Accessibility links

БАҚ туралы заң жобасындағы екі «даудың» жай-жапсары


"Қамаудағы камера". Гүндүз Ағаевтың карикатурасы. Әзербайжан.

БАҚ туралы заң жобасын қарашаның 8-і Мәжіліс мақұлдады. Бірақ журналистер қауымы ондағы кей баптардың сөз еркіндігін шектеп, журналистер қызметіне кедергі келтіретінін айтады. Заңды әзірлеген жұмыс тобы мүшесі Тамара Қалеева «реакциялық ұсыныстар» заң жобасын талқылағанда болмаған, аяқ астынан білінбей еніп кетті» деп таңданады. Ал ақпарат министрі Дәурен Абаевтың сөзінше, заң жобасы керісінше, «БАҚ сапасын арттырады, тілшілердің ақпарат алу мүмкіндіктерін ұлғайтады».

БАҚ туралы заң жобасындағы журналистерге мемлекеттік мекемелердің 15 күн, кей сауалдарға бір ай ішінде жауап беретіні жайлы және банктік, коммерциялық құпияларды келісімсіз жарияламау туралы баптары дау тудырып отыр.

ВИДЕО: Қызметтік құпия: министр Абаев заңгерлерге сілтеді.

Мәселен, БАҚ туралы заңның 18-бабының 1-тармағына «Сұрауға жауап күнтізбелік он бес күн ішінде беріледі. Қарау үшін өзге субьектілерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергілікті жерге барып тексеру талап етілетін бұқаралық ақпарат құралының сұрау салуы осы Заңда белгіленген тәртіппен тіркелген күнінен бастап бір айдан аспайтын мерзімде қаралады» деген ұсыныс енгізілсе, 21-бапта журналистерді «адамның немесе оның заңды өкілінің бұқаралық ақпарат құралында жеке басының, отбасылық, дәрігерлік, банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге құпияны таратуға келісімін алуға» міндеттеу қарастырылған.

ҚҰПИЯЛАР МЕН ЖАУАП БЕРУ УАҚЫТЫНЫҢ ДАУЫ

«Әділ сөз» БАҚ еркіндігін қорғау қоғамдық қоры төрайымы Тамара Калееваның сөзінше, БАҚ туралы заң жобасы бір жыл талқыланған. Оған заңгерлер, журналистер, азаматтық қоғам өкілдері қатысқан. «Бір жыл бойы жұмыс тобы отырыстарының бәріне қатысқанын айтқан» Қалеева қазір дау болып жатқан ұсыныстардың заң жобасына қашан еніп кеткенін білмейтінін айтады.

- Біз жұмыс тобында бір жыл істедік. Сосын жобаның соңғы түрін көріп есеңгіреп қалдық. Біздің мыңдаған ұсыныстарымыздың ішінен бесеуін ғана алған шығар. Бірақ қазіргі реакциялық ұсыныстарды қосып қойған. Оларды бір жылда ешкім талқылаған жоқ. Оларды кім енгізді, мәселен, «насихат» ұғымы кірген, интернет қолданушыларды міндетті түрде тіркеу сияқты ұсыныстарды кім, қашан енгізгені белгісіз. Үкіметтің әлдебір кабинеттерінде енгізген шығар. Сауалға 15 күнде жауап беру ұсынысы болған емес, оларды жұмыс тобында ешкім қолдамайтын еді. Құпиялар туралы ұсыныс та алғашқы жобада болмаған, - дейді Қалеева.

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева. Алматы, 23 қараша 2016 жыл.
«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева. Алматы, 23 қараша 2016 жыл.

Ол банктік, коммерциялық құпияларды келісімсіз жарияламау туралы ұсыныстар жөнінде:

- Абаев коррупциялық зерттеу жасай беріңдер, ешкім кедергі жасамайды дейді. Кешіріңіз, ал банк құпиясын қайтесіз, ол жаңа зерттеу болса ше? Абаев олай айтпауы керек. Сот заңды нақты түсініп, нақты қолданады ғой. Бұл құқықтық тұрғыдағы көзқарас емес, - дейді.

БАҚ туралы заңды әзірлеген жұмыс тобының тағы бір мүшесі, астаналық журналист Болат Әбілқасымов та заңның құпиялар туралы тұсы журналистік қызметке кедергі келтіретінін айтады.

- «Банк және коммерциялық құпияны жариялауға рұқсат алуды талап ету» мәселесіне қатысты министрлік ымыраға келмей отыр. Біз оларға бұл жемқорлыққа қатысты материал дайындауға кедергі келтіретінін айттық. Яғни, осы арқылы олар жемқорлардың аты-жөні БАҚ-та жариялануына жол бермейді. Егер алдағы уақытта қандайда бір шенеуніктің жемқорлыққа қатысы барын анықтасақ, біз одан рұқсат алуымыз керек болады. Ешкім келіспейтіні түсінікті ғой, - дейді ол.

Заң жобасындағы көп талқыға түскен өзгерістердің бірі – журналистер жолдаған сауалға мемлекет мекемелерінің 15 күн ішінде, ал «ресми емес» сауалдарға бір ай ішінде жауап беретіні. Журналист Арман Сқабылұлы мұндай өзгеріс енетін болса, ақпараттың өзектілігі жойылады деген пікірде.

- «Қазақстандағы үш адамның офшордағы шоттары ашылды» деді. Біреуі үнсіз жатыр. Қалғандары үш-төрт күнде жауаптарын берді. Шындық па, өтірік пе - ештеңе айта алмаймын. Бірақ мәселен егер 15 күннен кейін жауап беретін болсам, онда шотымды жауып тастаймын ғой. [Ақпараттың] өзектілігі жоғалады. Бұл - журналистиканы өлтіру, - дейді ол.

ВИДЕО: БАҚ туралы жаңа заңның жобасына журналистер пікірі

Ал Тамара Калеева ақпаратты жаңа заңда көрсетілгендей ұзақ күту тәжірбиесі ешбір дамыған елде жоқ екенін айтады.

- Олар (Абаевты меңзеп отыр – ред.) Еуропада ақпарат беру 20, 30 күн алады дейді. Алайда біз Еуропадан ондай бірде-бір заң таппадық. Ол жақта [керісінше] ақпарат еркіндігі туралы заң бар, - дейді Тамара Калеева.

МИНИСТР УӘЖДЕРІ

Осы тақілеттес бірнеше даулы ұсынысы бар заң жобасын парламент Мәжілісінде қарашаның 8-і күні таныстырған ақпарат министрі Дәурен Абаевтың пікірі мүлде басқаша. Ол «әлемдік тәжірибеде мемлекеттік органдар ақпаратты 20 күн, тіпті бір ай шегінде береді» дейді. Бірақ министр Мәжілістегі тыңдаудан соң «журналистер сауалына жауап беру уақытын жұмыс тобында қарауға қарсы емес екенін» мәлімдеді.

Дәурен Абаев өзінің Facebok парақшасында банк және коммерциялық құпияларды адамның келісімінсіз жарияламау туралы бапты «Кейбір журналистер адамның отбасылық, дәрігерлік, коммерциялық, банктік құпиялары туралы ақпараттарды БАҚ-та жариялау үшін келісім алу нормасын журналистік зерттеу жасауға кедергі деп санайды. Бұл сөзсіз қате пікір. Негізі банктік және коммерциялық, отбасылық, дәрігерлік құпияларды жарияламау нормасы заңдарда бұрыннан бар. Мәселені дұрыс түсіну керек. Біз журналистерге шенеуніктердің қымбат көлігі, қымбат үйі туралы жариялауға тыйым салып отырған жоқпыз...ол жоғарыда аталған құпияларға жатпайды. Кейбіреулер отбасылық құпия деп шенеуніктер өздерінің басқа да табыстарын жасырып қалады деп ойлайды, олай жасай алмайды» деп түсіндірген еді.

Дәурен Абаевтың сөзіне, қарағанда заң жобасы журналистер жұмысына кедергі келтірмейді, керісінше «ақпарат, байланыс және ақпараттандыру саласын дамытуға бағытталған».

- Заң жобасы ақпарат саласында азаматтардың құқығын қорғаудың механизмдерін күшейтуге; бұқаралық ақпарат құралдары қызметінде сапалы өзгерістер жасауға; ақпаратқа қолжетімділік бойынша мүмкіндіктерді ұлғайтуға; ұлттық заңнаманың ішкі үйлесімін қамтамасыз етіп, оны қолданудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді - дейді министр.

Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Мәжіліс қарашаның 8-күні мақұлдаған еді. Енді жұмыс тобы заң жобасына Мәжіліс ұсынған өзгерістерді енгізіп, ол депутаттардың пленарлық отырысында тыңдалады. Жұмыс тобының мүшесі Тамара Калееваның ақпаратына қарағанда, Мәжіліс мақұлдағанымен, заң жобасы әлі әзірленіп бітпеген. Жобаның негізгі принциптеріне үкіметтен қорытынды беру сұралып отыр. Үкімет даулы баптарды жарамсыз етіп тастай ма, қолдап шыға ма – әзірге белгісіз.

- Ал банк құпиясы туралы ұсыныс үкіметке қарауға жіберілген жоқ. Ол мызғымайтын ақиқат сияқты сол қалпы тұр. Ешқандай депутат бұл бапты өзгерту туралы ұсыныс айтпады, - дейді ол.

Қазақстанның кей заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының 2017 жылғы маусым айындағы нұсқасымен парламент сайтының «Мәжілістегі заң жобаларының түсуі және өтуі туралы» мәліметтер бөліміндегі «Мәжілістің қарауына түсті» сілтемесі арқылы таныса аласыз.

  • 16x9 Image

    Рахат МАМЫРБЕК

    Рахат 2010 жылдан бері Азаттықтың Алматы бюросында редактор және жүргізуші болып қызмет атқарып келеді. ҚазҰПУ-ді саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген. "Қазақстан", "31-арна", КТК және "Алматы" телеарналарында жүргізуші, редактор болып тәжірибе жинаған. Жергілікті телеаудиторияға кең танылған "Күлтөбе" телехабарының авторы әрі модераторы болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG