Accessibility links

Прокуратура Айгүл Ақбердиеваны ақтау туралы үкімге қарсылық білдірді


Айгүл Ақбердиева сотта соңғы сөзін айтып жатқан сәт. Ақтау қаласы, 4 ақпан 2019 жыл.
Айгүл Ақбердиева сотта соңғы сөзін айтып жатқан сәт. Ақтау қаласы, 4 ақпан 2019 жыл.

Маңғыстау облыстық прокуратурасы елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін "билікті құлатпақ болды" деп айыпталған Айгүл Ақбердиеваны ақтау туралы сот үкіміне қарсылық білдірді. Бұл туралы Азаттыққа Айгүл Ақбердиеваның өзі хабарлады.

Прокуратура 20 ақпанда облыстық соттың апелляциялық алқасына жолдаған өтінішінде: "Ақтау сотының үкімі негізсіз дәлелдерге және қылмыс құрамы жоқ деген соттың жеке теріс тұжырымына негізделген. Сот іс материалының 6-96 беттеріне назар аударып, дәлел ретінде келтірілген бүкіл қылмыстық істі негізсіз деп шығарды" деп жазған. Прокуратура сот негізсіз деп тапқан көшірмелердің рапорт екенін, ал рапорттың процестік құжат болып саналатынына сілтеме жасаған.

Бұған қоса прокуратура Ақтау қалалық сотының Ақбердиеваның ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізген полиция құрамына қатысты жеке қаулысын да негізсіз деп тануды сұраған. Сот қаулысында тергеушілердің процестік заң талаптарын бұзғаны айтылған еді.

Маңғыстау облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Тілектес Төретаева апелляциялық шағым бойынша жауап Азаттықтың ресми сұраныс хатынан соң берілетінін айтты.

Айгүл Ақбердиеваның адвокаты Жанар Сүндетқалиева "прокуратура наразылығына қарсы шағым дайындап жатқандарын" хабарлады.

- Ақбердиева ісіндегі келтірген дәлелдер сот алды тергеуінен өтпегені сотта анықталып, қандай процестік заң бұзушылық болғаны туралы анық көрсетілді, - деді адвокат.

6 ақпанда Ақтау қалалық сотының судьясы Гүлнәр Байтұрова Қазақстан билігі тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін "билікті құлатпақ болды" деп айыпталған Айгүл Ақбердиеваның іс-әрекетінде "қылмыстық құрам жоқ" деп тауып, оны ақтау туралы үкім шығарған.

Оқи отырыңыз: ​ҚДТ үшін айыпталған Ақбердиеваның ісінде "қылмыстық құрам жоқ"

Ақбердиеваны ақтау туралы үкім шыққан кезде Ақтау қалалық сотын басқарған судья Мәлік Кенжалиев кейін қудалауға түскенін мәлімдеп, халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан көмек сұрады. Бірақ бірнеше күннен кейін ол өзіне ешқандай қысым жасалмағанын және көмекке мұқтаж емес екенін мәлімдеді. Судья Гүлнәр Байтұрова Айгүл Ақбердиеваны ақтау туралы үкімі жайлы әзірге пікір білдірген жоқ.

Төрт баланың анасы 39 жастағы Айгүл Ақбердиева сот барысында өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, "билікті басып алуға" шақырмағанын, елдегі әлеуметтік жағдай туралы өз ой-пікірін білдіргенін мәлімдеген. Прокурор судьядан Ақбердиеваны айыпты деп танып, бас бостандығын бес жыл мерзімге шектеу жазасын тағайындауды сұраған.

Ақбердиеваның жұбайы 45 жастағы Абловас Жұмаев та өткен жылы күзде ҚДТ чатындағы жазбалары үшін "әлеуметтік алауыздық тудырды", "билікті күштеп құлатпақ болды" деп айыпталып, сот үкімімен үш жылға бас бостандығынан айырылған.

Ерлі-зайыпты Жұмаев пен Ақбердиева өздеріне тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды.

2018 жылы 13 наурызда Астана соты бас прокуратураның арызын қанағаттандырып, қуғындағы бұрынғы банкир әрі биліктің сыншысы Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған және Қазақстан аумағында тыйым салған. Содан бері елде осы қозғалыстың жақтастарына қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG