Accessibility links

Алматының Алмалы аудандық соты 12 сәуір күні түнге қарай 28 жастағы қала тұрғыны, дизайнер Ақмарал Тобылованы үйқамақтан кепілге босатуға шешім шығарды. Бұл жайында Азаттыққа оның адвокаты Серік Айтбаев хабарлады. Адвокаттың сөзінше, ол Тобылованың қылмыстық ісін тергеп жатқан тергеуші Т. Ержановаға әйелді кепілге босатуды сұрап өтініш білдірген. Тергеуші оған келісім беріп, соның негізінде прокурор сотқа Тобылованы кепілге босату туралы ұйғарым жасаған.

Айтбаевтың айтуынша, кепілге қойылатын 2 миллион 405 мың теңгені төлеуді Ақмарал Тобылованың ағасы Нұртай Тобылов мойнына алған. Ақмарал Тобылова үйқамақтан бүгін - кепіл төленген соң босатылмақ.

Нұртай Тобылов Азаттыққа қазір кепіл ақшаны төлеуге ақша табу үшін жеңіл көлігін бағалатып жатқанын айтты.

Серік Айтбаевтың айтуынша, кеше Алмалы аудандық соты сонымен қатар тергеу изоляторында отырған Сабыр Қамалбековті де кепілге босатуға қаулы шығарған. Қамалбеков тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысты белсенділік танытуына байланысты күдікке ілінген. Айтбаев Қамалбековті екі адвокат қорғап жатқанын айтады. Бірақ Азаттық тілшісіне оның адвокаттарымен тілдесу мүмкін болмады.

13 наурызда Астана соты бас прокуратураның арызы бойынша қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған. Сот сонымен қатар ҚДТ материалдарын БАҚ, әлеуметтік желі, мессенджерлер мен сайттарда таратуға, қозғалыс қызметін құптайтынын білдіруге, оның ішінде әлеуметтік желілердегі жазбаларға "ұнату" белгісін басуға да тыйым салынған. Тыйымнан соң елде "қозғалысты қолдады" деген бірнеше адамға қылмыстық іс қозғалған.

Аяғы ауыр Ақмарал Тобылова ҚДТ-ға тыйым салынған күні Алматыда ұсталған. Алмалы аудандық соты 15 наурызда Тобылованы "қылмыстық топтың қызметін қаржыландырды" деген күдікпен үйқамаққа алған. Тергеу одан "ҚДТ-ны қолдады" деп күдіктенеді. Тобылова үйқамақта отырғанда туыстары ол үйден шыға алмайтындықтан гинеколог дәрігерден кеңес ала алмайтынын айтып бірнеше рет шағымданған.

Оқи отырыңыз: Үйқамақтағы әйел дәрігер көмегіне мұқтаж

Туыстарының айтуынша, Тобылова ҚДТ белсендісі болмаған және заңға қайшы әрекет жасамаған, бірақ өзіне қарсы істің не үшін қозғалғанын білмейді.

Наурыздың соңында Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Ақмарал Тобылованы "ар-ұждан тұтқыны" деп таныған. Ұйым Қазақстанда ой-пікірін білдіру еркіндігін қатаң шектеу әлеуметтік желілерде де тарала бастағанын мәлімдеген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

78 жастағы атлет
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:33 0:00
Аққоян Ырсалиев

78 жастағы атлет

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG