Accessibility links

Бота Жәрдемәлі: "Қазақстанға оралсам мені де қамап, қинайды"


Қазақстанда тергеу абақтысында отырған кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің қарындасы, Еуропада жұмыс істейтін заңгер Бота Жәрдемәлі. 2018 жылы қаңтарда Брюссельде түскен суреті.

Тергеу абақтысына қамалған бизнесмен Ескендір Ерімбетовтің шетелде тұратын қарындасы Бота Жәрдемәлі Қазақстанға БТА банкінің қаржысын "заңдастыру" ісі бойынша куәлік етуге әзір келмейтінін айтады. Ол ағасына тағылған айыптарды ойдан құрастырылған жала деп біледі.

46 жастағы бизнесмен Ескендір Ерімбетовтің ісіне қатысты жарияланған алғашқы мақалаларда-ақ аты-жөні аталған оның қарындасы Бота Жәрдемәліні Қазақстан қоғамы осы кезге дейін мүлде танымай келді деуге болады. Қазір Брюссельде тұрып жатқан оны Бельгия елі саяси босқын ретінде қорғауына алған. Ерімбетовтің әке-шешесі мен оның кей таныстары бизнесменді қудалау ісі Қазақстан билігі "банктен миллиардтаған қаржы жымқырды" деп айыптайтын БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің заңгері болып жұмыс істеген қарындасын шетелден алдыру әрекетімен байланысты деп санайды.

Бизнесменнің әке-шешесі Ғайни және Мырзахан Ерімбетовтер "қарашадан бері қамауда отырған баламызды Алматының тергеу абақтысында ұрып-соғып, азаптап жатыр" деп мәлімдеген. Билік "тергеудегі бизнесмен шағымданған жоқ" дейді. 10 қаңтарда Алматыда өткізген баспасөз жиынында Ғайни Ерімбетова арнайы қызмет тергеушілері Ескендір Ерімбетовтен қарындасын елге оралып, Әблязовке қарсы куәлік етуге үгіттеп, көндіруді талап еткен деп мәлімдеген.

Оқыңыз: Азаптау шағымы "Ерімбетов ісінің" сипатын өзгертті

Бота Жәрдемәлінің өзі ағасы қамалғаннан бері комментарий беріп, іске қатысты өз ұстанымын жарияламаған еді.

Өткен аптада Бота Жәрдемәлі америкалық U.S. News & World Report газетінде АҚШ президенті Дональд Трампты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Ақ үйде қабылдаған кезде адам құқығын бұзуға реакция білдіруге шақырып, Ескендір Ерімбетов тап болған жағдайды сипаттаған мақала жариялап, осыған дейінгі үнсіздігін бұзды. Бота Жәрдемәлі "Оны тұншықтыруға талай рет әрекет жасалған. Оны жұқа киіммен суық камераға жалғыз қамап тастаған. ВИЧ жұқтырылған қаны бар ине саламыз деп қорқытқан. Бұған қоса, оған егер [ҰҚК-не] болыспасаң, ұлың мен қарт әкеңді қамаймыз деп қоқан-лоқы жасаған" деп жазған.

Бизнесмен Ескендір Ерімбетовтің бұл суретін анасы Ғайни Ерімбетова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған.
Бизнесмен Ескендір Ерімбетовтің бұл суретін анасы Ғайни Ерімбетова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған.

Әлгі мақала жарияланардан сәл бұрынырақ бельгиялық Le Vif газеті Ескендір Ерімбетовтің басындағы жағдай туралы баяндап, "Назарбаев режиімінің тұтқыны Ерімбетовке бостандық берілсін!" деп жазылған плакат ұстаған Бота Жәрдемәлінің фотосуретін жариялаған. Осы мақалалардың арқасында Қазақстанда Ескендір Ерімбетовтің қарындасының есімі тез тарады, бірақ тұлға ретінде оған қатысты көп жайттар әлі де беймәлім болып келген.

Азаттық Бота Жәрдемәлімен Skype арқылы видеосұхбат өткізіп, ағасын қудалау және БТА ісіне қатысты тағылған айыптар туралы сұрақтар қойды.

- Тергеуші Перовтың [ведомствоаралық тергеу тобының жетекшісі] болжамынша, осыдан 12 жыл бұрын, яғни 2005 жылы Мұхтар Әблязов пен Ескендірдің қарындасы, яғни мен Ескендірді тергеу БТА банкінен ертеректе жымқырылған деп санайтын ақшаны заңдастыруға араластырған көрінеміз. Тергеу долбары бойынша, Ескендір "Әблязовтен ақша алып отырған, кейін оны Қазақстанға инвестиция ретінде салған". Тергеу болжамынша, кейін заңдастырып, ізі жасырылған ақша шетелге аударылып, Әблязовке қайта оралып отырған, - дейді Бота Дәрдемәлі. – Бұған қоса, тергеушілер ағам "Скай Сервис" компаниясы арқылы әуе тасымалы қызметімен айналысатын бизнесін Әблязовтің ақшасын пайдаланып қаржыландырған деп мәлімдейді.

Қарындасының сөзінше, Ескендір Ерімбетовті 2013 жылғы желтоқсанда "Қарағанды кәмпиттері" фабрикасын Әблязовтен алған ақшаға сатып алған деп айыптайды. Бота Жәрдемәлінің нақтылауынша, ол кезде Әблязов экстрадиция мәселесі бойынша сот шешімін күтіп, Франция түрмесінде отырған. Тергеушілердің БТА банкінің ақшасын заңдастыруға Ескендір Ерімбетовтің қатысы және БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовпен жақын таныстығы туралы болжамын Бота Жәрдемәлі үзілді-кесілді жоққа шығарады.

- Мұның бәрі ойдан шығарылған әрі нашар қиыстырылған айыптар екенін кесімді түрде айта аламын. Ескендір менімен де, Әблязовпен де ешқашан жұмыс істеген жоқ. Бұған қоса, БТА банкіне де ешқандай қатысы болған емес – банктің клиенті де болған жоқ, несие де алған емес, қысқасы БТА банкінің ешқандай қызметіне жүгініп көрген емес. Ескендір әжептәуір танылған ірі бизнесмен, бірақ компанияларының біреуі де БТА банктің клиенті болып немесе БТА банкі арқылы несие алған емес. Ескендір жеке өмірінде де Әблязовпен ешқашан араласып көрген жоқ, оның жолдасы да емес, екеуінің ортақ бизнесі де болған жоқ.

Бота Жәрдемәлімен сұхбаттың видеосы (орыс тілінде):

"МЕНІ ҚАМАП... АЗАПТАЙДЫ"

Қарындасының сөзінше, Ескендір Ерімбетов – бизнес ортада әжептәуір танылған кәсіпкер. Ол жас кезінен бизнеспен ғана айналысқан, алғаш рет Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетінде оқып жүрген кезде бастаған. 1990 жылдары Қазкоммерцбанкте құнды қағаздар жөніндегі маман, сосын "Қазкоммерц Секьюритис" компаниясында инвестбанкир болып жұміс істеген, ал кейін өз жеке бизнесін ашқан. Бота Жәрдемәлінің айтуынша, Ескендір Ерімбетовтің жеке меншік бизнесінің банк қызметіне ешқандай қатысы болған емес, ағасы мемлекетке ешқашан жұмыс істемеген әрі мемлекеттік шенеунік болған емес.

- 2005 жылы мен Америкадан Қазақстанға оралып, БТА банкте жұмыс істей бастадым, Ескендір сол кездің өзінде ірі бизнесмен болатын. Отбасыма тәуелсіз болғым келмей, карьерамды ағамның көмегінсіз өз күшіммен жасағым келді, мен үшін бұл принципті мәселе болды. Сондықтан Қазақстанға оралғаннан кейін оның жобаларының ешқайсысына бармай, карьерамды өзім құруға кірістім. Екеумізді жеке-жеке білетін адамдардың көбі бізді аға мен қарындас деп ойламайтын, - дейді Бота Жәрдемәлі.

Ескендір Ерімбетовке бұлтартпау шарасын тағайындайтын сотқа қатысып отырған оның қорғаушылары: адвокат Жанар Балғабаева (бірінші қатарда оң жақта, сол жақтағы – тұтқынның анасы Ғайни Ерімбетова. Екінші қатарда оң жақтан екінші отырған – Ескендірдің әкесі Мырзахан Ерімбетов. Алматы, 9 қаңтар 2018 жыл.
Ескендір Ерімбетовке бұлтартпау шарасын тағайындайтын сотқа қатысып отырған оның қорғаушылары: адвокат Жанар Балғабаева (бірінші қатарда оң жақта, сол жақтағы – тұтқынның анасы Ғайни Ерімбетова. Екінші қатарда оң жақтан екінші отырған – Ескендірдің әкесі Мырзахан Ерімбетов. Алматы, 9 қаңтар 2018 жыл.

Бірақ оның сөзінше, арнайы қызмет екеуінің дәл осы туыстық жақындығын біліп, ағасын қамауға себеп пен сылтау ретінде заңсыз пайдаланған.

- Олардың Ескендірге тағып отырған айыптауларының бәрі шылғи өтірік екенін айтқым келеді, Ескендірді Әблязовпен байланыстыратын жалғыз нәрсе – мен. Өйткені, Батыста мен Мұхтар Әблязовті қорғаумен айналыстым, Қазақстан мені сондықтан қудалай бастады. Енді тергеушілер Ескендірді қамау арқылы бір мақсатқа – мені Қазақстанға әкелуге қол жеткізгілері келеді. Ағамнан талап етіп отырғандары да жалғыз нәрсе – мені Қазақстанға оралуға бірдеңе ғып көндіруге оны мәжбүр ету, - дейді Бота Жәрдемәлі.

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

Бота Жәрдемәлінің сөзінше, тергеушілер оны Еуропадан Қазақстанға Ескендір Ерімбетов арқылы ғана емес, өзге адамдар арқылы да қайтаруға тырысып жатыр. Ол мұндай жағдайды "жабайылық" деп біледі.

- Сізге мына жағдайдың бәрі барып тұрған жабайылық болып көрінбей ме? Маған ешкім ешқандай сұрақ қойған жоқ, куәлік етуімді сұраған жоқ. Аяқ астынан ағамды бас салып тұтқындап, ұрып-соғып, азаптайды, ал сосын маған "Қазақстанға келіп әлдебір түсінік беруі тиіссің" дегенді қилы жолдар арқылы хабарлай бастайды. Мен бір нәрсені – мына жағдайдың бәрі баяғыда заң аясынан шығып кеткенін айта аламын. Егер тергеушілердің маған қоятын әлдебір сұрақтары болса, оларды кез-келген уақытта халықаралық құқық аясында қоя алады. Еуропаға өздері келе ме, әлде сұрақтарын Қазақстаннан Бельгияға жолдай ма – маған бәрібір. Тек олар халықаралық процедуралар аясында әрекет етуі тиіс, - дейді Бота Жәрдемәлі. Бұған қоса, оның айтуынша, Қазақстан билігі оның қайда тұрып жатқанын біледі әрі "халықаралық процедура" аясында әрекет ету мүмкіндігі бар.

Бірақ ол өзіне Қазақстанға оралуға әзірше ешқандай мүмкіндік жоғын айтады. Ол бұл позициясын былай деп түсіндіреді:

- Мен бір нәрсені жақсы түсінемін – егер мен Қазақстанға оралсам, Ескендірді босатпайтыны анық, мені де Ескендір сияқты тұтқындап, Ескендір сияқты азаптайтын болады, сосын екеумізді де ұзақ уақытқа қамап, Ескендірдің бүкіл бизнесін тартып алады, бүкіл отбасымыздың ойранын шығарады. Сонымен бітті!

АЗАПТАУ ЖАЙЛЫ

Бота Жәрдемәлі әлеуметтік желідегі кей пайдаланушылардың Ескендір Ерімбетовтің қорғаушылары "оны заңсыз ұстады, сосын ұрып-соғу және психологиялық қысым көрсетіп жатыр" деген ақпарат таратып әу бастан, яғни оны ұстаған сәттен бастап дұрыс істеген жоқ деп мәлімдеген комментарийлеріне қатысты "әлгі комментарийлерге қайран қалатынын" айтты.

- Ескендірді заңсыз қамап қойды, оған ойдан шығарылған айыптар тақты. Оған ойдан шығарып таққан айыптардың заң тұрғысынан қисынсыздығы соншалық, қазір қорғау тактикасын құруға мүлде ерте. Бірақ оны қамаған кезде оған әке-шешемді де, әйелін де, адвокатты да жолатпай қойған, ол кезде оны ұрып-соғып, азаптап жатқан, - дейді Бота Жәрдемәлі.

Оның сөзінше, бұл жағдайда Ескендір Ерімбетовтің қорғаушылары "таңға дейін тірі бола ма, жоқ па" деген жорамалға сүйеніп "қол қусырып, үндемей отыра" алмаған.

- Біз бұған, әрине, шыдай алмадық, үнсіз отыра алмадық. Әке-шешем баспасөз жиынын бір айдан кейін – 7 желтоқсанда ғана өткізгенін айту керек, өйткені олар Ескендірмен жолығу үшін бір айдай заңда қарастырылған құралдарды пайдаланып көрді, оған адвокатты кіргізуге, оны азаптауды тоқтатуға тырысты. Бұдан түк шықпады, сондықтан ақыры баспасөз жиынын өткізіп, тергеу абақтысында не болып жатқаны, ағамды қалай азаптап жатқаны туралы жұртқа жариялауға мәжбүр болды, - дейді Бота Жәрдемәлі.

Ол Ескендір Ерімбетовтің ісінің мәнісіне қатысты заң тұрғысынан қорғау жайлы қазір қылмыстық істің материалдары жоқ дейді. Оның сөзінше, "қалай болса солай жазылған үстіртін айыптау ғана бар, сондықтан қорғаушы тарап жұмыс істейтін материал жоқ".

Өткен жұма, 19 қаңтарда Алматының апелляциялық соты қорғаушы тараптың азаптау туралы сөздеріне және арасында туыс ағасы әрі ақын Олжас Сүлейменов бар бірнеше белгілі тұлғаның бизнесмен үшін кепілгер болуға әзірміз деген мәлімдемесіне қарамастан, Ерімбетовті қамауда қалдырған. Бота Жәрдемәлі апелляциялық сот шешіміне таңырқамайтынын айтады.

Мұндай арсыздыққа, Ескендірді бүкіл жұртқа көрсеткен қатігездікке жағамды ұстадым. Әлгі әрекетті мүлде заңсыз, адамды қорлайтын, ар-намысын таптайтын әрекет деп санаймын. Бұл – қылмыс құрамы барын білдіретін элементтері бар қылық

Бота Жәрдемәлінің Азаттыққа айтуынша, ол тергеушінің 12 қаңтарда "тергеу амалдарын жүргізу үшін" деген желеумен ағасын тергеу абақтысынан алдыртып, ол жерге билікшіл кей БАҚ өкілдерін шақырып, олар Ерімбетовті фотоға және видеоға түсіріп алып, кейін жариялағанына қайран қалған.

- Шынымды айтсам, мұндай арсыздыққа, Ескендірді бүкіл жұртқа көрсеткен қатігездікке жағамды ұстадым. Әлгі әрекетті мүлде заңсыз, адамды қорлайтын, ар-намысын таптайтын әрекет деп санаймын. Бұл – қылмыс құрамы барын білдіретін элементтері бар қылық. Бір жағынан, қарындасы ретінде мені Ескендірдің күйі мен оны жария түрде көрсетуі түршіктірді. Ал заңгер әрі құқық қорғаушы ретінде тергеуші әлгі әрекетімен олардың Ескендірді шынымен азаптап жатқандарын растап бергенін айтқым келеді, - дейді Бота Жәрдемәлі.

Бұған қоса, Ескендірдің денесіндегі кей жарақаттар сипатталған әрі ол әлгі жарақаттарды "төсек пен тумбочкаға ұрып алған" деп көрсетілген медициналық ұйғарымның билікшіл сайттардың бірінде жарияланғаны оны қатты қайран қалдырған.

- Ал мыналары барып тұрған сандырақ қой! Мұны меніңше, Қазақстанда да, өзге жақтарда да жұрттың бәрі түсініп қойды. Тергеу абақтысында ешқандай тумбочка жоғын жұрттың бәрі біледі ғой, - дейді Бота Жәрдемәлі.

Ғайни Ерімбетованың тергеу абақтысында отырған ұлы Ескендір Ерімбетовтің азапталғаны туралы шағымының көшірмесі. Алматы, 10 қаңтар 2018 жыл.
Ғайни Ерімбетованың тергеу абақтысында отырған ұлы Ескендір Ерімбетовтің азапталғаны туралы шағымының көшірмесі. Алматы, 10 қаңтар 2018 жыл.

Ескендір Ерімбетовтің әке-шешесінің "баламызды азаптап жатыр" деген шағымдары прокуратураны қылмыстық іс қозғауға мәжбүр етті. Бірақ Бота Жәрдемәлі бұл шын ниетті тексеру емес, "қылмыс іздерін жасыру әрекеті" деп атап, әлгі істің әділ тексерілетініне сенбейді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар тергеудегі адамдар мен сотталғандардың шағымдары бойынша қылмыстық істер сирек қозғалады, ал қозғалған күннің өзінде соттарға сирек жетеді деп мәлімдейді.

"МАГНИТСКИЙ ТІЗІМІ" ТУРАЛЫ

Азаттыққа берген сұхбатында Бота Жәрдемәлі ағасын қудалап, азаптап отырған қазақстандық орган қызметкерлеріне ғаламдық "Магнитский заңын" қолдануды сұрап, АҚШ-тың мемлекеттік департаменті мен конгресіне жүгінетінін айтты.

Оның сөзінше, ғаламдық "Магнитский заңы" – әлемнің кез-келген елінде саяси қудалаумен айналысып, адам құқығын бұзған адамдарға дербес санкция салуға мүмкіндік беретін заң. Ал санкция оған іліккендердің активтері мен есеп-шоттарын бұғаттаудан бастап виза алу, шетелде білім алу мүмкіндігінен айыруға дейін әр алуан түрде қолданылуы мүмкін деп түсіндіреді Бота Жәрдемәлі.

- Санкция салынғандар тізіміне Ескендірді заңсыз саяси қудалап жатқан, оны кепілге алып, мені – саяси босқынды Қазақстанға оралуға мәжбүрлеу үшін пайдаланып отырған және оның әріптестері – Василина Соколенко, Дмитрий Пестов пен Михаил Зоровты да заңсыз пайдаланып, қудалап, азаптап жатқан тұлғаларды енгіздіруге тырысатын боламын, - дейді Бота Жәрдемәлі.

Ол саяси баспана іздеп Еуропаға кетуге түрткі болған жайттар, бельгиялық газетте жарияланған мақаланың Мұхтар Әблязов Франция түрмесінен көбінесе Бота Жәрдемәлінің қорғауы арқасында шықты делінген үзіндісі, Бельгияда оған қатысты жүргізіліп жатқан тергеу жайлы сұрақтарды әзірше жауапсыз қалдырды.

2009 жылы мен Қазақстаннан кеткеннен бері Ескендір егер заң бұзбасам, қарындасым үшін ешкім қудаламайды деген оймен Қазақстанда тұрып, сол жақта жұмыс істеді. Бірақ, өкінішке қарай, оның сенімі ақталмады

Қазақстанда Бота Жәрдемәліні БТА банктен заңсыз несиелер беруге қатысы бар деген күдікпен тексеріп жатыр. Оған үкім тіпті сырттай да шыққан жоқ, бірақ тергеу органдары оны тергеу аяқталмай жатып әрі сотқа дейін "қашқын қылмыскер" деп атаған. Былтыр желтоқсанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы Ескендір Ерімбетовке "қысым туралы" хабарды жоққа шығарған кезде осылай деп мәлімдеген. Ол кезде коррупцияға қарсы қызмет "Қашқын қылмыскерлер М.Әблязов пен Б.Жәрдемәлінің істі "саясиландыру" және тергеу амалдары барысын қасақана бұрмалау әрекеттері жауапкершіліктен құтылып кетуге тырысқан тағы бір амал" деп мәлімдеген. Бота Жәрдемәлі әлгі айыптарды негізсіз санап, егер "халықаралық процедураға сәйкес" жолдаса, тергеушілердің сұрақтарына жауап беруге әзір екенін мәлімдейді.

Бота Жәрдемәліге белгілі болғандай, Қазақстанда оның үстінен іс 2013 жылы – БТА банк мемлекет меншігіне өткен соң төрт жылдан кейін қозғалған, билік оған іздеуді де сол кезде жариялаған. Оның пікірінше, билік оған "заңсыз қудалауға ұшырап Қазақстаннан кеткен адамдарды заңды тұрғыда қорғауды ұйымдастырған" тұлға ретінде оны "бейтараптандыру" мақсатымен айып таққан.

- Интерпол іс саяси астары бар себеппен қозғалған деп есептеп, мені іздеу жарияланғандар тізімінен алып тастады. Қазақстан менің үстімнен Ресейде де, Украинада да – мен ешқашан жұмыс істемеген екі елде де қозғауға тырысқан. Бірақ мені бейтараптандыруға тырысқан қилы әрекеттерінен түк шықпады. Ескендірді дәл осы себепті кепілде ұстап отыр. 2009 жылы мен Қазақстаннан кеткеннен бері Ескендір егер заң бұзбасам, қарындасым үшін ешкім қудаламайды деген оймен Қазақстанда тұрып, сол жақта жұмыс істеді. Бірақ, өкінішке қарай, оның сенімі ақталмады, - дейді Жәрдемәлі.

Жәрдемәлінің айтуынша, оны қудалау науқаны 2013 жылы ол Италиядан Қазақстанға мәжбүрлеп әкетілген Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуаның ісімен айналысқан кезде күшейген (Италия соты екеуін депортациялауды заңсыз деп танып, 2013 жылғы желтоқсанда Шалабаева қызымен Италияға оралған). Бота Жәрдемәлінің сөзінше, кейінірек Францияда Мұхтар Әблязовті тұтқындаған кезде, оның мүддесін қорғаумен айналысқан.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG