Accessibility links

ҚДТ үшін айыпталған Ақбердиеваның ісінде "қылмыстық құрам жоқ"


Айгүл Ақбердиева сотта соңғы сөзін айтып жатқан сәт. Ақтау қаласы, 4 ақпан 2019 жыл.
Айгүл Ақбердиева сотта соңғы сөзін айтып жатқан сәт. Ақтау қаласы, 4 ақпан 2019 жыл.

Ресми Астана экстремистік ұйым деп таныған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдады және билікті күштеп құлатпақ болды деп айыпталған 39 жастағы Айгүл Ақбердиеваның соты аяқталды.

"МІНЕ ҚОЛЫМ, КІСЕНДЕҢІЗ ДЕ, АЛЫП КЕТЕ БЕРІҢІЗ"

Ақпанның 6-сы күні Ақтау қалалық соты "Қазақстан Конституциясын бұзып, билікті күшпен басып алуға жария түрде шақырды" деп айыпталған 39 жастағы Айгүл Ақбердиеваның әрекетінде "қылмыс құрамы жоқ" деп, оны толық ақтау туралы үкім шығарды. Судья сотқа дейінгі тергеу жүргізген Маңғыстау облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасын "қылмыстық процессуалдық заңды бұзды" деп айыптап, жеке ұйғарым қабылдады.

- Сот Ақбердиеваны ақтап қана қоймай, оған оңалтудан өтуге және оның заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны үшін өзіне келген залалды қалпына келтіру құқығын да берді, - дейді адвокат Жанар Сүндетқалиева.

Бұған дейін прокурор Ұлболсын Естаева Айгүл Ақбердиеваны "бес жылға дейін бас бостандығын шектеуді" сұраған еді.

Адвокат Сүндетқалиева егер сот прокурордың талабымен келіскенде Айгүл Ақбердиева мен отбасының экономикалық жағдайы нашарлай түсер еді деп санайды.

- Ақбердиева сотталса, оны ешкім жұмысқа да алмайтын еді және ол қаржылық бақылауда болатын тұлғалар тізіміне енетін еді. Барлық жағынан үлкен кедергілер туындайтын еді, - дейді ол.

Айгүл Ақбердиева (сол жақта) мен адвокаты Жанар Сүндетқалиева. Ақтау қаласы. 11 қаңтар 2019 жыл.
Айгүл Ақбердиева (сол жақта) мен адвокаты Жанар Сүндетқалиева. Ақтау қаласы. 11 қаңтар 2019 жыл.

Айыпталушы Ақбердиева ақпанның 4-і күні соңғы сөзін сөйлеп, өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтқан.

- Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар екені рас. Сол себепті мен биліктің жүргізіп отырған саясатымен келіспеймін. Өзіңіз естіген шығарсыз, Астанада үй өртеніп, бес бала қайтыс болды. Оған да саясат кінәлі. Егер жақсы жәрдемақы төленсе, ата-анасы оларды қараусыз қалдырмас еді. Анасы оларды қарап үйінде отырар еді. Әр азаматтың өз ойын айтуға құқығы бар. Мен "билікті күштеп басып алу" деген ұғымды осы сот басталғанда білдім. Қазақстан азаматы ретінде қоғамдағы әділетсіздікке қатысты тек өз ойымды ғана айттым. Сондықтан қарапайым отбасындағы әйелді бұл айыппен айыптаудың өзі күлкілі. Егер мені шынымен қоғамға қауіпті деп санасаңыз, міне қолым, кісендеңіз де, әкете беріңіз, - деді ол.

Ақбердиеваның 45 жастағы күйеуі Абловас Жұмаев былтыр қыркүйекте ҚДТ Telegram чатындағы жазбалары үшін "әлеуметтік алауыздық тудырды және билікті күштеп құлатпақ болды" деп айыпталып, үш жылға бас бостандығынан айырылған еді.

"ІС МАТЕРИАЛДАРЫНДА СӘЙКЕССІЗДІК КӨП"

Айгүл Ақбердиеваға қатысты іс 2018 жылы тамызда қозғалған. Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің аға тергеушісі Нұрсұлтан Жамбаев жүргізген айыптау актісі бойынша, Ақбердиева 2018 жылы ақпанда "Айкена", "Айкен", "Айгөлек" никтерімен Telegram желісіндегі "ДВК-активист" тобына тіркеліп, "билікті құлатуға шақырған" бірнеше хабарлама жазған.

Адвокат Жанар Сүндетқалиеваның айтуынша, қылмыстық істің 6-бетінен 96-бетіне дейін келтірілген дәлелдердің тек көшірмесі бар, ал олардың қашан, қайда және қалай алынғанын көрсететін процессуалдық құжат жоқ.

Ақбердиева ісіне қатысты тергелгендердің бәрі – Жұмаевтың ісіндегі куәгерлер. Арнайы ешкім тергелмеген

- Іс материалдарында сәйкессіздік өте көп болды. Тергеу органы Ақбердиеваның күйеуі Абловас Жұмаевты соттау кезінде алған дәлелдерді "бұл іске да қатысы бар" деп қоса салған. Ақбердиева ісіне қатысты тергелгендердің бәрі – Жұмаевтың ісіндегі куәгерлер. Арнайы ешкім тергелмеген, - дейді адвокат.

Сот тергеуіне қатысқан куәгер Ұзақбаев Ақбердиеваға емес оның күйеуі Жұмаевқа қатысты тінтуге қатысқанын, бірақ ештеңе көрмегенін, ешқандай қағазға қол қоймағанын, хаттамадағы қол өзінікі еместігін айтқан. Ал "Ақбердиеваның үстінен шағым түсірді" деген негізгі куәгер - Ақтау тұрғыны Әлия Ембергенова арызды басқа тұрғынның атына жазғанын мәлімдеп, Ақбердиева жазбаларында ешқандай билікті басып алуға шақыру болмағанын айтқан.

"САЯСИ ЖЫЛЫМЫҚ ТУРАЛЫ АЙТУҒА ӘЛІ ЕРТЕ"

Құқық қорғаушы Бахытжан Төреғожинаның пайымдауынша, Айгүл Ақбердиеваның ақталуы Қазақстандағы сот аз да болса ойлана бастағанын аңғартады.

- Прокурор Ақбердиеваның құқығын бес жылға шектеуді сұрады. Яғни, ҰҚК, ІІМ сияқты карательдік жүйелер өзгерген жоқ. Бірақ сот жүйесі сезімтал бола бастады. Сот үнемі репрессия стилінде кете беруге болмайтынын ұқты. Бұған Астанадағы өрттен көз жұмған бес баланың қазасы да қосымша себеп болды. Бірақ Мұхтар Жәкішев, Макс Боқаев, Арон Атабектер қамаудан шықпай жылымық туралы айтуға әлі ерте,- дейді ол.

Бахытжан Төреғожина Айгүл Ақбердиева мен құқық қорғаушы Елена Семенованың ісі Еуропарламент депутаттарының тарапынан тұрақты бақылауда болғанын айтты.

Айгүл Ақбердиева мен үш жылға түрмеге қамалған күйеуі Абловас Жұмаевтың төрт баласы бар. Үлкен баласы – колледжде, екі баласы мектепте оқиды. Ең кішісі – үш жаста.

Айгүл Ақбердиева істі болғанға дейін билікті күшпен құлату туралы заң бабы туралы білмегенін айтады. Ол "Тelegram чатына кездейсоқ, интернеттен видео көріп отырып, толық нұсқасын Telegram-нан көруге болады деген соң кірдім" дейді.

Кейін ҚДТ чатынан елдегі әлеуметтік, экономикалық проблемалар мен теңсіздіктер туралы пікірлерді оқып, "жазылғанның барлығы шындық болған соң қолдаған, ойын жаза бастаған".

Полиция қызметкері Абловас Жұмаевты апелляциялық сот отырысынан соң залдан әкетіп барады. Ақтау, 15 қараша 2018 жыл.
Полиция қызметкері Абловас Жұмаевты апелляциялық сот отырысынан соң залдан әкетіп барады. Ақтау, 15 қараша 2018 жыл.

Осыдан соң бұл отбасы "құқық қорғау органдарының қатаң бақылауына іліккен". 2018 жылы көктемде полиция оларды бірнеше рет бөлімшеге шақырған.

- Бізді наурызда бөлімшеге шақырып, видеоға түсірді. Аты-жөнімізді атап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік деген қағаз берді. Сонымен бітті деп ойлғанбыз. Алайда мамырдың 10-ы күні күйеуім көлікпен мені Ақтау қаласының "Ынтымақ" алаңы маңындағы дәрігерге көрсету үшін апара жатқан. Бізді сол жерде "әдейі митингіге қатысу үшін келдіңдер" деп ұстап алып кетті. Ал мамырдың 11-і күні күйеуімді жұмыстан алып кетіп, қамады. Бәрі солай басталды, - деген еді ол.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Ақбердиеваның күйеуі Абловас Жұмаевтың есімін саяси тұтқындар тізіміне енгізген. Бірақ Қазақстан билігі елде саяси себеппен сотталған тұтқындар барын терістейді.

2018 жылы наурыздың 13-і күні Астана соты бас прокуратураның арызымен шетелде тұратын бұрынғы банкир әрі биліктің сыншысы Мұхтар Әблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік" деп танып, ел аумағында тыйым салған. Содан бері осы қозғалыстың жақтастарына қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG