Accessibility links

"БТА банкі ісі" бойынша тағы төрт адам қамалды


Алматыдағы "БТА банк" кеңсесі (Көрнекі сурет)
Алматыдағы "БТА банк" кеңсесі (Көрнекі сурет)

Қазақстанда "БТА банкінен" қаржы жымқырып, оны заңдастыруға қатысы бар" деген күдікпен бірнеше адам қамауға алынды. Бұл туралы хабарлаған Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ақпаратына қарағанда, күдікті Е.Ерімбетов, В.Соколенко, Д.Пестов және М.Зоровты ұлттық бюро мен ҰҚК-нің ведомствоаралық жедел тергеу тобы 13 қарашада ұсталған.

Ұсталғандарға қатысты "БТА банкі" басшылығының арызымен Қылмыстық кодекстің 189-бабы ("жымқыру") және 193-бабы ("заңдастыру") бойынша соталды тергеу ісі басталған. "БТА банк" төрт азаматты банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов "жымқырған 500 миллион доллардан астам қаржыны" "жылыстатып, заңдастыруға қатысы бар" деп көрсеткен.

Тергеушілер бұған қоса Е.Ерімбетовті "өзінің "SKY SERVISE" компаниясы арқылы 1 миллиард теңге бюджет қаржысын жымқырды" деп күдіктенеді.

Ұлттық бюро Ерімбетовпен бірге оның әпкесі, Бельгияда жүрген Ботагөз Жәрдемәлінің "БТА-банкінен" 500 миллион доллар қайтарымсыз несие беруге "тікелей қатысы барын" айтады. Сырттай сотталған Мұхтар Әблязовтің серігі әрі кеңесшісі деп сипатталған Ботагөз Жәрдемәліге "сеніп тапсырылған бөтеннің ірі көлемдегі мүлкін ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында иеленіп кетті немесе талан-таражға салды" деген күдік бойынша 2013 жылы халықаралық іздеу жарияланған.

Сот ұсталған күдіктілердің мүлкіне арест қойған.

Кеше Алматыда "арнайы органдар қамауда ұстап отырған Ескендір Ерімбетовтің" туыстары баспасөз жиынын өткізіп, оны Қазақстан билігі "саяси себеппен қудалап жатқанын мәлімдеген. "Баламызды оппозициялық саясаткерден ақша алды деп айыптау негізсіз. Оны шетелде тұратын қызымыз Ботагөз Жәрдемәліні елге қайтарып, Әблязовке қарсы куәлік бергізу үшін қамауға алды" деген Ескендір Ерімбетовтің әкесі Мырзахан Ескендіров.

Ұлттық бюро қамаудағы күдіктілер мен олардың адвокаттары "процессуалдық нормаларға шағымданбағанын, оларға "қысым жасалмағанын" айтады.

"Осыған байланысты, қуғындағы қылмыскерлер Мұхтар Әблязов пен Ботагөз Жәрдемәлінің туыстарын, күдіктілер мен оған бағынышты адамдарды пайдаланып тергеу барысын әдейі бұрмалауға және оны "саясиландыруға" күш салуы жауапқа тартылудан сытылып кету әрекеті болып саналады" делінген ұлттық бюро хабарламасында.

Ескендір Ерімбетовтің туыстары өткізген баспасөз конференциясы туралы AzatNews хабары (7.12.2017)

AzatNews 07.12.2017
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:16:47 0:00

XS
SM
MD
LG