Accessibility links

"ҚДТ-ны қолдаған" Ақбердиеваның бас еркіндігін шектеуді сұрады


Айгүл Ақбердиева (сол жақта) мен адвокаты Жанар Сүндетқалиева. Ақтау қаласы, 11 қаңтар 2019 жыл.
Айгүл Ақбердиева (сол жақта) мен адвокаты Жанар Сүндетқалиева. Ақтау қаласы, 11 қаңтар 2019 жыл.

31 қаңтарда Ақтау қалалық сотында Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары арқылы "билікті күштеп басып алуға шақырды" деп айыпталған 39 жастағы Айгүл Ақбердиеваның соты жалғасты. Соттың жарыссөз кезеңінде прокурор Ұлболсын Естаева судьядан Айгүл Ақбердиеваны айыпты деп танып, бас бостандығын бес жыл мерзімге шектеу жазасын тағайындауды сұрады.

Сотта сөйлеген адвокат Жанар Сүндетқалиева Айгүл Ақбердиеваның ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу кезінде бір де бір куәгерден жауап алынбағанын, қылмыстық істегі куәгерлердің барлығы оның күйеуі Абловас Жұмаевтың тергеу кезінде жауапталғанын айтты.

Оның сөзінше, сотқа куә ретінде шақырылған жергілікті кәсіпкер Жалғас Ұзақбаев өзінің тінтуге қатысқанын, бірақ ешқандай хаттама жасалмағанын және қол қоймағанын айтқан. Өз дəйектерін келтірген адвокат Ақбердиеваның ісін қысқартып, оны ақтауды сұрады.

Айгүл Ақбердиева жарыссөзде прокурор сұраған жазамен келіспейтінін айтты.

- Прокурордың менің бас бостандығымды бес жылға шектеу туралы талабымен келіспеймін. Мен кінәлі емесін. Ешқандай қылмыс жасаған жоқпын. Ешкімді ешқайда шақырған емеспін. Мен тек өз пікірімді айттым. Сондықтан мені ақтауды сұраймын, - деді Айгүл Ақбердиева.

Бұдан соң судья соттың жарыссөз кезеңі аяқталғанын, Айгүл Ақбердиеваға соңғы сөз 4 ақпанда берілетінін хабарлады.

Бұған дейінгі сот отырысында Айгүл Ақбердиеваның күдікке ілінуіне негіз болған арыз иесі Әлия Ембергенова жауап берген. Ол белгісіз біреу өзін "Роза" деген никпен "ДВК-Активист" Telegram чатына қосқан соң ондағы жазбалар мен аудиоларды көргенін айтқан.

"Менің ойымша, чатта адамдар президенттің (Нұрсұлтан Назарбаевтың - ред.) жүргізіп отырған әлеуметтік-экономикалық саясатына қарсы болып, оның орнынан кетуін талап етіп, бейбіт митингіге шақырды. Бірақ мен 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасын есіме алып, соңы жақсылыққа апармас деп қорықтым. Сол себепті арыз жаздым" деген Ембергенова.

Адвокат Жанар Сүндетқалиева сотқа қосымша куәгер ретінде шақырған Маңғыстау облыстық полиция департаментінің тергеушілері Айдос Қадиев, Назарбай Жанбаев, ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкері Ержан Бисенбаев сотқа келмеді.

39 жастағы Ақбердиеваға қатысты қылмыстық іс 2018 жылдың 24 қыркүйегінен бері жалғасып келеді. Сол жылы 20 қыркүйекте сот оның күйеуі 45 жастағы Абловас Жұмаевты да ҚДТ чатындағы жазбалары үшін "әлеуметтік алауыздық тудырды", "билікті күштеп құлатпақ болды" деп айыптап, үш жылға бас бостандығынан айырған еді.

Жұмаев айыбын мойындамай, апелляциялық шағым түсірген, бірақ 2018 жылы 5 желтоқсанда Маңғыстау облыстық апелляциялық соты алдыңғы үкімді өзгеріссіз қалдырған. Ерлі-зайыпты Жұмаев пен Ақбердиева өздеріне тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Жұмаевтың есімін былтыр саяси тұтқындар тізіміне енгізген. Бірақ билік елде саяси себеппен сотталған тұтқындар барын терістейді.

2018 жылғы 13 наурызда Астана соты бас прокуратураның арызымен шетелде тұратын бұрынғы банкир әрі биліктің сыншысы Мұхтар Әбілязов басқаратын ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, Қазақстан аумағында тыйым салған. Содан бері осы қозғалыстың жақтастарына қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған еді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG