Accessibility links

FH: Қазақстан әлі де интернеті "еркін емес" елдер тізімінде


Freedom House ұйымының әлемдегі интернет еркіндігі жөніндегі картасынан скриншот. 14 қараша 2017 жыл.
Freedom House ұйымының әлемдегі интернет еркіндігі жөніндегі картасынан скриншот. 14 қараша 2017 жыл.

Қазақстан Freedom House құқық 0орғау ұйымының әлемдік интернет еркіндігі жөніндегі индексінде биыл да "интернеті еркін емес ел" деп танылды. Қазақстанның биылғы индекстегі интернет еркіндігі бойынша балы 62-ні құрап, бір ұпайға ғана жақсарған.

Бұрынғы Совет одағы құрамында болған республикалар арасында интернеті "еркін емес" елдер қатарында Ресей, Беларусь, Өзбекстан аталады. Грузия мен Эстонияда интернет еркін" деп, ал Украина, Қырғызстан және Әзербайжанда интернет "жартылай еркін" деп танылған.

Зерттеу жасалған әлемдегі 65 елдің арасында интернеті "еркін емес" елдердің алдында Сирия, Эфипопия, Қытай, Иран, Сауд Арабиясы және Пәкістан тұр. Ал интернеті "ең еркін" елдер санатында Исландия, Эстония және Канада аталады.

Ұйымның "Интернет 2017" есебі бойынша, 2017 жылы әлем елдерінің үкіметтері әлеуметтік желілерде ақпаратпен манипуляция жасап, демократияға қауіп төндіріп, әлемдегі жалпы интернет еркіндігі көрсеткішін төмендете түскен. Зерттеуде былтыр 18 мемлекетте болған сайлауда интернетте ақпаратпен айла-шарғылар жасау және дезинформация тәсілдерін қолдану, оның ішінде Ресейдің АҚШ-тағы сайлау процесіне килігуі интернет еркіндігін азайтуда "маңызды рөл атқарғаны" айтылады.

Индексте 65 мемлекеттегі интернет қолданушыларының төрттен бірінен азы интернетті "еркін пайдаланытынын" айтқан. Қолданушылар "еркін қолдану" дегенде интернетке қолжетімділікте айтарлықтай кедергі және контентке қатысты шектеулер жоғын, қолданушыларды заңды пікірі үшін қудалап, себепсіз аңду сияқты құқық бұзу белгілері байқалмайтынын меңзеген.

"Жалдамалы комментаторлар мен саяси боттарды пайдаланып үкімет саясатын насихаттау ең алғаш Қытай мен Ресейде кең қолданылса, қазір ол әлемдік тенденцияға айналды. Мұндай тез таралып жатқан технологияның демократия мен азаматтық белсенділікке тигізетін кері ықпалы орасан" дейді Freedom House ұйымының президенті Майкл Абрамовиц.

"Үкіметтер қазір әлеуметтік желілерді өзгеше ойлайтындардың үнін өшіріп, демократияға қарсыласуға пайдаланып отыр" дейді "Интернет еркіндігі" жобасының директоры Санья Келли.

XS
SM
MD
LG