Accessibility links

Тыйымнан кейінгі бір жыл. ҚДТ үшін қудаланғандар


Telegram-чатындағы жазбалары үшін "әлеуметтік алауыздықты қоздыру" және "билікті күшпен тартып алуға шақыру" баптары бойынша айыпталған Абловас Жұмаевты (есіктен кіріп келеді) полиция қызметкерлері сот залына әкелген сәт. Ақтау, 12 қыркүйек 2018 жыл.

2018 жылы наурыздың 13-і күні Қазақстан билігі бұрынғы банкир, қазіргі биліктің қарсыласы Мұхтар Әблязов құрған тіркелмеген қозғалыстың іс-әрекетіне тыйым салды. Былтыр осы қозғалысқа қатысы бар деген күдікке ілінген бірнеше адам істі болды. Олардың екеуі сотталды.

Билікті сынаушы Мұхтар Әблязовтің әлеуметтік желіде жариялаған постына "лайк" қойып, үкіметке қарсы пікірлер жазғаны үшін талдықорғандық зейнеткердің бостандығы шектелді. 68 жастағы Болатхан Жүнісовті Әблязов құрған, қазір сот шешімімен тыйым салынған, тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының "іс-әрекетіне қатысы болған" деп айыптады.

Бір жыл бұрын Астана соты қозғалысты "экстремистік ұйым" деп таныды. Бұрынғы полиция қызметкері Болатхан Жүнісовке үкім қыстың соңғы күні шықты. Оған дейін отставкадағы майордың үйіне тінту жасалып, қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізілді. Полиция қызметкерлері Жүнісов пен немересінің мобильді телефоны мен ноутбугын алып кетті.

Тыйым салынған "ҚДТ қызметіне қатысты" деп айыпталған зейнеткер Болатхан Жүнісов. Талдықорған, 22 ақпан 2019 жыл.
Тыйым салынған "ҚДТ қызметіне қатысты" деп айыпталған зейнеткер Болатхан Жүнісов. Талдықорған, 22 ақпан 2019 жыл.

Болатхан Жүнісов смартфонды 2017 жылы туған күнінде сыйға алғанын айтады. Соның көмегімен Facebook әлеуметтік желісінен аккаунт ашып, Telegram мессенджерін қалай қолдануды үйренген зейнеткер Әблязовтің парақшасынан ҚДТ бағдарламасымен танысқан. Әблязовтің желідегі жазбаларына "лайк" басып, билікті сынаған постыларды қайталап жариялап, пікір жазған.

Бұрынғы тергеуші ҚДТ қозғалысына тыйым салынғанын телеарналардан естігендіктен оны қолдағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін екенін білген. Бірақ Астананың Есіл аудандық сотының тіркелмеген қозғалысты "экстремистік ұйым" деп таныған шешімімен келіспейді. Зейнеткер бұл туралы тергеу кезінде және сот отырысында мәлімдеді.

Сот процесі кезінде Жүнісов судьядан ҚДТ қозғалысына тыйым салу туралы шешімнің заңдылығын анықтау үшін Конституциялық кеңеске жүгінуді сұраған. Бірақ сот оның өтінішін орындаудан бас тартты.

Сотта айыпталушы ісіне еш өкінбейтінін, өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын және ҚДТ идеяларын қолдай беретінін айтты.

ЖАЗАҒА ТАРТЫЛҒАНДАР

Болатхан Жүнісов ҚДТ қозғалысына қатысы болғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған жалғыз адам емес. 2018 жылы Қазақстанда ҚДТ-ға тыйым салынған соң оны қолдағаны үшін кем дегенде тағы тоғыз адам істі болды.

  • 2018 жылы наурыздың 13-і күні Астананың Есіл аудандық соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында оның іс-әрекетіне тыйым салған кезде Алматыда графикалық дизайнер болып істейтін Ақмарал Тобылова ұсталды. Екі күннен соң оны "қылмыстық топтың іс-әрекетін қаржыландырған" деген күдікпен үйқамаққа алды (Қылмыстық кодекстің 266-ы бабы). Бір айдан соң кепілге босатты. Жүкті әйелді қылмыстық қудалауға халықаралық ұйымдар араласты. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Тобылованы "ар-ұждан тұтқыны" деп атады. Бауыры Нұртайдың Азаттыққа хабарлауынша, Ақмарал Тобылованың үстінен қозғалған іс "қылмыс құрамының болмауы" себепті тамыз айында тоқтатылған. Ақмарал Тобылова ұл босанып, қазір сәбиге екі жарым ай толды.
  • 2018 жылы маусымда Қазақстан билігінің талабымен 41 жастағы блогер Мұратбек Тұңғышбаевты Қырғызстаннан экстрадициялады. ҚДТ-ға қатысы бар деп айыпталған Тұңғышбаевты қарауылмен Бішкектен Алматыға жеткізді. Әуелгіде блогер өзін қудалаудың саяси астары бар екенін айтқан еді. 2018 жылы қарашада билікке тәуелді бірнеше сайт Мұратбек Тұңғышбаевтың "өкінгені" туралы мақала жариялады. Кейін оның Алматыдағы тергеу абақтысынан шыққаны белгілі болды.
  • Қыркүйектің 26-сы күні Орал қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты 58 жастағы белсенді Бакиза Халелованың бостандығын шектеді. Сот ҚДТ іс-әрекетіне қатысқаны үшін айыпталған зейнеткерге әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салды.
  • Қазанның 2-сі күні Алматы соты 30 жастағы Әсет Нұржаубайды шартты түрде төрт жылға соттады. Оны алаяқтық жасады, Әблязовқа жақтас болды және ҚДТ қызметіне қатысты деп айыптады. Сотта өзіне тағылған айыптарды мойындамаған Нұржаубай соңғы сөзінде өкінетінін айтып, Әблязовті айыптады. Жарты жылға жуық қамауда болған Әсет Нұржаубай осы сөзінен кейін еркіндікке шықты.
  • Қазанның 24-і күні Семей соты 52 жастағы Фарит Ишмұхаметовке үкім шығарды. Әлеуметтік желіде жариялаған ҚДТ қозғалысына "қатысы бар" жазбалары үшін белсендінің бас бостандығын бір жылға шектеп, қоғамдық жұмыс атқаруды міндеттеді.
  • Қарашаның 2-сі күні сот үкімімен Ақмола облысының 44 жастағы тұрғыны Мұратбек Арғынбековке әлеуметтік желіде ҚДТ қозғалысына "қатысы бар" жазбалар жариялағаны үшін бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
  • Қарашаның 30-ы күні Алматы тұрғыны Әсет Әбішев ҚДТ іс-әрекетіне қатысқан деген айыппен төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Ақтаудың 38 жастағы тұрғыны Айгүл Ақбердіге қатысты сот ісі шиеленісті өтті. Ақбердінің жұбайы, 44 жастағы Абловас Жұмаев 2018 жылы қыркүйектің 20-сы күні Telegram-чаттағы "алауыздықты өршітетін" және "билікті күшпен басып алуға шақырған" жазбалары үшін үш жылға сотталған еді. 2019 жылы ақпанның 6-сы күні сот "билікті басып алуға шақырды" деп айыпталған Айгүл Ақбердіні ақтады. Бірақ прокуратура үкімге қарсылық білдіріп, апелляциялық өтініш түсірді.

"СҮЙКІМСІЗ" ҮШ ӘРІП

Тіркелмеген "Алға" партиясының (2012 жылдың соңында сот экстремистік ұйым деп танып, жауып тастаған) бұрынғы басшысы Владимир Козловтың Азаттыққа айтуынша, ҚДТ қозғалысы мен оның "туындыларына" осымен төрт рет тыйым салынды.

2003 жылы Атырау соты уақытша тіркелген, жас саясаткерлер мен кәсіпкерлер (олардың арасында Мұхтар Әблязов та бар) құрған, елге саяси реформалар қажет екенін мәлімдеген ҚДТ қоғамдық қозғалысын жапты.

2005 жылы қаңтарда Алматы соты прокуратураның талабын қанағаттандырып, Әблязов қолдайтын тіркелген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясын "саяси экстремизм" және "әлеуметтік өшпенділік пен алауыздықты қоздырды" деп айыптап, ұйымды жабу туралы шешім шығарды.

Оппозициялық "Алға" партиясы кеңсесінің алдындағы баннер. Алматы, 23 наурыз 2012 жыл.
Оппозициялық "Алға" партиясы кеңсесінің алдындағы баннер. Алматы, 23 наурыз 2012 жыл.

Козловтың сөзінше, бұдан соң ҚДТ жақтастары ҚДТ мирасқоры саналатын партия құруға тырысты, бірақ билік бұл атауды қолдануға тыйым салғандықтан аббревиатурадан бас тартуды ұйғарды.

2005 жылы "Алға" халық партиясын құру жөнінде құрылтай съезі өтті. Бірақ Әблязов қаржыландыратын құрылым тіркелмеді. 2012 жылдың қазанында Ақтау қалалық соты ұйым жетекшісі Владимир Козловты бас еркіндігінен айыру туралы үкімінде партияның іс-әрекетіне "экстремистік" деген баға берді. Бұдан соң желтоқсанда Алматының Алмалы аудандық соты оппозициялық партияны жабу және қызметіне тыйым салу туралы шешім шығарды.

Төртінші рет (Франция Қазақстанның экстрадиция жасауды сұраған өтінішін орындаудан бас тартқан соң Әблязов құрған) ҚДТ қозғалысына 2018 жылы наурыздың 13-і күні Астананың Есіл аудандық соты тыйым салып, қозғалысты "экстремистік ұйым" деп тануды сұраған бас прокуратураның талабын қанағаттандырды.

Әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы үндеу жасап жүрген Мұхтар Әблязов сол күні Facebook-тегі парағында ҚДТ-ға тыйым салу "қазақстандық және халықаралық заң нормаларына қайшы" екенін айтты.

Францияда тұрып жатқан қазақстандық бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов. Париж, қараша, 2017 жыл.
Францияда тұрып жатқан қазақстандық бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов. Париж, қараша, 2017 жыл.

Қазақстандық журналист әрі құқық қорғаушы Андрей Свиридовтың Азаттыққа айтуынша, ҚДТ пен оның "туындыларына" тыйым салған сайын оны қолдайтындарға қысым да күшейіп барады. Мысалы, ҚДТ қозғалысын алғаш жапқан кезде жағдай қазіргіден өзгеше болатын. Қозғалысты қолдайтындар 2004 жылы ҚДТ халықтық партиясын құрып қана қоймай, ресми түрде тіркеткен еді.

2005 жылы партияны жапқан билік жаңадан құрылған ұйымның атауында ҚДТ аббревиатурасы болмасын деген талап қойды. Свиридовтың сөзінше, тіркелмеген "Алға" партиясына тыйым салған соң билік ұйымды "талқандап", Алматы мен аумақтық филиалдарының кеңсесін жауып, партияның дүние-мүлкін, соның ішінде жылжымайтын мүліктерін де экспроприация жасаған. Бірақ ҚДТ-ға ("Алға") осы үш тыйымды салған кезде билік ұйымды жақтаушыларды қудалаған жоқ.

Андрей Свиридов 2018 жылы наурыздың 13-і күні Есіл аудандық сотының ҚДТ қозғалысына салған тыйымына мүлде басқаша баға береді. Қазір ҚДТ кеңсесі жоқ, азаматтарды осы ұйымды тек жақтағаны үшін қудалайды.

Ол былтыр Әблязов шеру өткізетін орын деп көрсеткен жерлерге барған азаматтарды полицияның жаппай ұстағанын мысалға келтірді. Свиридов мұны инквизиция әдісімен, ал азаматтардың ҚДТ-ға қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында полиция толтыратын сауалнаманы "Молот ведьм" ("Мыстандар балғасы") кітабына теңейді. Свиридовтың айтуынша, полиция оны маусымның 23-і күні ұстаған кезде әлгі сауалнамада жазылған "ҚДТ мүшесісіз бе? Оның идеяларын қолдайсыз ба?" деген сұрақтарды қойған. Қамауға алынғандардың бірі әлгі сауалнаманы өзімен бірге ала кетіпті.

"Ұлттық зерттеулер институты" үкіметтік емес ұйымының директоры саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтың пікірінше, бұрынғы ҚДТ мен қазіргінің арасында атауынан өзге ұқсастық жоқ.

- Қазіргі ҚДТ виртуалды кеңістіктегі елес сияқты. Ол адамдардың мүддесін ескермейді. Қоғамдық пікірмен манипуляция жасайтын әшейін бір "тролльдер фабрикасы". Сондықтан биліктің реакциясы заңды, - дейді қозғалысқа тыйым салу туралы сот шешімін меңзеген Нұрмұхамедов.

ШЕШІМДІ ЖАРИЯЛАМАУ

ҚДТ қозғалысына тыйым салу туралы сот шешімін ашық дерек көздерінен табу мүмкін емес. Оның мазмұны бас прокуратураның мәлімдемесінен белгілі. Онда соттың ҚДТ-ны экстремистік ұйым деп танып, Қазақстан аумағында іс-әрекетіне тыйым салынғаны ғана айтылған.

Сот шешімі БАҚ, әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен сайттар арқылы ҚДТ ақпараттық материалын таратуға тыйым салады.

Астаналық заңгер Антон Фабрый былтыр Есіл аудандық сотының ҚДТ-ға тыйым салған шешімімен келіспей, оны өзіне көрсетуді сұрап сотқа жүгінді. Шешімнің фотокөшірмесін ол Facebook-тегі парақшасында жариялады.

Сот шешімінде "[Әблязовтің] үндеуіндегі материалдар мәтінін талдау барысында ҚДТ жетекшісінің әлеуметтік алауыздықты қоздыруды үлкен мақсатқа, яғни билікті тартып алу жолында шағын мақсат ретінде ұстанғаны белгілі болғаны" жазылған.

Бұған қоса шешімде Әблязовтің "ҚДТ халық мүддесін көздейтін ұйым екенін көрсетуге ұмтылғаны, биліктің, жеке органдар мен лауазымды тұлғалардың теріс бейнесін қалыптастырып, әлеуметтік алауыздық тудыруды көздегені, билікті күштеп тартып алу мен Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын өзгертуді мақсат еткені" айтылған.

Талдықорған қаласының тұрғыны зейнеткер Болатхан Жүнісов Есіл аудандық соты шешімін Конституциялық кеңестің қарауына жіберуді сұраған өтінішін соттың қабылдамағанына қынжылады. Зейнеткер өзіне шыққан үкім әзірге қолына тимегенін айтады. Ол "еш мәні жоқ" деп санайтындықтан апелляциялық шағым бермейтінін айтады.

- Сотта маған үкім күшіне енген соң, ақпанның 15-інен кейін сізге оны поштамен жібереміз деп уәде берген, - деді Азаттыққа Жүнісов.

Тінту кезінде үйінен алып кеткен немересінің ноутбугы мен смартфонын полиция қайтарды. Ал зейнеткерге туған күнінде сыйлаған смартфон әлі полицияда жатыр. Жақында оны қайтарып берер деп үміттенеді Болатхан Жүнісов.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG