Accessibility links

Бұрынғы сот төрағасы халықаралық қолдау іздейді


Cот залы. (Көрнекі сурет).
Cот залы. (Көрнекі сурет).

Сот жюриінің тәртіптік комиссиясы Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиевті «коттедж құрылысы дауына» қатысты қызметінен босатты. «ҚДТ жақтастарының» ісін қараған экс-судья бұл шешімнің «саяси астары бар» деп, халықаралық ұйымдар мен Батыс елдерінен қолдау сұрады.

Ақпанның 11-інде Ақтау жұртшылығы сот саласындағы сирек оқиғаға куә болды. Қалалық сот төрағасын тәртіптік комиссия «коттеджін салған жұмысшылардың құқығын бұзды» деген айыппен қызметінен түсірді. Ал бұрынғы судья «саяси себеппен» қысым көріп жатқанын мәлімдеп, халықаралық ұйымдардан көмек сұрады.

Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиев
Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиев

Дүйсенбі күні Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған видеосында Мәлік Кенжалиев жағдайын түсіндіру үшін журналистерге брифинг берем дегенде полиция жолын кескенін айтты. 60 жастағы судья қалалық сотқа 2016 жылдан бері төрағалық етіп келген. Оған дейін Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы, Жаңаөзен қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы, Түпқараған аудандық сотының төрағасы қызметтерін атқарған.

«АДАМДЫҚҚА ЖАТПАЙДЫ»

Мәлік Кенжалиев өзіне қатысты «қысымның былтырғы қыркүйектен бері жалғасып келе жатқанын» айтады. Ол қызметтен босатылуына Қазақстанда экстремистік ұйым ретінде сот шешімімен тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысына қатысты іс себеп болды деп санайды. Ақпанның 6-сында Кенжалиевтің қарамағындағы судья Гүлнар Байтұрова осы қозғалыстың Telegram-чаттағы жазбалары үшін «билікті күштеп құлатуға шақыру» айыбымен үстінен іс қозғалған Айгүл Ақбердиеваға қатысты ақтау үкімін шығарған еді. Бұрынғы төраға Ақбердиеваға қатысты сот үкімі шыққан күннің ертеңінде өзін тәртіптік комиссия шақырғанын айтады.

- Ақбердиева соты жүріп жатқанда оған қатысты үкімді мен, судья Гүлнар Байтұрова, қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық соттың төрағасы Ержан Қарабаев және Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Дәулиев талқыладық. Жиында «Жоғары соттың талабы» туралы айтылды. Мен келіспедім, - деді Мәлік Кенжалиев Азаттыққа берген сұхбатында.

Ол өзінің «дәлелсіз сот істерін жиі ақтап немесе кері қайтаратыны», «әділ шешім шығаруға тырысатыны» басшылығына да, құқық қорғау органдарына да «жақпағанын» айтады. Былтыр қыркүйекте Ақтау қалалық соты Айгүл Ақбердиеваның күйеуі Авлобас Жұмаевты ҚДТ чатындағы жазбасы үшін «әлеуметтік, рулық алауыздық тудырды», «билікті күшпен басып алмақ болды» деген айыптармен үш жылға соттаған. Кінәсіз екендерін мәлімдеген ерлі-зайыптылардың төрт баласы бар, кенжелері – екі жаста.

Авлобас Жұмаевтың сотта отырған сәті. Aқтау. 31 шілде, 2018 жыл
Авлобас Жұмаевтың сотта отырған сәті. Aқтау. 31 шілде, 2018 жыл

- Жұмаевтың үкімі туралы талқылау болғанда да мен шартты мерзім беруді сұрадым. Себебі тек екі парақ қағазға бола соттау адамдыққа жатпайды деп ойымды айттым. Ал Ақбердиеваға қатысты томның 6-96 беттері ксерокөшірмеден тұрады. Дәлелсіз төрт баланың анасын қалай соттауға болады? Оны соттаса, судья ретінде жеке пікір айтатынымды ескерткем. Өйткені Ақбердиева 179-бап бойынша кемінде бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылар еді, - дейді ол.

ҚДТ чатындағы жазбасы үшін үстінен қылмыстық іс қозғалған Айгүл Ақбердиеваның ісі былтырғы қыркүйекте алдымен сол кездегі соттың төрағасы Мәлік Кенжалиевтің өндірісіне түскен болатын. Ол айыпталушы адвокатының кешенді сараптама туралы өтінішін қанағаттандырған соң прокурор наразылық танытып, іс қайта қаралған және оны қарау басқа сот құрамына тапсырылған.

Айгүл Ақбердиева (сол жақта) мен адвокаты Жанар Сүндетқалиева. Ақтау қаласы. 11 қаңтар, 2019 жыл
Айгүл Ақбердиева (сол жақта) мен адвокаты Жанар Сүндетқалиева. Ақтау қаласы. 11 қаңтар, 2019 жыл

Ақпанның 11-інде Кенжалиев Facebook желісінде жариялаған екінші видеосында қауіпсіздігі үшін алаңдап, халықаралық құқық қорғау ұйымдардан, Еуропа Одағынан, АҚШ пен Канададан қолдау сұрады. Оның сол күні таңертең Ақтаудағы «Ренессанс» қонақ үйінде брифинг өткізбекші болған әрекетіне полиция кедергі келтірді. Полицейлер жиналғандарды судьямен бірге көлікке отырғызып бөлімшелеріне алып кетіп, бір сағаттан соң босатып жіберген болатын.

Қазақстанда экстремистік ұйым деп жарияланған ҚДТ қозғалысын шетелде тұратын оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған. Әблязов әлеуметтік желілер арқылы жақтастарын бірнеше мәрте билікке қарсы флешмобқа шығуға шақырған.

КОТТЕДЖ ДАУЫ

Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы Гаухар Нұрханова Азаттыққа Сот жюриінің тәртіптік комиссиясы Мәлік Кенжалиевтің «Каспий теңізінің жағасында коттедж салу үшін Өзбекстан азаматтарын жалдап, уағдаласқан ақшаның жартысын бермегенін анықтағанын» мәлімедеді.

Сот хабарламасында: «Мәлік Кенжалиев орындалған жұмыс үшін 3,6 миллион теңге төлеуге уағдаласқан. Алайда, ол аталған соманың жартысын төлей отырып, қалған 1,8 миллион теңге соманы 2 жыл бойы қайтармаған. Орындалған жұмысы үшін өз ақшасын ала алмаған бригадир Кенжалиевке бірнеше рет телефон шалып, қалған соманы қайтару туралы өтінішімен смс-хабарламалар арқылы жүгінген. Алайда М.Кенжалиев ақша қайтарудан жалтарып, балағат сөздер айтып, оны түрмеге отырғызатынын айтып қорқытқан» деп жазылған.


Мәлік Кенжалиев комиссияның бұл шешімімен келіспейді. Оның айтуынша, 2016 жылы «беделді бір адамның өтініші бойынша» құрылысшыларға жолыққан және бұл жанжалды «ҰҚК тексеріп, қатысы жоқтығын анықтаған».

- Енді менің сот болып та жұмыс істегім келмейді... Соңымда құқық қорғау органының қызметкерлері торуылдап жүр. Менің қорқар ештеңем жоқ, - деді ол.

«БҰЛ – ДАБЫЛ»

Алматылық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Сот жюриінің Мәлік Кенжалиевке қатысты шешіміне күмәнмен қарайды.

- Егер біреудің талабы болса, полицияға немесе сот арқылы шығын өндіруге арыз жазбай ма? Соттың тәртіптік комиссиясы әлдебір арыз негізінде шешім қабылдайды. Енді тек генералдардың теріс айналуы қалды. Бұл билікке дабыл болуы тиіс. Ал полиция мен сот сияқты бірі тергеп, екіншісі заңдастыратын екі институт әлсіресе, президент құрған жүйе құрдымға кетеді, - дейді ол.

Бақытжан Төреғожина
Бақытжан Төреғожина

Құқық қорғаушы бұрын мұндай наразылықтар елеусіз, үнсіз өтсе, қазір тым белсенді көріне бастағанын айтады. Төреғожина судьяның әркетін «құрметтеуге тұратын батыл қадам» деп санайтынын айтты.

- Егер ол (Кенжалиев – ред.) шантаждан қорықпаса, еркін өмірді таңдауына болады, - дейді ол.

Мәлік Кенжалиев 2015 жылы Маңғыстау облысының судьялар одағын басқарған. Маңғыстау облысының «үздік судьясы» атағын, Жоғарғы соттың «Құрмет граматоларын» иеленген.

Қазақстанда айыпталушыға қатысты «жұмсақ жаза қолданды» және «пара алды» деген себептермен сот судьялары өте сирек болса да, жазаға тартылып жатады. 2014 жылы Алматы қалалық сотының бұрынғы судьясы Күлпәш Өтемісова «әділетсіз үкім шығарды» деген айыппен төрт жарым жылға сотталған. Ал былтыр Түркістан облысы Мақтарал аудандық сотының судьясы Абай Ниязбеков «пара алу» бабымен төрт жарым жыл түрме жазасына кесілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG