Accessibility links

Әлеуметтік желілердің бұғатталуы. Байланыс операторы Астанаға сілтейді


Интернетті бұғаттау. Авторы Ғалым Смағұлұлы.
Интернетті бұғаттау. Авторы Ғалым Смағұлұлы.

"Әлеуметтік желілердің бұғатталуы" туралы тұтынушының сұрағына жауап берген Қазақстандағы ұялы байланыс операторы "бұғаттау" себебін елде тыйым салынған саяси қозғалыстың "белсенді әрекетімен" байланыстырған. Компания министрліктің осыған байланысты берген жауабына сүйенеді. Ал елдегі ақпарат және коммуникацияға жауапты ведомство басшысы бұған дейін министрліктің интернет-шектеулерге қатысы жоғын бірнеше рет айтқан.

БАЙЛАНЫС ОПЕРАТОРЫ МИНИСТРЛІККЕ СІЛТЕЙДІ...

Алматылық заңгер Антон Шин ақпанның 1-і күні Facebook-тағы парақшасында "әлеуметтік желінің бұғатталуына байланысты" "КаР-Тел" ("Билайн") компаниясынан алған ресми жауаптың көшірмесін жариялаған.

Ондағы жауапқа қарағанда "КаР-Тел" компаниясы өткен жылы осы сұрақ бойынша ақпарат және коммуникациялар министрлігіне сауал жіберіп, жауап алған. "КаР-Тел" компаниясының түсіндіруінше, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының "белсенділігі қызған шақта" министрлік "Қазақстан Республикасы аумағындағы қолданушылардың Youtube желісіне кіруіне шектеу қою шараларын қолданған".

Бұрынғы банкир, Қазақстан билігінің оппоненті Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы 2018 жылы наурыз айында сот шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылған. ҚДТ қозғалысына тыйым салынғаннан кейін қазақстандық қолданушылар Facebook, Youtube, Telegram сияқты әлеуметтік желілерге кіру қиындағанын айтып, шағымдана бастаған. Әблязов пен оның жақтастары аталған желілер арқылы кешке тікелей эфирге шығып келген еді.

Заңгер Антон Шинге жолдаған жауабында "КаР-Тел" компаниясы ақпарат және коммуникациялар министрлігінің "елде ҚДТ әрекетіне тыйым салынғаны" туралы 2018 жылы сәуір айында жолдаған жауабына сүйенеді.

Онда ҚДТ-ның интернеттегі белсенділігіне - "қазақстандық интернет сегментінде жұмыс істейтін интернет-ресурстар мен ақпарат құралдарының кез келген түрі, телекоммуникация, әлеуметтік желілер, мессенжерлер мен видеохостингтердегі" әрекетіне де тыйым салынғаны айтылған.

"ЕНДІ GOOGLE ЖАУАБЫН КҮТІП ОТЫРМЫН"

Азаттық тілшісіне берген сұхбатында заңгер Антон Шин әлеуметтік желілер қайта-қайта бұғаттала берген соң байланыс операторына сауал жолдауға мәжбүр болғанын айтады.

Алматылық заңгер Антон Шин. Сурет Facebook-тағы парақшасынан алынған.
Алматылық заңгер Антон Шин. Сурет Facebook-тағы парақшасынан алынған.

- Мен бірнеше операторға сұрау жолдадым, тек біреуінен осындай жауап алдым. Қалғаны "бүкіл интернетке жауап бере алмаймыз" деген сияқты бейтарап түрде жауап берді. Жалпы заңдық тұрғыдан алғанда бұлай деу дұрыс та шығар, - дейді Антон Шин.

Шин жуырда Google-дың (Youtube - Google сервистерінің бірі) Ресейдегі өкілдігіне "КаР-Тел" компаниясынан алған жауабын да тіркеп, сауал жолдаған. Ол Google-дан Қазақстандағы әлеуметтік желілердің бұғатталуынан хабардар ма екенін сұрап білгісі келеді. Бұл сауалын пошта арқылы жолдаған. Жауабын күтіп отырғанын айтты.

"КаР-Тел" компаниясы наурыздың 2-сі күні Азаттыққа Антон Шин есімді азаматқа 2019 жылы 18 ақпанда жауап бергенін растады. Азаматтардың шағым-өтініштерін қарау бөлімінің маманы Ермек Құрмансейітов жауапты компания заңгерлерінің дайындағанын айтты.

- Біз заңгерлерге жібердік қой. Заңгерлер толық қарап, солай жауап берген. Біз қиын сұрақтар болған кезде заңгерлерге жібереміз. Олар өздері қарастырады. Заң бойынша жауап береді. Ал біз тек хатты шығарамыз да, тіркеуден өткізіп, шығу нөмірін қойып, жібереміз, - деді ол.

МИНИСТР ПРОВАЙДЕРЛЕРГЕ СІЛТЕЙДІ

Өткен аптада ақпарат және коммуникациялар министрлігі таратылып, байланыс және ақпараттандыру саласы бойынша міндеттер "цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне" берілген. Ал ақпарат саласы бойынша міндеттер қайта құрылған ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жүктелген.

Аталған ведомство басшысы ретінде бұрынғы ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев тағайындалды. Өткен жылдан бері Абаевқа журналистер "әлеуметтік желілерді шектеуге" қатысты сұрақтар қойып келеді.

ВИДЕО: Әлеуметтік желідегі кідіріс министрді күмілжітті (Мамыр айы, 2018 жыл).

Наурыздың 1-і күні де ол ведомствоның интернет шектеулерге қатысы жоқ екенін айтып, интернет провайдерлерге хабарласуға кеңес берген.

"Бұл сұраққа мың рет жауап бердік" деген министр қолданушылар саны өсіп бара жатқан тұста "кейде техникалық өзгерістер, кедергілер болуы мүмкін" деп айтқан. Бұл мәселені жауапты арнайы органға жеткізуге уәде берген.

Министр "Қазақстан интернетті бұғаттау үшін қанша қаржы жұмсайды?" деген сұрақты жауапсыз қалдырған.

Халықаралық Freedom House құқық қорғау ұйымының интернет бостандығы туралы есебінде Қазақстан әлемдегі 65 елдің ішінде 46-шы орында тұр. Ұйым Қазақстанды "әлеуметтік желілер мен коммуникация платформаларын жиі бұғаттайтын" елдер қатарына жатқызады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG