Accessibility links

Әлеуметтік желіні бақылаудың артында не тұр?


Әлеуметтік желі логоларына қарап тұрған адамдар. Көрнекі сурет

Қазақстан Ақпарат және коммуникациялар министрлігі "ұлттық ақпараттық кеңістікті бақылайтын автоматтандырылған жүйенің" әзірленіп жатқанын мойындады. Бірақ министрлік бұл жүйеге Ресейдің қатысын жоққа шығарды. Сарапшы осы әрекетті "билік транзитіне дайындық" деп санайды.

Өткен аптада Digital Revolution тобының хакерлері Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) қарасты "Квант" ғылыми-зерттеу институтының серверін бұзып, одан ұрланған мәліметтерді жариялады. Құжаттағы деректерге сай, Қазақстан Ақпарат және коммуникациялар министрлігі "Квант" институтына әлеуметтік желіні бақылайтын жүйеге тапсырыс берген. Жүйе елдегі наразы көңіл-күйді анықтап, талдау жасайды. Министрлік бұл жүйеге 4,3 миллион доллар бөлген.

Хакерлер жариялаған құжаттағы дерек бойынша министрлік "қазақ және орыс тілдерін танитын кешенді бағдарлама жасауға" тапсырыс берген. Қысқаша шифрі – "Әңгіме".

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Құжаттағы дерек бойынша, екінші шифр "Анаграмма" деп аталады. Тапсырыс атауы – "Қазақ тіліндегі мәтіндерге анализ жасайтын бағдарлама кешенін жасау және дамыту". Тапсырыс беруші ретінде "САС Институт Казахстан" компаниясы көрсетілген. Хакерлер жариялаған құжаттағы мәліметке сай бағдарлама әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы түскен мәтіндерді саралап, өңдеуі тиіс.

Келісім бойынша екі жоба 2018 жылы қарашаның 30-ына дейін дайын болуы тиіс болған.

"ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН МАТЕРИАЛДАРДЫ ТІРКЕУ"

Хакерлер құжаты жарияланған соң "тапсырыс берген министрлік" бұл ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады. Ведомство Қазақстанда "Ұлттық ақпараттық кеңістікті бақылайтын автоматтандырылған жүйені" жасаумен 2017 жылдан бері айналысып жатқанын хабарлады. Бірақ хакерлер жариялаған құжаттағы "Қазақстан жүйені Ресейде жасатып жатыр" деген ақпаратты жоққа шығарып, конкурс қазақстандық компаниялар арасында жүргізілгенін мәлімдеді. Конкурс қорытындысы бойынша қазақстандық "Квант" ғылыми-зерттеу зертханасымен "келісім жасалған".

"Бұл жүйе БАҚ-тағы Қазақстан аумағында таратуға тыйым салынған материалдар – терроризмді, суицидті, мемлекет тұтастығын бұзуды насихаттау және басқа да жарияланымдарды тіркеу процесін жеңілдетеді" деп жазылған министрлік таратқан хабарламада.

Желтоқсанның 25-і күні Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та Үкімет отырысынан кейін Қазақстан "ресейлік "Квант" институтымен өзара байланыс орнатпағанын" айтты. Министр әлеуметтік желіге бақылау "наразылық көңіл-күйді анықтау үшін емес, заңға қайшы материалдардың жарияланып кетпеуі үшін жүргізілетінін" жеткізді.

Дәурен Абаев Азаттық тілшісінің "Әлеуметтік желіге бақылау орнату адам құқығын, азаматтардың ақпарат алу құқығын шектемейді ме, адамдарды аңду болмай ма?" деген сұрағына "Шектелмейді, аңду, бақылау болмайды" деп қысқа жауап қайырды. Министр "Әлеуметтік желіні бақылау қалай жүзеге асады?" деген сауалға "Мысалы, балаңыз суицид сайттарында отырса, сол сайттарда біреу балаңызға келіп, түнгі сағат төртте оян да, шатырға шығып төменге секір деп айтса, біз сондайды бақылап, құқық қорғау органдарына береміз" деп жауап берді.

Даурен Абаев, Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрі.
Даурен Абаев, Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрі.

Жыл басында министрлік БАҚ пен интернетке мониторинг жүргізетін жүйе енгізетінін хабарлаған. "Ұлттық ақпараттық кеңістіктің автоматтандырылған мониторингі жүйесін" жасауға мемлекеттік бюджеттен 1,7 миллиард теңге (шамамен бес миллион доллар) бөлінетінін мәлімдеген.

Сол кезде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев "мәселе мониторинг, бақылау жүргізу жайлы емес. Мысалы осы жүйе арқылы қазақ тілінде қанша жазба шыққанын біліп отырамыз" деген. Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев министрдің сөзімен келіспейді.

- Мониторинг арқылы биліктің халық тарапынан наразылыққа ұшыраған әрекеттерінің алгоритмі жасалып, соны жөндесе бірсәрі. Кейін тағы анализ жасап, халықтың билікке наразылық көңіл-күйі азайды ма, жоқ па, соны анықтап жатса, жөн дер едім. Бірақ байқауымша, оларды наразылық фактісі ғана қызықтыратын сияқты. Кімдер наразы, қандай топтарда наразылық байқалады және соған сай кімге "соққы" жасауға болатыны қызықтыратын секілді. Бұл – мониторинг емес, бұл – репрессивті тәсіл, - дейді саясаттанушы.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев
Саясаттанушы Досым Сәтпаев

Саясаттанушының пайымдауынша, соңғы жылдары Қазақстанның күш құрылымдары әлеуметтік желідегі бақылауды күшейткен. Сарапшы бұл әрекетті "билік транзитіне дайындық" деп бағалайды.

- Ресейлік компанияның көмекке келуі де бекер емес. Бір жағынан, отаршыл сана. Екінші жағынан, әлеуметтік желідегі көңіл-күйді бақылауда Ресейдің тәжірибесі мол. Мұндай жүйе Ресей секілді демократиядан ауылы алыс елдерде бар. Қазақстан да мұндай жүйеге қол жеткізу үшін авторитарлы елге қайырылатыны түсінікті. Бұл жағдайда Қазақстан үшін Ресей, я болмаса Қытай – жақын елдер. Екі елдің ақпараттық кеңістікті бақылауда тәжірибесі аз емес, - дейді Досым Сәтпаев.

ҚАЗАҚСТАН БАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІН ЖАСАЙ АЛА МА?

Қазақстандық "Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының" (ЦАРКА) директоры Арман Әбдірасылов бақылау жүйесін шетелдік компанияға тапсыруға қатысты өз пікірін айтты.

- Қазақстанда IT компаниялар көп болғанымен, олардың көбі тек дайын бағдарламаны алып-сатумен айналысады. Ал мұндай жүйені құрастыру, дайындаумен айналысатын он шақты компания бар. Олар бір-бірін біледі және барлық жобаларды да өзара ақылдасып, біліп отырады. Тапсырыс беруші ақпараттың тарап кетпеуін қалайды. Бұл [жүйені] шетелдік компанияға тапсырудың бір себебі осы болуы мүмкін, - дейді Арман Әбдірасылов.

Қазақстан мәжілісінің депутаты Сапар Ахметов "әлеуметтік желіні бақылайтын жүйені Ресей жасап жатыр" деген ақпаратқа сенбейді.

- Бұл өтірік ақпарат деп ойлаймын. Өйткені біз – тәуелсіз мемлекетпіз. Басқа мемлекеттің арнайы қызметіне (ФСБ – ред.) ондай мүмкіндік беру, оған ақша қарастыру біздің заңымызда жоқ және біздің бюджетте ондай қарастырылмаған, - дейді депутат.

Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Қазақстан мәжілісінің тағы бір депутаты Нұртай Сабильянов бұл ақпаратты тиісті органдардан тексеру керек деп санайды.

- Ондай ақпараттың бар жоғын құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдардан білуіміз керек. Өйткені жобаға тапсырыс берген мемлекеттік орган соған жауап беруі керек деп ойлаймын, - дейді ол.

Азаттық тілшісі министрлік конкурсында жеңіп, "Ұлттық ақпараттық кеңістікті бақылаудың автоматтандырылған жүйесін" жасауға тапсырыс алған қазақстандық "Квант" ғылыми-зерттеу зертханасы" компаниясына хабарласқан. Өзін Әйгерім деп таныстырған компания өкілі "сұрақтарыңызға жауап беретін басшылық тек аптаның соңында болады, сол кезде хабарласыңыз" деп қысқа жауап берді.

Ал қазақстандық "Квант" зертханасының өкілі Ләззат Шәкімова ВВС-дің Орыс қызметіне өзі жұмыс істейтін компания Қазақстанның ұлттық ақпараттық кеңістіктігін бақылайтын жүйе жасап жатқанын растаған. Дегенмен Шәкімованың айтуынша, қазақстандық "Кванттың" ресейлік "Квант" институтына еш қатысы жоқ, ал атауларының ұқсас болуы – жай ғана сәйкестік.

Қазақстан ақпарат және коммуникациялар министрлігі "әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу жүйесін жасау құжаттарының ресейлік компания серверінде жариялануына" қатысты қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді.

Көре отырыңыз: Қазақстанның әлеуметтік желісі Ресейден бақылана ма?

Қазақстанның әлеуметтік желісі Ресейден бақылана ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:35 0:00

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG