Accessibility links

Кәсіпкер Ерімбетов жеті жылға сотталды


Ескендір Ерімбетов сотта отыр.

22 қазанда Алматының Медеу аудандық соты кәсіпкер Ескендір Ерібетовті "аса ірі көлемде қаржылық алаяқтық" жасады деп айыптап, жеті жыл түрмеге қамау туралы үкім шығарды. Sky Servise компаниясының бұрынғы президенті Михаил Зоровқа үш жыл шартты жаза тағайындалды. Ал компанияның директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Дмитрий Пестов пен кеңестің бұрынғы мүшесі Василин Соколенко төрт жыл екі айға қамалды. Судья Тәкен Шәкіров үкімге келіспеген тарап болса 15 күннің ішінде Алматы қалалық сотқа қайта шағым түсіре алатынын айтты.

Үкімнен соң тәртіп сақшылары Ескендір Ерімбетов, Дмитрий Пестов пен Василин Сколенкоға кісен салып, сот залынан алып кетті. Ерімбетовтің қолдаушылары осы кезде "Позор судье Шакирову!", "Свободу Искандеру!", "Свободу Михаилу!", "Свободу Василине!" деп айқайлады.

Үкім оқылған соң Ерімбетовтің анасы Мадина Ерімбетова есінен танып қалды. Өзге адамдар жедел жәрдем шақырғанымен дәрігерлер шамамен 40 минут өткен соң ғана келді. Бірақ бұл кезде Мәдина Ерімбетованы туыстары есін жидырып, үйіне алып кеткен еді. Ал Ескендір Ерімбетовтің әкесі Мырзахан Ерімбетов үкімді "саяси тапсырыс" деп атап, қайта шағымданатындарын айтты.

Сот процесіне құқық қорғаушы, америкалық Perseus Strategies заң фирмасының жетекшісі Джаред Генсер бақылау жасап отырды. Ол үкім оқылған соң судья Тәкен Шәкіровтің "кәсіби білігіне күмән келтіре" сөйледі.

- Бұл сот демократияны мазақтағандай болды. Үкім алдын-ала белгілі болған сияқты. Мұның халықаралық деңгейде салдары болады. Ішкі істер министрі Қасымовты және шешім шығарған судьяны жауапқа тартуға шақырамыз, - деді Генсер Азаттық тілшісіне.

Жарыссөзде Михаил Зоров кінәсін мойындайтынын және тергеу кезінде берген жауабынан танбайтынын мәлімдеп, соттан өзін ақтауды сұраған. Дмитрий Пестов пен Василина Соколенко өздерінің кінәсіз екендерін айтып, соттан өздерін ақтауды өтінген. Ал Ескендір Ерімбетов өзінің ғана емес, басқа да сотталушыларды, оның ішінде Михаил Зоровты да кінәсіз деген.

Ерімбетов 2017 жылдың қараша айынан бері қамауда отыр. "Алаяқтық" бабы бойынша іс 14 маусымда басталған. Ал "ақша жылыстату" туралы екінші айыпқа қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Екінші істе қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов пен Ерімбетовтің қарындасы, Әблязовтің заңгері болған Бота Жәрдемәлінің аттары аталған.

Кейбір құқық қорғау ұйымдары Ескендір Ерімбетовке байланысты істің саяси астары бар деп мәлімдеген. Қазақстан билігі бұл мәлімдемені теріске шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG