Accessibility links

Ratel.kz ісі: қызметін тоқтатсын және тыйым салынсын


"Билікке шынайы журналистика қажет емес"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:01 0:00

Ratel.kz ісі: "Билікке шынайы журналистика қажет емес".

Алматыда сот Ratel.kz интернет-басылымын шығаруды тоқтатып, сайттың бас редакторы Марат Әсіповке Ratel.kz атынан мақала жариялауға тыйым салды. Арызды прокуратура түсірген. "Көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айыппен қозғалған істі тергеу әлі аяқталған жоқ. Бақылаушылардың пайымдауынша, бұл - БАҚ-ты қудалау.

"ДӘЛ ОСЫЛАЙ БОЛАТЫНЫН БІЛГЕНМІН"

Мамырдың 28-і күні Алматы қаласы Медеу аудандық соты судьясы Гүлмира Бейсенова қалалық прокуратураның Ratel.kz интернет-басылымының бас редакторы Марат Әсіповке қатысты түсірген "Ratel.kz сараптамалық интернет-порталының" қызметін тоқтату, тіркеуді жою, Ratel.kz доменін немесе оны қайталайтын атауды қазақстандық интернет сегментте бір жыл бойы пайдалануға тыйым салу туралы азаматтық талап-арызын қанағаттандырды.

Бұған қоса, сот шешімімен Марат Әсіповтің ақпарат құралдарында Ratel.kz, Balborsyk.kz, wildratel.com, itau.kz және өзге де домендік атауларда Ratel.kz интернет-порталы атынан ақпараттық материалдар жариялап, таратуына да тыйым салынды.

Сот шешімі жарияланғаннан кейін Марат Әсіпов журналистерге шешімге қатысты міндетті түрде шағымданатынын мәлімдеді.

- Дәл осылай болатынын білгенмін деді. Меніңше, елде оңшылдарды да, солшылдарды да қолдамай, оқиғалар жайлы объективті түрде хабар тарататын, әбден таразыланған, мазмұны терең мақалалар жариялайтын жөні түзу журналистикаға тыйым салғылары келеді. Шамасы, елге мұның қажеті жоқ тәрізді. Ал прокурорларға қажеті жоғы бесенеден белгілі. Сондықтан осындай шешім қабылданған шығар. Талап-арыз да сол себепті түскен, - деді Әсіпов сот шешіміне қатысты.

Ratel.kz интернет-басылымының бас редакторы Марат Әсіпов соттан кейін журналистерге сұхбат беріп тұр. Алматы, 28 мамыр 2018 жыл.
Ratel.kz интернет-басылымының бас редакторы Марат Әсіпов соттан кейін журналистерге сұхбат беріп тұр. Алматы, 28 мамыр 2018 жыл.

Прокуратура "заң бұзушылықтарға" байланысты сайт жұмысын тоқтатып, тыйым салуды, жабуды талап еткен. Бірақ кейін "жабу талабын" қайтарып алған. Прокуратураның айтуынша, былтыр желтоқсанда доменнің иесі Геннадий Бендицкий қайтыс болғаннан кейін редакция материалдарды Ratel.kz доменін пайдаланып, бірақ тіркелушінің есептік деректерін өзгертпей жариялай берген. Бұған қоса, прокуратура арызында Ratel.kz интернет-ресурсының аппарат-бағдарлама кешені Қазақстан заңдарын бұзып шетелде орналасқаны жазылған. Сотқа шақырылған сарапшылар талапкердің бұл мәлімдемесіне күмән келтірді.

Прокурорлар пікірінше, Ratel.kz сайтын БАҚ ретінде тіркеген куәлікте "сайт материалдары орыс тілінде жариялайды" деп көрсетілген, ал мақалалар орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде шығып жүрген. Прокурордың ойынша, бұл - тағы бір "заң бұзушылық".

Мамырдың 25-і күні өткен тараптар жарыссөзінде Ratel.kz сайтының бас редакторы Марат Әсіповтің мүддесін қорғаған адвокат Лариса Достовалова "прокуратураның уәждері редакция жұмысын мүлде тоқтату емес, кемшіліктерді жою үшін басылым жұмысын уақытша тоқтатуға ғана себеп болады" деп мәлімдеген.

"Әділ сөз" өкілі Елена Малыгина. Алматы, 28 мамыр 2018 жыл.
"Әділ сөз" өкілі Елена Малыгина. Алматы, 28 мамыр 2018 жыл.

"Әділ сөз" баспасөзді қорғау ұйымы қызметкері Елена Малыгина жарыссөзде жауапкер тарап адвокаттары келтірген уәждерді судья Гүлмира Бейсенованың елемей тастағанына қайран қалды.

[Елде] сөз бостандығы үлкен проблемаға тап болып, оны "мықтап" тұншықтырып жатыр. Бұл жерде бәрі арнайы ұйымдастырылғаны айдан анық.

- "Ратель" сұмдық ештеңе жарияламады. Ал [елде] сөз бостандығы үлкен проблемаға тап болып, оны "мықтап" тұншықтырып жатыр. Бұл жерде бәрі арнайы ұйымдастырылғаны айдан анық, - дейді ол.

Құқық қорғаушы әрі журналист Андрей Свиридовтің сөзінше, БАҚ-ты қудалау "жаман" дәстүрге айналып, Алматы қаласы Медеу аудандық соты бұған әбден "маманданып" алған.

Оның айтуынша, Медеу аудандық соты "Республика" оппозициялық басылымы (2012 жылы сот ондаған сайт пен бірнеше газетті экстремистік деп таныған) мен Гүлжан Ерғалиеваның ADAM bol журналын (2015 жылы билік журнал мақалаларында "соғысты насихаттау" белгілері бар деп тапқан) жабу жөніндегі сот шешімін шығарған.

"БІРДЕН ЕКІ ЖАҚТАН ОҚ ЖАУДЫРЫП ЖАТЫР"

Ratel.kz интернет-басылымына тыйым салу туралы шешім шығарылған азаматтық істен бөлек, басылымның бас редакторы Марат Әсіповтің үстінен "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іс бұрынғы қаржы және мемлекеттік кіріс министрі, қазір бизнеспен айналысып жүрген Зейнолла Кәкімжанов полицияға арыз жазғаннан кейін қозғалған. Ratel.kz сайтында Кәкімжановтың компаниялары туралы материалдарды Геннадий Бендицикий жариялаған. Мақалаларда болжамды коррупциялық әрекеттер туралы ақпарат келтірілген.

Кәкімжановтың жол салу және жөндеу жұмыстарымен айналысатын компаниялары туралы мақала жариялаған қазақстандық Forbes журналының бас редакторының орынбасары да айыпталатын бұл қылмыстық іске Ratel.kz сайты редакциясының екі қызметкері "қорғану құқығы бар куәгер" ретінде тартылған.

Андрей Свиридов.
Андрей Свиридов.

Ratel.kz интернет-басылымын азаматтық және қылмыстық қудалауға байланысты Андрей Свиридов басылымға бірден екі жақтан "оқ жаудырып" жатыр деп санайды.

- Біз әлдебір мақалаға өкпелі әлдебір шенеунік немесе олигарх әлгі мақалаға шағымданып, талап-арыз беретін кезде стандартты тәсіл қолданылатынын байқап жүрміз. Сот оның талап-арызын қанағаттандырып, моральдық немесе материалдық зиян үшін қыруар сома айыппұл салады. Кейін редакция оны төлей алмайды немесе сот шешімін әділетсіз санап төлегісі келмейді я болмаса төлеуге шамасы келмейді. Сондықтан әлгі шенеунік ІІМ немесе прокуратураға шағым түсіріп, олар қылмыстық кодекстің 272-бабы (Көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша іс қозғайды. Прокуратура осылайша екі жақтан, яғни жабу және тыйым салу туралы арыз береді. Сот оны қанағаттандырады. Бүгін дәл осыны көрдік, - деп түсіндіреді Андрей Свиридов.

Сарапшы: "Сөз бостандығына шыққан үкім"

"Сөз бостандығына шыққан үкім"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00

Ratel.kz сайты қызметкерлерін қудалау мұнымен шектелмейді. Жуырда Шымкент қаласының Абай аудандық соты тендер және оның қорытындысы бойынша патриоттық тәрбие жұмысын жүргізуге арналған келісім-шарт туралы жазған Ratel.kz порталының тілшісі Динара Бекболоваға қарсы жергілікті жастар ұйымы жетекшісінің жеке шағымын қараған. Журналисті "жала жапты" деп айыптаған, сот Бекболованы кінәсіз деп тапқан.

Ертеректе Павлодарда сот "дербес деректерді қорғау" туралы талап-арыз бойынша Ratel.kz сайты тілшісі Жәмила Маричевадан 200 мың теңге моральдық шығын өтеуге қаулы еткен. Сотқа облыстық әкімдікке қарасты басқарма бастығының жұбайы жүгінген. Арыз журналистшенеунік әйелінің Instagram аккаунтына сүйеніп, оның шетелдік сапарлары туралы мақалалар жариялағаннан кейін түскен.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда "баспасөз еркіндігі" нашарлаған

Өткен аптада Ratel.kz сайтының Қарағандыдағы тілшісі Сергей Перхальскийдің "көрінеу жалған ақпарат тарату" ісі бойынша "қорғану құқы бар куәгер" ретінде сотқа тартылғаны туралы хабар тараған. Іс прокуратура қызметкерінің арызы бойынша қозғалған.

ЕҚЫҰ-ның БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Арлем Дезир өткен аптада Алматыда өткен Еуразия медиа форумындағы үзілісте «Қазақстанда Қылмыстық кодекстің белгілі бір баптары кейбір БАҚ дамуына кедергі жасайды" деп мәлімдеп, бұған Ratel.kz пен Forbes Kazakhstan журналын мысалға келтірген.

​Мамырдың 18-і күні халықаралық баспасөзді қорғау ұйымдары коалициясы (Журналистерді қорғау комитеті - CPJ , Халықаралық ПЕН-клубы және өзгелер) IFEX (сөз бостандығы құқығын қорғау ұйымдарының желісі) сайтында Қазақстан билігін Ratel.kz пен Forbes Kazakhstan басылымдарына қарсы істерді жабуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG