінде күшпен ауыстыруды өзінің негізгі мақсаттары мен міндеттері деп санайды" деп мәлімдейді Есіл аудандық соты.

"Бұған қоса, сарапшы әрі саясаттанушы маман мәтіндерді талдау негізінде мемлекеттік басқару және саяси режим формасын өзгерту жөніндегі саяси бағдарламасын негіздегісі және дәлелдегісі келетін ҚДТ партиясының идеологы М.Әблязов қоғам үшін маңызды әрі өткір проблемаларды (жалақы, коммуналдық қызмет, коррупция, экология және т.с.с. мәселелер) алға тартады деген ұйғарымға келген" деп Мұхтар Әблязовке баға берген Есіл аудандық соты ҚДТ-ны біресе "қозғалыс", біресе "партия" деп атаған.

Есіл аудандық соты Мұхтар Әблязовтің іс-әрекеттерінің микро және макро мақсаты бар деп санайды: "Шахтерлер, металлургтер, мұнайшылар тәрізді әлеуметтік топтарға арналған үндеу материалдарындағы ақпараттың астарын саясаттанушылық тұрғысынан талдау әлеуметтік араздықты қоздыру – ҚДТ жетекшісінің микромақсаты, ал макромақсаты – билікті басып алу деп мәлімдеуге мүмкіндік береді".

"Сарапшы әрі саясаттанушы маман жүргізген зерттеу қорытындылары бойынша, ҚДТ басшысы М.Әблязов оқырмандарды ҚДТ қозғалысы – халық мүддесін шын қорғаушы дегенге иландыруға тырысып, биліктің, кей органдар мен лауазымды тұлғалардың жағымсыз бейнесін әлеуметтік араздық пен өшпенділікті қоздыру, билікті күшпен басып алу және Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын күшпен өзгерту мақсатымен ғана қалыптастырып отыр" делінген Есіл аудандық сотының ҚДТ-ға бүкіл ел аумағында тыйым салған шешімінде.

ҚДТ қозғалысына тыйым салу шешіміне қатысты шағымын қабылдаудан бас тартқан соттың үстінен арыз берген Антон Фабрыйдың жеке шағымын қарау мамырдың аяғына жоспарланған. Заңгер "ҚДТ-ның өкілі емеспін, оның үстіне, қазір оған тыйым салынған" дейді. Оның сөзінше, ол өз құқығын қорғап жүр. Өйткені, оның пікірінше, сот "билікті күшпен басып алу пиғылы бар" деп тапқан ҚДТ қозғалысының мақсаттары мен экстремистік ұйымға ортақ ештеңе жоқ. Бірақ егер апелляциялық сот оның жеке шағымын қанағаттандырудан бас тартып, ҚДТ қозғалысына экстремистік ұйым ретінде тыйым салған Есіл аудандық соты шешімінің заңды күші бар деп тапса, ол заң талабын орындауға мәжбүр болады. Осы бір сот эпопеясымен байланысты Антон Фабрый "негізі мақсатым – азаматтық және саяси құқықтарымды қорғау" дейді. Ал Есіл аудандық сотының "экстремистік ұйым" ретінде ҚДТ қозғалысына тыйым салу туралы күні бүгінге дейін жарияланбаған шешімін қолға түсіруін жай сәттілік деп санайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG