Accessibility links

Интернеті бұғатталатын Қазақстанда "билікшіл тролльдер бар"


Интернетті бұғаттау. Карикатураның авторы Ғалым Смағұлұлы

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы интернеттегі еркіндік (Freedom on the Net-2018) есебін жариялады. Тізімде Қазақстан "интернеті бұғатталатын" 20 елдің қатарына енген. Қолданушылар деректеріне бақылаудың күшейгенін атап өткен ұйым "Қазақстан Қытай компанияларынан адам түрін анықтайтын құралдар сатып алғанын" жазады.

Freedom House есебінше, Қазақстандағы интернет еркіндігінің жағдайы өткен жылдармен салыстырғанда еш өзгермеген.

"ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ЖИІ БҰҒАТТАЛАТЫН ЕЛ"

Freedom House есебінде Қазақстан 65 елдің ішінде 46-орында тұр. Ұйым зерттеуінде Қазақстан "әлеуметтік желі мен байланыс платформалары жиі бұғатталатын" елдердің бірі ретінде аталады.

Ұйым есебі жарияланардан бірер күн бұрын Қазақстан билігі төрт мемлекеттік органға төтенше жағдай кезінде интернетті және байланыс құралдарын өшіруге рұқсат берді. Қазақстан үкіметінің 28 қазанда күшіне енген қаулысына сай, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі және Қорғаныс министрлігі елде әлеуметтік, табиғи және техногендік төтенше жағдай болса интернетті бұғаттап, байланыс құралдарын сөндіре алады.

Видео: Енді Қазақстанның күштік құрылымдары төтенше жағдай кезінде интернетті бұғаттай алады

Freedom House есебінше, Қазақстанда "билікшіл тролльдер интернеттегі онлайн талқылауды қолдан ұйымдастырады". Қазақстаннан бөлек "Әзербайжан, Қытай, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран, Түркия, Украинада да билікшіл тролльдер бар".

Ұйым Қазақстан, Иран, Беларусь, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Түркияда саяси, әлеуметтік және діни контент жиі бұғатталатынын, мемлекетті сынайтын ұйымдар үнемі техникалық шабуылға ұшырайтынын жазады. Ұйым зерттеуінше, Қазақстанда қабылданған жаңа заң (БАҚ туралы заң – ред.) интернеттегі бақылауды күшейтіп, аноним пікір қалдыруды шектеген.

Тыйым салынған сайт. Көрнекі сурет.
Тыйым салынған сайт. Көрнекі сурет.

Freedom House есебінше, Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Иран, Түркия, Ресей, Қытай – саяси және әлеуметтік жазбасы үшін интернет қолданушыларды қудалайтын, жауапқа тартатын елдер.

Freedom House әлемде сегіз жыл қатарынан интернет еркіндігі әлсіреп бара жатқанын жазды. Көптеген елдер жалған ақпаратпен күресуді желеу етіп, сайттардың жұмысына кедергі келтіруді жиілеткен.

Ұйым өз есебінде "Қазақстанда Ratel.kz және Forbes.kz сайттары қате ақпарат таратты деген айыппен жауапқа тартылғанын" атап өткен.

Бұрынғы қаржы және мемлекеттік кіріс министрі, қазір бизнеспен айналысып жүрген Зейнолла Кәкімжанов Ratel.kz редакциясына қарсы арыз түсірген. Ratel.kz сайты Кәкімжановтің "жемқорлық әрекеттері" туралы болжам мақала жариялаған еді. Сот Ratel.kz интернет-басылымын шығаруды тоқтатып, сайттың бас редакторы Марат Әсіповке Ratel.kz атынан мақала жариялауға тыйым салған.

Ұйым дерегінше, Қазақстанда 13,8 миллион адам интернет қолданады.

"ҚЫТАЙ – ИНТЕРНЕТ ЕРКІНДІГІН ЕҢ КӨП БҰЗАТЫН ЕЛ"

Freedom House рейтингінде Қытай соңғы 65-орында тұр. Ұйым бұл елде интернетті бақылау жыл сайын күшейіп бара жатқанына алаңдайды.

"Қытай – әлемдегі интернет еркіндігін ең көп бұзатын ел. Қытайдың киберкеңістік әкімшілігі ұсынған кибер қауіпсіздік заңы елдегі бүкіл интернетті бақылайды. Жаңа заңға сай, ел аумағында жұмыс істейтін ұялы байланыс операторлары мен әлеуметтік желілер қолданушыларды шын есімімен, барлық деректерімен тіркеуі тиіс. Қытай Apple компаниясына AppStore интернет дүкенінен жүздеген қосымшаны жоюды талап еткен. Шыңжаң аймағында "елдің қауіпсіздігі үшін" деп тұрғындардың түрін анықтау құралдарын қолдана бастады. Бақылау кезінде анықталған ақпараттардан кейін көптеген адам Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу орталықтарына қамалды" деп жазады ұйым есебінде.

Германияның Ганновер қаласында өткен технология көрмесі кезінде наразылыққа шыққан адамдар.
Германияның Ганновер қаласында өткен технология көрмесі кезінде наразылыққа шыққан адамдар.

Ұйымның жазуынша, "Қытайдың әлеуметтік желісі WeChat қолданушылары шетелде жүргенде де бақылауда болатындарын айтып, шағымданған. Қытай билігі америкалық Delta, United және American Airlines әуе компанияларының сайтында Тайваньды жеке ел ретінде емес, Қытаймен бір тізімге қосуды талап еткен. Marriott қонақ үйі жеке сайтындағы елдер тізіміне Тайвань, Гонконг, Макао, Тибетті қосқан үшін Қытай ел аумағында қонақ үй сайтын бұғаттап тастаған".

Freedom House ұйымының пайымдауынша, Қытайдағы "Әлеуметтік кредит жүйесі" (Social Credit System) әр азаматтың еркін жүріп тұруына кедергі келтіреді. Бұл жүйе бойынша әр азамат онлайн және офлайндағы әрекеттеріне байланысты ұпай жинайды. "Билікке жақпайтын" іс-әрекет жасағандар қара тізімге енеді. Қара тізімдегілер кредит ала алмайды және түрлі әлеуметтік пакеттерді пайдалану мүмкіндігі азаяды.

"Жергілікті құқық қорғаушылар елде қара тізімге енгендер ұшақ және пойызға билет ала алмай қалғанын айтты. Қытай ұпай беру жүйесін бизнес компанияларға да қолдануды қарастырып жатыр. Бұл адам құқығына қарсы келетін Қытай заңдарын қабылдамай отырған шетелдік компаниялардың жұмысына кедергі келтіруі мүмкін" деп жазады ұйым.

Freedom House дерегінше, интернетті тарататын, бақылайтын және адамдардың түрін анықтайтын құралдардың көбі Қытайда жасалады. Ұйым есебінде "Қазақстан Қытай компанияларынан адамдардың түрін анықтайтын құралдар сатып алғанын" жазады.

Ұйымның дерегінше, Қытай билігі соңғы уақытта кибер кеңістікті, ақпаратты басқару тақырыбында халықаралық семинарларды жиі ұйымдастыра бастаған. Қытайдың семинарларына 36 ел қатысқан.

Freedom House есебінде Эстония, Грузия, Армения – "интернеті еркін елдер" қатарын енген. Ал Қырғызстан "интернеті жартылай еркін", Ресей мен Өзбекстан "интернеті бұғатталатын" елдердің қатарында тұр.

Есепке 2017 жылдың маусымы мен 2018 жылдың мамыры аралығындағы деректер енген.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Днепрде вирустан қайтыс болуы мүмкін адамдарға қабір қазып қойды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00
XS
SM
MD
LG