Accessibility links

Қоғам реакциясы AРТиШОК спектакліне арқау болды


Қойылымнан көрініс. Президенттік "Нұр Отан" партиясының түсімен түстес шар ұстаған полиция. Алматы, 25 қыркүйек 2018 жыл
Қойылымнан көрініс. Президенттік "Нұр Отан" партиясының түсімен түстес шар ұстаған полиция. Алматы, 25 қыркүйек 2018 жыл

Punch In The Face ("Беттен ұру") бұл тәуелсіз AРТиШОК театрының жаңа туындысы. Оған 2018 жылы жазда болған оқиғаларға қатысты қазақстандықтардың әлеуметтік желі, блогтар мен ақпарат құралдарындағы реакциялары арқау болған.

Спектакль осы жазда болған оқиғаларды қамтиды деген соң әрі афишада мәнерлеп сырғанаушының есімін көргеннен кейін кейбір азаматтар әуел баста спектакль Денис Тенге арналады деп ойлап қалған. Бірақ қойылым режиссері және ARTиШОК-тың көркемдік жетекшісі Галина Пьянова бұлай емес екенін айтады.

- Бұл біздің елде, қалада болып жатқан оқиғаларды қабылдауымыз туралы қойылым. 19 шілдеде болған оқиға (Денис Теннің қайтыс болған күні - автор) әр адамда іштей жарылыс туғызды және көңілімізді қалдырды. Ал біз жәй ғана шығып, өзіміздің қалай сезініп тұрғанымызды жеткіземіз. Бұл әрі қарай қалай өмір сүру керектігі туралы қойылым, - деді Галина Пьянова.

Режиссер Галина Пьянова
Режиссер Галина Пьянова

Қойылым деректі жанр түрінде жасалған. Онда әрекет жоқ – тек Пьянованың мәтіні ғана бар. Режиссердің ойынша, оны көрерменмен бетпе-бет кездесіп, айту керек. Актерлардың залда отырғандарды көруі өте маңызды дейді Галина Пьянова.

Қойылымдағы мәтін – бұл 2018 жылы жазда болған оқиғалардан кейін ақпараттық кеңістікте пайда болған қазақстандықтардың ойлары. Олардың арасында Денис Теннің өлімі, әуелі "көлік қағып кетті" деп, кейінірек қаққан адамның баланың әкесі екені анықталғаны туралы оқиға да бар. Ауыр халдегі бала кілемге ораулы күйде жалғыз өзі көшеде қалды.

Осы жазда салық заңнамасына реформа жасалды, эмиграцияға қатысты талқылаулар өршіді. Қоғамдағы әлеуметтік және материалдық жіктелу, журналистерді қуғындау және Ratel.kz интернет-басылымын жабуға қатысты соттар туралы сындар айтылды. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты отставкаға жіберу және құқыққорғау жүйесін реформалау туралы талаптар айтылды. Және бұл айсбергтің басы ғана.

Мәтін авторларының кейбірін көпшілік жақсы біледі. Авторлар арасында киносыншы, философ Олег Борецкий, журналистер Гүлнар Бажкенова, Мәди Мәмбетов, Ольга Малышева, Артем Крылов, адвокат Джохар Өтебеков, құқық қорғаушы Евгений Жовтис және өзге азаматтар бар.

Галина Пьянованың айтуынша, әуелі қойылымда үш-төрт актер ғана ойнайды деген жоспар болған. Бірақ келе-келе олардың саны көбейіп, актерлар тобына театрда ешқашан ойнап көрмеген адамдар да қосылған. Мысалы, киноактер Әнуар Нұрпейісов, Қостанай тұрғыны Самрат Иржасов.

Киноактер Әнуар Нұрпейісов
Киноактер Әнуар Нұрпейісов

Қазан айында шығатын "Гамлет" спектаклі қарсаңында көрерменге жеткен "Беттен ұру" спектаклі көпшілікті негізгі шекспирлік сұрақтардың біріне жауап табуға шақырады: "болу не болмау" ("быть или не быть").

“Бізге "таңдау" берілді және біз "болуды" таңдадық. Бірақ! "Сөз, сөз, сөз" – және біз тағы кофеханада отырып, тағы да ірі жобаларды ойластырамыз, тағы да фонтан жанында серуендеп және "жұмсақ" түрде билікті “трольдаймыз” делінген Галина Пьянованың премьера алдында жіберген баспасөз баяндамасында.

ДЕНИС ТЕН ТУРАЛЫ

Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қазасы жайлы спектакльде бірнеше рет айтылды.

Әуелі қостанайлық Самрат Иржасовтың “Ал сенесің бе?” атты өлеңі оқылды. Денис Теннің қазасы жайлы бұл өлең Instagram-да сол күні ақ жарияланған еді. Қойылым барысында бірінші көрермендерге сол видеоны көруді ұсынды, бұдан соң автор шығармасын сахнадан жалғастырды.

Келесі оқылған мәтіннің авторы журналист және драматург Ольга Малышева. Мұнда автор жерлеу рәсімі кезінде өзін мазалаған ойларымен бөліскен. Бұған қоса, "Мен - Дениспін" атты жазуы бар плакат ұстап, 55 минутқа созылған жалғаз адамдық пикет жайлы айтылды. Пикетті полиция заңсыз деп таныған. Алматы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының қызметкері оған “проблемадан” аулақ болу үшін акцияны тоқтату керектігін айтқан.

Актриса Айғаным Сағынбаева журналист әрі драматург Ольга Малышеваның мәтінін оқып тұр. Алматы, 25 қыркүйек 2018 жыл
Актриса Айғаным Сағынбаева журналист әрі драматург Ольга Малышеваның мәтінін оқып тұр. Алматы, 25 қыркүйек 2018 жыл

Қойылым кезінде әрбір актер сахнаға шығып, “тергелді”. Аты-жөнін, туған жылы мен жерін, 2018 жылдың 19 шілде күні қайда болғанын, не істегенін айтты. Сұрақтарды полиция формасындағы актер қойып отырды. Соңына таман бұл персонажға сұрақ қою мүмкіндігі көрермендерге берілді. Бірақ "тергеудегі" актер тура екі жылдан кейін дәл сол күні не істейтінін айтуы тиіс болды.

Спектакльде нақты бір адамның тағдыры айтылғандықтан қойылым авторлары Денис Теннің отбасынан рұқсат сұраған. Ортақ келісімге сәйкес, әзірге тек екі спектакль ғана көрсетіледі. Бұдан бөлек, билеттерді сатудан түскен қаржының бір бөлігі Денис Тен қорына аударылуы тиіс.

ӘУЕ ШАРЛАРЫ ЖӘНЕ РЕФЛЕКСТЕР

2018 жылы көктемде Қазақстанда көк шарлар саяси мәнге ие бола бастады. Шетелде тұрып жатқан бұрынғы банкир және Қазақстан билігінің оппоненті Мұхтар Әблязов наразылық шарасына көк шармен шығуға шақырды. Полиция қолына шар ұстаған адамдарды ғана емес, оқиғадан мүлде хабарсыз екенін айтқан азаматтарды да ұстады.

"Көк шар" тақырыбы "Беттен ұру" спектаклінде де айтылды. Мәтін оқыған актрисалардың бірі көк шар үрледі. Көк жейде киген тағы бір актер да көк шар ұстап тұрды. Бұл шарды сәл кейінірек одан "полиция" кейпіндегі актер тартып алып, жарып тастады.

Қойылым кезіндегі көк шарлардың пайда болуы. Алматы, 25 қыркүйек 2018 жыл
Қойылым кезіндегі көк шарлардың пайда болуы. Алматы, 25 қыркүйек 2018 жыл

"Түстер айқасының" көрінісі сияқты қойылымның белгілі бір бөлігінде сахнада сары түсті - "дұрыс шарлар" пайда болды. Бұдан кейін көк шарлар көрермендердің қолына көшті. Оларды көпке ұсынған актерлар "жарыңдар" деді. Көрермендердің кейбірі айтқандарын істеді, кейбірі істемеді.

Көптің дәл осы реакциясы жайлы режиссер Галина Пьянова қойылымнан соң былай деді:

- Бұл тәжірибе емес еді, бірақ тәжірибе болып шықты. Бірақ мен еш уақытта оны айыптамаймын. Сіздер бүгін рефлекс көрдіңіздер.

Қойылым “Жалғасы бар...” деген мәтінмен аяқталды. Жартылай уәде, жартылай тұжырым жайлы Пьянова:

- Шілдеде болған оқиғалардың ішінде бәріміз біргеміз. Меніңше, қандай да бір жалғасы бар сияқты. Мұнда нүкте қою мүмкін емес, - деп түйіндеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG